Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы. «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»



бет15/61
Дата29.10.2023
өлшемі290,73 Kb.
#121004
түріБағдарламасы
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   61
Байланысты:
kazirgi kazak tilinin morfologiyas nan daris tezisteri (1)

Тәуелдік жалғау. Тәуелдік жалғау, әдетте , бір заттың басқа бір затқа тәуелді екенін білдіретіндіктен, негізінде зат есімге тән қосымша бола тұрса да, зат есім қызметін атқаратын, демек, субстантивтенетін (заттанатын) сөздердің барлығына да жалғана береді. Мысалы: әкем, дәптерім. Түйенің үлкені өткелде таяқ жейді(мақал).
Тәуелді к жалғауы жалғанған сөздер, әдетте, өздерінен бұрын ілік септік жалғауда тұрып тіркесетін жіктеу есімдіктерімен тікелей байланысты болады. Сол себептен тәуелдеулі сөздің жақ жалғаулары да жіктеу есімдіктерінің жақтарына сәйкес келіп отырады.
Жақ-жаққа бөлініп, сараланып қолданылатын тәуелдік жалғау тек меншікті ғана емес, бір заттың (я заттардың) басқа бір затқа қатынасы мен олардың арасындағы табиғи байланысты да білдіретіндіктен, ол жалғау жалғанған сөзбен байланысты да білдіретіндіктен, ол жалғау жалғанған сөзбен байланысты ілік септіктегі жіктеу есімдіктері қабаттастырылып та, қабаттастырылмай да қолданыла береді. Сол себептен ілік септіктегі І, ІІ, ІІІ жақ жіктеу есімдіктерінің міндетті түрде қолданатын да, қолданылмайтын жағдайлары да бар. Жіктеу есімдіктерінің я түсіріліп, я түсірілмей айтылуы стилистикалық талап пен талғамға, айналасындағы (сөйлемдегі) өзге сөздердің қолдану ерекшеліктеріне және басқа да сол сияқты жағдайларға байланысты. Мысалы: Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ (Абай). Жас болғанға төбеме секірдің(С.Ерубаев).
Тәуелдіктің бірінші, екінші жақтарынан гөрі үшінші жақтың өрісі әлдеқайда кең. Олай болатын себебі - тәуелдіктің бірінші, екінші жақтарының қосымшалары өздері жалғанған сөзді тек я бірінші, я екінші жаққа тәуелді (меншікті) етсе, үшінші жақтың қосымшасы өзі жалғанған сөзді тек үшінші жаққа ғана емес, жалпы бөгде жақтарға тәуелді етеді. Демек, тәуелдіктің үшінші жағындағы сөзден бұрын қолданатын оның деген (ІІІжақтағы)есімдіктің орнына тиісті заттың (я кісінің) аты қойылып айтыла береді. Мысалы: Ғалияның арманы. Осы себептен тәуелдіктің үшінші жағындағы сөз көбінесе оның деген есімдікпен ғана байланыспай, ілік септіктегі басқа кісінің (кісілердің), заттың аттарымен матаса байланысады. Мысалы: өзеннің ағысы, жұмыстың басы.
Сөйтіп, тәуелдеулі сөз, бір жағынан,өзінен бұрынғы сөзді ілік септікте қолдануын керек етсе, екінші жағынан, керісінше, кез келген ілік септіктегі сөз өзінен кейінгі сөзді әрқашан тәуелдеулі формада қолдануды керек етеді. Мысалы: мектептің директоры.
Ілік жалғаудың я түсіріліп, я түсірілмей қолдануы тіліміздің грамматикалық құрылысындағы бейтараптық, анықтық (белгілік) және танықтық (белгісіздік) категориясына байланысты. Шындықтың белгісі, тарихтың айғағы, үй іші, тіл білімі деген тәрізді тіркестерден тіпті белгілі жаққа (я адамға) тән нақтылы меншік те, ешқандай тәуелділік те сезілмейді, тек жалпы грамматикалық мағына ғана, грамматикалық қатынас қана аңғарылады.Ондай грамматикалық мағына мен грамматикалық қатынас үш я төрт компонентен матасып құралған тіркестерден айқын көрінеді. Мысалы, тіл білімі институты, алтын кен орны, мал шаруашылығы кәсібі, қазақ орфографиясы заңы деген сияқты тіркестердегі сөздердің араларында тәуелдіктің әуелгі маңызы да, мәні де мейлінше солғындап, тәуелдік жалғау тек ондай сөздердің араларында ұдайы болатын қарым-қатынастың тым жалпы мағынасының көрсеткіші ретінде ғана қызмет ететін болған. Демек, әуелде меншікті, белгілі бір жаққа тән тәуелдікті білдіретін жақ жалғауы бірте-бірте жақтық көрсеткіш болу қабілетінен көшіп, жаққа байланысы жоқ тым жалпы қатынасты білдіру сипатына ие болған.Өйткені мал шаруашылығы десек те, мал шаруашылығы кәсібі, үй шаруашылығы десек те, олардан ешқандай да меншіктілік я болмаса белгілі бір жаққа тән мағына да, мән де аңғарылмайды, тек екі я үш заттың араларындағы жалпы қатынас ұана байқалады. Осындай жолмен, демек, өзінің әуелгі қызметі мен мағынасынан бірте-бірте алыстай келіп, бастапқы жақтық мағынасынан да оның көрсеткіші(формасы) болу қабілетінен де біржолата айрылып, тек солардың қалдық-сілімтігі ретінде ғана сақталып, көнеленген формалар есебінде жұмсалып жүрген кейбір сөздер мен тіркестер де осы қағидаға айғақ бола алады. Мысалы, осы күні, сол күні, бір күні, ертеңгі күні, күні бүгін деген сияқты қалыптасқан күрделі сөздерді (бұлар үстеу категориясына ауысқан), сондай-ақ, дара қалпында да және күрделі қалыптарында да тәуелдіктің үшінші жағында көнеленіп қалған қайсы, қайсысы, бәрі, бәрісі, ең азы, ең көбі
