4.2. Елді мекендерді тазартудың гигиеналық негіздері. Елді мекендерді қатты және сұйық қалдықтардан санитарлық тазарту бір-біріне ұқсас кезеңдерден тұрады: қалдықтарды жинау, шығарып тастау, залалсыздандыру және өндеп, қайта пайдалану. Бірақ бұл кезеңдерінің мәні, әрине, қалдықтардың өздерінің сипатына қарай ерекшеленеді.
Қатты қалдықтардан тазарту. Қатты қалдықтарды (қоқысты) жинау және уақытша сақтау жоспарлы-аулалық және жоспарлы-пәтерлік жүйелер бойынша жүзеге асырылады. Жоспарлы-аулалық жүйеде тұрғындар қоқысты ауладағы қоқыс жинайтын жерлерге шығарады, ол жерден қоқыс тасымалдаушылар қоқысты әрбір 2-3 күн сайын залалсыздандырылатын және өндеп, қайда пайдаланылатын орындарға шығарады. Қазіргі уақытта жиі алмастырылатын қоқыс жинайтын контейнерлерді пайдаланады, бұл қоршаған ортаның ластануын азайтады. Жоспарлы-пәтерлік жүйеде пәтерлердегі қоқыс шелектерінде жиналған қоқысты тұрғындар белгілі бір уақытта үйдің жанына келетін қоқыс тасушы көлікке аударып салады. Жоспарлы-аулалық жүйенің кемшілігі, қоқыс жинау үшін арнайы жабдықталған алаңқайлар дайындау қажет болғандықтан, ауа мен топырақ ластанады, жиналған қоқыстар уақытында шығарылмаса, қалдықтар шіріп, шыбындар көбейіп кетеді. Жоспарлы-пәтерлік жүйе санитарлық жағынан анағұрлым тиімді, алайда, тұрғындар үшін қолайсыздықтар тудырады және тек бір-екі қабатты тұрғын үйлер үшін ыңғайлы. 5 қабаттан артық тұрғын үй ғимараттарында арнайы қоқыс төгетін құбырлар қарастырылады. Қоқыс құбырларының қоқыс қабылдаушы камераларында қоқыс жинайтын ыдыстардың саны жеткілікті болуы тиіс, қоқысқа толғанына қарай оларды қоқыс тасыйтын көліктермен шығарып отырады. Қоқыс құбырының барлық элементтері ақаусыз, қоқысты тиеу клапандары герметикалық қақпақтармен жабдықталуы керек. Қоқыс құбырының діңгегі аптасына бір рет тазаланып, жуылып және дезинфекция жасалып тұруы керек.
Қатты қалдықтарды шығару көп жерлерде автокөлік арқылы жүзеге асырылады. Шетелдерде, Швейцария мен Мюнхенде қатты қалдықтарды шығарудың жаңа әдісі – елді мекеннен тыс жерге құбырлармен пневматикалық тасымалдау енгізілген. Қатты қалдықтарды шығарудың мұндай жүйесі қол еңбегін, қоқыс жинағыштарда уақытша сақтауды кәжет етпейді және соларға байланысты салдарын болдырмайды, сондай-ақ аз жүк көтергіш автокөліктің қымбаттығына байланысты, ондай көлікпен автотасымалдауды пайдаланбауға мүмкіндік береді.
Қалдықтардан санитарлық тазартудың ең маңызды элементі, оларды залалсыздандыру болып табылады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандырудың барлық әдістері 2 топқа бөлінеді: өндеп, қайта пайдаға асыру және жою. Өндеп, қайта пайдаға асыру әдістері қоқысты залалсыздандырып қана қоймай, оның бағалы компоненттерін пайдаға асыруды да көздейтін болса, жою әдісі тек залалсыздандыруға ғана бағытталған. Қоқысты қайта пайдаға асыру кезінде қағаз бен шүберектерді қағаз өнеркәсібі үшін, метал бөліктерін металлургия үшін екінші рет пайдаланатын шикізат ретінде бөліп алады, өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарын қайта өңдеп, органикалық тыңайтқыштарға, биоотынға айналдырады, этил спиртін, химия өнеркәсібі үшін шикізат және т.б. алу үшін пайдаланады.
Қоладнылатын залалсыздандыру технологиясына байланысты қатты қалдықтарды залалсыздандыру әдістерінің келесі топтарын ажыратады:
Биотермиялық (компостау, биотермиялық камералар, биотермиялық қайта өңдеу зауыттары, жетілдірілген қоқыс төгетін жерлер);
Термиялық (қоқыс өртеу зауыттары, пиролиз);
Химиялық (гидролиз);
Механикалық (қалдықтарды құрамына қарай бөлу, әр қарай қайта пайдаға асыру, құрылыс блоктарын престеу).
Залалсыздандыру жүйесін таңдау көптеген факторларға байланысты: экономикалық шығындарға, қоқыстың құрамына және жинау жүйелеріне, қоршаған ортаны қауіпті қосылыстармен ластану қауп-қатеріне және т.б. Мысалы, қоқысты жинаудың екі жүйесі қолданылады: унитарлық (бірыңғай) және құрамына қарай бөліп жинау. Унитарлық жүйеде қоқыстың барлық бөлшектерін қоқыс жинақтағыштарға бірге салады. Бөлу жүйесінде тамақ қалдықтары, екінші реттік шикізат, полимер қапшықтар бөлек жиналады. Тамақ қалдықтары малға жем ретінде қолданылады, ал қоқыстың басқа құрамдас бөліктерін залалсыздандыру және қайта пайдаға асыру үшін алға қойылған міндеттерге байланысты тиісті әдістер қолданылады. Қоқысты өртеу, компостауға қарағанда, қымбат әдіс болып табылады, оның үстіне атмосфералық ауаны күлмен және уытты шығарындылармен ластайды. Алайда, егер, қоқыс өртейтін зауыттар қалаға барынша жақын орналасса, қоқысты көлікпен шығаруға жұмсалатын шығын мөлшері азаяды.
Қатты қалдықтарды залалсыздандырудың барынша рентабельді және санитарлық-гигиеналық тұрғыдан өзін-өзі ақтаған әдістерінің бірі биотермиялық әдістер болып табылады. Бұл әдістердің негізінде термофильді микроорганизмдердің қоқысты ыдырауға түсіруі жатыр, олардың тіршілігі арқасында қалдықтардың ішіндегі температура 50-70ºС–қа дейін жоғарлайды, бұл органикалық заттардың ыдырауы мен олардың қарашірікке айналу үрдісін де, патогенді және шартты патогенді микроорганизмдердің, гельминт жұмыртқаларының, шыбын жұмыртқалары мен личинкаларының жойылуы үрдісін де жылдамдатады. Ауа енуі жақсы, қалдықтарда ылғал мен оңай шіритін заттардың мөлшері жеткілікті, термофильдердің саны көп болған кезде, бұл үрдістің қарқындылығы күрт жогарылайды.
Биотермиялық әдістің ең қарапайым варианты,үй-жай учаскесінде, саяжайларда, компостау далаларында кеңінен қолданылатын компостау болып табылады.
Үй-жай учаскелерінде компост үшін тығыздалған саздан алаңқай жасалады, немесе терең емес етіп (0,5 м дейін) траншеялар қазылады. Компостың негізіне, қалыңдығы 10-15 сантиметр, компостаушы материал – торф, бақша топырағы немесе жетілген компост салынады. Осы қабаттың үстіне 15- 20 сантиметр етіп қоқыс қабаты салынады, оған дәретханадағы нәжісті, малдың қиын, құрғақ жапырақтарды, бұтақтарды, пәлекті және т.б. қосуға болады. Одан кейін қайтадан компостайтын материал қабаты мен қоқыс қабаты салынады, осылайша компост биіктігі 1-1,5 м –ге жеткенше жалғаса береді.
Шыбындардың көбейіп кетуінің алдын алу үшін компостың беті топырақпен немесе торфпен жабылады. Компосты үнемі белгілі уақыт өткен сайын жуынды суымен немесе сұйытылған көңмен ылғалдап отырады. Компостың жетілуіне 5 айдан 1,5 жылға дейін уақыт кетеді.
Тұрмыстық қалдықтарды биотермиялық әдістерімен орталықтандырылып өңдеу қаланың сыртында, қалдықтар бүкіл елді мекеннен жиналатын, компостау далаларында жүргізіледі. Қоқысты биіктігі 2 м және ұзындығы 25-30 м етіп қат-қабаттап үйеді, үстіне бір қабат жер немесе шымтезек төгеді және оның сыртын тесіктері бар полиэтилен пленкамен жабады. Компостау үшін eмдеу-алдын алу мекемелерінің қалдықтарын, мал дәрігерлік зертханалардан шыққан қалдықтарды, құрамында белсенді, уытты және дезинфекциялайтын заттардың, смола мен гудронның қоспалары бар қалдықтарды пайдалануға болмайды. Қат-қабат етіп компостау, жеке уй-жай учаскелерінде компостау сияқты, ұзақ мерзімге созылады, сондықтан оны қарқынды етудің әр түрлі әдістерін қолданады. Қат-қабаттарды желдететін өзектердің көмегімен аэрациялау, қалдықтарды алдын ала майдалау және ылғалдау, оқтын-оқтын аудару жүргізеді, бұл залалсыздандыру мерзімін 2-3 айға дейін қысқартуға мүмкіндк береді.
Қатты қалдықтарды жабық әдіспен биотермиялық камераларда залалсыздандыру кезінде органикалық заттардың ыдырау уақыты едәуір қысқарады (40-60 тәулікке дейін, ал қыздырған кезде – 12-20 тәулікке дейін). Қызған ауаны енгізу нәтижесінде, камерларда қолайлы температура режимі қалыптасады және ол оттегімен байытылады. Сондай-ақ, камераға дайын компосты қосу және қалдықтарды араластыру жолмен де залалсыздандыру уақытының ұзақтығын азайтуға болады
Қатты қалдықтарды залалсыздандырудың ең жаңа биотермиялық әдісі компостау зауыттарында залалсыздандыру болып табылады, ол жерде қоқысты өңдеу үрдісі іс жүзінде 5-6 тәулік ішінде аяқталады. Қалдықтарды компостаудың әр түрлі индустриалық әдістері бар. Олардың бірі айналмалы барабандарда компостау («Дано» фирмасының дано-стабилизаторларында, Дания) әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Зауыттардың қуаты – тәулігіне 5-тен 300 тоннаға дейін қалдықтар өңдейді. Қалдықтар үздіксіз ауа келіп тұратын, ақырын айналатын барабанға салынады. Компостау үрдісінің жылдамдауына аэрациялау, барабанның айналуы кезінде қалдықтардың араласуы және майдалануы, барабанның термооқшаулануы есебінен үнемі жоғары температура сақталуы арқасында қол жеткізіледі.
Сондай-ақ, майдаланған қалдықтарды көп қабатты ферментеушілерде компостау әдісі де қолданылады. Қалдықтар алдымен ферментеушінің жоғарғы қабатына береді, ол жерден компосталатын масса қабаттары арасындағы жалюзді торлар ашылғанда төмен орналасқан қабаттарына өтеді. Әрбір қабатында, табиғи немесе жасанды аэрацияны жүргізіп, массаны 1 тәулік бойына ұстайды. Қатты қалдықтарды биотермиялық залалсыздандырудың қайта пайдаға асыру әдістерінің көп артықшылығына қарамастан, әзірше жоятын - жетілдірілген қоқыс төгетін жерлерде немесе сыйымдылығы жоғары полигондарда көму кеңінен қолданылатын әдіс болып қалып отыр (5.1.-сурет). Мысалы, АҚШ-та қоқыс төгетін жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтардың 85% дейінгі, Батыс Европа елдерінде – 50-89% залалсыздандырылады, ал компостау арқылы бұл елдерде қалдықтардың 2-3-тен 18-19%-ға дейінгі бөлігі қайта пайдаға асырылады. Қоқыс төгетін жерді елді мекеннің сыртында, рекреациялық аймақтардан және ауыз сумен қамтамасыз ететін су көздерінен қашық жерлерге орналастырады. Бұл үшін карьерлер мен шұңқырлар, сайлар пайдаланылады немесе арнайы терең шұңқырлар қазылады. Жер қыртысының терең қабаттарына ластаушы заттар өтуінің алдын алу үшін шұңқырдың түбінде су өткізбейтін сазды топырақ немесе жасанды қабат болуы керек. Шұңқырдың түбіне сүзінді жиналатын дренаж салынады. Қалдықтарды топырақ қабаттарымен кезектестіріп, қалыңдығын 1,5-2 м етіп салып, бульдозермен тығыздайды. Қоқыстың жобадағы биіктігіне жеткен соң, оны жоғарғы жағынан грунт және топырақ қабатымен жабады, қалдықтар желмен ұшып және сумен шайылып кетпеуі үшін жасыл желектер отырғызылады. 500 м кем емес санитарлық-қорғаныс аймағы орнатады.