Қабілет, темперамент, мінез - бұл адамның психикалық қасиеттері.
Психикалық процестер, психикалық жағдай және психикалық қасиеттер
бір-бірімен тығыз байланысты, бұлардың жиынтығы психика болып саналады.
Осы айтылып кеткен психикалық процестер, жағдайлар, қасиеттер бір
калыпта тұрмай, адамның іс-әрекетінде дамып, өзгеріп отырады. Бұл өзгерістер
заң бойынша болып отырады.
Адамның психикасын, оның психикалық іс-әрекетінің заңдылықтарын
зерттейтін ғылымды психология деп атайды.
Жан туралы ғылыми түсінік ежелгі грек ғалымы Аристотель (б.з.д. 384-
322 ж.ж.) есімімен байланысты. Екі жарым мың жылға созылған осынау
кезеңде психология басқа ғылымдармен (философия, медицина, әдебиет, жа-
ратылыстану т.б.) араласса, астарласа дамып келді. XIX ғасырдың екінші
жартысынан былай қарай ғалымдар жан құбылыстарын (түйсік, ес, ойлау,
қиял т.б.) эксперимент (тәжірибе) жүзінде әр түрлі құрал-жабдық аспаптардың
көмегімен зерттей бастады. Осы кезден бастап психология өз алдына дербес
отау тігіп, тәжірибелік ғылым ретінде дами бастады. Ғылымның осы саласына
экспериментті, тұңғыш енгізген неміс ғұламасы В. Вундт (1838-1920 ж.ж.)
болды.
Психология ғылымының тарихы да біріне-бірі қарама-қарсы жоғарыда
аталған екі бағыттың үздіксіз ой-пікір, талас-тартысына толы. Мәселен,
ертедегі грек ойшылдарының бірі Демокрит (б.з.д. 460-370 ж.ж.) сол кездің
өзінде-ақ жанды (психика) оттың атомдарындай қозғалмалы касиет деп
түсіндірді. Ол жанның мәңгі еместігін, оның өсіп, өшіп отыратындығын айтып,
материалистік тұжырым жасады. Сол заманның екінші бір ойшылы, идеалист
Платон (427-347ж.ж.), керісінше, жан мәңгі өлмейді, өшпейді деп
тұжырымдады.