«Қазақ әдебиеті» пәнінен оқу бағдарламасы
(қоғамдық-гуманитарлық бағыт)
1. Түсінік хат
Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген.
2. Әдебиет – сөз өнерi, халықтың сана-сезiмiн, көркемдiк ойлау қабiлетiн байытатын рухани дүние, халықтың айшықты сөзбен кестелеп, асыл ойлармен зерлеген баға жетпес бай қазынасы, тарихы.
3. Бағдарлама әдебиеттану ғылымы ұстанымдары негізінде түзіліп, оқытудың жаңа талаптарына сай мазмұндық, құрылымдық және әдістемелік жағынан жаңартылып отыр.
4. Білім мазмұнын сұрыптауда ғылымилық, түсініктілік, жүйелілік, іс-әрекеттілік, пәнаралық байланыс, сабақтастық сияқты дидактикалық ұстанымдар басшылыққа алынып, оқушылардың бейіндік ерекшеліктері ескерілді.
5. Бағдарламада ақын-жазушылар шығармашылығы хронологиялық сипатта ұсынылды. Қайталанған шығармалардың орнына басқа ақын-жазушылардың шығармашылықтары енгізілді.
6. ХІХ-ХХ ғасырдағы көрнекті ақын-жазушылардың шығармашылығы және тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттің кейбір үлгілерін оқыту көзделді. Тәуелсіздік кезеңіндегі шығармалар осы кезеңнің тарихи-әлеуметтік мазмұнының көрінісі ғана емес, халықтың әдеби қазынасы қызметін де қатар атқаратын туындылар ретінде қарастырылды.
7. Әдебиеттiң теориялық мәселелерi, әдебиеттанудың салалары, әдеби ағымдар мен бағыттар, көркем шығарманы талдау әдістері, әдеби шығарманың болмыс-бітімі, ұлттық мәдениет, әдебиет және көркемдік шындық, әдебиеттiң өзге ғылымдармен байланысы, қазiргi әдебиеттегi проблемалық мәселелер, оқырман мәдениеті, сөз өнерi және шығармашылық үдеріс, қаламгер стилі өзек етiлiп, көркем шығармашылық туралы жүйелі ұғым қалыптастырылады.
8. Қазақ әдебиетi» пәнінің оқу бағдарламасында мемлекеттiк бiлiм стандартына сәйкес бiлiм мазмұны және оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар пәндік нәтижелер, тұлғалық және жүйелі-әрекеттік нәтижелер түрінде сараланып берілді.
9. Пәнді оқыту мақсаты - қазақ халқының сан ғасырлық тарихын, дәстүрін, өнерін, әдебиеті мен мәдениетін ұлттық құндылық ретінде бағалап, құрметтей білетін, көркем шығармада бейнеленетін қоғамдық-әлеуметтік құбылысты көркемдік тұрғыда қабылдауға қажетті білім, білік, дағдыларын меңгерген, әдебиетті өмірмен байланыстыра қабылдай алатын, қазіргі білім беру жүйесіндегі талаптарға сәйкес өзіндік белсенділік көрсете алатын, азаматтық көзқарасы айқын, адамгершілік, елжандылық қасиеттерді бойына жинақтаған интеллектуалдық әлеуеті жоғары дара тұлға тәрбиелеу.
10. Пәнді оқыту міндеттері:
1) әдебиеттің ұлттық ерекшелігін, көркем шығармалардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің бейнеленуін, көркем туындының идеялық мазмұнын ұғындыру;
оқушыларға әдебиеттің өнердің бір түрі екендігін танытып, әдеби білім мазмұнын жүйелі меңгеруді ұйымдастыру;
3) көркем шығарма арқылы оқушылардың санасына көркем сөз құдiретiн, эстетикалық, танымдық тәрбиенi сiңiру;
4) оқушылардың көркем шығарма оқу әрекеттерін, образбен ойлау қабілеттерін өзіндік ізденіс шығармаларымен жетілдіріп, олардың сөз өнерін рухани құндылық ретінде қабылдауына мүмкіндік туғызу;
5) ойын еркін, шешен жеткізе алу, әдеби-теориялық білімін жазба жұмыстарда сауатты қолдана алу біліктілігін қалыптастыру.
11. Оқыту үдерісінде «Қазақ әдебиеті» пәні төмендегі оқу пәндерімен тығыз байланыста оқытылады:
1) «Қазақ тілі»: филологиялық ғылым салаларын байланыстыра оқыту үздіксіз, жүйелі жүргізіледі, бұл арқылы оқушылардың сөйлеу қабілеттерін дамыту, сөздік қорларын молайту жүзеге асырылады;
2) «Қазақстан тарихы»: әдебиет пен тарихты байланыстыру оқушылардың тарихи шындықты көркем шығармада бейнелеу ерекшеліктерін түсіну дағдыларын қалыптастырады және оқушылар нақты мәліметтерді талдай алуға, өзіндік баға беруге үйренеді;
3) «География»: көркем шығармада бейнеленген, суреттелген немесе оқиғалар өрбіген жердің географиялық ерекшеліктерін автор көзімен көруге, оны өзіндік байқауларымен, білімдерімен салыстыруға үйренеді;
4) «Музыка»: әдеби шығарма мен музыканының ішкі иірімдерін салыстыра алуға дағдыланады, әннің идеялық-көркемдік және эстетикалық маңызын, ұлттық ән-әуендегі мазмұны мен талғамын түсінуге мүмкіндік береді;
5) «Бейнелеу өнері»: әдебиет сабақтарында бейнелеу өнерінің туындыларын пайдалану оқушылардың кейіпкер бейнесі мен оқиғаларды, жалпы суреттелген мәселелерді көзбен көре, терең сезінулеріне мүмкіндіктер жасайды.
12. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында ұсынылған типтік оқу жоспарына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі.
10-сыныпта аптасына 2 сағаттан, барлығы – 68 сағат;
11-сыныпта аптасына 3 сағаттан, барлығы – 102 сағатты құрайды.
13. Пәнді оқытудың вариативті бөлігі қосымша оқу бағдарламасы арқылы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты шеңберінде жүзеге асады.
Достарыңызбен бөлісу: |