Национальной академии наук республики казахстан



Pdf көрінісі
бет36/58
Дата03.03.2017
өлшемі5,06 Mb.
#5909
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   58

Аннотация:  Мақалада компанияның бәсекелестікке қабілеттілік деңгейі мен клиенттерге қызмет көрсету (сервис) 
сапасының  өзара  бйланысы  айтылады.        Компанияның  бәсекелестікке  қабілеттілігі  деп,  оның  бәсекелестік  күреске 
қабілеті  аталады.      Мақаланың  мақсаты  компанияның  қызмет  көрсету  деңгейіне  әсер  ететін  құралдар  мен  әдістерді 
көрсету  болып  табылады.    Мақаланың  әдіснамасы  бәсекелестікке  қабілеттілік  теориясы  ережелерінің  басқару 
тәжірибесімен ұштасуы аталады. 
 Компанияның  бәсекелестікке  қабілеттілігі  бірнеше  факторларға  байланысты.  Мақалада  тұтыныушыларға  қызмет 
көрсетудегі  сервис  мәселесінің  негізгі  екендігі  айтылады.    Мақала  тақырыбы  мен  мазмұны  өзекті,  себебі  бәсекеге 
қабілеттілік  үнемі  экономист-ғалымдар,  бизнес  иелерінің  және  мемлекеттің  назарында.    Сонымен  бірге  мақалада 
компанияның  сервистік  қызметінің  үнемі  тұтынушыға  бағытталған  даму,  жетілу  үстінде  екендігі.    Компанияның 
бәсекелестікке  қабілеттілікті  жетілдіруге  арналған  шаралары  нарық  жағдайында  алдыңғы  қатарда  болуды  жоспарлаған 
стратегиялық  мақсаттарға  сәйкес  басшылық  шешімдерге  байланысты.    Компанияның  бәсекелестікке  қабілеттіліктегі 
стратегиялық  әдісі  қызмет  көрсетуді  жақсарту,  жетілдіруде  көрінеді,  ол  өз  кезегінде  компанияның  нарықтағы  тұрақты 
дамуының кепілі.    
 Нарық  жағдайындағы    полиграфиялық  өнімдер  мен  қызметтерді  жетілдіруде  компанияның  бәсекелестікке 
қабілеттілігін артырудағы  кешенді ұсыныстардың берілуі мақаланың қорытындысы ретінде айтылады.     
 
 
Поступила 27.03.2015 г. 
 
 
 

Известия Национальной академии наук Республики Казахстан  
 
 
   
218  
N E W S 
OF THE NATIONAL ACADEMY OF SCIENCES OF THE REPUBLIC OF KAZAKHSTAN 
SERIES OF SOCIAL AND HUMAN SCIENCES 
ISSN 2224-5294 
Volume 3, Number 301 (2015) 
 
Many-sided created world of national writer, academician Z. Kabdolov 
 
Zh. Tlepov 
Gulshat_esirkepova@mail.ru 
Kazakh National University named after Al-Farabi, Almaty, Kazakhstan 
 
Key  words:    literature,  writing  on  current  affairs,  translation,  critic,  orator,  essay,  prototype,  genre,  sillabica, 
tonic, science, reader 
Annotation:  In given work there is analysis to creation of many-sided talented, famous writer and big scientist, 
academician Z. Kabdolov.       
                                               
Қарымды қаламгер З. Қабдоловтың шығармашылық әлемі 
 
Ж. Тілепов 
Gulshat_esirkepova@mail.ru 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, Қазақстан 
 
Тірек  сөздер:  әдебиет,  публицистика,  аударма,  сыншы,  шешен,  эссе,  прототип,  жанр,  силлабика, 
тоника, ғалым, оқырман. 
Аннотация.  Қазақ  әдебиеті  мен  ғылымының  аса  көрнекті  тұлғасы  З.Қабдоловтың  шығармашылық 
жолына  барлау  жасалатын  бұл  еңбекте  –  сан  қырлы  талант  иесінің  повестері  мен  романдарына, 
драматургиялық  туындылары  мен  ұлттық  әдебиеттің  ұлы  тұлғалары  туралы  бірегей  зерттеу  еңбектеріне 
бүгінгі күннің талабы тұрғысынан талдау жасалынған. 
 
