1.4 Слайдқа мәтін, сурет, графикалық объектілер енгізу
Шаблон көмегімен немесе бос презентация құру командалары орындалған соң, Слайд құру сұқбат терезесі ашылады. Осы сұқбат терезеде слайдтағы мәтін, графикалық объектілер, диаграммалардың орналасу схемасын таңдай аламыз. Қажетті схеманы таңдап ОК батырмасын шерткен соң, экранда слайд пайда болады. Әрбір өрісте әрекеттің орындалуына байланысты қандай элемент енгізілетіні көрсетіліп тұрады. Мысалы, Слайдтың жоғары жағындағы өріс аймағында тышқанды бір рет шертсек тақырып енгізіледі т.с.с. Бастапқы уақытта слайд схемасы дұрыс таңдалмай қалса, оны кейін өзгертуге болады.
Тышқанды бір рет шертіп, тақырыпты және сол жақтағы өріске мәтінді енгізген соң, олардың қаріп түрін, т.б. өзгертуге яғни форматтауға болады. Форматталатын мәтінді ерекшелеп, белгілеген соң, Формат – Қаріп командасын орындағанда ашылған сұқбат терезеде, немесе форматтау тақтасындағы батырмалар көмегімен тиісті әрекеттерді орындаймыз. Форматтау әрекетін өріс ішіндегі бүкіл мәтінге қатысты орындау үшін, өріс жақтауында тышқанды шертіп, алдымен оны ерекшелеп аламыз.
Мәтін енгізу өрісінде оны таңбаланған тізім түрінде жазған ыңғайлы. Әдетте таңба ретінде қара дөңгелектер немесе төртбұрыштар қолданылады. Осы стандартты таңбаларды өзгерту үшін, таңбаланған тізім жазылған өрісте тышқанды шертеміз де Формат – Таңба (Маркер) командасын орындаймыз. Таңбалар сұқбат терезесі ашылады. Қаріптің Wingdings деген түрін ашсақ, бірнеше символдар тізімі шығады. Осы тізімнен кез келгенін таңдап, ОК батырмасын шерту арқылы таңба ретінде қолдануға болады.
Таңбаланған тізімнің соңында Enter пернесін басатын болсақ, келесі жолға таңба қойылады. Бос таңбадан кейін осы пернені қайта бассақ бұл таңба өшіп қалады. Ал, тұтас тізімнің таңбасын алып тастау үшін, оны ерекшелеген соң Ctrl+A қос пернесін басамыз немесе саймандар тақтасындағы Таңбаланған тізім батырмасын шертеміз.
Сондай-ақ, слайдқа кесте, сурет, диаграмма, сурет сияқты объектілерді слайд схемасын таңдаған кезде шығатын, өріс аймағында тышқанды екі рет шерту арқылы енгізе аламыз.
Енгізу – Сурет – командасын орындап:
Картинкалар –Microsoft Clip Gallery объектілерін;
Файлдан – файл түрінде сақтаулы тұрған суреттерді;
Автофигуралар - әртүрлі автофигуралар;
Бірнеше тармақтан тұратын диаграмма, WordArt объектілерін, сканерден көшірме, Microsoft Word кестесін енгізу мүмкіндігі бар.
Енгізу – Объект командасын орындап ашылған сұқбат терезеде қажетті типін таңдау арқылы объект енгізуге болады. Мысалы, слайдқа Microsoft Excel кітабының бір парағын орналастыруға болады. Слайдқа Excel программасында құрылған дайын диаграмманы буферге көшіріп алып, енгізуге де болады. Ол үшін Excel программасында қажетті диаграмманы ерекшелеп, Түзету – Көшіру командасын орындау арқылы, буферге аламыз. PowerPoint программасына оралып, Түзету – Енгізу немесе жанама менюдегі Енгізу командасын орындаймыз.
Microsoft Office құрамындағы Microsoft Graph арнайы программасының көмегімен қарапайым диаграммаларды құру мүмкіндігі бар. Енгізу – Диаграмма командасын орындаймыз немесе слайдқа диаграмма енгізу схемасы таңдалса, диаграмма өрісінде тышқанды екі рет шертеміз. Саймандар тақтасындағы диаграмма енгізу батырмасында тышқанды шертуге де болады. Осы мезетте экранда мәліметтер кестесі мен диаграмма пайда болады. Меню қатарындағы командалар мен саймандар тақтасында болған өзгерістерді бірден байқауға болады. Кестедегі мәліметтерді тұтас белгілеу үшін, қатарлар мен бағаналардың тақырыптары қиылысқан сол жақ жоғары бұрышта тышқанды шертеміз. Del пернесін басу арқылы оларды өшіріп, өзімізге керекті мәліметтерді енгіземіз де, меню қатарынан Диаграмма – Диаграмманың типі командасын орындап, диаграмманың типін таңдаймыз. Диаграмма – Параметрлер командасын орындап, қажетті параметрлерді тағайындаймыз. Диаграмманы слайдқа орналастыру үшін, слайдта тышқанды шертіп, Мәліметтер кестесі терезесін жабамыз.