6. Халықтың радиациялық қауіпсіздігінің негіздері. 6.1. Иондаушы сәулеленулердің ашық және жабық көздерінің әсер етуі кезінде кәсіби топтағы адамдар мен халықты қорғау жөніндегі гигиеналық шаралар Радиациялық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары (негіздеу, қолайлы ету, нормалау) және радиациядан қорғау жөніндегі талаптар сақталса, қызметкердің, халықтың және қоршаған табиғи ортаның радиациялық қауіпсіздігі қамтамасыз етілген деп саналады.
Негізгі қағидаларының жүзеге асырылуын бақылау, келесі талаптардың орындалуын тексеру жолымен жүргізілуі тиіс:
1) негіздеу қағидасы (иондаушы сәулелену көздерін пайдалану кезінде адамның және қоғамның алатын пайдасы, оларды қолдану кезіндегі ТРФ-ға қосымша сәулеленуге ұшырауы келтіретін қауіп-қатер мүмкіншілігінен аспайтын болса, оларды пайдалану жөніндегі барлық іс-әрекеттерге тыйым салу) сәулеленудің жаңа көздерін және радиациялық нысандарды жобалау, лицензия беру, радиациялық қауіпсіздік жөнінде ережелер мен нормаларды және гигиеналық нормативтерді дайындау және бекіту туралы, сондай - ақ оларды пайдалану жағдайлары өзгерген кезде, өкілетті органдар шешім қабылдайтын сатысында қолданылуы тиіс.
Радиациялық апат жағдайларында негіздеу қағидасы сәулелену көздеріне және сәулеленуге шалдығу жағдайларына емес, қорғану шараларына жатады. Пайдасының мөлшері ретінде берілген шараларды жүргізу арқылы болдырылмаған дозаны бағалау керек. Алайда, сәулелену көздерінің бақылаудаболуын қалпына келтіруге бағытталған шаралар міндетті түрде жүргізілуі тиіс;
2) қолайлы ету қағидасы әлеуметтік және экономикалық факторларды ескеріп, сәулеленуге ұшыраудан алатын жеке адамның дозасын да, және ұжымдық дозаны да мүмкіндігінше төмен (НРБ-99 бекіткен шектерден төмен) және қол жеткізерлік деңгейде ұстауды қарастырады;
Радиациялық апат жағдайларында доза шектерінің орнына деңгейі жоғарырақ кірісу деңгейлерін қолданылғанда, қолайлы ету қағидасы алдын ала болдырмайтын сәулелену әсерінің дозасын және кірісумен байланысты шығынды ескеріп, қорғану шараларын ұйымдастыруда қолданылуы тиіс.
З) нормалау қағидасын адамдардың сәулеленуге шалдығу деңгейіне қатысы бар барлық адамдар сақтауы тиіс; бұл қағида азаматтардың иондаушы сәулеленудің барлық көздерінен сәулеленуге ұшыраудан алатын дозаларын «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңымен, РҚН-99 және басқа да радиациялық қауіпсіздік нормативтерімен бекітілген жеке адамдарға арналған доза шектерінен асырмауды қарастырады.
Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең маңызды бөлігі, радиациялық қауіпті нысандарды жобалау кезеңінен бастап жүргізілетін радиациялық бақылау болып табылады.
Радиациялық бақылаудың мақсаттары:
қалыпты жұмыс істеу кезінде, радиациялық қауіпсіздік қағидаларының және бекітілген негізгі доза шектері мен рұқсат етілген деңгейлерден аспауын қоса есептегенде, нормативтер талабының сақталу дәрежесін анықтау;
радиациялық апаттар жергілікті жерлердің және ғимараттардың радионуклидтермен ластануы, сондай- ақ аумақтарда және ғимараттарда табиғи сәулеленуге шалдығу деңгейі жоғары жағдайларда қорғануды қолайлы ету және килігу жөнінде шешім қабылдау үшін қажетті ақпараттар алу.
Радиациялық бақылауға жататындар:
сәулелену көздерінің, атмосфераға шығатын шығарындылардың, қатты және сұйық қалдықтардың радиациялық сипаттамасы;
жұмыс орындарында және қоршаған ортада технологиялық үрдістер тудыратын радиациялық факторлар;
ластанған аумақтардағы және табиғи сәулеленуге ұшырату деңгейі жоғары ғимараттардағы радиациялық факторлар;
Қызметкер мен халықтың, РҚН-99 қүші таралатын барлық сәулелену көздерінен сәулеленуге ұшырау деңгейлері.
Жоғарыда келтірілген радиациялық бақылау саласында қолданылатын кейбір түсініктерге толығырақ тоқталамыз. Сонымен, РҚН-99 сәйкес, сәулелену көздерін қалыпты (бақыланатын) пайдалану жағдайларында сәулеленуге ұшырайтын адамдардың келесі санаттары белгіленген:
қызметкер (А және Б топтары);
бүкіл халық және оның ішінде өндірістік жұмыс сферасы мен жағдайынан тыс уақытындағы қызметкер қатарындағы адамдар.
Сәулеленуге ұшырайтын адамдардың санаттары үшін нормативтердің келесі үш класы орнатылған:
негізгі доза шектері (ДШ), 12.6 - кестеде көрсетілген;
негізгі доза шектерінің туындылары болып келетін монофакторлық әсердің (бір жолмен радионуклид үшін немесе сыртқы сәулеленудің бір түрі үшін) рұқсат етілген деңгейлері: жылдық (ағзаға) түсу шегі, рұқсат етілген орташа жылдық көлемдік белсенділік (РЕКБ), рұқсат етілген орташа жылдық меншікті белсенділік (РЕМБ) және басқалар;
бақылауда тұрған деңгейлер (дозалар, деңгейлер, белсенділіктер, ағын тығыздықтары және т.б.)
Бұлардың мәні ұйымда қол жеткізген радиациялық қауіпсіздік деңгейін ескеруі және радиациялық әсер деңгейі рұқсат етілген деңгейден төмен болатын жағдайды қамтамасыз етуі қажет. Бақылауда тұрған деңгейлерді мемлекеттік санэпидбақылау органдарымен келісім бойынша, мекеменің әкімшілігі орнатады.
Сәулеленуге ұшыраудың негізгі доза шектеріне табиғи және медициналық сәулеленуге ұшыраудан алатын дозалар, сондай-ақ радиациялық апат (авария) салдарынан алатын дозалар кірмейді. Оларға арнайы шектеулер орнатылады. Қызметкердің жұмыс істейтін кезеңіндегі (50 жыл) эффективті дозасы – 1000 мЗв, ал халық үшін бүкіл өмір сүретін кезеңінде (70 жыл) – 70 мЗв аспауы қажет. Кезеңдердің басталуы 1 қаңтар 2000 жылдан енгізілінген.
Қызметкер мен халықтың сәулеленуге ұшырауының рұқсат етілген дозасы ИС биологиялық әсері туралы білімдердің жиналуы және тиімді қорғану шараларын дайындау барысында қызметкер үшін 600 мЗв-тен (1946 ж.) 20 мЗв-ке дейін (1999 ж.) төмендетілген.
Адамға бір мезгілде ішкі және сыртқы сәулеленуге ұшырататын көздері әсер еткен кезде, жылдық эффективті доза орнатылған доза шектерінен аспауы қажет. (кесте- 12.6)
Жабық көздерін қолдану кезінде радиациялық қауіпсіздік жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қорғану шаралары, иондаушы сәулеленулердің таралу заңдарын және олардың затпен өзара әсерлесу сипатын білуіне негізделген.
Бұл заңдылықтардың ішіндегі негізгілері келесілер:
а) сыртқы сәулелену әсерінің дозасы сәулелену қарқындылығына және әсер ету уақытына пропорционал;
б) сыртқы нүктелік көзден сәулелену қарқындылығы онда уақыт бірлігінде пайда болатын кванттардың немесе бөлшектердің санына пропорционалды және арақашықтықтың квадратына кері пропорционалды (созылыңқы көздері үшін бұл байланыстылық күрделірек).
в) сәулеленудің қарқындылығы экрандардың көмегімен азайтылуы мүмкін.
Осы заңдылықтардан ИС жабық көздерін қолдану кезіндегі радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі қағидалары шығады:
1. «Мөлшері арқылы қорғау» - сәулелену көздерінің қуатын ең аз мөлшерге дейін азайтуға, яғни белсенді заттардың ең аз белсенділігімен жұмыс істеуге негізделген. Бұл шара сәулеленудің қуаты тура пропорцияда азаюына негізделген. Қорғанудың бұл әдісі кеңінен қолданылмайды, себебі ол технология үрдісінің қойылатын талаптарымен шектеледі. Оның үстіне, сәулелену көзінің белсенділігін төмендету сәулеленудің әсер ететін уақытын ұзартады.