Мір оғындай Міржақып Міржақып Дулатов 1885 жылы 25 қарашада Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы,



Pdf көрінісі
Дата06.03.2017
өлшемі203,39 Kb.
#8059

Мір оғындай Міржақып 

Міржақып  Дулатов  1885  жылы  25  қарашада  Қостанай  облысы, 

Жанкелдин  ауданы,  «Қызыл  бел»  совхозының  Сарықопа  деген  жерінде 

дүниеге  келген.  Әкесі  Дулат  өз  заманының  оқыған,  сауатты  адамы  болған. 

Етік  тігіп,  ер-тұрман  жасаған  өнерлі  жан  екен.  Шешесі  Дәмеш  –  Торғай 

уезіне  аты  мәлім  Қараман  байдың  қызы.  Өте  келбетті,  талайлар  сөз  салып, 

қолы  жетпеген  қас  сұлудың  өзі  болған.  Көркіне  сай  өлең  айтып,  домбыра 

тартқан,  ақыл-парасатқа  кенен  ел  анасы  болыпты.  Міржақып  екі  жасқа 

келгенде  анасынан  айырылған.  Он  екі  жасқа  толғанда  әкесі  қайтыс  болған. 

Сөйтіп,  жастайынан  жетім  қалған  бала  тез  есейеді.  Ағасы  Асқардың 

көмегімен  әуелде  ауыл  молдасынан  қара  танып,  1897  жылы  Торғайдағы  екі 

кластық  орыс-  қазақ  училищесіне  оқуға  түседі.  Одан  ауыл  мұғалімі  деген 

атақ алып шығады. Калған білімді зейінді, зерек Міржақып өз бетімен оқып 

игерген.  



Алғашқы баспалдақ  

Публицистік  қызметі  1906  жылы  Петерборда  екі  саны  шығып,  өкімет 

тарапынан тұтқындалып, өртелген «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңі 

мен  «Біздің  мақсатымыз»  атты  публицистикалық  мақаласы  жариялануымен 

басталады.  Бұл  газет  татардың  «Улфат»  атты  апталығының  қосымшасы 

ретінде  жарық  көрген.  Ол  1905  жылы  26  маусымда  Ахмет  Байтұрсынов, 

Әлихан Бөкейханов және басқа да қазақ оқығандары Қоянды жәрмеңкесінде 

бас қосып, Петербордағы кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан арыз-тілек 

жібергенде қойылған он бір түрлі талаптың бірі – қазақ тілінде газет шығару 

талабымен  басылған  болуы  мүмкін.  Қазақ  халқының  саяси-мәдени  өмірінде 

үлкен  мәні  бар  бұл  оқиға  Міржақып  сияқты  ел-жұртының  қамын  жеген 

азаматтарды  одан  әрі  топтастырып,  қайрап,  шыңдай  түсті.  Осыдан  кейін 

Міржақыпты  жатса  да,  тұрса  да  халқының,  ұлтының  болашағы  толғантады. 

Өнер-білімнен  кенже  қалған,  сахарада  көшіп-қонып,  мал  бағып,  қыс  күйлі, 

жаз  жайлы  болудан  басқа  тілегі  жоқ,  бейқам  жатқан  аңғал  еліне 

қарлығаштың  қанатындай  су  сеуіп,  көңіліне  сәуле  шашуды  мұрат  тұтады. 

Оның 1909 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Оян, қазақ» атты өлеңдер 

жинағын  оқып  отырып  осыны  аңғаруға  болады.  Міржақыптың  есімін  күллі 

қазаққа  танытқан  бұл  кітап  халық  арасына  тез  тарап,  көпшіліктің  өтініші 

бойынша  келесі  жылы  Уфа  қаласында  екі  рет  баспа  жүзін  көреді.  Бірақ 

кітаптың  төңкерісшіл  рухтағы  идеясы,  күреске  шақырған  үні  Ресейдің 

монархиялық  патша  өкіметіне  ұнамайды.  Сөйтіп,  қоғамның  кемшілігін 

сынап,  оқу-білімге  үндеген,  бірлікке,  еңбек  етуге  шақырған  автор  идеясы 


жандарм  басқармасы  тарапынан  қылмыс  деп  саналып,  жауапқа  тартылады. 

Ол жөнінде журналистің өзі «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 233-санында бы - 

лай  жазады:  «Оқушыларға  мағлұм  «Оян,  қазақ»  атты  өлең  кітабымда  ескі 

өкімет  шам  көріп, «қазақ оянып  кетеді»  деп  қорқып, 1911  жылы мені  сотқа 

берді. Сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым».  

Бір  ғажабы,  алты  жарым  ай  түрме  қапасын  көріп,  бір  жыл 

Петропавловскіге саяси көзқарасы үшін жер аударылған Дулатовты бұл жай 

мұқалтпай,  керісінше  шыңдай  түседі.  Ол  айдауда  жүрген  кездерінде  де 

уақытын босқа өткізбей ізденумен болады.  

«Қазақ» газетінде  

1913  жылы  Орынборға  айдаудан  босанып  келгеннен  кейін  бұрыннан 

пікірлес  ағасы  Ахмет  Байтұрсынұлымен  бірлесіп  таза  қазақ  емлесімен 

«Қазақ» атты бейресми газет шығаруды қолға алады. М. Дулатовтың газеттің 

екінші редакторы қызметіне ресми түрде бекітілген уақыт – 1914 жылдың 19 

мамыры.  Осы  турасында  архивте  сақталынған  Орынбор  генерал-

губернаторының  Ішкі  істер  министрлігі  жанындағы  баспасөз  жөніндегі  Бас 

Басқармаға  сол  күні  жолдаған  2732-нөмірлі  іс-қағазында  былай  делінеді: 

«Согласно  циркулярному  распоряжению  от  5  декабря  минувше-  го  года  за 

№7022,  уведомляю  Главное  Управление;  что  мною  одновременно  с  этим 

разрешено обязанности второго ответственного редактора, в полном объеме, 

издаваемой  в  г.  Оренбурге,  образованным  издательским  товариществом 

«Азамат»  еженедельной  газеты  на  киргизском  языке  «Казак»,  ...киргизу  1 

аула Сарыкопинской волости, Торгайского уезда и области Мир-Якубу Дула- 

товичу Дулатову.  

Осы дерекке қарап, М. Дулатовтың «Қазақтағы» қызметі газет шыққан 

уақыттан  емес,  кейіннен  басталады  екен  деген  ұғым  тумауы  керек.  Бірақ, 

өкінішке  орай,  сондай  да  пікір  қалыптастырып  жүрген  зерттеушілер  жоқ 

емес. Әрине, ол қателескендік болып шығады. Көрнекті қалам қайраткерінің 

апталыққа  сіңірген  еңбегі  ол  жарық  көрмей  тұрып-ақ  бастау  алатынына 

жоғарыда  нақты  деректер  келтірген  болатынбыз.  Оны  мына  мәліметтер  де 

айқындай  түседі.  «Жұлдыз»  журналының  1990  жылғы  6-нөмірінде 

жарияланған  «Ардақтап өтем  әкемді»  атты  Міржақыпқызы  Гүлнар  апайдың 

естелігі көзі қарақты оқырманға етене таныс болуға тиіс. Сондағы мына бір 

дерек  еріксіз  назар  аудартады:  «1913  жылы  аңсап  күткізген  Міржақыптың 

Орынбордан  жазған  хаты  келді.  Жүрегіміз  орнына  түсіп,  бірсыпыра 

тынышталып  қалдық.  Міржақып  хатында  амандығын  білдіріп,  Семей 

түрмесінде  бір  жарым  жыл  отырып,  енді  құтылғанын  жазыпты».  Бұл  – 



ақынның немере қарындасы (ағасы Асқардың қызы) Ботаның естелігі. Одан 

әрі  сол  хаттың  мәтіні  алғаш  рет  ғылыми  айналымға  енгізіледі.  Естелік 

сонысымен  де  құнды.  Хатында  ардақты  алаш  азаматы  Семей  түрмесінен 

босанып  шыққаннан  кейін  із  жасырып,  Түркістан  және  соған  таяу  Қырнақ 

қыстауында  қазақ,  өзбек,  қырғыз  ағайындар  ортасында  паналағанын  және 

болашақ газет шығару үшін қаражат жинаумен айналысқандығын тілге тиек 

ете  келіп:  «1913  жылдың  бас  кезінде  Орынборға  келдім,  сондағы  ғалым-

жазушы, өзімнің ұстазым әрі ағам Ахмет Байтұрсыновқа барып сәлем бердім. 

Ұзақ  кеңесіп,  қазақ  халқына  арнап  газет  шығармақ  болдық.  Бұл  пікірімізді 

Әлихан Бөкейханов ағамыз толық қолдады. «Іске сәт» деп жұмысқа кірістік. 

Үкімет  орындарының  есігін  тоздырып  жүріп,  әзер  дегенде,  рұқсат  алынды. 

Түркістанда  жиналған  мол  қаржыны,  Уфадағы  «Ғалия»  медресесі 

шәкірттерінің қосқандарын осы игі іске бағыштадық. Редакцияға қолайлы үй 

қарастырып,  оны  да  таптық.  Редакция  құрамы,  оның  мүшелерін  белгіледік. 

Шығарушы бас редакторы Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы мен болып 

газетімізді «Қазақ» деп атап, шығара бастадық», – деп біраз жайдан хабардар 

етеді.  

Айдауда  

1928 жылдың аяғында Міржақып Дулатұлын советтік құрылысқа қарсы 

жа- сырын әрекет етті деген қарармен ОГПУ қызметкерлері тұтқынға алады. 

Сөйтіп,  ату  жазасына  кесіп,  кейіннен  оны  он  жыл  бас  бостандығынан 

айырумен алмастырып, Соловецк лагеріне айдайды.  

Өмір  бойы  үкімет  тарапынан  қудалау  көрген  Міржақып  Соловецк 

лагерінде 

айдауда 


жүргенде 

де 


Әлихан 

Бөкейханұлы, 

Ахмет 

Байтұрсынұлдарымен  хат-хабар  жазысып,  мән-жайды  ұғынысып  отырған. 



Мысалға,  Әлихан  Бөкейханұлын  –  Қыр  баласы,  Ахмет  Байтұрсынұлын  – 

А.Б.,  Халел,  Жанша  Досмұхамбетұлдарын  –  Екі  Дос,  Мұхтар  Мырзаұлын  – 

Ұзын  Мұхтар  деп  сақтық  үшін  толық  аты-жөнін  айтпай,  өзара  түсінісіп 

отырған.  Бұл  хаттарды  пайдаланған  жеке  мүліктерімен  бірге  1935  жылы  5 

қазанда  Міржақып  Дулатұлы  лагерьдің  лазаретінде  қайтыс  болған  соң, 

отбасына қайтарған. Әкеден қалған тәбәріктей болған бұл дүниелерді Гүлнәр 

апай Міржақыпқызы жарты ғасырдан астам уақыт бойы аман сақтап келіпті.  

Міржақып Дулатовтың ойы ұшқыр, қаламы жүйрік журналист ретінде 

та-  нылуына  оның  «Қазақ»  газетінде  Ах-  мет  Байтұрсыновпен  бірге  еңбек 

еткен  кезеңі  ерекше  із  қалдырады.  Бірақ,  бұл  оның  публицистік  қызметі 

«Қазақ» газеті шыққанға дейін болған жоқ деген ұғым туғызбауы қерек.  


«Түрік баласы»  

Ол – газет жұмысын ұйымдастыруға қатысып, оған жетекшілік етумен 

бірге  қаламымен  де  аянбай  қызмет  көрсеткен,  жүйрік  ойлы  публицист. 

«Қараңғы қазақ көгінде» жарық жұлдыз болып жанған жалынды журналистің 

«Қазақтағы»  шығармашылық  қызметі  де  бөле  айтуға  тұрарлық,  толымды 

еңбек. Оның газеттің әр нөміріне дерлік мақала, өлең я әңгімесі жарияланып 

тұрған.  Тіпті,  кейде  екі-үш  туындысы  бір  санында  қатар  жарық  көріп, 

оқырманын тәнті еткен кездер де жоқ емес. Мұндай жағдайда журналистерге 

тән  инабаттылықты  сақтап,  бүркеншік  аттарын  кәдеге  жаратқандығы 

көрінеді.  Сонымен  қоса,  ол  «қырағы  көз»  патшалық  цензурадан  із  жасыру 

үшін де керек болған. «Мадияр», «Арғын», «Тургайский», «Азамат», «Қауіп 

Қатеров», «М.Д.», «Түрік баласы» деп қол қойған материалдар - «Қазақтың» 

ең  бір  құнды  жарияланымдары.  Бұлар  М.  Дулатовтың  бүркеншік  аттары 

екені  бүгінде  толық  анықталып  отыр.  Мәселен,  алдыңғы  үшеуінің  төркіні 

жөнінде автордың өзі былай деп, төрт жол өлең шумағы арқылы құлаққағыс 

етеді:  


«Болады Тургайский уалаятым,  

Тайпам – арғын, мадияр – асыл затым.  

Бұл сөздің мүхаррирі һәм наширы  

Дулат-оғлы Мир-якуб – өзім атым».  

Ал  «Азамат»  осы  аттас  өлеңдер  жинағы  шыққаннан  кейін,  «Қауіп 

Қатеров»  айдау,  абақтыда  жүрген  кезінде  «М.Д.»  дегендер  оның  бүркеншік 

аттары  екендігі  ешқандай  күмән  келтірмейді.  Мұндай  ат  таңдау  тәсілдері 

қазақ  журналист,  жазушыларының  творчествосында  отызыншы  жылдарға 

дейін кең қолданылып келген өнімді жол екенін айта кету ләзім.  

Міржақып Дулатовтың «Қазақта» жарық көрген толып жатқан мақала, 

өлең  және  тағы  басқа  туындыларын  түгел  атап,  жеке-жеке  талдау  –  арнайы 

бір  зерттеудің  жүгін  арқалауға  тұрарлық  еңбек.  Біз  оның  бірқатар 

еңбектеріне  ғана  тоқталу  арқылы  журналистік  шығармашылығының 

қаншалықты  қарымды  және  газеттегі  үлес  салмағының  қаншалықты 



салмақты екендігін аңғартуды мақсат тұттық. 

Қайрат  Сақ,  Л.Н.  Гумилев  атындағы  ЕҰУ  Журналистика  және 

саясаттану  факультетінің  деканы,  Қазақстанның  Мәдениет  қайраткері, 

алаштанушы-ғалым 


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет