Өздік етіс
Өздік етіс формасымен берілетін қимыл-әрекеттің иесі әдетте адам немесе басқа жанды зат болып келеді. Кейде қимыл иесі жанды зат болмай, табиғат атаулары болуы да мүмкін.
Кез келген етістік өздік етіс мағынасында жұмсалмайды, өздік етіс мағынасын бере алмайды. Мысалы . баянда, оқы, үз, апар деген етістіктерден өздік етіс жұмсалмайды. Себебі адам өзін-өзі баяндауы, оқуы, үзуі, апаруы мүмкін емес.Сондықтан қимыл иесінің өзіне бағыттауға, өзіне қарата жұмсауға мүмкін болатын қимылдарды білдіретін етістіктер ғана өздік етіс бола алады. Мысалы: қимыл иесі өзін-өзі жуады, сүртеді, тарайды. Сонымен өздік етіс қимыл іс-әрекеттің орындаушысына субъектіге қарай бағытталып, сабақты етістікке -ын,-ін,-н,-ыл,-іл,-л қосымшаларының қосылуы арқылы жасалады.
Ырықсыз етіс
Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура объектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып,тек сабақты етістіктерден -ыл,-іл,-л қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын,-ін,-н қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін айтады.
Ырықсыз етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған сөйлемде қимыл иесі айтылмайды, яғни ол сөйлемде қимыл иесінің кім екендігі белгісіз болады.
Мысалы : Үміт кір жуды. Кір жуылды.
Ырықсыз етіс өздік етіспен ұқсас та, өзгешелік те жерлері бар. Ұқсастығы : 1) қосымшалардың кейде бірдей болып келетіні, кейде өздік я ырықсыз етіс екені контекстен ғана байқалады, сөйтіп бір –бірімен омоформа жасайды. Мысалы: Ол дәрігерге көрінді. Алыстан қара көрінді.
2)екеуі де сабақты етістікті салт етістікке айналдырады.
Айырмашылығы: олардың білдіретін семантикасында өздік етісте логикалық (іс иесі) субъект –грамматикалық субъект ( бастауыш) болады, ал ырықсыз етісте грамматикалық бастауыш логикалық объект болады.
Өзгелік етіс
Сабақты етістіктің тура және ауыспалы түріне өзгелік етістің –ыт,-іт,-т,-қыз,-кіз,-ғыз,-гіз,-дыр,-дір,-тыр,-тір жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Өзгелік етіс – субъектінің қимылы объектіге тікелей емес, екінші біреу арқылы бағытталатынын білдіретін сабақты етістіктің грамматикалық формасы. Қимыл иесі бір істі өзі істемей, екінші біреуге істететіндігін көрсетеді.
Қалижан хатты әрқашан көршісі Қабышқа оқытатын.
Бұл сөйлемде істі орындатушы – Қалижан, атау септігінде, бастауыш қызметінде, істі тікелей орындаушы – Қабыш, барыс септігінде, жанама толықтауыш қызметінде тұр. Сөйтіп өзгелік етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған сөйлемде қимыл иесі екеу болады. Біріншісі – орындатушы, екіншісі – тікелей орындаушы ( агенс).
Ортақ етіс
Ортақ етіс қимыл іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъект арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс,-іс,-с қосымшасы арқылы жасалады.
Біріншіден, ортақ етісті қимыл, іс-әрекеттің субъектілері қимылға ортақтығы бірдей де, бірдей емес болуы да мүмкін.
Екіншіден, ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақты етістікке де жалғана береді.
Мысалы : хат жазысты, қонақтар жайғасып отырысты.
Ортақ етіс мағынасы мен қосымшасы етістің басқа түрлерінен сабақтылық – салттылық сипатқа бейтарап болуы негізінде ерекшеленеді.
Ортақ етістің тағы бір ерекшелігі – қимыл атауын білдіруге бейім тұрады да, кейбіреулері сол арқылы заттық ұғымның пайда болуымен зат есім болып кеткен.Мысалы : соғыс, айтыс, байланыс.
Ортақ етіс пен өзгелік етістің семантикасында бір ұқсастық бар: екеуі де қимылдың, іс-әрекеттің бір субъекті емес, бірнеше субъект арқылы орындалатынын білдіреді, бірақ өзгелік тек сабақты етістіктен жасалып, онда екінші субъект – агенс міндетті түрде болады, ал ортақ етісте бұлар жоқ.
Бақылау сұрақтары:
1.Етістіктің категориялары, топтастырылуы.
2.Салт-сабақтылық категориясы, сипаты, ерекшелігі.
3.Етіс категориясы, етіс жұрнақтарының қолданылу ерекшелігі.
4.Болымдылық-болымсыздық категориясы, берілу жолдары.
5. Амалдың өту сипаты категориясы, жасалуы, ерекшелігі.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1.А.Байтұрсынұлы.Тіл тағылымы. - А.1992.
2. Ы.Маманов. Қазіргі қазақ тілі. - А.1996.
3. Қазақ тілі грамматикасы. - А.1967. 1 том.
4. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. А.1991.
5. С.Исаев. Қазіргі қазақ тілі. - А.2007.
6. Н.Оралбаева. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. - А.2007.
7. ҚалыбаеваА. Қазақ тіліндегі етіс категориясы.- Алматы.19577
8. ӘбдіғалиеваТ. Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық, болымсыздық категория. Докт. дисс. – Алматы. 1998.
9. Қасабекова Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі бір буынды негізгі түбір салт етістіктердің семантикалық құрылымы. Канд.дисс.автореферат.– Алматы. 1992
Достарыңызбен бөлісу: |