сияқты сөздерді алсақ, осылардың қай-қайсында болса да тәуелдік жалғаудың бастапқы мағынасынан да, қызметінен де жұрдай боп айрылған, сөздердің бөлінбейтін бөлшегі сияқтанып кеткен үшінші жағының қосымшасын көреміз.
Тәуелдеулі есім (зат есім) сөйлемде бастауыш болса, баяндауыштың (жіктік) жалғауы онымен жақ жағынан қиыспайды. Өйткені тәуелдеулі сөз қай жақта тұрса да,баяндауыштың жіктік жалғауы әрқашан үшінші жақта тұрады. Мысалы, әкем келді, әкесі келді. Сонымен қатар, тәуелдеулі сөздердің ішінде өздері қай жақта тұрып бастауыш болса, баяндауыштың жіктік жалғауын да сол жаққа қойып, жақ жағынан қиыстырып айтуды керек ететін формалар да бар. Олар өздік есімдік, оның әр алуан формалары, жалпылау есімдіктері және жинақтық сан есімдер. Мысалы: өзім келдім, өзіміз келдік, бәріміз келдік, бәрі келді, біреуіміз осында болайық, екеуіміз сонда барайық,үшеің мектепке барып келіңдер.
Әдетте, тәуелдік жалғау көптік жалғаудан кейін келеді(кітаптарым, туыстарым). Бірақ туыстық қатысты білдіретін кейбір сөздерде тәуелдік жалғау көптік жалғаудан бұрын да келеді(апаларым- апамдар, әкелерім-әкемдер). Бірақ бұлай болудың семантикалық та, стилистикалық та ерекшеліктері бар. Апаларым дегенде, апасы бірнешеу екендігі айтылса, апамдар дегенде апасы және оның қасында басқа адамдар деген ұғым беріледі.
Тәуелдік жалғау септік жалғауынан да, жіктік жалғауынан да бұрын жалғанады, мысалы: әкемнің, әкеммен, студентіңмін, студентіңізбін. Бірақ тәуелдік жалғау түбір мен
кейбір жұрнақтың және түбір мен кейбір көнеленген формалардың арасына да түсе береді. Мысалы, өзімше, өзіңше, әкемше. Сол сияқты, шалқамнан, жүресінен, етпетімнен дегендерде тәуелдік жалғау түбір және онымен бірігіп қалыптасқан көне формалардың арасына түсіп тұр.
Тәуелдік жалғаулар қосымша эмоциялық-экспрессивтік райды я мәнді білдірерліктей де міндет атқарады. Мысалы, айым, күнім, әкем, көкем, қалқам, ботақаным тәрізді формалар тыңдаушы адамның сезіміне әр алуан эмоциялық ықпал жасап,әр қилы экспрессивтік әсер ететіні аян. Демек, осылайша айтылған сөздер тыңдаушы адамды жақын тұту, жақсы көру райымен бірге, құрметтеу, еркелету сияқты қатынастарды да аңғартады. Осы себептен де қазақ өлеңдерінің я бастамасы, я қайырмасы, әдетте, осы реңдес сөздер мен формаларға толы болатыны мәлім. Мысалы: Қарағым, өзіңнен де сөзің тәтті.
Тәуелдік жалғаудың екінші, үшінші жақтарының қосымшалары да қолдану ерекшеліктеріне қарай, я үлкен тұтып құрметтеу не сыйлау я мысқылдап кекету не қомсыну сияқты әр қилы қосымша экспрессивтік рең жамайды.Мысалы: Имекең тамағын кенеп, көзін алартыңқырап бір қойды (С.Торайғыров).
Бір заттың екінші бір затқа меншікті, тәуелді, қатысты болуы – тілдегі ақиқат құбылыс. Бұндай заттар арасындағы меншіктілік-тәуелділік қатынас қандай тілде болса да бар. Қазақ тілінде бұл мән ( грамматикалық тәуелділік ұғым) тәуелдік жалғауы арқылы (ілік септік пен тәуелдік жалғау тіркесінен) және меншіктелуші зат атауы мен буын үндестігіне бағынбайтын -нікі, -дікі, -тікі қосымшалары арқылы беріледі. Осы арқылы яғни жақ түрлеріне байланысты тәуелділік грамматикалық мағыналар жиынтығы парадигмалық жүйе болып табылатын белгілі грамматикалық формалар негізінде берілуі арқылы қазақ тілінде тәуелділік категориясы болып қалыптасқан. Тәуелдеудің оңаша және ортақ тәуелдеу түрі тәуелденетін заттың бір я бірнеше затқа, адамға тән екенін білдірумен байланысты. Оңаша тәуелдеуде бір я бірнеше зат бір ғана затқа ( адамға) тәуелді болып келеді, яғни ие болатын зат (адам) біреу болады, сондықтан ол (ілік септіктегі сөз) тек жекеше тұлғада тұрады да, иеленетін ( тәуелденетін) зат біреу немесе бірнешеу болуы мүмкін, сондықтан ол жекеше де, көпше де тұлғада тұра береді.
Оңаша тәуелдеу
Жекеше Көпше
Менің балам,үйім. Балаларым, үйлерім.
Сенің балаң, үйің. Балаларың, үйлерің.