 
Өмір  бойы  «Әдебиет  –  ардың  ісі»  деп,  сол  әдебиетке  елдің  арындай,  тек  жалқының  ғана  емес, 
жалпақ  жұрттың  –  қалың  қауым  халықтың  ары  мен  намысындай  қарап,  сол  үшін  қайрат  етіп  өткен 
халық  перзенті,  қазақтың  Қабдоловы  атанған  қайраткер  қайсар  жан  –  Зекеңнің  шығармашылық 
болмысы ерекше екені баршаға мәлім. 
Зейнолла аға сан қырлы талант болатын. Ол - ақын, ол – драматург, ол - романист, ол – публицист, 
ол – аудармашы, ол – әдебиет сыншысы, ол – әдебиеттану ғылымының санаулы сардары, көш бастаған 
көсемі, ел ұйып тыңдайтын шешені. Оның 1949 жылы күллі қазақ ақындары қатысқан аламан бәйгеде 
топ  жарып  келуі  қапысыз  ақындығының  көрсеткіші  болса,  1967  жылдан  бастап  ұзақ  уақыт  бойы  М. 
Әуезов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік  академиялық  драма  театры  сахнасында  қойылып,  Серке 
Қожамқұлов,  Нұрмұхан  Жантөрин,  Ыдырыс  Ноғайбаев,  Мүлік  Сүртібаев,  Шахан  Мусин,  Қамал 
Қармысов,  Зәмзәгүл  Шәріпова,  Есболған  Жайсаңбаевтар  сынды  қазақ  өнерінің  ылғи  бір  жайсаңдары 
ойнаған «Сөнбейтін от» драмасы оның үлкен драматург екеніне кепілдік береді. Сондай-ақ, сол театрда 
өткен  ғасырдың  алпысыншы  жылдарында  көрермендерін  көзайым  еткен  Назым  Хикметтің  «Елеусіз 
қалған есіл ер» пьесасының тәржімасы мен ертерек кезде  
А. Пушкин, Н. Гоголь секілді қуатты сөз шеберлерін ана тілімізде жазылған шығармадай сөйлетуі 
оның ерекше аса зор қуатқа ие аудармашылығына дәлел. Ал, проза жанрының шебері екендігіне оның 
ширек ғасыр өмірін арнаған «Ұшқын» (әуелгі повесть түріндегі атауы «Өмір ұшқыны»), «Жалын» атты 
романдары,  яки  «Біз  жанбасақ»  деген  атпен  басылып  келе  жатқан  дилогиясы  куәлік  етеді.  Бұл 
туындылардың  әр кездегі жарияланымдарына  кезінде  Ғ.  Мүсірепов,                 І.  Омаров,  М. Қаратаев,  С. 
Қирабаев  секілді әдебиеттің  тамыршысы  іспетті белгілі  қаламгерлер  әділ бағаларын  берген.  Шығарма 
қазақ,  орыс  тілдерінде  тек  Алматыда  ғана  емес,  Мәскеуде  де  бірнеше  рет  басылып,  жұмысшы 
тақырыбына арналған Одақтық бәйгеде жүлде алды. «Жалын» романы вьетнам тіліне аударылды.  
Жұмысшы тақырыбы дегеннен шығады, бұл шығармалар кешегі қанды майдан – Ұлы Отан соғысы 
кезінде  Кеңестік  алып  елдің  жердегі,  көктегі  барлық  техникасына  жан  беріп,  Ұлы  Жеңістің 
мүмкіндігінше  Отанымызға  барынша  ертерек  жетуіне  қайрат  еткен  Ембі  мұнайшыларының,  оның 
«Үлкен  Ембіні»  өмірге  келтірген  жасампаз  еңбеккерлерінің,  яғни,  З.  Қабдоловтың  кейіпкері  Қабен 

ISSN 2224-5294                                                                                        Серия общественных и гуманитарных наук. № 3. 2015  
 
 
219 
тілімен  айтқанда,  үш  ұрпақтың,  яки,  Сардар,  Азаматтар  бастаған  «самородоктар»  мен  екінші  ұрпақ  – 
Мәскеу  мен  Бакуде  институт  бітіріп  белгілі  дайындықпен  келген  Ізбектер,  үшінші  ұрпақ  –  Қабендер, 
Тайман, Жанар тұрғыластардың [1, 424-425 б. ] еңбек жолына арналған.  
Шығарма  –  қазақ  авторы  жазған  қазақ  ұлтының  мұнайшыларына  арналған  тұңғыш  туынды 
болғандығымен қатар, оған тек қазақ әдебиетінде ғана емес, жалпы кеңестік әдебиеттегі жұмысшы табы 
туралы  жазылған  үлкен  бітімді  прозалық  еңбектер  қатарында  ерекше  аталып,  бәйге  берілуінің  өзі 
қаламгердің  қандай  деңгейдегі  көркем  сөз  шебері  екендігіне  берілген  зор  баға  болатын-ды.  Ал, 
автордың  кейіпкерлері  басы  Лениндік  сыйлықтың  лауреаты  Халел  Өзбекқалиевтен  (Ізбек  Қалиев) 
бастап,  кейін  филология  ғылымының  докторы,  профессорлық  дәрежеге  жеткен  Тауман  Амандосовқа 
дейінгі өмірде бар күрескер жандар-ды.  
Зекеңнің  шығармаларының  прототиптеріне  байланысты  айтар  болсақ,  тек  «Біз  жанбасақ» 
дилогиясындағы кейіпкерлер ғана емес, «Менің Әуезовым» роман-эссесіндегі образдар галереясында да 
М.  Әуезов  араласқан,  негізінен  қызметтес,  сондай-ақ,  автордың  өзі  көрген-білген  жандардың  талайы 
қарсы  алдыңыздан  шығып,  «Иә,  мен  сол  адаммын»  дегендей  болып  қасқайып  қарсы  тұра  қалатын 
сияқты.  Бірақ,  солардың  денін,  яки  Мұхаңның  өзімен  Сәбең  (Сәбит  Мұқанов),  Мәлік  Ғабдуллиннен 
өзгесінің,  қоғам  қайраткері,  белгілі  ғалым  Мұхтар  Құл-Мұхаммед  тап  басып,  анық  көрсеткеніндей, 
«Қашанда  сыпайы  Зекең  кейбірін  әдеп  сақтау  үшін,  енді  бірін  даралау,  типтеу  үшін,  бір  сөзбен 
айтқанда, көркем проза критерийіне жақындау үшін» [ 2, 14-15 б. ]аты-жөндерін өзгерткен.  
Кемеңгер  жазушының  Абай  атындағы  Қазақстан  Республикасы  Мемлекеттік  сыйлығын  алған 
«Менің  Әуезовым»  роман-эссесі  –  қырық  жылға  жуық  өмірін  арнаған  шығармасы.  Автор  бұл 
туындысын Мемлекеттік сыйлық алғаннан кейін де жалғастыру үстінде болатын... Амал нешік, жүйрік 
ой, терең білім, көркем сөз иесі бұл еңбегін өзі ойлаған меже  - деңгейге жеткізе түсу жолында жүріп 
өмірден  өтті.  Сондай-ақ,  ол  «кескекті  ердің»  сойы,    алдаспан  жырдың  иесі  Махамбет  туралы 
туындысын да аяқтай алмай бақи дүниеге сапар шекті...  
Сонымен,  қалам  қайраткері  Зейнолла  аға  Қабдоловтың  керемет  көркем  сөз  шебері  – 
жазушылығына қоса әдебиеттану ғылымы саласында өз мектебін қалыптастырған ғұлама ғалым, қоғам 
қайраткері  екенін  елдің  бәрі  біледі.  Білгеннен  кейін  сан  қырлы  таланттың  осыншалық  өнерімен 
өзгелерден  оқ  бойы  озықтығын  әркім  өзінің  шама-шарқына  қарай  пайымдайды.  Ал,  Зекеңнің  – 
Зейнолла Қабдолұлының осы саладағы қалам тартқан мәселелері – сан тарау. Соның бір саласы – қазақ 
әдебиеті мен ғылымының көркейіп, көріктенуіне әр тұстарда жанын сала қызмет еткендердің еңбегіне 
әділ  бағасын  беруге  барлық  білімі  мен  күш  қайратын  жұмсап,  таным  таразысына  тартқан  зерделі 
зерттеулері, толымды толғаныстары.  
Әдетте, ғылымның бір саласын, соның ішінде еңбегі зор оқымыстыларды, немесе көрнекті көркем 
сөз шеберлерінің жарияланбаған, жарияланған еңбектерін індете іздестіріп, талмай еңбектеніп, талайлы 
зерттеулер  берген  адамдарды  шығыстанушы,  фарабитанушы,  лермонтовтанушы,  абайтанушы  деген 
секілді  зерттеген,  зерделеген  саласының  атауларымен  тізбектете  атап  жатады.  Бұл  тұрғыдан  келгенде 
Зейнолла  Қабдолұлын  әлгіндей  тұғырлы  есімдердің  танушысы  ретінде  ресми  тұрғыдан  аталып 
жатқанын әзірге кездестірген емеспіз. Тіпті жарты ғасырға таяу уақыт өмірін арнап, елін сүйсіндірген, 
елеулі танымдық еңбектер жазған, «Менің Әуезовым» атты романымен Республикамыздың мемлекеттік 
сыйлығын  алған  оны  көпшілік  қауым  Әуезовтанушы  деп  те  атамайды.  Олай  болса,  ол  кісінің 
Бейімбеттанушы  деп  те,  Махамбеттанушы  деп  те  дабыралатылып  аталмайтыны  өзінен-өзі  түсінікті. 
Бірақ  соған  қарамастан  замандас  әріптесі  академик  Серік  Қирабаев  айтқандай,  оның  аудиториясы  өз 
қатарластарынан  әлдеқайда  ауқымды  болатын.  Әдебиетіміздің  ілгергі-кейінгі  дәуірінен  хабардар 
әдебиетшілер қауымы мен оқырмандар әулеті де Зейнолла Қабдоловты осынау ұлт әдебиетінің іргесін 
қалағандар мен кейінгі ересен дарын иелерінің қай-қайсысының да шығармашылық әлемін танытудағы 
барша  еңбегіне  тәнті  болатын.  Ал,  мұның  сыры  неде  десеңіз,  ол  бір  ғана  шығармашылық  тұлғаның 
емес, елге ересен қызмет еткен, қазақ деген қауымның халық болып қалыптасуына, ұлт болып ұюына 
басын қауіп пен қатерге байлап өмір кешкендердің еңбектерін таным таразысына тарта отырып, қалың 
қауымға  ұғындыруға  аянбай  тер  төккен  пейілді  қызметіне  байланысты  еді.  Оның  әрідегі  Абай, 
Махамбет,  Ахмет  Байтұрсынов,  Бейімбет  Майлин,  берідегі  Ғабит  Мүсірепов,  Ғабиден  Мұстафин, 
Қасым  Аманжолов,  Әбу  Сәрсенбаев,  Қажым  Жұмалиев,  Хамит  Ерғалиев,  Әбдіжәміл  Нұрпейісов, 
Садықбек  Адамбеков,  Салық  Зиманов,  Темірбек  Қожакеев,  Жабайхан  Әбділдин,  т.т.  туралы 
толғаныстарын  қазақ  оқырманының  әр  буынының  үлкен  сүйсініспен  қабылдауларының  ар  жағында 
нені айтса да, жеріне жеткізе айтатын кемел ойлы, көркем сөздің хас шебері болғандығында еді. Бірақ 
хас шеберге де сын көп, хас жүйрікке де сын көп. 

Известия Национальной академии наук Республики Казахстан  
 
 
   
220  
1990  жылы  шілдеде  Қазақстан  жазушылар  Одағы  Ахмет  Байтұрсынов  шығармашылығына  арнап 
ғылыми конференция өткізді. Сонда «қазақ халқының рухани көсемі» (М. Әуезов) Ахаңның «Әдебиет 
танытқышы»  туралы  Зекең  баяндама  жасаған.  Сол  еңбегіне  ғалым  1995  жылы  қайырыла  соғып,  1996 
жылғы «Көзқарас» атты жинағына кіргізді [3, 88 б.]. Мұнда автор Ахаңның 1926 жылы жарық көрген 
«Әдебиет  танытқышын»  біздің  жыл  санауымыздан  326  жыл  бұрын  өмірге  келген  Элладалық 
Аристотельдің  «Поэтикасымен»  салыстырады.  Бірін  грек  әдебиеттануының,  екіншісін  қазақ 
әдебиеттануының  өз  тұсындағы  мінсіз  «әліп-билері»  ретінде  бағалайды.  Қазақ  топырағына  Ахаң 
әкелген  әдебиеттің  тегі  мен  түрі  туралы  терминдерді  біраз  бажайлап,  ««Әдебиет  танытқыштың»  ең 
басты  бағалылығы  –  әдеби  терминдерді  қазақша  қалыптастырғандығы»  [3,  72  б.],  қазіргі  әдеби  жанр 
мәселесінде қалыптасқан, әбден орныққан ғылыми тұжырымдардың табиғатына бойлай отырып ғалым 
«Қазіргі қазақ өлеңінің теориясы Ахаңсыз аттап баса алмайды» [3, 86 б.], - деп ой түйеді. «Мәселен, - 
дейді  ғалым,  -  Айшықтаудың  (фигураның)  Арнау  деген  бір  түрі  бар.  Бүкіл  дүниежүзілік  әдебиет 
теориясында  Арнау  деген  бір-ақ  түр;  шауып  шықса,  бұған  Шешендік  сұрау  қосылып  қана  аздап 
ажарлануы  мүмкін.  Ал,  қазақ  поэзиясында  Ахаң  осының  үстіне  үш  түр  (сұрай  арнау,  зарлай  арнау, 
жарлай арнау) қосып, құбылтып, тотының түгіндей құлпыртып әкетеді» [3, 70-71 б.]. 
Міне,  осы  үш  түрлі  болып  жіктелетін  арнауларды  студенттер  Зекеңнің  «Әдебиет  теориясының 
негіздері»  («Сөз  өнері»)  оқулығынан  оқитын.  Ахаң  кітабын  бұрыннан  білетін  бірлі-жарым  Москва, 
Ленинградтың  кітапханасынан  А.  Байтұрсынов  еңбегімен  таныс  әдебиетші  ғалымдар  ара-тұра  осы 
жайды  оқта-текте  ауызға  алып  қалатын-ды.  Ол  әңгімелердің  кейбірін  Зекеңнің  өзі  де  естігені  даусыз. 
Бірақ, сол терминді пайдалануда тұрған қандай кемшілік бар еді? Сол мін болып саналуы тиіс пе еді? 
Бірақ  әсіре  қызыл  саясаттың  тұсында,  әсіреңкі  жандардың  көзімен  қарағанда  бұл  да  үлкен  кемшілік 
болып  саналатын.  Соны  Зекең  төмендегіше  келтіреді:  «Әдеттегі  дәстүр  жалғастығының  заңына  орай 
осы үш түрлі арнауды әрқайсымыз өзімізше пайымдап, қисындап, кейде тіпті қиыннан қиыстырып, біз 
де (Жұмалиев те, Ысмайылов та, Қабдолов та) кітаптарымызға кіргіздік. Бірақ, амал не, бұл жаңалықты 
тапқан Ахаң екенін кезінде ешкім айта алмай, Қажекеңе сілтеме жасауға мәжбүр болдық» [3, 71-72 б.]. 
Мұнан артық ағынан жарылу мүмкін бе? 
Әйтсе  де,  ғалым  «Ахаңның  әдеби  қисындары»  атанатын  тап  осы  зерттеуінде  А.  Байтұрсынов 
сынды  ұлттың  рухани  ұстазының  әдебиеттану  ғылымы  саласындағы  ұлы  еңбегін  жан-жақты  талдау 
барысында  ол ашқан жаңалық  атаулының  бәріне  сүйсіне  отырып,  кей  тұстарда  таңданып,  тамсанудан 
кілт кідіріп, басқаша толғанады. «Ал, енді бар ма, Аристотель мен Ахаңның өз мезгілі мен мекенінде 
«мінсіз»  көрінген  осы  қисындары  мен  қағидалары  әдебиет  туралы  ғылымның  бүгінгі  деңгейінен 
қарағанда, шынын айтсақ сын көтермейді, - деп алады да ғалым, - онда қалайша мінсіз?»- деп өз сөзіне, 
өз  пікіріне  қарсы  сұрақ  қояды.  Және  «Гәп  осы  арада»  деп  келіп,  соны  қазақ  әдебиеттануының  үш 
саласында  жасалған  еңбектерді  алға  тарта  отырып,  өз  пікірін  ғылыми  тұжырыммен  шегелей  отырып 
дәлелдейді. «Біздің бұл пікіріміз,  - дейді ол, - Ахаңды сынау үшін айтылып отырған жоқ. Ахаң өзінің 
әдеби  қисындарын  туғызып,  тыңға  түрен  салған  тұста  қазақ  қоғамындағы  әдебиет  туралы  ұғым-
түсініктің, жалпы эстетикалық ой-сананың дәрежесі қандай екенін аңғарту үшін айтылып отыр. Демек, 
Аристотельдің  «Поэтикасын»  қаншама  әлемдік  әдебиет  теориясының  басы  дей  тұрсақ  та,  біздің 
дәуіріміздегі  әдеби  қисындар  Аристотель  тұсындағы  дәрежеден  әлдеқайда  ілгері  кеткені  секілді, 
Ахаңның әдеби қисындарын қаншама қазақ топырағындағы әдебиет теориясының басы дей тұрсақ та, 
біздің  бүгінгі  әдеби-теориялық  таным-толғамдарымыз  Ахаң  тұсындағы  деңгейден  әлдеқайда  биіктеп 
кеткенін  мойындамасқа  болмайды.  Әйтпесе,  біз  қазіргі  қазақ  қоғамындағы  көркемдік  дамудың 
байыбына  бара  алмас  едік».  [4,  82].  Бұған  не  айтасыз?  Келісесіз.  Келісіп  қана  қоймайсыз,  бар 
ниетіңізбен дұрыс айтылған пікір-тұжырым екеніне риясыз көңілмен риза боласыз.  
1990  жылы  ұлы  қаламгер  Сәбит  Мұқановтың  өмірге  келгеніне  90  жыл  толды.  Бұл  заманында 
«Советтік  сөзге  қаламы  –  көрмеген  әсте  мұқалып»  деп  өзі  туралы  ағынан  ақтарылатын  қазақ  көркем 
сөзінің  ақ  дариясының  елеулілігі  ерекше  елдік  мерекесі  болуға  лайықты  мерей  тойы  болуға  тиіс  еді. 
Бірақ  сол  тұстағы  қазақ  оқырманы  баяғы  отызыншы-елуінші  жылдардың  адамдарының  идеал  тұтқан 
мемлекеттік  идеяға  тосырқай  қарап,  ұлы  туындыгердің  көзқарасынан,  сол  арқылы  оның  өз  кезіндегі 
шырайлы туындыларының өн бойынан ойдай олқылықтар тапқандай болып жүрген кездері еді. Оны тек 
бір  Зейнолла  Қабдолов  қана  емес,  үлкенді-кішілі  әдебиет  ұстаханасының  маңында  жүргендердің 
барлығы да көріп, барлығы да сезіп жүрді. Сондықтан бұл мәселе қалай болғанда да әркімдердің ара-
тұра  сөз  етіп  жүретін  пыш-пыш  әңгімесінің  тақырыбы  емес,  ұлттық  әдебиеттің,  керек  болса  елдік 
келбетіміздің  жүзіне  шіркеу  түсетіндей  жай  болмас  үшін,  сол  әдебиеттің  басалқы  пікірін  айтуға 
лайықты көрнекті адамдардың араласуын қажет ететін хәлге жеткен тұсы еді. 

ISSN 2224-5294                                                                                        Серия общественных и гуманитарных наук. № 3. 2015  
 
 
221 
Міне, осы кезде адамзаттың жан дүниесінің барометрі сынды көркем әдебиет турасында «Әдебиет 
– ардың ісі» деп тебіренетін Зекең қолына қалам алды. 
Еңбек  «Сәбит  Мұқанов  –  өз  дәуірінің  айнасы»  деп  аталады.  Академик  З.  Қабдолов  «Қаламгер 
Сәбит Мұқанов кім еді?» деген оқырман көңіліндегі сұраққа «Көзінің тірісінде Сәбиттей халқымен біте 
қайнасқан,  халық  алақанында  Сәбиттей  ардақталған,  Сәбиттей  көзі  тірісінде  аңызға  айналған  ақын-
жазушы  қазақта  болған  емес»  [5,  135  б.]  деп  жауап  береді  де,  сол  сөзін  нақтылы  тұжырымдармен 
дәлелдеуге кіріседі.  
Ең алдымен қазіргідей жүздеген адам өлең өлкесінде ат жаратып, бәйге алып жүрген кезде елдің біраз 
жағдайда жаңа түр, жаңа пішін әкелген кімдер бар деп толғанысатын мәселесіне жауап бере кетейік дегендей 
болып,  «Керек десеңіз, өмірде революционер Сәбит Мұқанов  – өнерде,  өлеңде реформатор болған  ақын»,  -  
дейді  де,  соның  дәлеліне  жүретін  классик  қаламгердің  «Мәдени  бәсеке»  деген  өлеңін  толығымен  келтіре 
отырып, «Бұл жырында Сәбең дәстүрлі өлең ұйқасын бунақ пен шумақтың аяғынан басына шығара төңкеріп 
түсіріп, силлабиканы силлаботоникаға, тіпті тоникаға айналдыра жаздайды» [5, 128 б.], -  деген пікір түйеді. 
Бұдан  кейін  өлең  өлкесіндегі  Сәбеңнің  пішіндік  өрнек  тұрғысындағы  жаңашылдығы  осындай  болса,  ал 
мазмұн,  идея  турасындағы  жаңалығы  қандай  екен  деп,  онсыз  да  көңілінде  біраз  сұрақ  бүршік  атып  жүрген 
кеңестік  дәуірдің  жариялылық  кезеңінде  өмір  сүріп  жатқан  «батыл  пікірлі»  оқырманның  дегбірсізденіп 
отырған мәселелеріне жауап беруге кіріседі.  
Қазан  төңкерісі  өмірге  келген  жылы  он  жеті  жасқа  шыққан  С.  Мұқановтың  бірінші  өлеңінен 
бастап,  соңғы  туындысына  дейінгі  барша  шығармашылығы  сол  төңкерісті  өмірге  әкелген 
коммунистердің  идеясына  қызмет  етті.  Өзі  коммунист  болды.  Және  қатардағы  көптің  бірі  –  жай 
коммунист болған жоқ. Қаламгер коммунистердің көшбасшысы болды. Нені айтса да, жеріне жеткізіп 
айтты. Талант қуаты сол өз қатарларынан озық болған соң тап жыршысы ретіндегі оның таптық үні кім 
кімнен де асқақ естілді. Ол: «Бесіктен-ақ маған тап белгі таққан, тапты шапқан – бесікте мені шаққан. 
Есті біліп, етекті жапқан кезде, табыма оғын атқандар  – маған да атқан. Сақылдаған өмірдің аязында, 
тапқа мұз боп қатқан кек маған қатқан Мені дағы, мен сенген тапты-дағы – Кісендеуден Октябрь таңы 
ағытқан. Сен жыласаң – көзімнен қан тамызам. Сен қуансаң – тілімнен бал тамызам. Сенің егер өзегің 
талып кетсе, басқадан бұрын саған нәр тамызам», - деп миллиондаған өз табының өкілдеріне өзінің кім 
екенін  жеріне  жеткізе  жырлады.  Бұны,  әрине,  жиырмасыншы  ғасырдың  соңғы  ширегіндегі  кінәмшіл 
оқырмандар құп алмаса да, тап пәлендей осқырынып қарсы алмайды. Олардың жиырыла қабылдайтыны 
Сәбеңнің  басқа  сөзі.  Ол  сөздер  ақын  мен  оның  таптастарының,  яки  езілгендер  партиясының 
көшбасшыларына арналғандығы болатын. 
Және ондай туындылар Сәбеңде біраз болған («Көп жасасын Сталин», «Біздің күш – ұлы Сталин», 
«Сталиндік  татулық»,  «Мен  кіммін  деп  мақтанам?»).  Ал  осыларға  әлгіндей  кінәмшіл  қауым  қатты 
тыжырынады.  Тыжырынып  қана  қоймайды,  ұлы  қаламгер  С.  Мұқанов  шығармашылығына  осының 
бәрін кінә етіп артқысы келеді.  
Міне, осылардың барлығын Зекең қамырдан қыл суырғандай қалыппен айта отырып, ара –тұра ұлы 
Абайдың  адамды  заман билейтіндігін  аңғартатын сөзін,  сонау  өткен  ғасырдың  алғашқы жиырма-отыз 
жылы ішіндегі М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов секілді қазақ көркем ойының кемеңгерлерінің ел ерекше 
құрметтеген  туындыларынан  үзінділер  келтіреді.  Оны  Сәбеңнің  қалай  қабылдағанын  да  айтады. 
Қорытындысында  қаламгер:  «Қазіргі  жағдай  басқа.  Бүгінде  біздің  Сталин  туралы  ұғымымыз 
Мұқановтың  тұжырымына  қарама-қарсы!  Енді  қайттік?  Қайтетін  түгі  де  жоқ.  Бәрі  түсінікті.  Егер  дәл 
бүгінгі күні Сәбеңнің көзі тірі болса, ол да дәл бүгінгі біздің ұғымымызда болар еді. Ал кеше біз де дәл 
Сәбеңнің тұжырымында емес пе едік? Сәбит Мұқанов бұл ретте де – өз дәуірінің айнасы. Ал айнадағы – 
Сәбиттің заманы һәм замандасы» [5, 132 б.], - деп ой түйеді. 
Ал  осының  барлығы,  қысқадан  қайырсақ,  «ешкімнің  бетіне  жел  боп  тимеген»  (Ә.  Кекілбаев), 
«жүрегі адамды сүю үшін, жақсыны тану үшін жаралғандай жанның» (С. Қирабаев), «ел сөзін сөйлей 
алар кемелділігіне»    (З. Ахметов) кепілдік береді. 
 
ӘДЕБИЕТ 
 
[1] Қабдолов З. Біз жанбасақ. Дилогия. Алматы: Жазушы, 1974. – 424-425 б. 
[2] Құл-Мұхаммед М. Шебер// Бүтін бітім. Астана: Фолиант, 2012. – 14-15 б. 
[3] Қабдолов З. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996. – 88, 72, 86,70-71 б. 
[4] Қабдолов З. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996. – 82 б. 
[5] Қабдолов З. Көзқарас. Алматы: Рауан, 1996. – 135, 128, 132 б. 
 
REFERENCES 
 
[1] Z. Kabdolov “If the fire will not inside us” Dilogiya. Almaty: “Zhazushy”, 1974 424-425 pages (In Kaz) 

Известия Национальной академии наук Республики Казахстан  
 
 
   
222  
[2] M. Kul-Muhammed “Master”// Extra ordinary person. Astana:  “Foliant”,2012,  14-15 pages (In Kaz) 
[3] Z. Kabdolov “Opinion” Almaty: “Rauan”, 1996, 88, 72, 86, 70-71  pages (In Kaz) 
[4] Z. Kabdolov “Opinion” Almaty: “Rauan”, 82  page(In Kaz) 
[5] Z. Kabdolov “Opinion” Almaty: “Rauan”, 135, 128, 132 pages (In Kaz) 
 
Многогранный творческий мир народного писателя, академика З. Кабдулова 
 
Ж. Тлепов 
 
Казахский национальный университет имени Аль-Фараби, Алматы, Казахстан 
 
Ключевые  слова:  литература,  публицистика,  перевод,  критик,  оратор,  эссе,  прототип,  жанр,  силлабика,  тоника, 
ученный, читатель. 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   58




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет