Н. Ж. Жақашов, Ж. Ж. Бекмағамбетова, М. Е. Жоламанов, Қ.Қ. Тоғызбаева


Су сапасының адам денсаулығына әсері



бет57/296
Дата02.10.2023
өлшемі9,48 Mb.
#112645
түріОқулық
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   296
Байланысты:
Учебник Гигиена-каз

4. Су сапасының адам денсаулығына әсері
Су факторларына байланысты барлық ауруларды екі үлкен топқа бөлуге болады:
- судың биологиялық құрамына байланысты аурулар тобына;
- судың химиялық құрамына байланысты аурулар тобына.
Судың биологиялық ластануы адамдарда жұқпалы және паразиттік аурулар туғызатындықтан, эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті екендігі айтылды.
Судың химиялық құрамына байланысты ауруларды да (жұқпалы емес ауруларды) екі топқа бөледі:
- судың табиғи химиялық құрамына байланысты ауруларға;
- судың антропогендік химиялық ластануымен байланысты ауруларға.
Микроэлементтердің (йод, бром, фтор, селен, стронций, молибден, кобальт және басқалардың) биологиялық белсенділігі жоғары болғандықтан, олар адам ағзасында көптеген физиологиялық және зат алмасу үрдістерінің қалыпты жүруіне жағдай жасайды, минералдық заттардың алмасу үрдістеріне қатысады және түрлі биохимиялық реакциялардың катализаторы ретінде ағзадағы жалпы зат алмасуына әсер етеді.
Бірақ, ағзадағы микроэлементтердің мөлшері олардың қоршаған орта нысандарының құрамында (оның ішінде суда да) болуына тікелей байланысты болғандықтан, кез келген микроэлементтің суда немесе басқа орталарда жеткіліксіздігі, не артық мөлшерде болуы, адам ағзасының әртүрлі функцияларының бұзылуына немесе аурулардың пайда болуына әкелуі мүмкін.
Микроэлементтер жер қыртысында біркелкі тарлмағандықтан, белгілі бір аудандардағы су, топырақ және өсімдіктер құрамында олардың мөлшері жеткіліксіз немесе артық болады. Бұндай аудандар биогеохимиялық провинциялар деп аталады, олар табиғи және антропогендік болуы мүмкін, ал осы аудандардағы тұрғындар арасында микроэлементтердің жеткіліксіз немесе артық болуы себебінен пайда болған аурулар геохимиялық эндемиялар деп аталады. Бұндай аурулардың көбі су факторымен байланысты .
Ауыз судың сапасы жөніндегі Нұсқаулықтың 4-ші басылымын дайындау барысында (2003 ж.) БДДҰ сарапшыларының Римдегі мәжілісінде судың химиялық құрамымен байланысты, оның ішінде, суда анықталған заттардың адамның денсаулығы мен көңіл-күйіне әсері жөніндегі, көптеген мәселелер қарастырылды. Ең жақсы зерттелген геохимиялық эндемияларға фтордың жетіспеушілігімен немесе артық болуымен және йод, стронций, кобальттің жетіспеушілігімен байланысты геохимиялық эндемиялар жатады.
БДДҰ сарапшылары, фторды ауыз суымен қолайлы мөлшерде қабылдау - тіс саулығының маңызды факторы деген қортынды жасаған. Сонымен бірге, фторды артық мөлшерде қабылдау тіс флюорозына, ал одан да жоғары мөлшері қаңқаның флюорозына әкеп соғатыны айтылды. Флюороз (fluorosis) – ауыз суда фтордың жоғары мөлшерде болуынан, фтордан улануға байланысты ауру. Флюороздың алғашқы белгілерінің бірі – тістің зақымдануы (тіс эмалінің гипоплазиясы). Флюороздың пайда болуының дәл механизмі әлі де соңына дейін толық зерттелмеген. Мамандардың пікірінше, зақымдаушы фактор амелобластарға уытты әсер етіп, эмальдің дұрыс қалыптаспауына себеп болады.
