Негізгі әдебиеттер


Тарау. ЖАҺАНДАНУ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ФЕНОМЕН РЕТІНДЕ



бет11/21
Дата14.09.2023
өлшемі0,73 Mb.
#107919
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
Байланысты:
Жахандану УМК

1 Тарау. ЖАҺАНДАНУ ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ФЕНОМЕН РЕТІНДЕ


1.1. Жаһандану үрдістерін зерттеу әдістемесі

Бүгінгі таңда жаһандану – қоғам дамуының заңдылықтарын өзгертіп, әлеуметтік және халықаралық қатынастарды жаңа сапаға өткізетін саяси-әлеуметтік, экономикалық құбылыс болса, екінші жағынан әрбір ұлттық мемлекеттің рухани мәдениетіне ықпал ететін, әлсіз мәдениеттердің үстем мәдениеттердің ықпалында қалып қоютын процесс деп атауымызға болады. Жаһандану мәселесіне байланысты қоғамда белгілі дәрежеде әр мемлекеттің өз зерттеу бағыттары мен бағдарламасы болмаса, онда сол мемлекеттің жаһандық әлемдегі орны да белгісіз, және сол үрдіске сіңісіп, өз құндылықтарын жоюуы бек мүмкін. Сондықтан да әрбір ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан мемлекет осы жаһандық ақпараттық-мәдени қысымға барлық жағынан сақадай сай болуы тиіс, әрине бұл жерде әр мемлекет сақадай сай болуы үшін, бұл үрдісті жан-жақты терең зерттеу елегінен өткізудің маңызы зор.


