Н. Ж. Жақашов, Ж. Ж. Бекмағамбетова, М. Е. Жоламанов, Қ.Қ. Тоғызбаева



бет58/296
Дата02.10.2023
өлшемі9,48 Mb.
#112645
түріОқулық
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   296
Кадмийдің кез келген түрі қауіпті. Оның 30-40 мг мөлшерінің өзі, өлімге әкеп соғады. Бұл металл ағзадан өте нашар шығарылады,тәулігіне - 0,1 % ғана. Ағзаның кадмийдан улануының ерте белгілері бүйрек пен жүйке жүйесінің зақымдануы, зәрде белоктың болуы, жыныс мүшелері қызметінің бұзылуы (аталық жыныс бездеріне әсері), арқа және аяқ сүйектерінің қатты ауруы болып табылады. Сонымен бірге, кадмий өкпенің қызметінің бұзылуына әкеледі, канцерогендік әсері бар, бүйректе жиналады (бүйректің 1 г массасына шаққанда, Cd 0,2 мг тең мөлшері ауыр улануға әкеп соғады). Кадмийдің ағзаға артық мөлшерде түсуі қан аздықтың, бауыр зақымдануының, кардиопатияның, өкпе эмфиземасының, остеопороздың, гипертонияның дамуына және қаңқаның пішінінің өзгеруіне әкеп соғуы мүмкін.
Ағзада темірдің жетіспеуі кадмийдің жинақталуын күшейтеді, ол Zn пен Se жетіспеген жағдайда тез жиналады. Кадмийдің артық болуы Zn пен Se жетіспеушілігін туғызады және күшейтеді.
Қорғасын, тірі ағзаларға әсер ету дәрежесіне қарай, мышьяк, кадмий, сынап, селен, мырыш, фтор және бенз(а)пиренмен бірге өте қауіпті заттар тобына жатады. Қорғасынның адам үшін қауіптілігі, оның улылығымен және ағзада жинақталу қабілетімен анықталады. Қорғасынның түрлі қосылыстарының улылығы әр түрлі: қорғасын стеаратының улылығы - аз, бейорганикалық қышқыл тұздарының (қорғасын хлориді, қорғасын сульфаты, т.с.с.) – жоғары, ал алкилді қосылыстарының, атап айтқанда, тетраэтилқорғасынның («этилен сұйығы»), улылығы өте жоғары болады.
Адам ағзасына қорғасынның көп бөлігі (әр түрлі елдерде және жас құрамына байланысты әртүрлі топтарда - 40 -70% дейін) тамақ өнімдерімен, сонымен бірге ауыз сумен, атмосфералық ауа арқылы және темекі шегу кезінде түседі.
Әлемнің әр түрлі елдеріндегі ауыз су құрамында қорғасынның мөлшері 1-60 мкг/л арасында аутқиды және көпшілік Еуропа елдерінде 20 мкг/л аспайды.
Қоршаған ортаның қорғасынмен ластануы жаңа туылған сәбилердің денсаулығына зиянды әсер етеді, олардың дене дамуының көрсеткіштері, бақылауға алынған аудандарға қарағанда, төмен болады. Металлургия өндірісі бар қалалардағы тексерілген әйелдердің арасында бедеулік, түсік тастау, токсикоздар саны көбейген, нәрестелердің өлі және әр түрлі кемтарлықтармен: сүйек-буын жүйелеріндегі дефектілер, туа біткен жүрек кеместіктері, т.с.с. аурулармен туылу жиілеген. Туа біткен даму кемістіктерінің жиілігі, ата-аналары металургия комбинатында жұмыс істейтін балалардың арасында жоғары болған.
Сынап, белоктық қосылыстардың сульфгидрильді топтарын зақымдайтын, соның әсерінен тірі ағзалардың белок алмасу мен ферментативті қызметін бұзатын, тиолды улар қатарына жатады. Сынап тұзының 1 г ас қорыту жолымен ағзаға түскенде, өлімге әкеледі. Сынаптың өзіне есептегенде, бұл үшін металдың 150-300 мг жеткілікті болады; зиянды әсерінің белгілері «таза» сынаптың 0,4 мг мөлшерінде –ақ байқалады.
Сынап әсіресе, адамның және басқа да тірі ағзалардың жүйке және зәр шығару жүйелерін қатты зақымдайды. Сынаптың әсерінен жедел (тез және айқын, әдетте, сынаптың мөлшері жоғары болса) және созылмалы (сынаптың аз мөлшері ұзақ уақыт бойына әсер ететін болса) уланулар болуы мүмкін.
Жүкті әйелдерде сынап плацентарлық кедергіден өтіп, ұрықты зақымдайды. Жапония мен Ирактағы белгілі жаппай сынаптан уланудың зардаптарын талдау, бұл металдың органикалық қосылыстарынан жеңіл уланған аналардан сәбилердің ауыр церебралдық салданумен туылғанын көрсетті.
50 – ші жылдары Жапонияның Минамата қойнауы ауданындағы жергілікті тұрғындардың сынаптан жаппай уланғаны өте жақсы белгілі. Бұл қойнауға, винилхлорид өндіруде катализатор ретінде сынап металын қолданған фабриканың ағынды сулары түсіп отырған. Тұрғындардың улануы, осы шығанақтан ауланған, денелерінде жоғары мөлшерде метилсынап жинақталған балықтар мен басқа да теңіз өнімдерін тамаққа қолдануынан болған (бұл ауру осыған байланысты «Минамата ауруы» деп аталды). 1977 жылға қарай Минамата ауруына ұшырағандардың саны 2800 жеткен. Қазіргі кезде әлемнің көптеген – АҚШ, Канада, Швеция, Финляндия, Дания, т.б. елдерінде ластанған су көздерінен ауланған балық, т.б. өнімдерді тамаққа пайдалануға шектеу қойылған.
Диоксиндер түрлі қауіпті аурулар, олардың ішінде - қатерлі ісіктер, психикалық аутқулар, оқуға қабілетілігінің бұзылуы, иммунитетінің төмендеуі, аталық гормондардың азаюы, сусамыр ауруы, белсіздік, эндометрит және т.б. туғызады. «Диоксинді» адамның ағзасы өте әлсіз: оның иммунитет жүйесі бұзылады, кез келген жұқпалы аурулар ауыр өтеді және көп түрлі асқынуларға әкеп соғады. Адам ағзасына бір рет түскен диоксин, онда біржола қалып қояды да, ұзақ уақыт өзінің зиянды әсерін тигізе береді.
Диоксиндердің өте жоғары улылық қасиеті, бұл қосылыстардың молекулалық құрылысына, олардың өздеріне тән химиялық және физикалық қасиеттеріне байланысты. Диоксиндер катализаторсыз қышқылдар мен тотықтырғыштардың әсерінен ыдырамайды, сілтілер әсеріне өте төзімді, суда ерімейді. Диоксиндерге температура да әсер етпейді, олардың жартылай ыдырау кезеңі 10 нан 20 жылға дейін созылады, адам немесе жануар ағзаларына түскеннен кейін, олар ағзада жиналады, өте баяу ыдырайды және ағзадан шығарылады.
Адам ағзасындағы диоксиндердің концентрациясы болмашы ғана - триллионның бөліктерімен есептеледі, бұл ағзада жиналған майдың 1 кг-на шаққанда, грамның миллиардтық бөлігіне тең диоксиннің мөлшері. Бұл деңгей адамның денсаулық жағдайына көңіл аударарлық әсері басталатын табалдырықтық немесе оған жақын деңгей деген пікірлер бар (Е.А.Мамонтова және басқалар., 2002; Б.А.Ревич және басқалар., 2006).
Адам ағзасына су арқылы түсетін радиациялық жүктеме де ғылыми әдебиеттерде көрсетілген. Мысалы, үлкен адамдардың тіндеріне сіңірілген дозаны зерттеу кезінде, ағзаға тек тағаммен және сумен түсіп, оның құрамына енген (инкорпорацияланған) радионуклидтерден (137Cs и 90Sr) сіңірілген доза әр түрлі мүшелерде жылына 4,4 – 102 рад құрайтыны анықталды. Бірақ, БҰҰ АРӘҒК мәліметтері бойынша, тұрғындардың сәулеленуге ұшыраудан алатын жиынтық дозасына ауыз судың қосатын үлесі (кейбір жекелеген аймақтарды есептемегенде) басым емес, ол, негізінен, судағы уран мен торий қатарындағы табиғи радионуклидтерге байланысты. Ауыз суды пайдалану нәтижесінде, сәулеленуге ұшыраудан алатын дозаның қалыптасуына ең көп үлесті уран, радий, радон мен полонийдің изотоптары, азырақ мөлшерде – қорғасын- 210 мен торийдің изотоптары қосады. Ауыз суындағы калий–40, тритий мен көміртектің–14, сонымен қатар, жасанды радионуклидтердің - 137Cs және 90Sr- сәулеленуге ұшыраудан алатын дозаға қосатын үлесі ескерілмейтіндей аз деп санайды.
Сумен қамтамасыз ететін су көздеріндегі табиғи радионуклидтердің мөлшері өнеркәсіп кәсіпорындарының (тау-кен өндірісі және өңдейтін кәсіпорындар, түсті металлургия, көмір өнеркәсібі, керамика өнімдерін, минералды тыңайтқыштар өндіретін кәсіпорындар және басқалардың) ағынды суларының суаттарға ағызылуы және шығарындыларының ауаға ұшуы нәтижесінде жоғарлауы мүмкін.
Сумен қамтамасыз ететін су көздеріндегі жасанды радионуклидтердің мөлшері радиациялық апаттар, сондай-ақ, ядролық энергетика және басқа да кәсіпорындардың ағынды суларының суаттарға ағызылуы және шығарындыларының ауаға ұшуы нәтижесінде жоғарлауы мүмкін (В.Ф.Кириллов және басқалар, 2003; В.Н.Кудрявцев және басқалар, 2006; А.Б.Бигалиев және басқалар, 2007.).
Үлкен адамдармен салыстырғанда, 90Sr – дің ең көп мөлшері, әсіресе, оның жерге қарқынды жаһандық түсуі кезеңінде, кіші жас топтарындағы балалардың сүйек тіндерінде жиналады деп есептейді. Ал ағзаға түсетін 137Cs ас қазан - ішек жолдарынан іс жүзінде толық сіңеді және оның 80% -ға дейінгі мөлшері бұлшық ет тіндерінде жеткілікті дәрежеде біркелкі жиналады. Радионуклидтің ағзадан биологиялық жартылай шығарылу кезеңі оның жасына байланысты болады (Марей А.Н. және басқалар, 1974; Василенко И.Я. және басқалар, 2002).
Қазіргі кезде ғалымдар суды өңдеуде, атап айтқанда хлорлау кезінде, туындайтын қосымша өнімдердің рөлі туралы мәселені зерттеуде. Суды хлорлау нәтижесінде онда жанама өнімдер түрінде хлорланған көмірсутектер, олардың ішінде хлоралгидрат, дихлосірке қышқылы, үшхлорсірке қышқылы және 3-хлор-4- (дихлорметил)-5-гидрокси-2(5Н)-фуран түзілетіні анықталды. Алынған бірмағыналы емес, әрі статистикалық жағынан расталмаған мәліметтер, суды хлорлау адам үшін онкологиялық қауіп-қатер тудыратын фактор деп санауға жеткілікті дәрежеде негіз бола алмайды. Суды зарарсыздандыру үшін қолданылатын хлораминнің онкологиялық жағынан қауіптілігін анықтау мақсатында арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жануарларға жасалған тәжірибелер де хлораминнің канцерогендік қасиеті туралы нақты дәлелдер берген жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   54   55   56   57   58   59   60   61   ...   296




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет