Сыпат категориясы
Қимылдың ішкі өту шегін, ағымын білдіретін етістіктің формасын сыпат категориясы деп атайды. Сыпат екіге бөлінеді:1.созылыңқы сыпат. 2. аяқталған сыпат.
Қимылдың ағымы процесс түрінде өтетіндігін білдіретін етістік формасы созылыңқы сыпатқа жатады. Созылыңқы сыпат көсемше формаларының отыр, тұр, жатыр, жүр көмекші етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалады.
Созылыңқы сыпатта қимылдың созылыңқылық дәрежесі көмекші етістіктердің түріне қарай, әр түрлі болып келеді.
Жәміш әрқашан кітап оқып отырады. Жел есіп, гүлдерді шайқаған кезде , қоңыраулар шылдырлап тұрады. Жел соғып тұр.
Сол сияқты қозғалыс қимылын білдіретін кету, ұшу, жүзу, шығу, кіру,озу, қуу сияқты етістіктер бара жатыр, келе жатыр етістіктерімен тіркесіп, созылыңқы сыпатты білдіреді. Бала кетіп бара жатыр. Кеме жүзіп келе жатыр.
Аяқталған сыпат.
Аяқталған сыпат - қимылдың, іс-әрекеттің ағымы мен өту шегінің аяқталғанын көрсететін етістіктің бір түрі. Аяқталған сыпат көсемше формаларының қал, қой, таста, шық, сал, жібер, кет, бол, біт, ал, бер етістіктерімен тіркесуі арқылы жасалады. Аяқталған сыпат негізгі етістіктің қандай көсемше формасында келуіне және көмекші етістіктің түріне қарай, қимылдың аяқталу шегін, қимылдың нәтижесін немесе қимылдың батыл түрде бірден болғандығын білдіреді.
Бекболат офицерді атып тастады.
Мұнда таста көмекші етістігі ату ісінің нәтижесін білдіріп тұр.
Қазақ тілінде түбір етістіктер дара күйінде қимылдың аяқталған не созылыңқы сыпатын білдіре алмайды. Түбір етістікке көсемше жұрнақтары жалғанып, арнайы көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы сыпат категориясы пайда болады деп тұжырымдайды Ы.Маманов.
Әрбір қимылдың үш кезеңі, сатысы(фазасы)бар деп санайды Н.Оралбаева: қимылдың басталу кезеңі, қимылдың процесс үстіндегі кезеңі, қимылдың аяқталу кезеңі. Қазақ тілінде қимыл осы үш этаптың бірінде көрсетіледі:
1. Қимылдың 1 фазасын білдіретін аналитикалық форманттар. Қимылдың басталуын жай ғана хабарлау.Қимылдың басталуын ғана баяндау түркі туыстас тілдерде — а баста аналитикалық форманттары арқылы беріледі, ол салт, сабақты етістіктерге тіркеседі. - а баста қимылдың тек басталғандығын ғана атайды.Кез- келгенді тексере бастады. Жаңбыр жауа бастады.
Қазақ тілінде қимылдың қалай басталғанын сипаттайтын бірнеше аналитикалық формант бар. Олар: -п қоя бер, - п сала бер, - п жүре бер. Бұл аналитикалық форманттар қимылдың баяу, жайлап басталуы, я тез басталуы сияқты қимылдың басталғандағы түрлі ерекшеліктерін көрсетеді. Менің жүрегімде жүрген әдемі бейне ыдырап сала берді. Машина гүрілдеп қоя берді. Біз құрғақтан суға тастаған балықтай жанданып қоя бердік.
Мұндай аналитикалық форманттар арқылы қимылдың біреуі баяу, біреуі тез басталғандығын көруге болады. Қимылдың қалай басталғандығын суреттейтін аналитикалық форманттар бәрі -а баста форманттармен мағыналас.
2. Қимылдың 2 фазасы ( жасалу үстіндегі қимыл).
Бұл кезең қимылдың жасалу үстінде екенін білдіреді. Қандай да қимылдың жасалып жатқан кезеңі қимылдың екінші фазасы боп саналады.
Қимылдың екінші фазасын білдіретін аналитикалық форманттарға - п келе жат, - п бара жат, - п отыр, - п жүр, - п тұр, - п жатыр, - п бар, -п кел секілді аналитикалық форманттар жатады.
3. Қимылдың үшінші фазасы. Әр қимылдың аяқталу кезеңі болу шарт. Қимылдың 3 фазасы қимылдың жасалуының ең соңғы сатысына жеткенін білдіреді.
Күн батып, қара көлеңке қоюланып қалыпты. Ол жүдеп бітті.
Қимылдың 3 фазасын білдіретін қазақ тілінде бірнеше аналитикалық формант бар : - п бол,-п біт, - п шық, - п қой, -п кет, -п қал, - п болып қал, - п өт.
Қабағы түйіліп кеткен. Туғандарының көрсеткен жақсылығын көріп болды. Балықшылар ауылына келін боп түскелі құсаланып бітті. Баяндаманы жазып болып қалды.
Бақылау сұрақтары:
Күрделі етістік, оның түрлері.
Аналитикалық формалы етістік.
Аналитикалық форманттар, олардың мағынасы.
Сыпат категориясы.
Қимылдың фазалары.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Қазақ грамматикасы . – Астана . 2002.
2. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы : Ана тілі. 1991 .
3. С.Исаев .Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. – Алматы: Рауан , 1998.
4. Қазақ тілі грамматикасы. – Алматы : Білім. 1967. 1 том.
5. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы.2005.
6. Н.Оралбаева. Қазақ тілінің морфологиясы. – Алматы.2007.
7. Н.Оралбаева. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. – Алматы.1975.
8. Бибеков Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың аяқталу кезеңі және оның берілу жолдары. КДА. - Алматы.2000.
9. МұхамадиҚ. Қимылдың тездігін білдіретін тәсілдің өзіндік белгілері // Қазақстан жоғары мектебі. – Алматы. 1997.№3.
Достарыңызбен бөлісу: |