6.4. Санитарлық микробиология Санитарлық микробиология- адам денсаулығына қолайсыз әсер ететін қоршаған ортадағы микроорганизмдерді зерттейтін медициналық микробиологияның бөлімі. Ол қоршаған орта обьектілерінде патогенді, шартты- патогенді және санитарлық- көрсеткіш микроорганизмдерді анықтайды, қоршаған орта обьектілерін залалсыздандыру тиімділігін бақылау тәсілдерін және гигиеналық нормаердің микробиологиялық көрсеткіштерін жасайды.
Патогенді микрорганизмдерді анықтау эпидемиологилық жағдайды бағалауға және жұқпалы аурудың алдын-алу және тиісті күресу шараларын қолдануға мүмкіндік береді.
Шартты –патогенді микрорганизмдер - әлсіріген организмде іріңді- қабыну процесін қоздырады. Сонымен қатар , олар тағам өнімдеріне түсіп, жылдам көбейіп, токсиндер бөліп, адамдарда микробтық этиологиялы тағамнан уланулар қоздыруға себепкер болады.
Санитарлық көрсеткіш микроорганизмдерді- қоршаған орта обьектілерінде патогенді микроорганизмдердің болу мүмкіндігін жанамалап анықтауға негізделіп қолданады. Олардың анықталуы адамдар мен жануарлар бөлінділерімен нысанның ластанғандығын дәлелдейді. Мысалы, ішек инфекциясы қоздырғыштарының бөліну жолы ішек таяқшасы тобындағы бактериялармен – ІТТБ ( бұл топқа, ішек таяқшасынан басқа , қасиеттері ұқсас Citrobacter, Enterobacter, Klebsiella туыстастығының бактериялары кіреді), энтерококтармен, перфрингенс клостридиясымен бірдей. Ауа – тамшылы инфекция қоздырғыштарының бөліну жолы жоғарғы тыныс жолының шырышты қабығында тұрақты мекендейтін бактериялармен (коктармен) қоршаған ортаға (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде ) бөлінетіндігімен бірдей. Сондықтан жабық бөлмелердің ауасының санитарлық- көрсеткіш бактериясы ретінде гемолитикалық стрептококтар мен алтынды стафилококтар қолданылады. Санитарлық – көрсеткіш микроорганизмдерге келесі шарттар қойылады:
Адам немесе жануар организмінде мекендеп, бөлінділерінде тұрақты анықталуы керек.
Топырақ пен суда мекендеп, көбеймеуі керек.
Қоршаған ортаға организмнен бөлінген соң әртүрлі факторларға төзімділігі мен тіршілік ету ұзақтығы патогенді микробтармен бірдей немесе олардан жоғары болу керек.
Олардың қасиеттері шынайы типті және жеңіл анықталуы керек.
Оларды анықтау және бір-бірінен ажырату тәсілдері қарапайым, тиімді болуы керек.
Қоршаған ортада патогенді микроорганизмдерге қарағанда көп мөлшерде болуы керек.
Қоршаған ортада оларға ұқсас мекендейтін микроорганизмдер болмауы керек.
Санитарлық – микробиологиялық тәжірибеде патогенді, шартты-патогенді және санитарлық – көрсеткіш микроорганизмдерден басқа зерттеу материалының (су, топырақ , тағам өнімдері, дәрі-дәрмектер және т.б.) белгілі көлеміндегі немесе мөлшеріндегі жалпы микроб санын анықтау пайдаланылады.