Менің Азамат есімді кішкентай інім бар. Жасы – алтыда. Өткенде кітап оқып отыр едім, сол Азамат қасыма жүгіріп келіп: «Аға, Азамат деген жаман сөз бе?» – дегені. Басында не айтқысы келгенін түсінбей қалдым. Сөйтсем: «Жаңа теледидардан «кісі өлтірген азамат ұсталды» деді. Ана жолы тағы айтқан болатын. Сонда Азамат есімді адамдар кілең кісі өлтіргіштер ме?» – дейді. Мен Азаматтың бұл айтқандарына жақсылап бір күліп алдым. Кешкісін болған оқиғаны әкеме айтып едім, ол: «Ініңнің сөзінің жаны бар, қылмыскерді «азамат» десек, құлаққа түрпідей тимей ме?» – деді. Тағы бір байқағаным – «ару» деген сөзді де арзандатып алған сияқтымыз.