Тұтыну бағаларының индексі (инфляция индексі, ағылш.Consumer Price Index, CPI) — халық жеке тұтынуы үшін сатып алатын белгіленген тауарлар мен қызметтер тізбесіне (тұтыну қоржыны) бағалардың орташа деңгейінің сол уақытта өзгеруін сипаттайтын көрсеткіш. Жалпы қабылданған инфляция көрсеткіші ретінде ТБИ әлеуметтік-экономикалық көріністердің, экономикадағы баға үдерістерін талдау және болжау, мемлекеттің әлеуметтік, бюджеттік, салықтық, қаржылық саясатында ұлттық валютаның нақты бағамдарын реттеу серпінін зерттеу барысында қолданылады. Тұтыну рыногындағы тауарларға және қызметтерге бағалар мен тарифтер деңгейiн тiркеу іріктеме статистикалық байқау қағидаларына негізделеді және сауда орындарының, тауарлар мен қызметтердің, олардың әртүрінің тек бір бөлігін қамтиды. Баға ақпараттарын жинау тауарларды (қызметтерді) тікелей өткізетін орындарда жүргізіледі. Зерттеу жүргізілген күні төленген бағалар, салықты қоса бақыланады.
Индекстік әдіс деп бір-біріне тікелей қосуға болмайтын белгілерден тұратын күрделі әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың жеке себептерінің үлесін анықтауға қолданылатын және уақытқа байланысты кеңістіктегі орташа өзгеруін сипаттайтын қатысты шаманың бір түрі болып табылады.