Байланысты: МЕДИЦИНАЛЫҚ МИКРОБИОЛОГИЯ Б.А. Рамазанованың және Қ. Құдайбергенұлының (1)
6.1.5. Өсімдіктекті дәрі-дәрмектік шикізат микрофлорасы, фитопатогенді микробтар. Өсімдіктекті дәрілік шикізаттар өндіру барысында микроорганизмдермен ластануы мүмкін: су арқылы, стерильді емес дәріханалық ыдыс арқылы, өндірістік бөлмелердің ауасы және медициналық қызметкер қолы арқылы. Өсімдіктердің қалыпты микрофлорасы және өсімдіктер ауруларының қоздырғыштары – фитопатогенді микроорганизмдермен ластануы мүмкін. Фитопатогенді микроорганизмдер өсімдіктердің көпшілігін зақымдап, таралуға қабілетті.
Қалыпты жағдайда өсімдіктердің бетінде дамитын микроорганизмдер эпифиттерге (грек сөзінен ері- үстінде, phyton - өсімдік) жатады. Олар өсімдіктерге зияндылық көрсетпейді, кейбір фитопатогенді микроорганизмдердің антагонисі болып табылатын өсімдікткрдің әдеттегі бөлімдері және өсімдік беткейіндегі органикалық ластанулар есебінен өседі.Эпифитті микрофлора фитопатогенді микроорганизмдердің өсімдік тініне енуіне кедергі жасап өсімдік иммунитетін күшейтеді. Эпифитті микрофлораның көпшілігін Грам теріс таяқша тәрізді бактериялар Erwinia herbicola (1989ж ұсынылған жаңа аты - Pantoea agglomerans)құрайды, ЕПА-да алтынды-сарылы колониялар түзіп тұрады. Бұл бактериялар жемістердің жұмсақ щірінді қоздырғышының антагонисі болып табылады. Қалыпты жағдайда басқа да бактериялар Pseudomonas fluorecsens, Bacillus mesentericus сияқты бактериялар және саңырауқұлақтардың аздаған мөлшері сирек табылады.
Микроорганизмдер өсімдіктердің жапырақтары, сабақтарында ғана емес, тұқымдарында да кездеседі. Өсімдіктердің беткейі мен тұқымының бұзылуы, онда көп мөлшерде шаңдар мен микроорганизмдер жиналуы себепкер болады. Өсімдік микрофлорасының құрамы өсімдіктің түріне, жасына, топырақ типі мен қоршаған орта температурасына байланысты. Ылғалдылық жоғарылағанда эпифитті микроорганизмдер саны өседі, ылғалдылық төмендегенде – азаяды.
Топырақта, өсімдіктер тамырының маңайында микроорганизмдердің маңызды мөлшері орналасады. Бұл аймақ ризосфера (грек тілінен rhiza-тамыр, sphaira -шар)деп аталады. Ризосферада жиі спора түзбейтін бактериялар (псевдомонадалар, микобактериялар және т.б.)және де актиномицеттер, спора түзетін бактериялар мен саңырауқұлақтар кездеседі. Ризосфера микроорганизмдері әртүрлі субстраттарды өсімдіктерге тиімді қосындыларға айналдырады, биологиялық белсенді қосындылар (витаминдер, антибиотиктер т.б.) синтездеп, өсімдіктермен өзара симбионтты қатынасқа түседі және фитопатогенді бактерияларға қарсы антагонистік қасиетке ие болады.
Өсімдіктер тамырының беткейіндегі микроорганизмдер (ризоплан микрофлорасы) ризосфераға қарағанда , көп мөлшерде псевдомонадалар түрінде кездеседі. Жоғары сатылы өсімдіктер тамырының саңырауқұлақ мицелиімен симбиозы микориза , яғни саңырауқұлақты тамыр (грек тілінен mykes-саңырауқұлақ, rhiza-тамыр) деп аталады.
Орман өсімдіктеріне қарағанда, дақыл егілген топырақ өсімдіктері көп дәрежеде ластанған. Әсіресе өсімдіктердің төменгі тамыр маңайында микроорганизмдер көп болады, ол микроорганизмдердің топырақтан түсуіне байланысты. Көп мөлшерде микроорганизмдер суару алаңдарында, қоқыс тастайтын жерде, көң сақтау орнында, мал жаю орындарында өсетін өсімдіктерде табылады. Мұнда өсімдік патогенді микроорганизмдермен ластануы мүмкін, оны дұрыс өңдемегенде, ол микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы қоректік орта болады. Өсімдіктерді кептіру процесі-олардың өсуіне кедергі жасайды.
Фитопатогенді микроорганизмдерге: бактериялар, вирустар және саңырауқұлақтар жатады. Бактериялар қоздыратын ауруларды-бактериоз деп атайды. Бактериоз қоздырғыштарының арасында псевдомонадалар, микобактериялар, эрвиниилер, коринабактериялар,аргобактериялар және т.б.кездеседі. Бактериоздарға – шіріткіштердің түрлері, тіндер некроздары, өсімдіктердің солуы, ісік дамуы және т.б. жатады.
Бактериоздарды жалпы және жергілікті деп ажыратады.Жалпы бактериоздар өсімдіктің толық немесе оның жеке бөлімдерінің өлуін туғызады. Олар түптамырларында (тамырлық шірінді) немесе тамырлы жүйесінде көрініс беруі мүмкін. Жеке бактериоздар өсімдіктің жеке бөлімдерін зақымдаумен шектеліп, паренхималы тіндерде көрініс береді.
Erwinia туыстастығы күйік, солу, ылғалды немесе сулы шірінді типті ауру шақыратын түрлерден тұрады. Мысалы: E.аmylovora- алма мен алмұрт күйігінің қоздырғышы, E.сarotovora- ылғалды бактериалық шірінді қоздырғышы.
Pseudomonas туыстастығы бактериалды дақ шақырады ( P. syringae және т.б. ), бұл кезде жапырақтарда әртүрлі боялған, өсімдік түріне байланысты мөлшері әртүрлі түрлі-түсті дақтар түзіледі.
Xanthomonas туыстастығындағы бактериялар жапырақтарда дақ түзіп зақымдап, өсімдіктің тамырлы жүйесіне еніп, оның элементерін тығындап, өсімдік өлімін туғызады. Сондықтан, тамырлы бактериоз қоздырғышы - X. campestris болып табылады.
Агробактериялар өсімдіктерде әртүрлі ісіктер тудырады. Ісіктің дамуы онкогенді плазмидамен қоздырылады, ол агробактериямен өсімдік жасушасына беріледі. Бұл бактерияның гликопептидтері өсімдік тамырының жасушалық мембранасын зақымдау нәтижесінде өсімдік тамырын бітеп, оның жойылуына әкеледі.
Бактериоздар қоздырғыштары зақымдалған тұқым, ауру өсімдік қалдығы, топырақ, ауа, су, жәндік, моллюска, нематодалар арқылы беріледі. Бактерия өсімдік ішіне енгеннен соң, өсімдік жасушалары зақымдалып, бір- бірінен ажырайды. Бұлай ену интрацелюлярлы, жасушааралық, ауруы – паренхиматозды деп аталады.
Бактерия тамыр шоғырында өсіп- өніп көбейсе, тамыр қуысы бактериалық массамен бітеліп, нәтижесінде бактерия токсинінің әсерінен өсімдік солады.
Өсімдіктерде мозаика және сарғыштану ауруын шақыратын қоздырғыштар – вирустар. Мозаикалық ауруда өсімдік өсуі төмендеп, зақымдалған жапырақ пен өнімде дақты түс көрінеді. Сарғыштану өсімдіктің ергежейлігімен, көптеген бүйір өскіндерінің, гүлдерінің т. б.өзгерістерінен байқалады. Зақымдалған дәннен тағам дайындағанда, өсімдіктерді зақымдайтын саңырауқұлақтар тағамдық улану- микотоксикоз қоздырады. Микотоксикоз, мысалы, эрготизм ауруы – қастауышпен (Claviceps purpurea саңырауқұлағы) зақымдалғвн дәннен дайындалған азықты қолдағанда дамиды. Төменгі температурада, ылғалды жағдайда өсімдіктерде Fusarium, Penicillium, Aspergillus және т.б. саңырауқұлақтар дамып, адамдарда микотоксикоз қоздырады.
Фитопатогенді микроорганизмдермен күресу үшін келесі шаралар жүргізіледі: төзімді өсімдіктер өсіру, тұқымды тазалау және өңдеу, топырақты залалсыздандыру, зақымдалған өсімдіктерді алып тастау, ауру қоздырғышын тасымалдаушыларды жою.