Меңдуана (белена), итжидек (красавка), сасық меңдуананың (дурман) улы әсер ететін заттары бірдей деп айтуға болады, олар гиосциамин, атропин, скополамин және басқа да атропин тобындағы алколоидтар. Меңдуананың жапырағы алаботаға, тамыры ақжелектің (петрушка) тамырына, ал ұрығы тарыға ұқсас. Итжидектің жидегі шиеге ұқсас ашық түсті және дәмі тәттілеу. Уланудың инкубациялық кезеңі өте қысқа- 10-20 минуттан 1 сағатқа дейін. Ауызы және тамағы құрғау, дауысы қарлығу, беті қызару, көздің қарашығы үлкею, көруінің бұзылуы, психикалық қозу, мазасыздану, тыныс алуы және жүрек қызметінің нашарлауы, есі шатасу, сандырақтау, елестеу, дене температурасының көтерілуі, еріксіз үлкен және кіші дәреттерінің шығып кетуі іспеттес, атропиннің әсеріне тән симптомдар байқалады. Бірнеше сағаттардан кейін тыныс алудың салдануынан (семіп қалуынан) өлімге әкеп соғады.
Сасық қурай (вех ядовитый, цикута-утамыр, су убалдырған-водяной болиголов). Өсімдіктің барлық бөлігі улы, бірақ ең қауіптісі, сасық қурайдың тамыры, ол ақжелек пен балдыр көктің тамырына ұқсас және иісі де солардай. Сасық қурайдың құрамында өте улы цикутотоксин бар, оның улылығын ботулотоксинмен салыстыруға болады. Тамақ ретінде қабылдағаннан соң 20-30 минуттан кейін асқазан ауырады, жүрек айниды, құсу, іш өту, талып қалу, суық тер шығу, тыныс алуының қиындауы пайда болады, көбіршікті кейде қан араласқан сілекей шығады. Содан кейін ұстамалы түрде сіңір тартылуы, тыныс алуы мен жүрек қызметінің бұзылуы пайда болады, қан қысымы төмендейді. 1,5-3 сағаттан кейін тыныс алудың салдануынан өлімге әкеп соғады.
Қасқыр жидек (ягоды волчьего лыка), аюбадам (бузина), мақтаның ұрығы мен күнжара, т.б. жиі уланудың себебі болады. Мақтаның ұрығы мен күнжараның құрамында улы зат - госсипол бар, осыған байланысты мақта майын тек тазартқаннан кейін (рафиндегеннен) кейін қолдану қажет. Тазарту кезінде бұл қосылыс жойылады.
Арамшөп токсикозы деп аталатын ауыр уланулар, сүйелжазар (гелиотроп), есекмия (софора), қарамықша (кукол), ақсұр триходесма, есіртпе үйбидайық (плевел опьяняющий), т.б. арамшөптердің улы ұрықтарымен ластанған астықтан жасалған тағамдарды қабылдаған кезде пайда болады. Құрамында нейро- және гепатотропты әсер ететін улы алколоидтардың бірқатар кешені бар. Түбітжидекті сүйелжазардың улы ұрығымен ластанған астықтан жасалған тағамды қабылдау кезінде уланудан дамитын іш шемені қосылатын бауыр қабынуы пайда болады. Ауру ұзаққа созылады (бірнеше айларға) бауырдың қызметі баяу қалпына келеді, жиі (20-30%) өлімге әкеп соғады.
Ақсұр триходесма ұрығымен ластанған астықтан жасалған тағамды қабылдау, триходесманың құрамында болатын нейротропты әсері бар инканин, триходесмин, т.б. алколоидтардың себебінен энцефалиттер және менингоэнцефалиттер дамуына әкеп соғады. Кейіннен, бауырда өзгерістер, емдеуі қиын гипохромды анемия, жүрек-тамыр қызметі жеткіліксіздігінің белгілері анықталады. Ауыр жағдайларда өлім 30-35% дейін жетеді.
Алдын алу халық арасында санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізуден, мақтаны өңдеу кезінде талаптардың сақталуын, санитарлық бақылаудан, астықтың ластануының алдын алудан және жеке арамшөптің ұрығымен ластанған астықты тағамға қабылдауға жібермеуден тұрады.
Кейбір балық түрлерінің тіндері мен мүшелерінің тамақтан улану дамуына әкеп соғатын улы қасиеттері бар. Мысалы, Орта Азияның тұщы суаттарында көп таралған шармай балықтың уылдырығы, сүті, ішастары улы, ал еті болса мүлде зиянсыз. Кейбір басқа балық түрлерінің (севан хромулиінің, қияздың, иглобрюха, т.б.) уылдырығы мен сүті улы. Сондай-ақ, тунец, пеламида, ставрида, макрель сияқты скумбриялық балықтардан да, уланулар болуы мүмкін. Олардың еттерінде гистидин көп, сақтау жағдайы мен мерзімі бұзылған кезде гистамин тәрізді қасиеті бар заурин деп аталатын улы қосылысқа айналады. Улы балықтан уланулар Үнді және Тынық мұхиттардың тропикалық бөлігіндегі аралдарда орналасқан мемлекеттердің (Шри-ланка, Индонезия, Филлипин) тұрғындарында жиі таралған. Бұл аймақтың суларындағы тек кейбір балық түрлері ғана улы мес, сонымен қатар тропикалық моллюскалар және теңіз тасбақасының еттері де улы.