–ТМККК пакетінде қандай қызметтер қалдырылады?–Бұған дәрігердің жедел көмегін қажет ететін шұғыл жағдайларда, әлеуметтік маңызы бар ауруларға (туберкулез, ВИЧ-індеті, психикалық ауытқулар, қатерлі ісік т.б.) шалдыққандарға көрсетілетін медициналық көмек жатады. Сондай-ақ бұл тізімге соңы мүгедектікке әкеп соқтыратын, демографиялық өсімге залал келтіретін жұқпалы емес созылмалы аурулардың негізгі түрлерін, қоршаған ортаға қауіп төндіретін өткір жұқпалы сырқаттарды диагностикалау мен емдеу де кіреді. ТМККК пакетіне кіретін бастапқы медициналық-санитарлық көмек ішінде: профилактикалық екпелер, тоқ ішек, сүт безі, жатыр мойны ісігіне скрининг, қан айналым жүйелерінің ауруларына тексеру, глоукома, бір жасқа дейінгі балаларды және жүкті әйелдерді қарау, созылмалы ауруларды қадағалау (29 топ), әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды бақылау (аурудың бес түрі бойынша), жедел жәрдем, зертханалық диагностика (126 қызмет бойынша), қондырғылардың көмегімен диагностика жасау (қызметтің 89 түрі бойынша), созылмалы немесе әлеуметтік аурулар бойынша дәрігердің кеңесі де бар. Оған қоса, бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде бақылауға болатын созылмалы ауруларды тұрақты бақылау (бұл бойынша 24 түрлі сырқатқа шалдыққан 2,4 млн адамға көмек көрсетіледі) мен әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтау және емдеу де ТМККК пакетіне ұсынылған консультативтік-диагностикалық көмекке кіреді.