Сіздің балаңыз, үйіңіз. Балаларыңыз, үйлеріңіз.


Оның баласы, үйі. Балалары, үйлері.

Ортақ тәуелдеуде керісінше бір я бірнеше зат біреу емес, бірнеше затқа тәуелді болып келеді, яғни ие болатын зат (адам) көп болады, сондықтан ол тек көптік тұлғада мәнде тұрады да, иеленетін зат біреу немесе бірнешеу болуы мүмкін. Сондықтан ол жекеше, көпше тұлғада тұра береді. Сөйтіп көп бірнеше адамға ортақ болады.


Ортақ тәуелдеу


Біздің баламыз, балаларымыз, үйлеріміз.
Сендердің балаларың, үйлерің.
Сіздердің балаларыңыз, үйлеріңіз.
Олардың балалары, үйлері.


С е п т і к к а т е г о р и я с ы
Сөйлемде сөздердің арасындағы алуан түрлі синтаксистік қатынастарды көрсетіп, өзі жалғанған сөзге әртүрлі грамматикалық мағына үстеп, сөз бен сөзді байланыстыруда үлкен орын алатын зат есімнің парадигмалық түрлену жүйесінің бірі- септік жүйесі. Әдетте септік жалғау кейде тікелей өзі, кейде басқа тұлғалармен қабаттасып, зат пен қимыл, я зат пен зат арасындағы (субъект- предикаттық), тура және жанама обьектілік, меншіктілік- қатынастық, мекендік- мезгілдік, көлемдік, амалдық- құралдық сияқты қатынастарды білдіреді.
Септік жалғау түрлерінің басын біріктіріп, зат есімнің түрлену парадигмасының бір категориялық түрі етіп отырған- септік жалғауларының мағыналық ортақтығынан гөрі қызметтік (сөз бен сөзді байланыстыру), мағыналық – қызметтік тек зат есім сөздерге жалғануы немесе басқа сөз табына жалғанса, оны заттандырып тұру қасиеті.А.Ысқақов : «Сөйлемдегі сөздерді бір- бірімен жалғастырып, селбестіріп тұратын тұлға және сөздердің жалғауларды қабылдау өзгерту жүйесін сөздердің септелуі деп немесе септеу деп атаса», « септелу деп сөздердің сөйлем ішінде өзге сөздермен дәнекерлесу үшін септік жалғауын қабылдап, грамматикалық тұрғыдан өзгеріске түсуін айтады»- деп қазақ тілі грамматикасында анықталады.Профессор С.Исаев : « Септік жалғауларына зат пен оның іс-әрекеті, я зат пен заттың арасындағы субъектілік, объектілік, меншіктілік-қатыстық, мекендік- мезгілдік,көлемдік, амалдық-құралдық, себеп- мақсаттық сияқты қатынастарды білдіріп, заттық мән үстеп тұратын түрлену тұлғасы деген анықтама беруге болады.Септік жалғау жүйесінің күрделігі осында»- деп көрсеткен.
Қазақ тілінде септіктің жеті түрі бар. Жай септеу және тәуелді септеу деген түрлері бар.
Қазақ тілінде септік жалғаулар өзіне тән грамматикалық тұлғалар арқылы белгілі грамматикалық мағына білдіріп, сөйлемде тиісті қызмет атқарады.Септік жалғау түрлері осындай үш түрлі сипаты арқылы , бір жағынан, жеке-жеке грамматикалық тұлға ретінде танылады, екінші жағынан, бұлардың жиынтығы парадигмалық жүйе ретінде септік категориясын құрайды.Жеті септіктің ішінде атау септіктің ерекшелігі бар.
Түркологияда да, қазақ тіл білімінде де көп уақытқа дейін септік парадигмасында атау септігі басқа септіктерге негіз болатын тұлға делініп келеді.19 ғасырдың орта кезеңінен бері жарық көре бастаған грамматикалардан бастап, күні бүгінге дейін зат есімнің септік жүйесіндегі бірінші септік түрі « арнайы тұлғалық көрсеткіші жоқ, басқа септік түрлеріне негіз болатын тұлға», « бір ғана мәнде емес, кейде басқа септік түрлерінің, мысалы ілік пен табыс, қызметінде де қолданатын ерекшеліктері болғандықтан атау септік деп атаудан гөрі негізгі( основной) немесе белгісіз (неопределенный), я абсалютті, кейде қосымшасыз( безафиксальный), я түбір( коренной), немесе аморфты септік деп атайды.
