Бояудың күрделі тәсілдері. Микробтар клеткасы қабырғасының химиялық құрамы мен құрылысы
біркелкі емес, сондықтан олар бір бояғышпен әр түрлі боялып, кейін спиртпен, қышқылдармен және басқа
реактивтермен әрекет еткенде бірдей түссіздендірілмейді. Микроб жасушасының бөлімдері де бояғыш
ерітінділермен біркелкі боялмайды. Бояудың күрделі (дифференциалды) тәсілдері микроб клеткасының осы
қаситтеріне негізделген. Күрделі тәсілмен бояу процесінде бірнеше бояғыштар қолданылады. Зертхана
тәжірибесінде Грам, Циль-Нильсен, Козловский, Меллер, Злоттогорова және басқа тәсілдер қолданылады.
Грам тәсілі. Бекітілген препараттың үстінде фенолды күлгін генцианвиолет сіндірілген сүзгіш
қағаздың тілімін 2-3 минут ұстайды. Сонан соң қағазды алып, жағындыны Люголь ерітіндісімен 2-3 минут
өңдейді. Бояудың келесі кезеңінде жағынды 96%-дық этил спиртімен 30-40 секунд өңделеді де жақсылап
сумен жуылады. Препарат Пфейффердің фуксинімен қосымша 1 минут боялады. Сумен жуылған соң, сүзгіш
қағазбен кептіріліп, микроскопияланады.
Осы тәсіл бойынша бояу нәтижесінде микробтар күлгін немесе қызғылт түстерге боялады. Спирттің
әрекетіне қарамастан бастапқы күлгін түсін сақтайтындар Грам оң микробтар тобына жатқызылады
(топалаңның, шошқа тілмесінің, қатерлі ісіктің қоздырғыштары, стафилококктар және т.б.), ал спиртпен
өңсізденіп фуксинмен қызғылт қызыл түске қосымша боялатындар Грам теріс микробтар тобына
жатқызылады (ішек таяқшасы, сальмонеллалар, пастереллалар және т.б.).
Зертханада Грам тәсілімен бояу үшін А.В. Синевтің модификациясы жиі қолданылады. Бұл
модификация бойынша сұйық бояудың орнына алдын ала фенолды күлгін генцианфиолетпен
дымқылдандырылып, кептірілген сүзгіш қағаздар қолданылады. Бояғыш бұл жағдайда мына рецепт
бойынша дайындалады: 1 г генцианфиолет + 100 мл 96%-дық этил спирті. Бояғыш тұрақты және оны ұзақ
уақыт бойы қолдануға болады. Сүзгіш қағаздар осы бояғышпен дымқылдандырылған соң кептіріледі де,
жамылғы шыны көлемі бойынша қиылып, тығыз тығыны бар ыдыста сақталады.
Жағындыны бояу үшін осындай сүзгіш қағаздың бір тілімін зат шынысының үстіне қойып бетіне
дистилденген судың бірнеше тамшысын тамызады. Бояудың кейінгі кезеңдері жоғарыда жазылғандай
орындалады.
Грам тәсілінің мәні. Бұл тәсілді 1884 жылы дат ғалымы Христиан Иоким Грам ұсынған болатын.
Грам-теріс және Грам-оң бактериялардың әр түрлі боялуы олардың клетка қабырғалары құрылымының
өзгешеліктеріне байланысты. Грам-оң бактериялардың клетка қабырғасы грам-теріс микробтардікіне
қарағанда қалың және көптеген пептидогликан полимерін иемденген. Сондықтан олар генцианвиолетпен
тығыз байланысып, спиртпен әрекет жасағанда түссізденбейді. Грам-теріс бактериялардың клетка қабырғасы
жұқа және оның құрамында пептидогликан аз мөлшерде болады. Осы себептен олар бояумен әлсіз боялып,
спиртпен өңсізденеді.
Грам-оң микробтар дақылынан жасалған препараттарда грам-теріс клеткалардың болуы мүмкін.
Бұлар өлі немесе қабығы зақымдалған клеткалар.
Грам тәсілі бойынша бояу үшін студенттер Escherichia coli және Bac.megatereum дақылдарының
қоспасынан жағынды жасйды. Ішек таяқшасы грам-теріс, ал капсула бацилласы грам-оң бактериялардың
өкілдері.
Әдебиеттер: 1 Бұлашев А.Қ., Сұраншиев Ж.А., Жұмабаев Х.Ж. Жалпы микробиология пәнінен ветеринариялық
медицина факультетінде оқитын студенттердің зертханалық тәжірибе сабақтарына арналған әдістемелік
нұсқауы. Астана, 2005ж. 13-17 беттер. 2 Асонов Н.Р. Практикум по микробиологии // Москва,
«Агропромиздат». 1988. С. 26-30. 3 Костенко Т.С., Скаршевская Е.И., Гительсон С.С. Практикум по
ветеринарной микробиологии и иммунологии // Москва, «Агропромиздат». 1989. С. 26.