Тақырып 3.Бюджеттік ұйымдардағы бухгалтерлік есепті ұйымдастыру Дәріс 5 1.Қаржылық есептілікті құру мен бухгалтерлік есепті жүргізу қағидалары.
2.Мемлекеттік ұйымдардың есеп саясатының негізгі ережелері.
3.Бағалаудың есептік өзгерістері.
4.Қаржылық есептіліктің трансформациясы.
Дәріс 6. 1.Мемлекеттік ұйымдардың бухгалтерлік қызметі.
2.Бухгалтерлік қызметтің құжаттарды өткізу-қабылдау процедуралары.
3.Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісінің міндеттері.
4.Алғашқы құжаттардың сақталуы мен қалыптасуы.
5.Бюджеттік ұйымдарда түгендеуді жүргізу ережесі.
1.Қаржылық есептілікті құру мен бухгалтерлік есепті жүргізу қағидалары. Қаржы жағдайы, қаржы жағдайындағы өзгерістер мен қызмет нәтижелері туралы толық және анық ақпарат беру бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктің мақсаты болып табылады.
Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есебінде операциялар мен оқиғалар Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 15 маусымдағы № 281 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6314 болып тіркелген) Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есеп шоттарының жоспары (бұдан әрі – Шоттар жоспары) негізінде көрсетіледі.
Мемлекеттік мекеменің басшысы бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізу үшін жағдайлар жасайды, есепке қатысы бар мемлекеттік мекемелердің барлық бөлімшелерінің және қызметкерлерінің құжаттар мен мәліметтерді есепке алу үшін рәсімдеу мен ұсынудың тәртібіне қатысты талаптардың мүлтіксіз орындауын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік мекемеде бухгалтерлік есепті оның дербес құрылымдық бөлімшесі болып табылатын мемлекеттік мекеменің бухгалтерлік
қызметі немесе бас бухгалтер басқаратын орталықтандырылған бухгалтериясы жүзеге асырады.
2.Мемлекеттік ұйымдардың есеп саясатының негізгі ережелері. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісім бойынша өз жүйесінің мемлекеттік мекемелерінде олардың қызметінің ерекшелігін ескере отырып және мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізуді және есеп саясатын сақтай отырып, бухгалтерлік есеп жөніндегі жалпы ережелерді қолдану тәртібі туралы нұсқаулар беруі мүмкін.
Орталықтандырылған есепке алу бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бұйрығымен бекітілетін Орталықтандырылған бухгалтерия туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Орталықтандырылған бухгалтерия қызмет көрсетілетін мемлекеттік мекемелердің басшыларына осы мемлекеттік мекемелер басшыларының келісімімен орталықтандырылған бухгалтерияның бас бухгалтері белгілеген мерзімде қаржы есептілігін ұсынады. Бухгалтерлік қызметтердің басшылары өз жұмыстарында Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін, мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді және бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті қалыптастыру басқармалары (бөлімдері) туралы ережелерді басшылыққа алады. Мемлекеттік мекеменің бас бухгалтері лауазымына басшы тағайындайды және босатады және мемлекеттік мекеменің басшысына тікелей бағынады. Мемлекеттік мекеменің бас бухгалтері барлық жүзеге асырылатын шаруашылық операцияларының бухгалтерлік есеп шотында көрінуі мен бақылануын, шұғыл операцияның ұсынылуын, қаржы есептілігінің белгіленген мерзімде жасалуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік қызметтер мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілігі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасының сақталуын, қаржыландыру жоспарының орындалу барысын, ұйымдармен, мемлекеттік мекемелермен және тұлғалармен есеп айырысудың жағдайын, ақша қаражаты мен материалдық құндылықтардың сақталуын бақылау үшін толық және нақты ақпаратпен мемлекеттік мекемелерді қамтамасыз етуі тиіс.
Мемлекеттік мекемені бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау үшін нұсқаулық құжаттармен қамтамасыз етуді бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
Мемлекеттік мекеме осы Ережеге сәйкес бухгалтерлік есептің мемориалды-ордерлік нысаны бойынша бухгалтерлік есепті жүзеге асырады.
Операция мен оқиғаларды жасау фактісін белгілейтін, дұрыс рәсімделген алғашқы құжаттар бухгалтерлік есептің тіркелімдерінде жазбаларды көрсетуге негіз болып табылады.