Ал қазақ тіл білімінде атау септігі басқа септік түрлерінің ( ілік, табыс) қызметінде жұмсала алады деген пікірдің қате екендігі баса көрсетіледі. Яғни атау септік тұлғасы мен ілік , табыс септік тұлғаларының түсіп қалып, жасырын қолданылуы сырт қарағанда ұқсас көрінгенмен бір емес, екеуі екі басқа грамматикалық форма, әрқайсының өзіне тән бөлек-бөлек грамматикалық мағынасы, синтаксистік қызметі бар екені қазақ тілінде көрсетіледі. Қазіргі қазақ тілі грамматикасында : « Сырт қарағанда, септік жалғауы қатарында аталып отырғаны болмаса, атау септігінің арнаулы жалғауы жоқ. Дұрысында атау септік деп – сөздің септік жалғауын қабылдамай тұрғандағы күйі. Оны атау септік деп септік жалғауының басына қою, өзге септік жалғауларының грамматикалық табиғатын тану үшін аса қажет, өйткені барлық септік жалғауларына негіз болатын сөз – осы атау күйінде тұратын сөз»- деп берілген. А.Ысқақов : « Атау септік формасы, бір жағынан, басқа септіктердің формалары мен мағыналарын салыстырып ажырату үшін қабылданған негізгі форма болса, екінші жағынан, ол тек белгілі затты атау үшін ғана емес, онан әлдеқайда кең грамматиалық қызмет атқаратындықтан, арнайы талдайтын негізгі форма ретінде қаралады. Осыған орай негізгі септік деп аталады»- деген болатын.
Сөйтіп, қазақ тіл білімінде атау септік тұлғасы септік жүйесінде басқа септік түрлерімен тең деңгейде емес, оларға немесе басқа септік тұлғаларын үстеуде негіз болатын тұлға, демек зат есімнің түбір тұлғасы деген ұғыммен барабар.
Ең алдымен атау септігі басқа септік түрлерімен білдіретін грамматикалық мағынасы, сипаты, атқаратын қызметі жағынан теңдес, сыбайлас, ыңғайлас болмай, тек басқа септік түрлеріне негіз болатын ғана болса, онда атау септігінің септіктер жүйесіне оның бір түрі ретінде ене алмайтынын естен шығармаған жөн. Яғни белгілі бір парадигманың түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға ол жүйенің шеңберінде қаралмайды.Екіншіден, атау септік тұлғасын « басқа септіктерге негіз болатын тұлға » - деп анықтасақ, онда атау септік ұғымы зат есімнің түбір тұлғасы деген ұғымымен парапар болып, тек септік түрлеріне ғана емес, сонымен бірге зат есімнің басқа да түрлену жүйесіне ( тәуелдену, көптелу) негіз болатын тұлға болатынын да естен шығармау керек. Онда ол атау септік септік жүйесі шеңберінен сырт қалуға тиіс.
Атау септігінің басқа септік түрлері сияқты арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ. Сондықтан атау септік тұлғасы сырттай зат есімнің түбір тұлғасымен сәйкес, ұқсас келеді. Бірақ бұл екеуі бір емес. Атау септігінің өзіне тән арнайы грамматикалық формасы болмағанымен, зат есімнің түбір тұлғасынан өзгеше болып келетін, басқа септік түрлері білдіретіндей арнайы грамматикалық мағынасы бар және сөз арқылы формасыз атау септік тұлғасы басқа септік тұлғалары сияқты семантикалық мән мен синтаксистік қызмет атқарады, яғни сөз бен сөзді байланыстыруға қатысады. Міне, осы қасиеттері арқылы атау септігі қазақ тілінің септік жүйесінде септіктің басқа түрлерімен тең дәрежедегі тұлға және парадигмалық түрленудің бір көрсеткіші болып табылады. Қазақ тілі грамматикасы көрсетіп, танып жүрген атау тұлғасындағы сөздің баяндауыш,анықтауыш болу қызметтері, кейбір септеулік шылаулардың тіркесуі атау септіктегі сөз емес, одан бүтіндей бөлек зат есімнің түбір тұлғасы болып табылады. Баяндауыш қызметін атқарып тұрған зат есім еш уақытта атау септігінде тұрмайды. Ол жіктеліп нольдік формада тұрып жұмсалады. Жіктелген зат есім заттық, субстантивтік мәнен гөрі номиналдық мәнді білдіруге яғни субъектінің кім екенін білдіруге айналады, сөйтіп зат есімнің жалпы түрлену жүйесінің , соның ішінде септік жүйесінің мәніне қайшы келеді. Тағы бір ескеретін жайт, есім баяндауыш тек зат есімнен ғана болып қоймайды. Сондай-ақ сын есім де, сан есім де зат есім сияқты баяндауыш қызметін атқарады.Ал баяндауыш қызметіндегі сан, сын есімдердің атау тұлғасымен еш байланысы жоқ.
Анықтауыштық қатынаста және септеулік шылаулармен тіркесіп қолданылуы ( сен үшін, телефон арқылы) атау септіктен өзгеше яғни зат есімнің түбір тұлғасы болып табылады.
Сөйтіп, атау септігі сырт тұлғасы жағынан да зат есімнің түбір тұлғасымен ұқсас, арнайы грамматикалық көрсеткіші жоқ болып келсе, басқа септік түрлерімен бірдей арнайы грамматикалық мағынасы бар субстанттық- заттық мағына, ол әсіресе басқа сөз таптарын сөйлемде заттандыру мәнінен айқын көрінеді, басқа септік тұлғаларындай сөз байланыстырғыш қызметі бар, олармен тепе-тең, бірақ нольдік формалы септік жүйесінің бір түрі болып табылады.Яғни атау септігі тек арнайы формасы жоқ, басқа грамматикалық сипаттары септіктің басқа түрлерімен сайма- сай келетін парадигмалық жүйенің бір тұлғалық түрі боп саналады. Сондықтан сырттай бір-біріне ұқсас болса да зат есімнің түбір тұлғасы мен атау септік тұлғасы бір емес, бөлек-бөлек грамматикалық тұлғалар, зат есімнің түбір тұлғасы септік тұлғаларының түрленуіне негіз болатын, соның ішінде атау септігіне де негіз болатын тұлға болса, атау септігі – септелудің парадигмалық жүйесіндегі бір түрлену тұлғасы. Сонда ілік, барыс, табыс септік жалғаулар атау септік тұлғасының үстіне емес, зат есімнің түбір тұлғасына жалғанады. Барлық септік тұлғаларына, соның ішінде атау септігіне негіз болатын тұлға- зат есімнің түбірі. Сондықтан атау септігі – нольдік тұлғада болады, яғни түбірдің үстіне нольдік форма жалғанады да, басқа септік тұлғаларымен тең болып есептеледі.
Ілік септігінің білдіретін басты мағынасы- грамматикалық меншіктілікті, иелікті, меншіктілік- қатыстықты көрсету. Ілік септігі білдіретін меншіктілік мағына иелік- тәндік, таза меншіктілік ( баланың кітабы, Оспанның ішігі), әр түрлі органикалық, табиғи байланыс ( мұнайдың қалдығы, еттің көбігі ), әр түрлі туыстық жақындық ( баланың ағасы, әкемнің нағашысы), бүтіннің бөлшегі, бір заттың бөлігі (кітаптың беті, үйдің терезесі), заттар арасындағы әр түрлі, әр ыңғайдағы тәуелділік қарым-қатынас ( судың сылдыры, сөздің түйіні), заттың әр түрлі қасиеті, сапалық тәндігі ( аттың жүйрігі, қыздың сұлуы), заттың сандық, реттік мәні , қатысы (баланың біріншісі, ауылдың жартысы), заттың белгілі бір қасиетінің артықшылығына, ерекшелігіне қатысы ( жігіттің жігіті, сұлудың сұлуы) сияқты мәндерді білдіріп, ілік септікті сөз тәуелдік жалғаулы сөзбен анықтауыштық қатынаста байланысып қолданылады.Демек, ілік септік тұлғасының бір ерекшелігі сол- ол өзі жалғанған сөзді әрі тәуелдік жалғаулы сөзге бағындыра байланыстырады, әрі басыңқы сөздің тәуелдік жалғауында тұруын талап етіп тұрады,әрі ілік септіктегі сөздің семантикасы арқылы тәуелдік жалғаудың сол жаққа қатысты болуына қарай үш жақты байланыс арқылы жасалған сөз тіркесі- матасу пайда болады . Ілік септік жалғауы кейде түсіріліп те айтылады. Мысалы : ақын өлеңдері, қала жастары, адам баласы, жыл басы. Бұл тіркестер меншіктіліктен гөрі қатыстық, жалпы атаулық, абстрактілік иелік мағына білдіреді. Мәселен ақын өлеңдері десек ақын шығарған өлеңдерді түсінеміз, ал ақынның өлеңдері десек, белгілі бір нақты ақынның өлеңдері екенін түсінеміз. Бұдан көрінетін ерекшелік ілік септік жалғауынсыз байланысқан тіркестер нақты меншіктілік мағынадан гөрі қатыстық, терминдік атауыштық сипатқа ие болады. Атауыштық мәндегі тұрақты тіркестер мен күрделі терминдердің көбі ілік септік жалғауынсыз қолданылған. Мысалы : тап күресі, Абай көшесі, күкірт қышқылы.
Түркологияда зат есімнің ілік септік тұлғасы мен тәуелдік жалғаулы сөздің байланысын изафет -3( ауылдың лебі,досымның хаты), ілік септік тұлғасынсыз конструкцияны ауыл маңы изафет-2, ал изафет-1 ешбір жалғаусыз анықтауыштық қатынастағы екі зат есімнің тіркесін қол сағат, тас жол, жібек орамал д.а.
Барыс септігінің басты грамматикалық мағынасы - жанама объектімен қимыл –іс-әрекеттің кімге, неге, қайда бағытталғанын көрсету, атап айтқанда, қимылдың, іс -әрекеттің барып тірелер жерін, аяқталар шегін ( қалаға кетті, үйге келді), кімге, неге бағытталғанын ( кісіге берді, қонаққа ұсынды), қимылдың мақсатын, не үшін істелгенін ( көруге кетті, оқуға келді), қимылдың мөлшерін, мезгілдің шегін ( екі метрге созылды, жазға жетті), сынның неге қатысын ( малға бай, сөзге сараң) сияқты мәндерді білдіру. Барыс септіктегі сөз дейін, шейін, қарай, таман, тарта сияқты септеулік шылаулармен тіркесіп, сандық, мезгілдік, мекендік шекті білдіреді. Мысалы : ауылға дейін барды, күзге дейін тосты.
Барыс септік жалғауы кейде түсіріліп те айтылады. Мысалы : Мәскеу бардым не көрдім? ( Жамбыл).
Барыс септіктегі біраз сөз адвербиалданып, үстеуге айналып кеткен : алға, артқа, кешке, бірге, жатқа, күніне, текке, өз алдына.
«Тәуелді септеу кезінде барыс септігінің қосымшасы үшінші жақта (баласына) –на жалғанады. ) –н ) – барыс септігінің қосымшасы емес., жатыс септігінде кездесетін баласында да солай, тәуелдік жалғауынан кейін келетін –дай,-дей,-ша,-ше жұрнақтарының алдында да ) –н пайда болады(баласындай, адамынша). Табыс септігі қосымшасының тәуелдік тұлғасынан кейін үшінші жақта ) –н түрінде ғана жалғануы да көңіл аударарлық құбылыс, соған қарағанда ) –н түрінде ғана жалғануы да көңіл аударарлық құбылыс, соған қарағанда ) –н өзге бір тұлғаың қалдығы болса керек»,- деп санайды Б.Момынова.
Табыс септігінің білдіретін грамматикалық мағынасы - қимыл, іс- әрекеттің тура бағытын білдіріп, тура объектісі болу. Сондықтан табыс септігіндегі сөз сабақты етістікке меңгеріліп отырады да, толықтауыштық қатынаста ашық та, жасырын тұрып та жұмсалады. Мысалы : кітап оқыдым, кітапты оқыдым.
Табыс септігі атау, ілік септіктері сияқты шылаулармен тіркеспейді. Табыс септігіндегі сөз сөйлемде тура толықтауыш қызметін атқарады.
Жатыс септігінің басты мағынасы – істің, қимылдың болу орнын, мекенін, мезгілін, көлемін, тұрағын білдіру. Жатыс септігінің мағынасы мезгіл, мекенге байланысты болғандықтан да, соған қатысты жатыс септік жалғаудың үстіне кейде функцифлық сипаттағы -ғы, -гі қосымшасы да үстеліп қолданыла береді. Мысалы : ауылдағы үй, кісідегі дүние. Жатыс септігіндегі қолданылған сөз әдетте мезгіл, мекен пысықтауыш және жанама толықтауыш қызметін атқарады. Сонымен бірге жатыс септігінде зат есім жіктеліп келіп, баяндауыш қызметін де атқарады. Мысалы : Мен қазір үйдемін. Жатыс септікті сөздердің ішінде үстеуге айналып кеткендері де аз емес : кейде, іңірде, осында, атам заманда.
Шығыс септіктің басты мағынасы – қимыл, іс-әрекеттің неден, қайдан шыққанын, басталғанын білдіру, сөйтіп, барыс септігінің мағынасына қарама –қайшы болып келеді. Шығыс септігі қимылдың қандай объекті төңірегінде болғанын ( бетінен сүю, басынан сипады), не арқылы неден өткенін ( аяқтан аттады,таудан асты), сапалық, сындық сипаттағы сөздердің салыстырма мәнін ( бетегеден биік, адамнан ақылды), істің, заттың тегін ( атадан алтау, анадан төртеу( кейбір өлшем, мөлшер, мезгіл мәнін( бес жасынан қасына ерді), жанама объект(досынан түңілді, жақсыдан шарапат) сияқты мағыналарды білдіреді. Шығыс септіктегі сөз пысықтауыш, толықтауыш, баяндауыш қызметін атқарады. Шығыс септікті кейбір сөздер үстеуге айналып кеткен: алдан, аяқ астынан, баяғыдан, келтесінен, кенеттен.
Көмектес септік – қазақ тіліндегі септік жүйесінің өзіндік бір ерекшелігі, өйткені басқа түркі тілдерінде бұл септік түрі жоқ. Көмектес септігінің қосымшасы да тұлғалық жағынан ерекше : буын үндестігі заңына бағынбайды, тарихи жағынан бірлән- білән – мынан- менен септеулік шылауынан қалыптасқан. Негізгі мағынасы – істің қимылдың немен, қандай құралмен істелгенін ( балтамен шабу), қимылға ортақ қатысқан заты ( жолдасымен хат жазысу), қимылдың амалын, қалай істелуін ( бар зейінімен тыңдау), іс-әрекеттің қимылдың мақсатын ( бір оймен келді), қимылдың мекенін, мезгілін ( жолен жүрді), қимылдың себебін( сөйлеумен естімей қалды) білдіреді. Сондай-ақ қарсылықты мағынаны білдіріп, бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы да болады. Мысалы : Мен барғанмен, ол келмеді.
С е п т і к ж а л ғ а у л а р ы н г р а м м а т и к а л ы қ ж ә н е
к ө л е м д і к с е п т і к т е р г е б ө л у д і ң м ә н і

Түркологияда септік жүйесін грамматикалық және көлемдік септіктер деп бөлу тәжірибесі бар. Тіліміздегі септік жалғау жүйесі өте ерте кезде қалыптасып, оның сөз түрлендіру, парадигмалық сипаты, тұлғалық түрлері, әрқайсының мағыналық шеңбері, сөйлемде атқаратын қызметі мен сөздер арасындағы грамматикалық қарым- қатынастары тұрақталып, кейін жекеленген түркі тілдерінде үлкен өзгеріске түспей енгендігін байқатады. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ тілінің өзіндік үлкен бір ерекшелігі көмектес септігі болып табылады, өйткені басқа түркі тілдерінде көмектес септік жалғаудың мағынасы көбіне септеулік шылау арқылы беріледі.Көмектес септік жалғауы кеш қалыптасып, септік жалғау жүйесіне кейін енді. Оның бұл ерекшелігін көмектес септік жалғауының сырт тұлғасы да аңғартады : біріншіден, сингармонизм заңына бағынбайды, жалғаудың жуан буынды нұсқасы жоқ, екіншіден, дыбыс үндестігіне қарай нұсқалануы да ерекше, басқа септік жалғаулар тұлғасы н-д-т дыбыстарынан басталатын қосымшалар болса, көмектес септік жалғауы ол жүйеден мүлде бөлек м-б-п дыбыстарынан басталатын нұсқалы қосымшалар. Көмектес септіктің осындай ерекшеліктері жіктеу, сілтеу есімдіктерінің септелуінен де көрінеді. Мысалы : менімен, сенімен.


Қазақ тіл білімінде септік түрлерін грамматикалық және көлемдік деп бөлу мәселесі қазақ тілінің грамматикаларында қарастырылмаған, тек түркологияда грамматикалық және көлемдік септік түрлеріне бөлінетіндігі көрсетіледі, кейде жіктеудің өзі шартты, сондықтан олай бөлуден тиімді қорытынды шығаруға болмайды деп атап айтылады.(А.Ысқақов).
Білдіретін мән – мағынасына, атқаратын қызметіне қарай атау, ілік, табыс септік жалғаулары әрдайым заттық мәнде, бір ғана қызметте жұмсалып, зат есімнің таза грамматикалық тұлғалық көрсеткіші болып, грамматикалық септік деген атқа ие болса, барыс, жатыс, шығыс және қазақ тіліндегі көмектес септіктер екі түрлі мәнде : әрі заттық, әрі адвербиалдық мәнде, екі түрлі қызмет атқарып, бірде зат есімнің грамматикалық көрсеткіші болумен жанама объект мәнін білдіріп, ол тұлғада сөйлемде толықтауыш қызметін атқарумен бірге өзі жалғанған сөзге бағыттық, мекендік, мезгілдік мән үстеп, пысықтауыш қызметін атқарып,сол контексте адвербиалданып, үстеуге айналдыруы арқасында көлемдік септік саналады. Бұлау бөліну септік жалғаулардың шығу, даму тарихымен де байланысты екен. Бұл – септік түрлерінің семантикалық сипаты.
Септік категориясын грамматикалық және көлемдік деп екі топқа бөлуге негіз болатын сипаты олардың білдіретінмағынасы, атқаратын қызметі, шығу, даму тарихымен бірге септік тұлғаларының сөздерді бір- бірімен байланыстырып, сөз тіркесінің типін құрау мәнінің ерекшелігінен де көрінеді. Атап айтқанда, грамматикалық септіктің ( А.І.Т) тұлғалары өзі жалғанған сөзді екінші бір сөзге бағындырып, бағыныңқы сөзді басыңқымен байланыстырып қана қоймайды, ол екінші сөздің белгілі грамматикалық тұлғада болуын талап етіп, екінші жағынан, басыңқы сөзді бағыныңқымен байланысқа түсіріп тұрады. Ал бұндай қасиет көлемдік септік тұлғаларында байқалмайды. Мысалы : қазақ тіліндегі барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктердің тұлғалары өзі жалғанған сөзді екінші сөзбен оның семантикасына сәйкес сабақтастыра байланыстырады, бірақ сөз тіркесінің басыңқы компонентінің грамматикалық тұлғасына не семантикасына әсер етпейді, оның формалық сипатына бейтарап болады, яғни бұл септік формасында тұрған сөз тіркесінің екінші сөзіне оның қандай тұлғада тұруына қарамай- ақ меңгеріле береді, ол сөздердің арасындағы біржақты ғана байланыстың көрсеткіші болады.
Септік жалғау жүйесінде грамматикалық септіктер мен көлемдік септіктердің бір- бірінен олардың мағыналық, қызметтік жағынан да, тарихи қалыптасуы тұрғысынан да, сөз байланыстырушылық қасиеті жағынан да айырмашылықтары айқын байқалады, соның нәтижесінде септік жалғауларын осылай бөлуге негіз болады. Оның үстіне көлемдік септіктердің қос функциялы қызметтік мәні, бір жағынан, жанама объектілік мағынаны білдіргенде ғана нақты зат есімнің түрлену жүйесіне тән болып, тіпті грамматикалық септіктерше басқа сөз таптарын заттандыру қасиетіне ие болса, екінше жағынан, бағыттық, мезгілдік, амалдық мағынада жұмсалғанда, яғни таза көлемдік мағынада қолданғанда, керісінше зат есімдік қасиеттен, мәннен айрылып, сөзді адвербиалдандырып жіберуі оларды грамматикалық септіктермен бір парадигмалық жүйе шеңберінде қалдырып, қазіргі грамматикаларымызда беріліп жүргендей зат есімнің бір грамматикалық категориясы аясында қарастыруға сыймайды. Тілдің даму барысында көлемдік септік тұлғаларының консервациялануы арқылы кейбір үстеулердің жасалып, қалыптасуы көлемдік септіктердің осындай қасиетінің жемісі болып табылады. Сондықтан көлемдік зат есімнің септік жалғау категориясындағы екінші бір парадигмалық жүйелі түрі деп қараған жөн.

Бақылау сұрақтары:


1.Зат есімнің грамматикалық категориялары,түрлері.
2. Зат есімнің жекелік-көптік мағынасы, берілу жолдары..
3. Зат есімнің көптік, тәуелдік категориялары, берілу жолдары.
4. Септік категориясы мен септік жалғауларының арақатынасы, мағынасы мен қызметі.

Пайдаланылатын әдебиеттер:


1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.
2. А.Ысқақов.Қазіргі қазақ тілі. – Алматы : Ана тілі. 1991 .
3. С.Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. –Алматы:Рауан, 1998.
4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы :Білім. 1967. 1 том.
5. Аханов К.Грамматика теориясының негіздері. –Алматы: Мектеп, 1972.
6. Исаев С.Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. – Алматы: Ана тілі, 1992.
7. Сыздыкова Г. Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. –Алматы, 2012
8. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. – Алматы, 2007 .
9. Момынова Б., Саткенова Ж. Қазақ тілінің морфологиясы. Есімдер. – Алматы: Арыс, 2007.
10. www.yandex.kz
11. www.google.kz
12.www.rambler.ru




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   61




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет