Байланысты: kazirgi kazak tilinin morfologiyas nan daris tezisteri (1)
Грамматикалық мағына және оның түрлері Тілдегі әрбір сөздің лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы - нақты ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына - сөздің тым жалпы мағынасы,сол сөздің әртүрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлінбей,керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады. Грамматикалық мағына, айналып келгенде, сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты болады. Сонымен, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөздерден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағынасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құруға бейімделеді. Грамматикалық мағына - лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынасының жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы.
Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына одан кейін пайда болды. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болады, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әртүрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек соның нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады.
Грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне,сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөліп қарау керек дейді профессор С.Исаев.
Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына сөз топтарының семантикалық сипаты болып табылады.
Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағына категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет.
Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріледі.Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атау керек.
Қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметтерімен байланысты және көбіне контекстік болып келеді де, сөздерді топтастыруда сөздердің синтаксистік қызметі принципіне негіз болады.
Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі - грамматикалық формалар. Яғни грамматикалық мағынаның белгілі бір түрі ,атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөйтіп, грамматикалық форма белгілі топтағы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жалғау, жұрнақ) арқылы белгілі жүйелі парадигма бойынша түрленуі болып табылады, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық грамматикалық мағына беріледі.
Қазақ тілінде грамматикалық форма дегенге белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің (сөз тобының) түрлену, өзгеру жүйесі болып табылатын,парадигмалық сипаттағы тұлғалары, форма тудырушы қосымшалары (форма тудыратын жұрнақтар мен жалғаулар) жатады. Өйткені олар сөз табының парадигмалық сипаттағы тұлғалары, ең алдымен, белгілі бір грамматикалық категориялық грамматикалық мағына білдірумен байланысты, екіншіден, грамматикалық мағына біреу ғана емес, түрлену жүйесіне байланысты әрі тектес, бір ыңғайлас, әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы мәндегі грамматикалық мағыналардың бірлігінен тұрады.
Сөйтіп, қазақ тілінде грамматикалық формаларға жалғаулар (көптік, тәуелдік, септік, жіктік) және форма тудыратын жұрнақтар (сын есімнің шырай тұлғалары, етіс, күшейтпелі етістік, тұйық етістік, рай, шақ, есімше, көсемше тұлғалары жатады.
Сөз таптарының әрбір грамматикалық тұлғасы сөзге арнайы форма тудырушы қосымша қосылу арқылы грамматикалық мағынаны білдіреді. Ол грамматикалық мағына сөйлеу процесінде, контекст ішінде айқындалады. Сондықтан грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкес келеді. Кейбір жағдайларда қазіргі тілімізде ешбір арнайы грамматикалық тұлғасыз белгілі бір грамматикалық мағына беріліп тұрады. Сондай-ақ кейде сөз құрамында белгілі бір грамматикалық форма болғанмен, ол өз бетінше грамматикалық мағына білдіре алмай, факультативті түрде қолданылады. Мысалы: онымен, менімен - деген сөзді алсақ, осындағы түбірлер(ол,мен)- мен көмектес септік арасында қазір ешбір грамматикалық мағына білдірмейтін –ы, -і тұлғасы жұмсалады. Тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл тұлға -ы, -і емес -ны, -ні болу керек яғни ілік септік жалғауының қалдық көрсеткіші. Өйткені көмектес септік жалғауы –мен, -бен,
-пен- бірлән септеулік шылауынан қалыптасқан. Ал бұл шылау ерте кезде өзі қатысты негізгі сөздің ілік септігі тұлғасымен байланысқан. Бұны көне жазба деректері дәлелдейді. Менің бірлән-менің білән-мені (н) менен-меніменен-менімен. Ал қазір менімен деген сөздегі (н)-і, -ы тұлғасы ілік септік мағынасынан айрылған, басы артық реликт форма ретінде қолданылады.
Кейбір жағдайларда ешбір грамматикалық тұлғасыз белгілі бір грамматикалық мағына беріліп тұрады. Ол грамматикалық мағына сөз түбірі білдіретін грамматикалық мағынадан бөлек болады.
Арнайы көрсеткіші болмай, тұлғасы көрінбей тұрып-ақ белгілі грамматикалық мағына білдіруді нольдік тұлға деп атауға болады, өйткені арнайы көрсеткіш, формалық тұлғасы болмағанмен, онда түбір білдіретін мәннен бөлек арнайы грамматикалық мағына болады. Мысалы: Мәскеу бардым, не көрдім (Жамбыл). Кел, балалар, оқылық (Ы.Алтынсарин). Ғылым таппай мақтанба (Абай). Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы (Абай). Иығымда сіздің шаш, айқайласып тайталас.
Осы көрсетілген сөздердің бәрі де берілген сөйлемдерде ешбір тұлғасыз (нольдік формада) белгілі грамматикалық мағына білдіреді. Ы.Маманов қазақ тілінде нольдік формаға ілік, табыс, барыс септік тұлғаларының түсіріліп айтылуы мен бұйрық райдың екінші жақ жекеше түрін жатқызады.
Нольдік тұлға сырт қарағанда түбір тұлғамен сәйкес келгенмен, сөз түбірінің барлығы жеке-жеке грамматикалық нольдік форма бола алмайды, ол тек грамматикалық форма жасауға негіз болады. Грамматикалық нольдік форма болу үшін ол тұлға түбір күйінен өзгеше грамматикалық мағына білдіріп, белгілі бір топтағы түрлену жүйесінің бір түрі боп саналып, сөйлеу процесінде белгілі бір тұрақты өзіне тән қызмет атқаруға тиісті.
Нольдік форма - парадигмалық түрлену жүйесінің бір түрі болып табылатын, сондықтан сол түрлену жүйесінің синтаксистік сөз байланыстырушы қызметін толық атқаратын форма, бірақ осы мәндер мен қызметтер тікелей көрсететін арнайы формасы жоқ тұлға және осы қасиеттері арқылы бір грамматикалық категорияның басқа да формасы бар түрлеріне қарама-қайшы, әрі онымен бірлікте болып, бір бүтін құрайды.
Нольдік форма парадигмалық сипаты бар грамматикалық түрлену жүйесінде, тұлғалары, сөз байланыстырушы сипаттағы таза грамматикалық категория шеңберінде ғана болады.
Тіліміздегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория . Грамматикалық категория ұғымы, бір жағынан, грамматикалық мағынамен, грамматикалық формамен байланысты , екінші жағынан , олардан күрделі болып келеді .
Грамматикалық категория деген ұғым барлық зерттеулерде біркелкі түсіндіріле бермейді. Оның сипатын түбегейлі түсіндіруде пікір айырмашылықтары да байқалып отырады .Мысалы: А.Ысқақов:«тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады». Ахманова О.С:«Тілдегі лингвистикалық единицалардың яки оның бір тобының грамматикалық амал-тәсілдер арқылы берілетін жалпы сипаттарының бірі». (Словарь лингвистических терминов . М.1966). Бондаренко А.В:«Бірыңғай мағыналы грамматикалық формалар қатарының бір-біріне қарама-қайшы жүйесі» (Теория морфологических категорий .Л.1976).
Грамматикалық категория, ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикалық мағына, грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категорияның болуы мүмкін емес. Екіншіден, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен, сәйкестігімен яғни олардың арасындағы диалектикалық сәйкестікпен, ондағы жүйелікпен байланысты . Үшіншіден , грамматикалық категория сипатына жету үшін грамматикалық мағыналар жиынтығы , бір жағынан өзара біртектес, бірыңғай сипаттағы , екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы мәндегі мағыналар болу керек. Яғни грамматикалық категория - өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы қасиетте бола алатын бірнеше тектес, мәндес грамматикалық мағынаның жиынтығы,бірлігі. Бір ғана грамматикалық мағына мен оны білдіретін грамматикалық форма грамматикалық категория құрай алмайды. Сөйтіп, грамматикалық категорияның негізінде грамматикалық мағыналар жиынтығы олардың грамматикалық формалар жүйесі сияқты арнайы грамматикалық тәсілдер арқылы берілуі жатады .