Морфология – грамматикалық категориялар мен грамматикалық тұлғаларды зерттейтін тіл білімінің саласы. «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы»



бет69/80
Дата06.04.2022
өлшемі290,73 Kb.
#30007
түріБағдарламасы
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   80
Байланысты:
kazirgi kazak tilinin morfologiyas nan daris tezisteri 2

ЕЛІКТЕУІШ СӨЗДЕРДІҢ ФОНЕТИКА-МОРФОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТЫ

Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктері

Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктерін сөз еткенде, үш түрлі мәселе ескерілуге тиіс: 1) дыбыстық құрамы; 2) буын жігі; 3) айтылу ырғағы.

Еліктеу сөздердің дыбыстық құрамында, демек, олардың дыбыстарының тіркесуінде белгілі бір ізге түсіп қалыптасқан әрі орнықты, әрі жүйелі заң бар деуге болады. Оған еліктеу сөздердің мысалы, мынадай үлгілері айғақ:

1. Арс, барс, гүрс, дүрс, мырс, тарс, тырс т.б.

2. Борт, бырт, күрт, кірт, морт, сарт, сырт, шарт, шырт т.б.

3. Жап, жып, лап, лып, сап, сып, тап, топ, тып, шап т.б.

4. Барқ, бырқ, жарқ, зырқ, зірк, күрк, қорқ, ірк т.б.

5. Аңқ, еңк, дөңк, дүңк, діңк, күңк, қаңқ, қоңқ, саңқ, сұңқ, шаңқ, шіңк, ыңқ т.б.

6. Былқ, кілк, қолқ, кілк, солқ, селк т.б.

7. Балп, болп, былп, елп, жалп, желп, жылп, салп, сылп, шалп, шылп, шолп, үлп т.б.

8. Жамп, күмп, қомп, томп, тымп, сымп т.б.

9. Даң, дұң, тың, қаң, құң, маң, шаң, шұң, шың т.б.

10. Ар, дыр, быр, дар, дір, күр, қор, қыр, сыр, шар т.б.

11. Баж, быж, бұж, гүж, күж, қыж, шаж, шыж т.б.

12. Ақ, бақ, бық, қақ, қық, сақ, тық, шақ, шық т.б.

13. Жалт, жылт, кілт, қылт, мылт, сылт, талт, тылт т.б.

14. Гу, ду, зу, лау, сау, су т.б.

15. Барп, борп, қорп, сарп, тарп, тырп т.б.

Бұл үлгілерде көрсетілген еліктеу сөздер, әрине, негізгі түбір формалар. Бұлардан басқа да формалар бар. Мысалы: алш, былш, қалш; ыз, тыз, ыс; кіс, пыс, тыс тәрізді сан жағынан аз болғанымен де, көптеген туынды сөздердің жасалуына негіз болған (мысалы: алшы, алшаң, ызың, ызыл; ысқыр, пысына, кісіне т.б.), сондай-ақ, әуелгі түбірлері туынды сөздермен біте қайнасып ажырамайтын болып кеткен формалар да көп. Мысалы: салдыр-гүлдір, балдыр-былдыр, жымың-жымың, сопақ, тырбаң, ыржаң сияқтанған сөздердің түбірлері қазіргі тілде жеке қолданылмайды.



Еліктеуіш сөздердің морфологиялық сипаты

Еліктеуіш сөздер, сыртқы морфологиялық құрылысына қарай, жалаң да, күрделі де болады.

Жалаң еліктеу сөздер негізгі және туынды болып екі салаға бөлінеді.

Негізгі еліктеу сөздер деп айналадағы табиғат құбылыстарын құлақпен есту арқылы қабылданған дыбыстардан және көзбен көру арқылы қабылданған елес-көріністердің бейнелерінен пайда болған түсініктердің атаулары, демек, сол дыбыстар мен бейнелердің атаулары есебінде қызмет ететін түбір сөздерді айтамыз. Мұндай негізгі еліктеу сөздер, практикалық тұрғыдан алғанда, қазіргі кезде тиісті морфологиялық бөлшектерге сараланбайтын бір тұтас тұлға сияқтанып келеді. Оларға жоғарыда көрсетілген 15 түрлі үлгіге тән формалар және олардан өзге де бір алуан формалар жатады. Мысалы: ар, ыр, ырс, борс, бырс, бұлт, былқ, дүрс, дік, дүңк, күрс, күмп, кірп, елп, жалп, жарқ, жалт, жарқ, зырқ, қалт, кілт, лып, лап, морт, мырс, мүлт, мыңқ, салп, саңқ, сыңқ, селк, солқ, сарт, сырт, саңқ, таңқ, тыңқ, шалп, шылп, шаңқ, шыж, ырс, ыңқ т.б.

Туынды еліктеу сөздер деп негізгі (түбір) еліктеу сөздерден де және басқа атауыш (атаушы) сөздерден де тиісті жұрнақтар арқылы жасалған еліктеу сөздерді айтамыз. Мысалы: алшаң, арбаң, арсалаң, ағараң, балпаң, болпаң, дікең, елпең, жалпаң, жортаң, жалтаң, жылман, ирелең, көлбең, кірбең, қалтаң, қолбаң, қоржаң, қызараң, қылмаң, қылтаң, салбаң, сылтаң, тарбаң, тарбалаң, ырсаң, ыржаң т.б.

Сөйтіп, туынды еліктеу сөздер түбір (негізгі) еліктеу сөздерден де (мысалы: жалт-аң, арс-алаң, балп-аң, болп-аң, елп-ең, жылт-ың, қалт-аң, сылт-ың, ырс-алаң т.б.), өзге атауыш сөздерден де жасалады (мысалы: ағар-аң, қызар-аң, иір-елең, бұр-алаң, соз-алаң т.б.).

Туынды еліктеуіш сөздер жасайтын жұрнақтар мыналар:

1. –ң, -ың, -ің, -аң, -ең жұрнағы. Бұл жұрнақ арқылы туынды еліктеу сөздер жасауға мынадай формалар негіз болады:

а) Негізгі (түбір) еліктеу сөздер. Бұлардан жасалған туынды формаларға мынадай еліктеуіш сөздер жатады: арс-аң, ырс-ың, борс-ың, борт-аң, бырт-ың, барп-аң, болп-аң, елп-ең, жалт-аң, томп-аң, кілт-ің, мырс-ың, қалт-аң, тарс-аң т.б.

ә) Кейбір атауыш сөздер (есімдер мен етістіктер). Оларға, мысалы, мынадай туынды еліктеу сөздер жатады: ала-ң, ағар-аң, былға-ң, дал-аң, домала-ң, жайна-ң, иір-ең, сыла-ң, көлбе-ң, қара-ң, тербе-ң, қызар-аң т.б.

б) Кейбір жеке-дара қолданылмайтын формалар. Ондай формалар бейнелеу етістіктеріне де және басқа есімдерге де негіз болған. Ол формалар қазіргі кезде жеке-дара түбір есебінде қолданылмайды, бірақ бастапқы кездерде еліктеу (бейнелеуіш) сөздердің түбір формалары болған деп жорамалдауға болады. Оларға, мысалы, мынадай туынды еліктеу сөздердің түбірлері жатады: арб-аң (арбай), ерб-ең (ерби), жарб-аң (жарби), кірб-ең (кірби), қорб-аң (қорби), адыр-аң (адырай, адырақ), ажыра-ң (ажырай), бадыра-ң (бадырай, бадырақ), бажыра-ң (бажырай), майм-аң (майми, маймақ), кірж-ің (кіржи, кіржік), қайқ-аң (қайқай, қайқи, қайқы, қайқақ), қиқ-аң (қиқаң, қиқи, қиқақ), күрж-ің (күржи, күржік), қылм-ың (қылми, қылымсы), соп-аң (сопай, сопи, сопақ), сид-аң (сиди, сида), шош-аң (шошақ, шоштиған) т.б.

2. –лаң, -лең, -алаң, -елең жұрнақтары кейбір етістіктерге жалғанып, туынды еліктеу сөздер жасайды. Мысалы: бұр-алаң, иір-елең, соз-алаң, шұба-лаң, ора-лаң т.б.

Күрделі еліктеу сөздер деп жалаң еліктеу сөздердің я негізгі, я туынды формаларының не қайталануы, не қосарлануы арқылы жасалған түрлерін айтамыз.

Күрделі еліктеу сөздер компоненттерінің формаларына қарай оларды мынадай негізгі төрт топқа бөлуге болады:

1) арс-арс, борт-борт, быж-быж, гүр-гүр, дүр-дүр, дір-дір, жарқ-жарқ, жалт-жалт, елп-елп, зыр-зыр, зырқ-зырқ, лап-лап, лып-лып, маң-маң, күмп,-күмп, күрс-күрс, селк-селк, тарп-тарп т.б.

2) арс-ұрс, баж-бұж, жарқ-жұрқ, шап-шұп, шалп-шұлп т.б.

3) арбаң-арбаң, алшаң-алшаң, ағараң-ағараң, далаң-далаң, елең-елең, елбең-елбең, ербең-ербең, балпаң-балпаң, бортаң-бортаң, бүрсең-бүрсең, жалаң-жалаң, жалбаң-жалбаң, жалтаң-жалтаң, қызараң-қызараң, көлбең-көлбең, қожаң-қожаң, қоқаң-қоқаң т.б.

4) арбаң-ербең, арбаң-тарбаң, адыраң-едірең, қиқаң-қиқаң, олпаң-солпаң т.б.

Еліктеу сөздерден өзге сөз таптарына тән басқа да жаңа сөздер жасалады. Мысалы: тарсыл, дүрсіл, күрсіл, тырсыл, быжыл, шыжыл сияқты зат есімдер –ыл (-іл) жұрнағы арқылы тарс, күрс, тырс, быж, шыж деген еліктеуіш сөздерден жасалған. Сондай-ақ, жалтақ, бұлтақ, шыжық, бұрқақ сияқты есімдер де жалт, бұлт, шыж, бұрқ деген еліктеу сөздерден –ақ (-ық) жұрнағы арқылы туған. Еліктеу сөздерден басқа сөз таптарына тән осындай туынды сөздер жасайтын басты-басты жұрнақтар мыналар:

1. –ыл, -іл (ырыл, быжыл, дарыл, гүріл, күрсіл, тырсыл, қорсыл, сыртыл, күжіл, шыжыл, ыңқыл, сұңқыл, шүңкіл, шіңкіл, дүңкіл, сырыл, пысыл, зуыл, суыл, бақыл, гуіл, шарыл т.б.).

2. -ыр, -ір (жалтыр, жылтыр, былбыр, сылбыр, тақыр, тықыр, шықыр, сытыр т.б.).

3. -ақ, -ек, -ық, -к (адырақ, елбек, бүлкек, бұлтақ, жалтақ, қалтақ, салпақ, бұрқақ, ыржақ, қылжақ, тарбақ, балпақ, жалпақ, қалпақ, қоқақ, тықақ т.б.).

4. –ғыр, -гір (даңғыр, дыңғыр, дүңгір, қаңғыр, мыңғыр, сыңғыр, шіңгір т.б.).

5. –қыр, -кір (бақыр, кекір, шақыр, жекір, өкір, түшкір, пысқыр, осқыр, ысқыр т.б.).

6. –ыра, -іре (балбыра, былбыра, елбіре, желбіре, салбыра, сылбыра, жылбыра, үлбіре, солбыра, қолбыра, бұрқыра, жарқыра, күркіре, дүркіре, зырқыра, сырқыра, маңыра, мөңіре, еңіре т.б.).

7. –ырай, -ірей (бақырай, бақшырай, шақырай, тұқырай, кекірей, кекшірей, бүкірей, тықырай, шоқырай, қоқырай, бажырай, күжірей т.б.).

8. -ый, -ій (арби, ерби, жарби, тарби, арси, ырси, торси, тырси, жылти, қылти, кілти, қылқи, кеңки, теңки, бырти, қоңқи, шоңқи, быржи, қоржи т.б.).

9. –й, -ай, -ей (арбай, адырай, едірей, ежірей, қоқай, шоқай, сопай, қиқай, қоңай, балпай, жалпай и.б.).

10. –да, -де (арбаңда, ербеңде, бұраңда, ирелеңде, сүйрелеңде, жалпаңда, адыраңда, қоқаңда т.б.).

Еліктеу сөздерден басқа туынды сөздер тудыратын өзге өнімсіз жұрнақтар да бар. Мысалы: кісіне, құжына, быжына, пысына етістіктерін алсақ, олар –ына (-іне) жұрнағы арқылы кіс, құж, быж, пыс деген еліктеу сөздерден жасалған.

Еліктеу сөздерден сөз тудыратын жұрнақтардың кейбіреулері жалаң, кейбіреулері құранды болып келеді. Мысалы, жалтыра, сылбыра, салбыра, былбыра дегендердегі –ыра жұрнағы –ыр (жалтыр, салбыр, сылбыр, былбыр) және –а (жалтыра, салбыра...) деген екі жалаң жұрнақ деп қарауға болса, елбіре, үлбіре дегендердегі –іре жұрнағын теориялық жағынан олайша бөлшектеуге болғанымен, практикалық жағынан саралап боршалауға болмайды. Сол сияқты, кекірей, бүкірей, тықырай, тыжырай дегендердегі –ырай (-ірей) жұрнағын саралап, - ыр (-ір) және –ай (-ей) деп бөлшектеуге әбден болады (кекір, тықыр, тыжыр). Ал, кекшірей, бүкшірей, тықшырай, бажырай, күжірей дегендердегі –ырай (-ірей) формасын бөлшектеуге болмайды.

Қазіргі кезде жеке-дара сөз (түбір) ретінде қолданылмайтын кейбір түбірлер көптеген туынды есімдер мен туынды етістіктердің жасалуына негіз болуымен қатар, туынды еліктеу сөздердің жасалуына да негіз болады. Мысалы, қоқиған, қоқырайған, қоқсыған, қоқшиған, қоқшырайған деген етістіктердің де, қоқым, қоқыс, қоқтық, қоқай, қоқыр, қоқақ деген есімдердің де, қоқшаң, қоқыраң, қоқшыраң деген еліктеу сөздердің де бастапқы түбірі қоқ деген форма. Ал осы туынды сөздерден жұрнақ арқылы туатын өзге формаларды сөз етпей-ақ (мысалы: қоқаңдаған, қоқшыраңдаған т.б.), қоқақ-қоқақ, қоқаң-қоқаң, қоқшаң-қоқшаң, қоқыраң-қоқыраң, қоқшыраң-қоқшыраң, қоқым-соқым, қоқыр-соқыр, қоқақ, шоқақ, қоқтық-соқтық, қоқақ-соқақ тәрізді қосарланған формалар жасалатынын еске алсақ, осындай «бейтарап» түбірлердің де сөздікті байытудағы қызметі мол екенін бағдарлаймыз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   80




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет