АІИ көздері, жиі жұқпалы аурулардың жедел, жасырын немесе созылмалы түрлерімен ауыратын немесе денесінің әр түрлі жерінде іріңді жаралары, іріңді-қабыну үрдістері бар аурулар, медицина қызметкері, ас блогыныңқызметкері, ауруға келіп-кететіндер, сондай-ақ, студенттер, интернатурадағы дәрігерлер және басқа да емдеу-алдын алу мекемелерінде болатын адамдар. Дені сау және аурудан жаңадан сауыққан бактерия тасымалдаушы адамдар да, қоздырғыштардың көзі болып табылады. Ең қауіптілері - медицина қызметкері және ауруханада ұзақ уақыт жатқан аурулар, себебі, олар микробтардың тұрақты госпиталдық штаммдарын тасымалдаушыларға айналады. Медицина қызметкерлерінің ішінде, бәрінен де жиі АІИ көздері, аурулармен ұзақ уақыт байланыста болатын, медбикелер мен санитаркалар. Медицина қызметкерінің арасында 15%-дан 80% дейін вирулентті инфекция тасымалдаушылар болу мүмкіндігі көрсетілген.
АІИ қоздырғыштары әр түрлі жолдарымен беріледі: жанаспалы-тұрмыстық, ауа-тамшылы, алиментарлық, нәжіспен ластанған заттармен ауыз арқылы. Соңғы жылдарда әр түрлі инвазивті медициналық әрекеттер кезінде, артифициальді жолмен берілуі жиірек кездеседі.
Қоздырғыштар берілетін факторлар, өте көп түрлі нысандар болуы мүмкін. Олар, ауру адамдар мен медицина қызметкерінің қолы, шаштары, киімдері, аяқ киімдері, қоздырғыштар жұққан құрал-саймандар, медициналық аспаптар, іш киім, төсек-орын жабдықтары, ауруларға күтім көрсетуде қолданылатын заттар, құйылатын қан және қан алмастырушы заттар, парентералды жолмен енгізуге арналған ерітінділер, тігетін және таңатын материалдар, стерильді емес және концентрациясы жеткіліксіз дезинфекциялаушы заттар, түтік сүңгілер, науқастардың биосубстраттары (қан, нәжіс, зәр, қақырық, шырышты қабықшалардың бөлінділері), тағам, су, т.б.
АІИ қоздырғыштары- патогенді және шартты-патогенді микроағзалар. АІИ ең жиі тудыратын патогенді микрофлораға гепатит В, С, ЖИТС, грипп, аденовирус инфекциялары, полиомиелит қоздыратын вирустар, Коксаки, ЕСНО вирустары және басқа да, бұрыннан белгілі, бактериялық инфекция қоздырғыштары жатады. Бірақ, АІИ дамуында негізгі рольді шартты-патогенді микроағзалар атқарады. Оларға жататындар стафилококктар (St. aureus, St.epidermidis, St. saprophyticus), стрептококктар (Str. pyogenes, Str. viridans, Str. pneumoniae), протей (Pr. vulgaris, Pr. mirabilis), эшерихалар (E. coli), сальмонеллалар, Pseudomonas, клебсиеллалар, бактероидтер, энтерококктар, клостридийлер, көк-іріңді таяқша, Candida, Aspergillus текті саңырауқұлақтар, пневмоцисталар, т.б.
АІИ этиологиялық құрылымында үнемі белгілі бір өзгерістер болып тұратынын айта кету керек. Мысалы, 20 ғасырдың 30-40 жылдарында стрептококк инфекциялары, газды гангрена, сіреспе, көкжөтел, қызылша, дифтерия, желшешек жиі кездесетін. 50-60– жылдарда басым -стафилококк инфекциялары болды, оларды ең жиі қоздыратын St. aureus. болды. 20 ғасырдың екінші жартысы грамм теріс микроағзалар: протей, эшерихалар, көк-іріңді таяқша, және аурухана ортасында бұрын сирек кездесетін, легионеллалар, иерсинийлер сияқты, микроағзалар тудыратын АІИ-дің жиілігі едәуір өсуімен сипатталды.
Аурухана ішілік инфекцияның клиникалық көріністері әр түрлі. Бұл, бұрыннан белгілі жұқпалы аурулар – қызамық, қызылша, вирустық гепатит, сальмонеллездер, тілме, желшешек және басқалар болуы мүмкін. АІИ басқа топтарына жалпы (сепсис) және жергілікті сипаттағы іріңді-септикалық (іріңді ісік, флегмона, отит, желін сау, қуықтың қабынуы, уретрит, пиелонефрит, пиодермия т.б.) аурулар жатады. АІИ құрылымында іріңді-септикалық инфекциялар бірінші орын алады, екінші орында - балалардың жедел ішек инфекциялары, үшінші орында - парентералды инфекциялар.
Аурухана ішілік инфекциялар, аурухана ортасының өте қауіпті туындысы болып табылады. АІИ хирургиялық науқастардың операциядан кейінгі кезеңінің ағымын, жүктілік кезеңінің, босануының және босанғаннан кейінгі кезеңінің өтуін асқындырады, жаңа туған балалардың және басқа жас топтарындағы аурулардың өлім-жітімі көбеюінің себебі болады. Жүрекке, бүйрекке, өкпеге және басқаларға өте жақсы жасалған операциялардың өзінде инфекцияның қосылуы, негізгі ауруының ағымын шұғыл асқындырады, өміріне қауіп тудырады. Вирустық гепатит В,С және Е, ЖИТС сияқты инфекцияларды жұқтыру өмірін қысқартады, ең ақырында өлімге әкеп соғады. АІИ қосылуының барлық жағдайларында да, аурулардың стационарда болу уақыты немесе амбулаторияда емдеу мерзімі едәуір ұзарады, мұндай ауруларды емдеуге кететін шығын және олардың өздерінің материалдық шығындары да көбейеді.
АІИ алдын алу, инфекция көзін анықтауға, аурухана ішілік ортаның ластануының алдын алу, әр түрлі жолдармен қоздырғыштардың берілуінің алдын алуға, қоздырғыштарды жоюға және ауру адам ағзасының резистенттілігін арттыруға бағытталған шаралар кешені болып саналады (10.5.-кесте).
АІИ алдын алудағы әр түрлі шаралардың ролін жұқпалы аурулар бөлімінің мысалында талдаймыз. АІИ алдын алу мәселелерінің негізгілерінің бірі- сәулеттік-жоспарлау шаралары болып табылады, себебі, АІИ-ң алдын алуды тиімді жүргізудегі оның мүмкіншілігі, көбінде жер телімінің таңдалуының, аурухананың елді мекенде орналасқан жерінің, олардың аумағын зоналарға бөлудің, құрылыс жүйесін таңдаудың, ішкі жоспарлануының, негізгі бөлімшелірінің жабдықталуы дұрыстығымен анықталады. Жұқпалы аурулар ауруханасын дұрыс орналастыру және жоспарлау науқастардың, медицина қызметкерлерінің және келіп-кететін адамдардың аурухана ішілік инфекцияны жұқтыру қаупін, инфекцияның ауруханадан сыртқа шығуын төмендетуі керек. Мысалы, жұқпалы аурулар ауруханасын елді мекеннің шетінде орналастыру қолайлы деп есептеледі, бұл, инфекцияны халық арасында таралу мүмкіншілігін азайтады.