Құралдар[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Әртүрлі микролиттерді дайындау, оның ішінде геометриялық бейнелі құралдар - сегменттер, трапециялар, үшбұрыштар, тікбұрыштар, параллелограммдар өндірісі кеңінен дами бастайды. Микролиттер дайындауда қолданылатын микроқиятын техника дамиды. Балта, шот балта, қашау сияқты кесу құралдарын, макролиттік арнаулы құралдар - кетпен, қайла жасау кең таралады.
Кейбір мезолиттік мәдениеттерде тас қаруларды тегістеу техникасы, бұрғылау мен аралау техникалары пайда болады.
Палеолитпен салыстырғанда түрлі сүйек индустриясы қалыптасады. Мезолиттік уақыттың тұрақтарында әртүрлі сүйек және мүйізден жасалған гарпундар, садақтар мен сүнгілердің ұштары, пышақтар, қанжарлар, балта мен шот және оларға муфталар, т.б. көптеп кездеседі. Осы құралдардың кейбір түрлері мезолитте ғана жасалынған.
Өнердің сипаттарында да өзгерістер болды. Соңғы палеолитке тән жартастарға жазу біршама азайды. Өнерде шартты-тұспалды сипаттағы бағыт ұлғаяды. Геометриялық оюлар кеңінен таралады. Оюдың негізгі элементтері түрлі сызықтар, нүктелер, штрихтер, "шыршалар", иректер, торлар, т.б. болды. Оюды жүргізуде көбіне ойып түсіру және бұрғылау техникасы пайдаланылды. Зооморфты және антропоморфты бейнелерден тұратын ұсақ пластика кеңінен таралды.
Соңғы палеолитпен салыстырғанда қоныстану түрақтары да өзгеріп отырған. Көптеген мезолиттік қоныстар көбіне кедей бұйымдарымен, жұқа мәдени қабатымен ерекшеленетін уақытша, маусымдық тұрақтарда тұрды. Ірі қоныстар өте аз кездеседі. Қазба кезінде табылған үйлер қалдығы әдетте қарапайым күрке тәріздес құрылыс болып келеді, ал соңғы палеолитке тән жертөле немесе жартылай жертөлелер тек солтүстіктегі суық аймақтарда кездеседі.
Мәдениеті[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Мезолиттік материалды мәдениеттің айырықшылықтары осындай болды. Ол кейбір палеолиттік техникалық жөне технологиялық әдістердің одан әрі дамуымен және өзгеруімен, сондай-ақ, мезолитте пайда болған жаңа құралдар түрлерін жасау әдістерінің таралуымен сипатталады.
Экономиканың негізі болып аңшылық қала береді (бұнда өткен уақытпен екі арадағы үлкен сабақтастық жатқаны күмәнсіз). Бірақ, оның сипаты тез өзгеріп отырады, өйткені соңғы палеолитпен салыстырғанда адамның өзінің қоршаған ортаға бейімделу әдісі де өзгереді. Соңғы палеолиттегі орын алған ірі жаңалық - садақ - мезолитте негізгі аңшылық қару ретінде толығымен қалыптасады. Соңғы палеолитте мүлдем белгісіз болған сыналы құралдар дамиды, олардың түр-түрі тарайды. Мезолиттегі аң аулау нысандары мезолит мәдениетінде өмір сүріп жатқан түрғындардың орналасуына қарай, яғни нақты экологиялық ортаға байланысты қалыптасады. Палеолиттегі кең таралған тәсіл - аңды қамап ұстау сақталады, бірақ оның тек эпизодтық формасы ғана қалады. Аңшылықтың соңғы мезолитте құс аулау сияқты жаңа арнайы формасы пайда болды. Мұндай түрлі аңшылық шаруашылығының дамуы палеолит адамдарына таныс емес еді. Бұл кезеңде өндірмейтін, яғни өнімді тек табиғаттан алатын шаруашылық барынша өрістеген еді. Неолиттік экономикаға тән артық өнім жинау деңгейінің алғы шарттары осы кезде-ақ пайда болады.
Сол мезолит кезінде балық аулау тура мақсатты түрде қалыптасады, оны қайық, түрлі ауларды жасау сияқты маңызды жаңалықтардың пайда болғаны дәлелдейді. Мезолит кезінде жануарларды үйге үйретудің кейбір формалары өріс ала бастауы мүмкін, өйткені ол кезде үй иттерінің таралғаны белгілі.
Сөйтіп, экономикалық тұрғыдан да мезолиттің соңғы палеолиттен аң аулау әдістері, оның түрлері, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуы арқылы анық байқалатын көп айырмашылықтары бар.
Неолит[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Неолит кезеңінің басталуы б.з.д. 7-мыңжылдықтың екінші жартысына және 6-мыңжылдықтың басына сәйкес келеді. Бұл - тас өңдеу техникасының гүлденген кезі. Еңбек құралдарын өндірудегі орасан зор мамандандыру өтіп жатты. Сығып өңдеу техникасын жетілдірумен қатар, тасты өңдеудің жаңа технологиялық әдістері толығынан қалыптасты: жалтыратып өңдеу, бұрғылау және аралау. Тас балталар, шоттар, дәнүккіштер, келі, келсаптар жасала бастады. Нефриттен, яшмадан, серпентиниттен және де тастың басқа да түрлерінен көптеген әшекейлер - білезік, алкалар дайындау өрбіді.