Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы. «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»



бет27/80
Дата06.04.2022
өлшемі290,73 Kb.
#30007
түріБағдарламасы
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   80
Байланысты:
kazirgi kazak tilinin morfologiyas nan daris tezisteri 2

Дәріс жоспары:

1. Лексика-грамматикалық категорияның бірі - шырай категориясы.

2. Шырайдың түрлері, ол жайындағы көзқарастар.

3. Жай шырай проблемасы.

Дәріс мақсаты: Студенттерге сын есімнің лексико-грамматикалық категориясы шырай жайлы теориялық мағлұмат беру әрі оны практикалық тұрғыдан таныту.

Шырай категориясы – басқа сөз таптарында жоқ, тек сын есімге ғана тән категория. Бірақ, біріншіден сын есімнің бәрі бірдей, яғни сын есімнің сөз табына жататын сөздердің барлығы шырай тұлғаларымен түрленбейді, шырай тұлғалары кез келген сын есімге жалғана бермейді. Мысалы: жақсы- жақсырақ, жап-жақсы, тым жақсы. Үлкен-үлкендеу, үп-үлкен,аса үлкен. Ал таулы- таулырақ, не тап-таулы, кешкі –кешкілеу, кеп-кешкі деп шырай түрлерін жасауға болмайды. Яғни сын есімнің бір түрі сапалық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғанып, шырай түрлерін жасауға болса, сын есімнің мағыналық тобының екінші тобы - қатыстық сын есімдерге шырай жұрнақтары жалғана алмайды да, одан шырай түрлері жасалмайды. Сонда шырай категориясы жалпы сын есімге емес, сын есімнің бір ғана семантикалық түрі сапалық сын есімге ғана тән. Екіншіден, сын есім – қазақ тілінде түрленбейтін сөз табы. Яғни сын есім өзінің семантикалық, қызметтік ерекшелігі – зат атаулының әр түрлі сапалық, сындық белгілерін, түр-түсін, бір сөзбен айтқанда, заттың әр түрлі белгісін білдіретін сөздер болғандықтан,сөйлеу процесінде осы мәнде негізінен зат есіммен тіркесіп қолданылады.

Шырай категориясы затқа құбылысқа байланысты біртектес, бірыңғайлас сынның, сапалық, белгінің түр-түстің сапалық сипаттың артық я кемдігін немесе тым артық я кем екенін білдіретін, белгілі қосымшалар үстелу немесе басқа тәсілдердің жүйелі жолдары арқылы жасалатын сапалық сын есімнің парадигмалық түрі. Сондықтан шырай категориясы, біріншіден, жалпы сын есім атаулының емес, тек сапалық сын есімнің, екіншіден, таза грамматикалық емес, лексика-грамматикалық категориясы боп табылады. Өйткені шырай қосымшалары сапалық сын есімдердің семантикасына өзгеріс енгізіп, қосымша реңк үстейді, семантикалық жағынан үлкен мен үлкендеу, үп-үлкен, өте үлкен бірдей емес. Бұл семантикалық сын есімнің реңдік мәні немесе белгілі реңінің бір көрінісі боп табылады.

А.Ысқақов : « белгінің реңін және шырай категориясын бөле отырып- заттың белгісі, сипаты біркелкі болмай, рең жағынан әр түрлі дәрежеде болатынын, демек, сипатының я белгінің бір затта артық, бір затта кем болатынын білдіретін сын есім формалары шырай формалары деп аталады. Заттың сындық белгілерінің бәсеңдік, солғындық реңдері мен мәндерін білдіретін формаларға – ғыл, -ғылт,-ғылтым, -ғыш,- ілдір,-қай,-қан,-аң,-шыл,-шіл,-шылтым, -ша,-ше қосымшалары жатады, дей келе, шырай категориясы түрлерін жасайтын қосымшаларға –рақ,-рек, -лау,-леу,-қыл,-кіл,-қылт,-кілт,-тым,-шыл,-қай,-аң қосымшаларын жатқызған.

Ал Ы.Маманов шырай категориясының тұлғалары деп бірді-екілі емес, сапалық сын есімнің баршасына да жалғана алатын, сапалық сын есімнің кез келген шырай түрін жасай алатын қосымшаларды атайды. «Қазақ тіліндегі сөз тудырушы және форма тудырушы қосымшалардың ара жігін айыру үшін, олардың сөз мағынасын өзгерту, өзгертпеуі толық критерий бола алмайды. Сондықтан да форма тудырушы қосымшалардан айырудың екінші бір басты белгісі – оның грамматикалық абстракция жасау қабілетіне сүйенген жөн. Шырай формаларының морфемалары сын есімнің бір тобы сапалық сын есімдерді түгелдей қамтитын грамматикалық көрсеткіш болып саналады. Мысалы: жақсырақ, ақылдырақ, үлкендеу, тарлау. Мұндағы –рақ,-рек,-лау,-леу қосымшалары сапалық сын есімдерге түгелдей жалғанады. Ал –ғыш,-гіш,-ғылт,-шыл қосымшалары бірді-екілі сөздердің ғана құрамында кездеседі. Сонымен бірге ақшыл, сарғыш, сұрғылт сөздерінің өзі шырай формасымен түрленеді. Мысалы : ақшылырақ, сарғыштау. Жалпы тіл білімінде бір категорияға жататын грамматикалық формалар бірінің үстіне бірі жалғанбайды. Ал –ғыш,-ғылт қосымшалары шырай формасының грамматикалық көрсеткіші емес, олар сөз тудырушы қосымшаға жатады »- деп көрсетеді Ы.Маманов. А.Ысқақов : « Сын есімнің шырай деп аталатын категориясының мазмұны да, формасы да әлденеше заттың бір түрлі біркелкі белгілерінің өзара айырмашылықтарын демек, сол біркелкі белгілердің бір-бірінен я артық, я кем екендігін анықтау арқылы туады. Екінші сөзбен айтқанда біреуі –ақ, біреуі- қызыл, біреуі-қара, біреуі –сары түсті нәрселерді немесе біреуі – үлкен, біреуі- кіші, біреуі –тік,біреуі- сопақ, біреуі тікше нәрселерді салыстырудан шырай категориясы тумайды. Шырай категориясы я бірыңғай көк түсті, бірыңғай қызыл, я бірыңғай сары түсті әлденеше заттардың реңдеріндегі ерекшеліктерді немесе бірыңғай үлкен,я бірыңғай кіші делініп танылған әлденеше заттардың көлем-аумақтарындағы артық, я кемдік дәрежелерін өзара салыстыру арқылы туады. Әрине, ондай реңдер мен дәрежелер сан жағынан да салыстырылады. Өйткені біркелкі белгінің осындай сандық я сапалық айырмашылықтары, сайып келгенде, шырайларды бір-бірінен айыратын өлшеу де, тірек те, негіз де боп саналады»- деп пайымдайды.

Қазақ тіл білімінде шырай түрлері туралы да бірыңғай пікір жоқ. Профессор С.Аманжолов осы күні қазақ тілінде төрт түрлі шырай бар деп санаған. Ғалымның айтуынша: « Сын есімде төрт түрлі шырай бар: 1.Жай шырай ( қызыл, жақсы).2. Шағын шырай (қызғылт, сарғылт, көгілдір).3. Салыстырмалы шырай (қызылырақ, жақсырақ,ортарақ). 4. Таңдаулы шырай ( өте қызыл, тым жақсы, қап-қара).

Сын есімнен жаңа сын есім тудыратын жұрнақтардың бастылары :

1.-шыл;-шіл: ақшыл, көкшіл.

2.-дау;-деу;-тау;-теу: қызылдау, көктеу,үлкендеу.

3.-рақ;-рек: азырақ, кеңірек.

4.- ылдыр;-ілдір: көгілдір.

5.-ғылт: сарғылт, сұрғылт,қызғылт.

6.-нікі,-тікі;-дікі: көктікі, сарынікі.

Автор бұл жұрнақтарды біресе шырай жұрнағы, біресе сөз тудырғыш жұрнақ деп қарастырған. Бұндай екіұштылық қисынсыз. Себебі : қызыл-қызғылт-қызылырақ дегендердің әрқайсысы өз алдына жеке ұғымды білдіретін сөз, бірақ бұлардың арасында байланыс, мағыналық жақындық бар. Ал сөзжасам қосымшалары бір сөзден мүлде басқа бір ұғымды білдіретін екінші сөз тудырады. Ал шырай жұрнақтарында мұндай қасиет жоқ. Автордың көрсеткен –нікі,-дікі,-тікі жұрнағын сын есімнің шырай жұрнақтарына қосу қажетсіз деп санаймыз.

Профессор Н.Сауранбаев үш түрлі шырайды көрсетеді: 1.Салыстырмалы шырай.2. Таңдаулы шырай.3. Шағын шырай. Бірақ бұлардың анықтамалары айтылмай, жай ғана түсінік берілген.

Профессор І.Кеңеспаев 1951 жылы жазылған грамматикада шырайдың екі түрі бар . 1) Талғаулы шырай.2)Таңдаулы шырай- деген болатын.

Ғ.Мұсабаев : « Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары» деген еңбегінде : « Мағынасына, тұлғасына қарай қазақ тіліндегі сын есімде 5 түрлі шырай бар. Олар мыналар: 1.Салыстырмалы шырай. Оның морфологиялық тұлғасы – рақ,-рек. Мысалы: жақсырақ, қызылырақ.

2.Бәсең шырай.-Дау,-деу,-лау,-леу,-тау,-теу. Мысалы: жақындау, сұрлау.

3.Шағын шырай. Оның морфологиялық тұлғасы – шіл,-шыл,-ғыл,-ғылт,-ғыш,-ілдір. Мысалы : көкшіл, ақшыл, көгілдір.

4.Күшейтпелі шырай. Оның морфологиялық тұлғасы- күшейту буыны. Мысалы : қып-қызыл, сап-сары.

5.Үдетпелі шырай. Бұл шырай күшейткіш үстеулер арқылы жасалады. Мысалы аса жақсы ат, өте биік тау.

Профессор А.Ысқақовтың еңбегінде жай шырай, салыстырмалы шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай көрсетілсе, 1967 жылғы «Қазақ тілі грамматикасында» салыстырмалы, бәсең я шағын шырай, күшейтпелі шырай және асырмалы шырай деп төрт түрлі шырай түрі аталған.

Профессор С.Исаев шырайдың сапалық сын есімнің лексика-грамматикалық категориясы ретінде екі-ақ түрін көрсетеді : салыстырмалы шырай және күшейтпелі шырай.

Шырайды жасаудың негізгі жолы- сөздерді салыстыру. Өйткені онсыз шырай категориясы бола алмайды. Мектеп грамматикаларының көпшілігінде белгілі дәстүрді қуалап, « жай шырай» деген термин қолданып жүр. Жай шырай күні бүгінге дейін шырайдың бір түрі болып саналып жүргені тек бұрынғыдан келе жатқан дәстүр ғана екенін айта келе академик В.В.Виноградов жай шырайдың тұрақтылығы, тиянақтылығы жоқ екендігін айтады. Орыс тіліндегі сын есім шырайларын топтастырғанда ең алғаш Ф.И.Буслаев « жай шырай» деп атаған.(1875ж Опыт исторической грамматики р.я-ка.) Сонан бері грамматикаларда «жай шырай» делініп жүрсе, енді біреулерінде шырай қатарынан алынған.

Жай шырайды жете талдап, шырай категориясы бола алмайтынын толық дәлелдеген –А.С.Никулин (Степени сравнения в современном русском языке. М.Л.1937.стр.51). Ғалым жай шырайды бұрынғы кездегі тілшілер белгілі бір тұрғы деп қараған, олардың ойынша, тілдің бір нормасы болған. Мұны сыннан өткізіп алмай, қалай болса солай, ала салуға болмайды- деген пікір айтады. Шынында бұл дұрыс пікір.Себебі жай шырай деп атағанымыз болмаса, мұнда ешбір шырайлық белгі жоқ. Мысалы:

Әкесінің ат жақты келген ұзын сопақ басының құлақтан жоғары жері қаз жұмыртқасындай көрінді. Үлкен қара көздері сәл қанталай түсіп, шабыт отын маздатады.

Бұл мысалдарда сын есімдер анықтауыш қызметін атқарып тұр,оларда ешбір салыстыру, шырайлық мағына білініп тұрған жоқ.

Ғ.Мұсабаев былай деген: «Жай шырай деп аталатын сын есімдерде шырай мағынасы жоқ екені ашылды. Ендеше, жай шырай деп атаудың өзі қате екені айқын». А.Ысқақов : «Заттың белгісін , түсін, сапасын, көлемін, салмағын, аумағын, тағы да басқа сондай негізгі сын-сипаттарын білдіретін сапалық сын есім жай шырай боп есептеледі»-деп болжаған. С.Исаев: «Егер сапалық сын есім мен жай шырай бірдей функция атқарса, онда екеуін неге екі бөліп қарастырамыз?. Екіншіден: категориялық түрлену тұлғаларына негіз болатын тұлға категорияға енбейді». Академиялық грамматикада (1967): «Мектеп грамматикаларында жай шырай сын есімнің басқа шырай формаларын жасаудағы негіз, таяныш тұлға болатынын көрсету үшін беріледі. Бірақ бұл атау формада ешбір салыстыру жоқ,ендеше шырай емес,ақ, қызыл,сары дегенде шырай мағынасы жоқ»-делінген болатын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   80




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет