«Талтүстегі» нарратормен эксперимент Дегенмен де, «Менің Көсегем... Кей-кейде атыңды атамасам, кеш мені...» деп тұрған бала Әжігерей емес, нарратордың өзі болуы мүмкін бе деген де ой келеді. Әлде, бұл нарратор емес, автордың қосқан ой-сезімдері ме деген тағы бір сұрақ туады. Ризомалық құбылыста бұл екі нұсқаның екеуі де өмір сүруге құқылы. Талдауымыздың келесі сатысында нарратор мен автордың ара-жігін ажыратып көрейік.
Көркем шығармадағы кейіпкердің сөзін автордың сөзі деп айта алмайтынымыз сияқты, нарратордың да сөзін автордың сөзі деп қарастыра алмаймыз. Бұл – қарапайым әдеби сын заңы. Нарратор мен авторды шатастыру «кешіруге болмайтын» үлкен қателік екенін Генри Джеймс те айтып кеткен болатын. Бұл романды автобиографиялық роман десек те, нарратор мен автор арасына абсолютті теңдік белгісін қоюға болмас, себебі шығарма ол үшін бірінші жақтан баяндалуы керек еді. Оның үстіне Әсемқұлов «Талтүс» ең алдымен көркем шығарма екенін, автобиографиялық роман жанрына жатпайтынын сұхбаттарының бірінде айтып кеткен болатын. Бірақ Әжігерейдің прототипі өзі екенін де, шығарма шын болған өмірге негізделіп жазылғанын да айтқандықтан, романдағы нарратор автордың дауысы емес, бірақ автордың «еске алу даусы» деуімізге болады. Нарратор – Әжігерейдің санасында отырған дауыс. Әсемқұлов өз өміріне негізделіп жазылған көркем шығарманы жазу үшін еске түсіру процесінен өткен, ал баяндау үшін үшінші жақты нарраторлық тұлғаны ойлап тапқан. Бұл тұрғыдан нарратор – бала Әжігерей мен жазушы Таласбек естеліктерінің екіжақты диффузиясынан туған ортақ сана.
Ол диффузияны нарратордың сөз саптауынан, сөз таңдауынан аңғаруға болады. Мысалы, нарратордың баяндауында Сабыттың екінші атауы – «Атасы». Яғни, нарратор Сабытты кейде «атасы» деп қаратса, ал кейде есімін атайды. Ал Күлбағиланы тек санаулы жерде ғана «апасы» немесе «әжесі» деп береді. «Атасы Күлбағиланың тапсырмасы бойынша», « Атасы мен Күлбағила бір-біріне қарап», «Атасы мен Күлбағила сөйлесіп отыр екен» деген сияқты тіркестерде Сабытты тыңдаушы мен оқырманға жақындату, ал Күлбағиланы тыңдаушы мен оқырманнан шеттету байқалады. Бұндай шеттету Күлбағиланың «көңілді аяусыз тапаған қатыгездігін» сездіріп қана қоймай, нарратор бала Әжігерейдің жүрегінде апасына деген ренішті көрсеткісі келсе керек. Яғни, нарратордың бала Әжігереймен бір саналық кеңістікте отырғанын көреміз. Бала Әжігерей роман соңына қарай есейіп, Күлбағиланың тағдырына кешіріммен қарап, оған «Әже...» деп тіл қатады. Осы кезде нарратордың да Күлбағиланы «Әжесі» деп атауы роман соңына қарай орныққанын аңғаруға болады. Нарратордың «... әжесіне деген ықылас», «...әжесіне қараған» деп Күлбағиланы «әжесі» атауы де осыдан.
Күй кешу (experiencing self), мен еске алу (narrating/remembering self), дауыстарының байланысы, үндесуі және бір-біріне үстемдік жүргізуі - автордың өткен шақта орын алған оқиғаны әңгімелеуі барысында орын алатын феномен. Бала Әжігерейдің романдағы қиын сәттерді бастан кешуі романның уақыт кеңістігінде «дәл қазір» болып жатқанымен (күй кешу дауысы), ол туралы автор көптеген жылдар өткеннен кейін жазады (еске алу дауысы). Кейіпкердің күй кешуіне автордың еске алу дауысы араласа жүреді (мысалы, нарраторлық интрузия), ал кейде күй кешіп тұрған кейіпкер емес, автордың өзі болуы мүмкін дейді ғалымдар. Мысалы, Әжігерейдің өлім жайлы алғаш ойлағаны туралы айтылатын пассажды алайық: «…Міне, өлім қол созым жерде тұр… Тұңғиық қарасудың түбіндегі қызыл шайыр от боп жанып, жайнап жатыр. Бір аттасаң болды… Өз ойынан үрей іздеді… Осыдан біраз күн бұрын естіген әңгімесі есіне түскен. Суға құлаған адам… Аты… жарайды… атының керегі жоқ… Әйтеуір адам…» Бұл жерде вентрилокуизм эффектісі (ventriloquism effect) де, еркін тікелей емес дискурсы (free indirect discourse) да бар. Бірақ бізді қызықтыратыны мына тіркес: «Аты... жарайды... атының керегі жоқ...». Бұл сөздер нарраторлық интрузияның анық мысалы екенін байқаймыз. Суға батқан адам атының қайда немесе кімге керегі жоқ? Есімнің аталуы осы ағымдағы баяндауға, әңгімеге керегі жоқ деп танылды. «Жарайды» сөзіне келейік. Бұл келісімді білдіріп тұрған шылау бала Әжігерейдің суға батқан адамның атын еске түсіре алмауына қатысты айтылып тұр. Бұл шылау да репликаның бала Әжігерейдің ойы емес екенін дәлелдейді. Осылайша, толықтырып көрсек, «Аты... жарайды, [есіне түсіре алмаса, ештеңе етпейді]... [баяндауға, әңгімеге], [баяндауыма] атының керегі жоқ... Әйтеуір адам» деген болжамды нарративті аша аламыз. Сөйлеп тұрған нарратор, нарраторды сөйлетіп тұрған автор. Енді, роман басында қойылған мына пассажды алайық: «Білегінен нық ұстап жетелеп келе жатқан бұл адамның кім екенін білмейді… Әйтеуір жақсы, мейірімді адам... Сол адам бір күні жоқ болды. Оның қайда кеткенін, тіпті осы — өңінде көргені ме, әлде түсіне кіргені ме, оны да білмейді. Тіпті түсінде көрсе, несі айып? Ең бастысы — көрді емес пе.» «Тіпті түсінде көрсе, несі айып? Ең бастысы көрді емес пе». Бұл гипофораның семантикалық мағынасы мен мақсаты пікір айту, субъективті үкім шығару болып тұр. Гипофора Әжігерейдің күйін сипаттай келе, ненің басты, ненің басты емес екені жайлы шешім шығарып тұр. Сондықтан, бұл гипофораны бала Әжігерейдің емес, нарратордың ойынан шыққан пікір деп айта аламыз. «Ең бастысы – көргені» - нарратордың субъективті үкімі. Нарратор өз позициясын көрсетіп тұр және ол бала Әжігерейді қорғауға бағышталған. Осындай мысалдардан нарратор бала Әжігерей мен жазушы Таласбек естеліктерінің, жоғарыда айтылғандай, екіжақты диффузиясынан туған ортақ сана екенін түсіне аламыз.