Морфема дегеніміз - сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналық бірлігі.
Морфема
Түбір морфема
Аффикстік морфема
Морфема: 2 - ге бөлінеді:
Мысалы, оның анасы кім? дегендегі ана+сы сөзінде екі морфема бар. Ана — түбір морфема, -сы (тәуелдік жалғауы) — аффикстік морфема. Оның деген сөз де солай: о — түбір морфема, ның — аффикстік морфема, кім - түбір морфема.
Морфемалар мағынасы мен қызметі жағынан әр түрлі. Морфемалардың ішінде негізгі лексикалық мағынаны білдіретіндері, грамматикалық мағынаны білдіретіндері де бар
Мысалы, үйшіктерге деген сөзінің құрамында төрт морфема бар. Оның біріншісі — үй, ол заттық мағынаны білдіреді; екіншісі - шік, бұл кішірейткіш мағынаны білдіреді, үшіншісі — тер, көптік мағынаны білдіреді, төртіншісі — ге, бағыт мағынасын білдіреді. Бұлардың ішіндегі үй морфемасы түбір сөз болғандықтан - заттық, лексикалық мағынаны, үйшік туынды түбір болғандықтан - лексика-грамматикалық мағынаны, ал қалғандары (-тер, -ге) аффикстік морфемалар болғандықтан - грамматикалық мағыналарды білдіріп түр.
Лексикалық мағынаны білдіретін морфема түбір морфема немесе негізгі морфема деп аталады да, лексика-грамматикалық немесе грамматикалық мағыналарды білдіретін морфемалар — аффикстік морфема немесе көмекші морфемалар деп аталады. Түрлі тілдердегі түбір морфема мен аффикстік морфемалардың табиғаты әр түрлі болып келеді.
Мысал үшін қазақ тілі мен орыс тілін салыстырып көрелік. Қазақ тіліндегі жаз+у, жаз+ба, жаз+ыл+ған деген сөздерді орыс тіліндегі пис+ать, за+пис+ка, пере+пись деген сөздермен салыстырсақ, қазақ сөздерінің түбірі жаз — орысша сөздердің түбірі - пис. Жаз түбірі өздігінен жеке, сөз ретінде қолданыла алады, ал орыс тіліндегі пис- түбірі өздігінен дербес қолданыла алмай, сөз құрамында ғана (письмо, писание, письменный) қолданылады. Оның үстіне пис- түбірі тек заттық мағынаны ғана білдірсе, жаз түбірі әрі заттық мағынаны (жаз ісі), әрі лексикалық мағынаны (бір нәрсені хатқа түсіру), әрі грамматикалық мағынаны (етістіктің бүйрық райы, екінші жақ) білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |