Бастауышмектеп жасындағылар Бастауыш сыныптарда (7 – 10 жастағы балалар) музыкалық сабақты ұйымдастырғанда олардың дене мүшелерінің қалыптасуы, физиологиялық өзгерістері өте қарқынды түрде дамитынын басты назарда ұстау керек.
Бастауыш сынып оқушыларының іс-әрекетінде төмендегідей ерекшеліктерді байқауға болады:
музыкалық тәжірибесі шашыраңқы, қалыптаспағандығы;
өзімшілдік сезімінің үстемдік етуі, естушілік, көру, іс-қимыл әрекетінде өзін-өзі көрсетуге құштарлығы т.б.
Тағы бір айта кететін мәселе, осы жастағы балалардың ашық та, жарқын және бейнелі түрде қабылдауы басым болады. Бастауыш сыныпқа әртүрлі дайындықтағы балалар келеді; кейбіреулері бала-бақшаға бармаған, енді біреулерінің сыныптастарымен, ұстазбен қарым-қатынасы төмен болады. Көпшілігі әрбір үйдің бір-бір еркесі сияқты т.б. әр түрлі факторлар. Мұндай факторлар музыка сабағын жүргізуге кері әсерін де тигізеді.
Осындай жағдайларды ескере отырып Б.С.Рачина өзінің көп жылдық тәжірибесі негізінде мынандай қорытынды жасайды:
Ең алдымен, бірінші сынып оқышыларына әрбір дыбыс ырғағын, музыкалық әуеннің әуезділігін дұрыс тыңдап, қабылдауға үйрету керек.
Екіншіден, оқуға алғаш рет келген балалар музыканың көркемдік мәні мен мазмұнын қабылдамай, тек оны жалпылама, үстірт түсінеді. Сол себептен олардың көпшілігі музыканың әсемдік бояуын жан-дүниесімен сезініп түсіне алмайды.
Үшіншіден, бірінші сынып оқушыларының басым бөлігі музыка тілінің әліппесін жете түсінбейді (яғни, тыңдау, түсіне білу және музыкалық шығармашылық әрекетіндегі дыбыс ырғағы, саз, регистр, екпін, динамика, бояуды қабылдай білу).
Осы айтылғандар мен қатар мынандай ерекшелікті де қаперде ұстау керек. Яғни, оқушылардың мектепте өткізген өмірінде бейімделусиндромыда (стресс) қабаттаса жүреді. Бұл синдром, әсіресе, бірінші сынып оқушыларының мектеп өміріндегі алғашқы алты аптасында анық байқалады. Осы кезде мектеп өміріне бейімделуі мен қатар оқушылардың функционалдық жүйесінде де өзгерістер жүре бастайды. Организмдегі осындай өзгеріс олардың мінез-құлқына да әсер етеді.
Түйіндей айтқанда, бастауыш сыныптардағы музыка сабағын ұйымдастыру кезінде, жоғарыда аталған ерекшеліктер ескеріліп, оқушылардың түрлі психологиялық жағдайына көңіл аударып, соған сәйкес музыкалық материалдар дұрыс таңдалынып, оқушылардың музыкалық сұранысы қанағаттандырылып отырса, музыка сабағы мақсат, міндетіне толық жетеді демекпіз.