Фтор – ағзада физиологиялық роль атқаратын, маңызды элемент болып саналады. Фтор адамның барлық мүщелерінің құрамына кіреді, бірақ, негізінен, сүйек пен тісте көбірек кездеседі. Ересек адам бір тәулігіне азық-түлік өнімдерімен бірге орта есеппен 0,5-1,1 мг, ал сумен бірге 2,2-2,5 мг/л фтор қабылдайды. Азық-түлік құрамындағы фтор, судағы еріген фторидтерге қарағанда, нашар сіңіріледі. Ауыз суда фтор неғұрлым көп болса, флюороз- жиі, ал кариес – сирек кездеседі.
Флюорозбен, негізінен, туғаннан немесе 3-4 жастан бері эндемиялық аймақта тұратын балалардың тұрақты тістері (сүт тістері - сирек) көп зақымданады. Фтордың мөлшері қалыпты деңгейден сәл ғана жоғары болғанда, баланың азу тістері, ал өте жоғары болғанда, барлық тістері зақымданады.
Ағзаға түскен фтордың көп бөлігі бүйрек пен тер бездері арқылы шығарылатыны, ал аз бөлігі ағзада ұсталынып қалатыны анықталды. Бұнымен қатар, эндемиялық аудандардағы тұрғындардың көпшілігінің тістерінде едәуір өзгерістер болған жағдайда, кейбір адамдарда тістерінің жеңіл зақымданулары болады, мұндай аудандарда, тіпті тістері түгелдей сау балалар да кездеседі. Бұл демек, суда фтордың концентрациясы бірдей болғанымен, олардың түсуіне ағза әр түрлі реакция беруі мүмкін деген сөз.
Мемлекеттік стандарттарға сәйкес, фтордың су көздеріндегі шектік рұқсат етілген концентрациясы - 1,5 мг/л. Айта кету керек, бұндай концентрациясында да тіс флюорозы кездесуі сирек емес. Фтордың судағы концентрациясы 1,0-1,5 мг/л болғанда, флюороз тұрғындардың 30%-да дамиды, 1,5-2,0 мг/л - 30-40%-да, 2,0-3,0 мг/л болғанда, эндемиялық ауданның 80-90% тұрғындарында байқалады. Ұзақ ауқыт бойы құрамында фтордың мөлшері жоғары ауыз суды қабылдау үлкен адамдардың қалыптасып болған тістерінің эмалінің түсін өзгерте алмайды. Судағы фтордың концентрациясы 6 мг/л асқанда ғана үлкен адамдардың қалыптасып болған тістерінде өзгерістер тудыру мүмкін. Айта кету керек, климаты ыстық аудандарда, ауыз суда фтордың мөлшері орташа (0,5-0,7 мг/л) болғанның өзінде, тістің айқын флюорозы байқалуы мүмкін. Бұл ыстық климат жағдайында ағзаның суды көп қабылдауына байланысты. ТМД елдерінің территориясында флюороз ауруының ошағы барлық дерлік республикаларда бар, бірақ бұл аурудың клиникалық белгілері әсіресе, Украина, РФ, Әзірбайжан, Молдавия, Қазақстанның территорияларында көбірек анықталды.
Клиникалық бақылаулардың нәтижесінде, ауыз судағы фтордың қолайлы мөлшері 1 мг/л болатыны белгілі болды, бұндай концентрацияда флюороз сирек кездеседі (немесе оның жеңіл түрі байқалады) және тісжегі дамуын тоқтатын эффект анық байқалады. Тіс флюорозы көріністерінің ауырлығына байланысты олардың штрих түріндегі, дақты, бор тәрізді дақ, эрозиялы және деструктивті түрлерін ажыратады. Бірінші үш түрі тіс тіндерін бүлінуінсіз жүреді, ал эрозиялы және деструктивті түрлері тіс тіндерінің бүлінулерімен жүреді
Ауыз су құрамында йод жетіспейтін биогеохимиялық провинциялар да бар. Йодтың жетіспеушілігі, қалқанша бездің ұлғайымен, бой өсуі, ақыл-ой және дене дамуының тежелуімен білінетін, зоб ауруының пайда болуына әкеп соғады. Таулы жерлердің суларында (Қазақстанның оңтүстік аудандары), қара топырақты емес, шымды-ақшыл сұрғылт түсті, және батпақты топырақтарда (Полесье, Солтүстік Кавказ, т.б.) йодтың мөлшері аз болады. Қалқанша бездің қалыпты жұмыс істеуі үшін, ағза тәулігіне 100-200 мкг йод түсіп отыруы керек, ол ауыз суы мен тағамдық азықтарды қабылдаумен қамтамасыз етіледі. Қоршаған ортада йодтың мөлшері жеткіліксіз жағдайда тамақ өнімдерге (ас тұзын, нанды) йод қосу әдісі қолданылады.
Шығыс Сібірдің, Чита және Амур облыстарының кейбір аудандарының табиғи суларында кальций аз, бірақ стронций көп. Бұндай суларды ұзақ уақыт ішуге пайдаланғанда, сүйектену үрдістері бұзылады (стронций кальцийді ығыстырып шығарады), ауыр кемтарлықтардың себептері болатын, сүйектердің сынғыштығы және деформациясы пайда болады. Бұл ауру уров ауруы деп аталады (ең алғаш рет Уров өзенінің ағысы бойындағы аудандарда анықталғандықтан). Уров ауруының эндемиялары Солтүстік Корея, Солтүстік Қытай, Швецияда да байқалған.
Микроэлементтерден басқа, адам ағзасына суда болатын түрлі минералдық тұздардың артық немесе аз мөлшері де әсер етеді.
Минералдылығы өте жоғары су ағза тіндерінің гидрофильдік қасиетінің жоғарылауына, диурездің төмендеуіне, ағзада судың ұсталынып қалуына ықпал етеді. БДДҰ сарапшыларының пікірінше, минералды заттардың ағзаға жалпы түсуіне қосатын үлесін есепке алу үшін, табиғи суларда олардың тек кейбіреулері ғана жеткілікті мөлшерде болады. Кермек суды қабылдаған жағдайда, екі элемент - магний және мүмкін кальций адам ағзасына судан елеулі мөлшерде түседі. Бұл қорытынды 50-жылдық кезеңді қамтыған, 80 эпидемиологиялық зерттеулердің негізінде жасалған. Жүргізілген зерттеулер, негізінен экологиялық сипатта болғанымен және әртүрлі деңгейде жүргізілгенімен, сарапшылар, кермек су қабылдау мен жүрек-қан тамырлары ауруларының жиілігі арасындағы байланыс туралы болжамды дұрыс деп мойындады, ал судағы аса маңызды пайдалы құрам бөлігі деп магнийді есептеу керек екенін көрсетті. Бұл шешім бақылау және клиникалық зерттеулер нәтижесінде толық дәлелденді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда минералды заттары аз суды қабылдау, сұйықтың бөлінуін күшеюіне әкеп соғатын, гомеостаздың механизміне және ағзадағы су мен минералды заттардың алмасуына зиянды әсер ететіні дәлелденген. Бұл жасуша ішілік және жасуша сыртындағы иондардың биологиялық сұйықтардан бөлінуімен және олардың теріс балансымен байланысты. Бұнымен бірге, ағзадағы судың жалпы мөлшері және су алмасудың реттелуіне қатысатын кейбір гормондардың функционалдық белсенділігі өзгереді.
БДДҰ сарапшыларының адам ағзасына жүргізген тәжірибелерінің (1980) нәтижесі осыған ұқсас көріністі анықтады, бұл минералдану дәрежесі 100 мг/л дейін судың су мен минералды заттар алмасуына әсерінің негізгі механизмін сипаттауға мүмкіндік берді:
1. диурездің (қалыпты деңгеймен салыстырғанда, 20%-ға); ағзадағы сұйықтың және сарысудағы натрийдің концентрациясының жоғарылауы
2. сарысудағы калийдің концентрациясының төмендеуі;
3. ағзадан натрий, калий, хлоридтер, кальций мен магний бөлінуінің жоғарылауы.
Ресей ғалымдарының зерттеулері, құрамында минералды заттары аз суды пайдаланатын тұрғындардың түрлі ауруларға шалдығу қаупі жоғары болатынын көрсетті. Бұл гипертензия (артериялық қысымның жоғары болуы) мен коронарлық қан тамырларындағы өзгерістер, асқазан мен он екі елі ішектің жарасы, созылмалы гастрит, зоб, жүктілік кезеңіндегі туындайтын асқынулар, жаңа туылған нәрестелер мен сәбилерде пайда болатын сары ауру, анемия, сүйектің сынуы мен өсу үрдістерінің түрлі проблемалары (Мудрый И.В., 1999). Дегенмен де, осы аурулардың барлығы да дәл кальцийдің, магнийдің және басқа да маңызды элементтердің жеткіліксіздігіне байланысты ма әлде басқа факторларға байланысты ма, бұл әлі соңына дейін толық анықталмаған.
Кейде ағзаға заттардың жеткіліксіз деңгейде түсуінің салдары ұзақ жылдардан кейін ғана белгілі болады, бірақ жүрек-қан тамыр жүйесі кальций мен магнийдің жетіспеушілігіне едәуір жылдам жауап қайтарады. Кальций және/немесе магний жетіспейтін суды бірнеше ай пайдалану, бұған жеткілікті мерзім болып табылады (Е.Рубенович және басқалар., 2000).
Г.Ф. Лютайдың (1992) мәліметтері бойынша, Ресейдің Усть-Илим аймағындағы минералдануы төмен суды қабылдайтын тұрғындар зоб, гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, асқазан мен он екі елі ішектің жарасы, созылмалы гастрит, холецистит және нефрит сияқты аурулармен жиі ауыратыны анықталды. Жас балалардың дамуының баяулауы, бойларының өсуінде кейбір ауытқулар пайда болуы, жүкті әйелдерде – ісіну мен анемия және жаңа туылған сәбилердің жиі ауыратыны байқалды. Аурушаңдықтың ең төменгі деңгейі судағы кальций мөлшері 30-90 мг/л, магний – 17-35 мг/л, ал жалпы минералдануы – 400 мг/л шамасында (гидрокарбонаттар бар суда) болатын аймақтарда байқалған. Автор, осындай су адам ағзасы үшін физиологиялық нормаға жақын деген қорытындыға келген.
БДДҰ бір топ зерттеушілері (1980), ауыз су мақсатына минералдануы 100 мг/л кем емес суды қолдануды үсынады. Хлоридті-сульфатты сулар үшін судың қолайлы минералдануы – 200 - 400 мг/л, ал гидрокарбонатты сулар үшін - 250-500 мг/л құрайды.
Суда азот қышқылы тұздарының (нитраттардың) жоғары мөлшерде болуы, қанда, әсіресе, жас балалардың қанында метгемоглобиннің түзілуіне әкеп соғады, оның салдарынан, гипоксиямен сипатталатын, өте ауыр ауру –уытты цианоз (метгемоглобинемия) пайда болады.
Суға өндірістік ағынды сулармен бірге әр түрлі уытты заттар: мышьяк, қорғасын, сынап, кадмий, диоксиндер, фенол, т.б. түсуі мүмкін. Бұндай жағдайда су бірқатар жұқпалы емес аурулардың пайда болуына себеп болуы мүмкін.
