Мысыр тауығы – тауық тұқымдастарына жататын үй құсы. Оның етінің құрамында тауық пен үндік етіне қарағанда адам ағзасына қажетті амин қышқылы өте мол әрі сапасы да жоғары болып табылады. Ересек мысыр тауығының таза салмағы орта есеппен алғанда – 1,5 – 1,8 килограмм аралығында. Балапандары өсе келе өздерінің бастапқы салмағын 35-40 есе арттыра алады.
Мысыр тауықтары бір маусымда 70-тен 120-ға дейін жұмыртқа табады. Олардың құрамындағы А дәрумені мен каротиноидтер тауық жұмыртқаларына қарағанда 1,5-3 есе көп. Мұнымен қоса, жұмыртқасының қабығы тауықтікіне қарағанда 1,5 есе қалың және 3 есе берік болып келеді. Осы қасиетінің нәтижесінде Мысыр тауығының жұмыртқасын ұзақ уақыт сақтауға және кез келген көлікпен айтарлықтай алыс қашықтықтарға емін-еркін тасымалдауға болады.
Мысыр тауығының түрлері. Ғалым-селекционерлер мен құс өсіруші мамандардың ұзақ жылғы жұмыс нәтижелерінің арқасында мысыр тауығының екі тұқымдық тобы; ақ сібір және загор ақтөсі атты тұқым топтары қалыптасқан. Бұлардың кез келгенін үй шаруашылығы жағдайында өсіруге болады. Бірақ, бір ескерте кететін жайт, қандай жағдайда болмасын, мысыр тауығын өсіргенде оның жеке бір түрімен немесе тұқымдық тобымен шектелу қажет екен.
Мысыр тауығын асырау. Мысыр тауығын қарапайым серуендегіші-соляриі бар құс қорада ұстауға болады. Бір ескере кетер мәселе, бұл құстар әдетте жылы жақта өсетіндіктен, суыққа шыдамсыз келеді. Сондықтан қыста құс қораны үнемі жылытып отыру маңызды. Құс қора жарық, құрғақ және жиі желдетілетін болуы қажет. Еденге 9-10 см. қалыңдықта құм төселуі тиіс. Жазда мысыр тауығын бақшаға шығарған дұрыс. Олар мұндай жағдайда басқа жемдерді қажет етпейді. Күні бойы әртүрлі жәндіктерді аулаумен өз тамағын өзі табады.
Мысыр тауығын азықтандыру. Мысыр тауығы жем талғамайды, бірақ олардың азықтану ерекшеліктерін және сұраныстарын ескеру керек. Ересек мысыр тауығы үшін негізгі азық мөлшері 130-150 г. құрамажемнен немесе аралас бидайдан (тары, үгітілген жүгері, жем) тұрады. Бұдан бөлек, туралған шөп пен көкөніс сабақтары түріндегі жасыл азық түрімен азықтандырып алған жөн. Берілетін астық жемін піскен картоп, ботқа және тағы басқа да тамақ қалдықтарымен алмастыруға болады.
Ересек мысыр тауықтарына таңертеңгі сағат 7-8, түскі сағат 12-14 және кешкі сағат 18-19-дарда күніне үш рет жем береді. Суды астауға құйып, оны күніне үш рет ауыстырып отырған жөн. Қыста күн жадырап шығып тұрған жылымық жарық кезде оларды аулаға серуендеуге шығарып отырған орынды. Ал күн суық болса, құс қораны желдету барысында мысыр тауықтарын күніне бір уақыт дәлізге шығарып алған жөн.
Мысыр тауығын көбейту. Мысыр тауығы балапандарын шығару үшін инкубаторда кәдімгі тауық балапандарын алу секілді қарапайым әдістер қолданылады. Мұнымен қоса, инкубацияның 26-күнінде жұмыртқаларды шығару камераларына шығарады. Шығару камераларындағы ылғалдылық тауық жұмыртқаларының инкубациясынан 5-10 пайыз артық болады. Балапандар кеуіп, жүндері үлпілдей бастағанда оларды инкубатордан шығарып, еденіне ағаш үгінділері, газеттер немесе құрғақ құм төселген жылы, алдын ала әзірленіп қойылған қораға жайғастырады. Онда кішкене жемсалғыш пен вакуумды астау орналастырылады.
Егер мысыр тауығының жұмыртқасын күрке тауық (немесе кішкене үндік) астында бастыратын болса, шаруа жеңілдейді. Күрке тауық басып шыққан мысыр тауығының балапаны оған үйреніп алады да, оның соңынан қалмай еріп жүре береді.
Алайда, ескере кететін бір жайт, дүниеге келген соң бір аптадай уақыт өтісімен мысыр тауығының балапаны ұшуға әрекет жасай бастайды. «Ұшып кетуден» алдын ала сақтану үшін туғанына тәулік толған сәтінде олардың бір қанатын білезігінен кесіп тастау керек. Ол үшін электропышақты пайдаланған дұрыс. Өйткені, ол қанның көп ағуын, жараның ластануын болдырмайды. Қанат кесуді қайшымен де жасауға болады. Екі жағдайда да, кесілген орынды йод тұнбасымен күйдіру керек. Егер мысыр тауықтары балапандарының бір қанатының білезік ампутациясын уақтылы жасамаған жағдайда кейіннен ересек мысыр тауықтарының бір қанатының желпуішін 10-12 сантиметрге дейін қысқартады. Бірақ мұндай жағдайда бұл шаруаны жылына 2-3 рет атқарып тұруға тура келеді.
Мысыр тауығы балапандарын кәдімгі тауық балапандары секілді жемдейді: алғашқы күндері қайнатылған жұмыртқаның өзін, сонан кейінгі уақыттарда жұмыртқаны сүт қосылған бидай ботқасына араластырып береді. Суды астаушаға құяды. Әрбір 2 сағат сайын аз-аздан жем беріп отырады.
Өнімді сату. Мысыр тауығының еті мен жұмыртқасын базарларға, дүкендерге өткізуге, сондай-ақ, мейрамханалар, кафелермен келісім жасауға болады.
Мысыр тауығын өсіру шығындары: 1 мысыр тауығы үшін жылына шартты түрде 32 кг. жем қажет. Зауыттан шыққан құс жемінің 1 килосы 35 теңге тұрады деп есептегенде 20 мысыр тауығын өсіру үшін (1 топта 18 ұрғашы мен 2 қораз болады деп есептегенде) сізге шамамен 6,5 центнердей жем қажет болады. Оған 23 мың теңгедей қаржы кетеді.
Егер балапанды инкубатор арқылы шығарамын десеңіз, 100 жұмыртқа үшін 15 мың теңгедей қаржы жұмсайсыз.
Инкубатордың өзін сатып алуға 20 мың теңге қажет.
Айлық мысыр тауығының 20 балапанын сатып алуға әрбіріне 500 теңгеден, жиыны 10 мың теңге қажет. Сонда сіздің барлық шығындарыңыз 68 мың теңгені құрайтын болады.
Мысыр тауығын өсіру кірістері: Бір мысыр тауығы жылына 70-120 жұмыртқа береді. 1 жұмыртқа – 25 теңгеден. Сонда сіз 1 тауықтың жұмыртқасынан ғана жылына 1 750 – 3 000 теңге кіріс аласыз. Демек, 18 тауықтан 54 мың теңгеге дейін кіріс қарата аласыз.
Бір мысыр тауығының етін сатқан жағдайда одан 2 мың теңгедей ақша түсіресіз. Ал 100 мысыр тауығын өсіріп сатсаңыз, одан 200 мың теңге пайда алатыныңыз айқын.