2.4. Қарапайымдылардың жіктелуі және құрылымы Қарапайымдылар – Animalia жануарлар әлемінде Protozoa патшалық тармағын (грек тілінен рrotoz-бірінші, zoon-жануар) құрайтын эукариотты бір жасушалы микроорганизмдер (8 – сурет). «Eucarya» доменіне жататын эукариоттар болып табылады. Қарапайымдылардың жасушасы ядро қабықшасы мен ядрошықтан, эндоплазмалық ретикулумнан құралған цитоплазмадан, митохондрия, лизосома, көптеген рибосомалардан және т.б. компоненттерден тұрады.
Қарапайымдылардың өлшемі орташа 2 ден 100 мкм –ге дейін ауытқып отырады. Сыртынан жануарлардың жасушаларының цитоплазмалық мембранасының аналогы - мембранамен (пелликуламен ) қапталған.
Қарапайымдылардың қозғалу (талшықтар, кірпікшелер, псевдоподийлер), қоректену (қоректену вакуольдері) және бөліп шығару (жиырылғыш вакуольдері) мүшелері бар. Талшықтар блефаропласттан шығады. Олар 9 жұп перифериялық, 2 жұп орталық микротүтікшелер және қабықтан тұрады. Кейбір қарапайымдылардың тіректік фибриллалары бар. Қарапайымдылар фагоцитоз нәтижесінде немесе ерекше құрылымдар түзіп қоректенеді. Жыныссыз жолмен – екіге бөліну немесе көптеп бөліну (шизогония), кейбіреуі жынысты жолмен (спорогония) көбейеді. Қолайсыз жағдайда олардың көпшілігі температура, ылғалдылық өзгерістеріне төзімді – тыныштық сатысында цисталар түзеді. Романовский-Гимза әдісімен бояғанда, қарапайымдылардың ядросы - қызыл, цитоплазмасы-көк түске боялады.
Қарапайымдылар 7 типке бөлінеді, соның ішінде төртеуі (Sarcomastigophora, Apicomplexa, Ciliophora, Microspora) адамдарда ауру қоздырады. Олардың бір қатарының нақты таксономиялық жіктелуі жоқ. Мысалы, пневмоцисталар мен бластоцисталар саңырауқұлақтар мен қарапайымдылардың қасиеттеріне ие.
Sarcomastigophora типі Sarcodina және Мastigophora типшесінен тұрады. Sarcodina типшесіне (саркодалылар)- Entamoeba histolytica жерше амебасы - адам амебиазының қоздырғышы, еркін тіршілік ететін амебалар (неглерия, акантамеба және т.б. туыстастықтар) және патогенсіз амебалар (ішек амебасы т.б.) жатады. Бұл қарапайымдылар жалған аяқтар (псевдоподий) түзіп қозғалады, олардың көмегімен қоректік заттар ұсталып жасуша цитоплазмасына енеді. Амебалар жынысты жолмен көбеймейді. Қолайсыз жағдайда олар циста түзеді. Мastigophora типшесінің (талшық тасымалдаушы) патогенді өкілдері бар, мысалы: трипаносомалар-африкалық трипаносомоз (ұйқы ауруы) және Шагас ауруларының қоздырғыштары; лейшманиялар – тері және висцеральды лейшманиоз; қынаптық трихомонада-трихомоноз қоздырғышы; лямблия-лямблиоз қоздырғыштары. Бұл қарапайымдылар талшықтарының болуымен сипатталады, мысалы, лейшманияларда бір талшық, трихомонадаларда – 4 еркін талшық және қысқа мембранамен қосылған 1 талшығы бар.
Apicomplexa типі. Sporozoa (споровиктер) класының патогенді өкілдеріне безгек плазмодийлері, токсоплазмалар, саркоцисталар, изоспоралар, криптоспоралар, циклоспоралар, бабезийлер жатады. Паразиттердің апикальды кешені иесінің жасуша ішіне еніп әрі қарай жасушаішілік паразиттік тіршілік етуге мүмкіндік береді. Әрбір өкілдерінің күрделі құрылымды және өзіндік тіршілік ету ерекшеліктері бар. Мысалы, безгек қоздырғышының тіршілік циклы жыныстық көбею сатысы (Anopheles масасының ағзасында) мен жыныссыз (адамның эритроциттері мен тін жасушаларында көптеп бөліну жолымен) сатысының кезектесуімен сипатталады. Токсоплазмалар жарты ай пішінді болады. Адамға жануарлардан жұғады, қоздырғыш плацента арқылы беріліп, ОЖЖ (ЦНС) және ұрықтың көзін зақымдайды.
Ciliophora типі. Кірпікшелердің патогенді өкіліне адамдардың тоқ ішегін зақымдайтын балантидиаз қоздырғышы – Balantidium coli жатады. Балантидиилер қозғалғыш, көптеген кірпікшелері бар талшықтарға қарағанда, олар жіңішкелеу және қысқа болады.
Microspora типі микроспоридийлер – ұсақ (0,5-10 мкм) облигатты жасушаішілік паразиттер, жануарлар арасында кең таралған және денсаулығы әлсіреген адамдарда диареялар мен іріңді-қабыну ауруларын қоздырады. Бұл паразиттердің инфекциялық ерекше споралары – спороплазмалары бар.