Су нысандарының уытты заттармен ластануының тірі ағзаларға зиянды әсер ететіндігі жөнінде келесі мәліметтер дәлел бола алады.
Қазақстанда өнеркәсіптің қарқынды даму кезеңінде, Кеңестік өкімет кезінде – ақ, Балқаш көлі біртіндеп тартыла бастаған. 30-40 жылдың ішінде көлдің ауданы 2000 км2 аса қысқарды. Көлдің жағалаулары екі метрден артық шегініп кетті. Кейбір шығанақтардың орнында сор пайда болды. 60-шы жылдары жергілікті балықшылардың көлден аулаған ауына бүкіл денелері жаралармен және фибросаркомамен жарақаттанған көксерке балықтары түсе бастаған, бұны Балқаш тау-металлургия комбинатының іс-әрекетімен байланысты деп санайды.
30 жылдан кейін ауруға ұшыраған балықтардың санын ешкім санамайтын да болды. Ал қазіргі кездегі космостан түсірілген суреттермен дәлелденген, экологтар мен биологтардың қойған диагнозы қатты қапаландырады. Қазіргі кезде су гигиенасы саласында адам ағзасына ауыз сумен түсетін металдардың уытты әсерінің кейбір ерекшеліктерін анықтайтын ауқымды деректі материал жинақталды. Ағзаға ауыз сумен түскен металдардың улылығы туралы мәліметтер, бұл биологиялық белсенді химиялық заттардан уланудың, олардың мөлшеріне байланысты екенін дәлелдейді. Көптеген металдардың ағзаға уытты әсері өзіне тән және өзіне тәне емес те эффектілер түрінде байқалады. Металдардың аз ғана мөлшері әсер еткен кезде, өзіне тәне емес эффектілері жетекші рөл атқара бастайды.
Г.Н.Красовский және авторластардың (1992) пікірінше, суда бірнеше металдар бір уақытта болған жағдайда, судың металдармен ластануының гигиеналық бағалауы, басқа химиялық заттарды да бағалау сияқты, эффектілердің қосылуын есепке ала отырып жүргізілуі тиіс. Бұл кезде судағы металдардың рұқсат етілген шектік мөлшері олардың санына сәйкес төмендетіліп, кей кезде бұл металдардың суаттардың ластанбаған учаскелеріндегі анықталатын концентрацияларынан да төмен болуы мүмкін.
Металдардың кешенді және аралас әсерін зерттеу медико-биологиялық зерттеулердің аса маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Тек, деректі материалға негізделген, биологиялық белсенді химиялық заттардың ағзаға әсер етуінің маңыздылығын дұрыс ұғыну ғана, тұрғындардың денсаулығы үшін қауіпсіз су пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді (Онищенко Г.Г., Новиков С.М., Рахманин Ю.А. және басқалар, 2000).
Бірнеше ондаған жылдардан бері Қытайда, Тайваньда және басқа да Орталық және Оңтүстік Америка елдеріндегі тұрғындардың ауыз суы құрамында мышьяктың концентрациясы жоғары екені белгілі. Кейінірек, ауыз су құрамында мышьяктың концентрациясы жоғары, басқа да аудандар анықталды. Көп жағдайларда, құрамында мышьяк бар геологиялық жыныстардан мышьяк түсетін, жер асты грунт сулары ауыз су көздері болып табылады.
Ауыз суда мышьяктың арсенаттар мен арсениттер түріндегі бейорганикалық қосылыстары басым болады. Ауыз судың құрамында мышьяк жоғары мөлшерде болатын аудандардағы тұрғындардың онкологиялық ауруларымен аурушандығын және өлім-жітімін зерттеу қуық, өкпе және терінің обырынан өлім-жітімнің жоғары болатынын анықтады. Бұл, ауыз судағы мышьяктың адам ағзасы үшін канцерогенді зат екенін қорытынды жасауға мүмкіндік берді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   296




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет