Микробиология



бет15/216
Дата11.01.2023
өлшемі3,31 Mb.
#60906
түріОқулық
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   216
Treponema (Treponema туыстастығы) жіңішке бұранда тәріздес иректелген жіпше, 8-12 біркелкі иірімдерден тұрады. Трепонема протопластарының айналасында 3-4 фибриллалар (талшықтар) орналасқан. Цитоплазмасында цитоплазмалық филаменттер бар. Патогенді өкілдеріне T. рallidum – мерез қодырғышы және T. pertenue – тропикалық дерт – фрамбезия қоздырғышы жатады. Адамның ауыз қуысында және су қоймаларында кездесетін сапрофитті түрлері де болады.
Borrelia (Borrelia туыстастығы), трепонемаларға қарағанда ұзындау, 3-8 ірі иірімдері бар, 7-20 фибриллалардан тұрады. Оларға қайталама сүзек (B. reccurentis) пен Лайм ауруының (B.burdorferi және т.б.) қоздырғыштары жатады.
Leptospira (Leptospira туыстастығы) иректері жиі, таяз ширатылған жіп тәріздес. Бұл спирохеталардың ұштары жуанданып, ілгек тәрізді иіліп орналасады. Екіншілік бұрама түзіп, S немесе С әріпіне ұқсас болып келеді; 2 өстік жіптері (талшықтары) болады. Патогенді өкілі L.interrogans сумен немесе тамақпен организмге түскен кезде лептоспироз ауруын қоздырып, қан кетулер мен сарғаюларға әкеліп соқтырады.
Риккетсияларұсақ, грам-теріс таяқша тәріздес бактериялар (0,3-2,0 мкм), облигаттық (міндетті түрде) жасушаішілік паразиттер. Цитоплазмада бинарлық бөліну арқылы, ал кей жағдайларда жұқтырылған жасуша ядросында көбейеді. Егесі болып табылатын буынаяқтыларда (бит, бүрге, кенелерде) тіршілік етеді. Қоздырғыштарының біреуін ашқан американдық ғалым Х.Т Риккетстің атымен аталған (жартасты таулардың таңбалы қызбасы). Риккетсиялардың пішіні мен көлемі өсу жағдайларына байланысты өзгеріп отыруы да мүмкін (бұрыс пішінді жасушалар, жіпше тәріздес). Олардың құрлымы грам-теріс бактериялардың құрлымынан ерекшеленбейді.
Риккетсиялар егесінің метаболизміне тәуелсіз болады, бірақ көбею кезінде егесінен макроэргетикалық қосылыстарды алуы мүмкін. Жағындылар мен тіндерде оларды Романовский-Гимза, Маккиавелло-Здродовский әдістерімен бояйды (риккетсиялар қызыл түсті, жасушалар көк түске боялады).
Адамдарда риккетсиялар эпидемиялық бөрітпе сүзек (Rickettcia provazekii), кене риккетсиозын (R. sibirica), жартасты таулардың таңбалы қызбасын ( R. rickettsii) және де басқа риккетсиоздарды қоздырады.
Хламидиялар – облигаттық жасушаішілік кокктәріздес грам-теріс (кейде грам-вариабельді) бактерияларға жатады. Хламидиялар тек қана тірі жасушаларда көбейеді: оларды энергетикалық паразиттер ретінде қарастырады; олар аденозинтрифосфат (АТФ) және гуанозинтрифосфат (ГТФ) түзбейді. Жасушадан тыс хламидиялар сфера пішінді (0,3 мкм), зат алмасуы белсендірілмеген, элементарлы денешіктер деп аталады. Элементарлы денешіктердің жасуша қабырғасында сыртқы мембрананың негізгі ақуызы және цистейн қаныққан ақуыз болады. Хламидиялардың геномында ішек таяқшасының геномына қарағанда 4 есе кем генетикалық ақпарат болады.
Эпителиалдық жасушаға элементарлы денешіктер жасушаішілік вакуоль түзетін эндоцитоз арқылы енеді. Жасуша ішінде олар үлкейіп, бөлінетін ретикулярлы денешіктерге айналып, вакуольдарда (қосындылар) жинақталады. Ретикулярлы денешіктер элементарлы денешіктерге айналып , экзоцитоз немесе жасушаны ерітіп сыртқа шығады. Жасушадан шыққан элементарлы денешіктер жаңа айналымға түсіп, келесі жасушаларды зақымдайды. Адамдарда хламидиялар көзді (басыр-трахома, конъюктивит), несеп-жыныс жолдарын, өкпені зақымдайды.
Актиномицеттер – бұтақталған, жіп тәріздес немесе таяқша тәріздес грам-оң бактериялар. Өз атауын (грек тілінен аударғанда actis – сәуле, myces – саңырауқұлақ) олар зақымдаған тіндерде – сәуле тәріздес, тығыз шатысып қалған, орталықтан шетке қарай тартылған, ұштары колба тәріздес жуанданып аяқталатын друза түзуі арқылы иеленген. Актиномицеттер, саңырауқұлақтар сияқты жіп тәріздес өзара айқасқан жасушалар (гифалар) – мицелиилер түзеді. Олар, қоректік ортаға жасушалары кіріңкіреп өскен кезде субстратты мицелий, ал ортаның беткейінде өскенде үлпілдек түзеді. Актиномицеттер мицелилері фрагментациялану арқылы таяқшаға немесе коктарға ұқсас болып көбейеді. Олардың үлпілдек гифаларында көбеюде қызмет атқаратын споралар түзіледі. Актиномицеттердің споралары жоғары температураға шыдамайды.
Актиномицеттермен филогенетикалық жағынан ортақ нокардиотәрізді (нокардиопішінді) актиномицеттер – бұрыс пішінді, таяқша тәріздес жинақтаушы топ тұрады. Олардың кейбір өкілдері бұтақша пішінді болып келеді. Оларға Corynebacterium, Mycobacterium, Nocardia туыстастықтары жатады. Нокардиотәріздес актиномицеттер жасуша қабырғасында арабиноза, галактоза қанттарының, сонымен қатар микол қышқылы мен көп мөлшерде май қышқылдарының болуымен ерекшеленеді. Жасуша қабырғасындағы микол қышқылы мен майлар бактерияға қышқылға тұрақтылық қасиет береді, мысалы, туберкулез және алапес микобактериялары (Циль-Нильсен бойынша бояған кезде олар қызыл түске, ал қалған қышқылға төзбейтін бактериялар мен қақырық, тін элементтері – көк түске боялады).
Патогенді актиномицеттер – актиномикоз, нокардиялар – нокардиоз, микобактериялар – туберкулез бен алапес, коринобактериялар – күл ауруын қоздырады. Актиномицеттер мен нокардиотәріздестердің сапрофитті түрлері топырақта кеңінен таралған, олардың көпшілігі антибиотик түзушілер болып табылады.
Микоплазмалар – тек қана цитоплазматикалық мембранамен қоршалған, ұсақ бактериялар (0,15-1,0 мкм). Олар Mollicutes класына жатады, құрамында стеролдар болады. Жасуша қабырғасы болмағандықтан микоплазмалар осмосқа жоғары сезімтал. Пішіні әртүрлі: кокк, жіпше, колба тәріздес бола береді. Бұл пішіндерді микоплазмалардың таза дақылдарын фазалы-контрастты микроскоппен қарағанда ажыратуға болады. Тығыз қоректік ортада микоплазмалар қуырған жұмыртқаға ұқсас колониялар түзеді: орталық бөлімі мөлдір емес қоретік ортаға батып, ал шеттері мөлдір шеңбер тәрізденіп жатады.
Адамдарда микоплазмалар атипті пневмония қоздырады (Mycoplasma pneumoniae), несеп-жыныс жолдарын зақымдайды (M.hominis). Сонымен қатар микоплазмалар жануарлар мен өсімдіктердің де ауруларын қоздырады. Патогенді емес түрлері де кеңінен таралған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   216




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет