Мұхит (Әлемдік мұхит) — гидросфераның негізгі бөлігі. Мұхит, Дүниежүзілік мұхит (гр. okeanos – мұхит, Жерді қоршап жатқан ұлы өзен). Жер шарында төрт мұхит бар: Тынық, Атлант, Үнді және Солтүстік мұзды. Кейбір ғалымдар Антарктида маңы суларын бесінші Оңтүстік мұхиты деп жеке бөледі.
Жалпы мәлімет
Мұхит құрлықтар мен аралдарды қоршап жатқан Жердің тұтас су қабаты. Аумағы 361,26 млн. км2, көлемі 1340,74 млн. км3, орташа тереңдігі 3711 м, ең терең жері 11022 м (Тынық мұхиттағы Мариана шұңғымасы). Дүниежүзілік Мұхит құрлықтар арқылы 4 бөлікке бөлінеді: Тынық (50%), Атлант (25%), Үнді (21%) және Солтүстік Мұзды Мұхит (4%). Мұхит Солтүстік жарты шардың 61%-ын, Оңтүстік жарты шардың 81%-ына жуығын алып жатыр. Мұхиттық жарты шардағы судың мөлшері 91%-ды және құрлықтық жарты шардағы мөлшері 53%-ды құрайды.
Гидрология режимінде Дүниежүзілік Мұхит жеке мұхиттарға, теңіздерге, шығанақтарға, қойнаулар мен бұғаздарға ажыратылады; сыртқы шекарасы құрлықтың жағалық сызықтарымен айқын кескінделіп, ішкі шекарасы теңіздермен және оның бөліктерімен бөлінеді. Кейбір зерттеушілер Дүниежүзілік Мұхитты Бес Мұхитқа бөледі. Оның шекарасы субтропиктік және субантарктикалық конвергенция сызығы бойымен немесе Ортамұхиттық жоталардың ендік бөлігі бойынша өтеді.
Мұхит түбі бедері және геологиялық құрылысы
Мұхит түбі ауданының басым бөлігі (73,8%-ы) 3 000 – 6 000 м тереңдікте орналасқан. Ол Мұхит қайраңы (шельфi), беткейі, етегі, Мұхит түбі, Мұхит шұңғымасына ажыратылады. Қайраң Мұхиттардың шетін бойлай құрлықтың су астындағы жалғасы ретінде 200 м тереңдікке дейін созылып жатады, ені ондаған метрден бірнеше жүздеген км-ге жетеді. Ол Мұхитқа қарай тік кемер жасап континенттік беткейді құрайды. Қайраң құрлық тұғырының төменгі шегі ретінде 2 000 – 2 400 м тереңдікке дейін таралады. Беткей етегінен абиссаль қазаншұңқырларға қарай ені 200 – 300 км болатын континентті етек жалғасады. Мұхиттардың орта тұсынан әдетте Ортамұхиттық жоталар өтеді. Олардың беткейлері абиссальды Мұхит қазаншұңқырларына ауысады. Ортамұхиттық жоталар ұзындығы 60 000 км болатын біртұтас жүйені құрайды. Жоталардың ені 1 000 км, абиссальды қазаншұңқырлардан 2,5 – 3 км жоғары тұрады. Олардың қырқасы су бетінен орта есеппен 2700 м тереңдікте өтеді. Жоталардың осьтік бөлігінде тереңдігі 1,5 км, ені 20 – 30 км болатын рифті аңғарлар байқалады. Абиссальды қазаншұңқырлардың ені 1000 км-ге жуық, тереңдігі 5 – 6 км болады. Пассивті шеткі белдем Жер қабығының континентті және мұхиттық шекарасын бойлай жатады; ол сейсмикалығы мен жанартаулық процестердің жоқтығымен сипатталады, континенттен әкелінген өте қалың (5 – 7 км) шөгінді қабаттардан тұрады.
Активті шеттердің сейсмикалығы жоғары. Оған Мұхит табанын жанартаулық аралдық доғадан бөліп тұратын терең шұңғымалар (тереңд. 7 – 8 км) ұштасқан. Мұхит түбін негізгі екі геологиялық кешен құрайды: беті шөгінді қаптамамен жабылған базальтті және оған жақын магмалық жыныстардан тұратын іргетас жатыр. Мұхиттың геологиялық тарихын зерттеушілер Мұхитты бастапқы, өтпелі және қазіргі даму кезеңдеріне ажыратады. Геологияға дейінгі кезеңді (3,5 млрд. жыл бұрын) қамтыған гипотетик. бастапқы сатысында жер қойнауынан негізгі су массасының шығуы, қышқыл өнімдердің газсыздануы және мұхит түбі жыныстарымен іс-әрекетке түсіп бейтараптануымен байланысты. Өтпелі кезеңнің ұзақтығы 2 млрд. жылды құрайды (3,5 – 1,7 млрд. жыл бұрын). Бұл кезеңде өмір пайда болып дамыды; фотосинтез нәтижесінде оттек бөлініп, мөлшері ұлғайды. Мұхит суының құрамы тұрақталып, тұздылығы шамалы ғана өзгеріске ұшырады. Қазіргі кезең бұдан 1,7 млрд. жыл бұрын басталып, әлі жалғасуда.