Таңдалынып алынған бітіру жұмысының тақырыбының өзектілігі бірнеше рухани-әлеуметтік, саяси-бағдарлық және дүниетанымдық факторлармен анықталады.
Зерттеу тақырыбы елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалармен үндес келеді. Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның ХХІ ғасырдағы басты даму жолын белгілеген “Қазақстан – 2030” атты стратегиялық бағдарламасында халқымыздың рухани жаңару процесінің егемендікпен келген рухани бостандық, ұлттық дүниетаным мен тарихтағы дербес танымдардың қалыптасуы нәтижесінде болғанын атайды [1].
Қазір жаһандану дәуірі басталды және онда қай ұлттың рухани мәдениеті күшті болса, сол ұлт өмір сүруге бейім болады да, рухани мәдениеті әлсіз елдер ассимиляцияға ұшырап, өз-өзінен жойылып отырады. Бұл адамзат қоғамының дамуындағы заңды құбылыс. Сондықтанда оған ешкім қарсы тұра алмайды. Қазіргі кезеңде дүние жүзінде «Мәдениеттер майданы» жүріп жатыр деуіміздің себебі сол. Олай болса қазір күн тәртібінде, болашақта қазақ халқының ұлт болып қалу-қалмау мәселесі, яғни ұлтымыздың тағдыры қойылып отыр.
Қазақ мәдениеті, жаһандану кеңістігінде өзіндік ерекшеліктерін бәсекелестік қабілетпен өзге ұлт мәдениеттерімен терезесі тең келуі немесе бәсекелесуге енжарлық көрсетіп, өзге ұлт мәдениетіне сіңіп, жеке-дара ұлт мәдениеті ретінде жоғалып кетуі мүмкін. Осындай позитивті және негативті үрдістің қандай жағдайларда болуы мүмкін екендігін барынша жан-жақты қарастырылып, зерттеліп, сарапталып, нәтижеленуі керек. Бұл – уақыттың талабы және қазақ зерттеушілерінің ұлт және ата-баба аруақтары алдындағы қасиетті парызы мен міндеті. Өзіңді танымай өзгелермен сұхбаттасу қауіпті нәрсе, өзіңнің тұғырың мен табиғатыңды анықтамаған және өзіңнің өмірлік принциптеріңді қалыптастырмаған жағдайда өзге біреудің сыңары немесе одан да қауіптісі мәңгүрт болуың әбден мүмкін. Осындай үрдіс өз ұлтыңа да өзге ұлтқа да позитивтілік әкелмейді, керісінше, қоғамның, адамзаттың табиғатын мутацияға ұшыратып, бүкіл адамзатты рухани және, тіпті, материалды деградацияға ұшыратасың.
Жаһандану кеңістігіндегі әрбір ұлттық мәдениет рухани жағынан екі бағыттарда дамуы мүмкін – прогрессивті және регрессивті. Ол, әрине, ұлттық мәдениеттің ішкі потенциалына, менталитеттік деңгейіне, тектілігіне (тарих, этнопсихологиялық ерекшелік, өсу мен даму процестерінің дәйектілігі мен тиянақтылығы) және жаһандану процесінің табиғатына (позитивтілігіне немесе негативтілігіне) байланысты.
Мәдениет дегеніміз өткен уақыт пен қазіргі уақытты және қазіргі уақыт пен болашақ уақытты байланыстыратын уақыт жалғастығы (сабақтастығы). Мәдениет дегеніміз тарих уақыты, тарих оқиғалары, тарих үлгі-өнегесі. Қазақ мәдениетінің жаһандану кеңістігіндегі инновациялық үрдістері – яғни, қазақ мәдениетінің бұл уақыт талабына сай функциялары қалай өзгереді?
Қазақ мәдениеттің ішкі теориялық, идеялық потенциалын анықтау барысында тек отандық ғалымдар теориялары мен концепцияларына негізделмей, мәдениет тарихы теориясы мен мәдениеттің концепциялары жақсы қалыптасқан Батыстық теориялық тұжырымдар тұрғысынан зерттелініп талдануы тиіс. Бұдан ешкім ұтылмайды. Қазақ ұлттық мәдениетін тек бір позиция көзқарасынан қарастыру оның ішкі рухани және материалды мәдениет байлығының көзін толық ашпайды, және де осындай жағдайда біз не істеуіміз керек өз мәдениетімізді қалай сақтап қаламыз деген сұрақтарға жауап беру осы бітіру жұмысының мақсаты мен міндеті.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев бекіткен «Мәдени мұра» бағдарламасының басты міндеттері ретінде «... қазіргі таңдағы ұлттық мәдениетті, ауыз әдебиетін, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың зерделеу бүгінгі күннің негізгі мақсаттарының бірі болып келеді» [2, 6 б.]. Қазіргі әлемдегі жаһандану үрдістерінің тегеурінді белең алған жағдайында қаймағы бұзылмаған Қазақстан мәдениетін сақтап қалу үшін ұлттық мәдениеттің дәстүрлі құндылықтарына назар аудару қажет. М.М. Әуезовтің әділ атап өткеніндей, «...кез келген халықтың рухани әлемі қаншалықты бай болғанымен, ол ұлттық әлемі болып қала береді. Ол белгілі бір кеңістік-уақыт ортасында өсіп өнеді, оның мәнін, оның мүддесін білдіреді» [3, 32 б.].
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-санасына байланысты туған жыл қайыру, мүшел, маусым, ай, жыл атаулары ұлттық дүниетаныммен, көшпенді өмір салтымен байланысты. Қазақ дүниетанымындағы кеңістік пен уақытқа байланысты түсініктері әу баста халқымыздың мал бағу кәсібі мен диқаншылық өміріне байланысты туған. Әсіресе, жыл мерзімдерін белгілеу мен ауа райының болашағын болжау қоғам тіршілігіне тікелей қатысты болды. Соған сәйкес малды қолайлы кезде қашырып төлдету, күзем қырқу, шүйгін жайылым тауып, малды қыстан, жұттан аман алып шығу тәрізді өмірлік мәселелерді шешу аса қажет еді. Сондықтан тек мал бағумен күн көрген көшпенділер әлемінің рухани болмысының сыр-сипатын зерделеу бүгінгі күннің негізгі мақсаттарының бірі.
Жаңа мыңжылдық табалдырығында тұрған қоғамымыздың өтпелі кезеңінде ертеңгі болашақ мәдениет, дәстүрлі құндылықтар мен өркениетті құндылықтар, дәстүрлер және жаңартулар, заман талабы мәселелерінің ара-қатынасын шешуде туындайтын сұрақтардың жауабын өткен заманнан, Уақыт пен Тарих шеңберінен іздеу қажет. Қазақ мәдениеті әлемдік өркениет пен жалпыадамзаттық мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде өзіндік табиғи-ландшафттық жағдайларда – ерте кезден Батыс пен Шығыс мәдениеттерін байланыстырып келген Еуразияның орталық территориясындағы Ұлы дала ареалында қалыптасты. Орталық Азияның халықтары мен ертедегі тайпаларының палеолит, қола дәуірінен бастап мәдени дәстүрлері ғаламдық жалпыадамзаттық заңдылықтардың динамикасы ағымындағы социомәдени процестерді бастан кешіріп, номадизмге тән көшпелі мал шаруашылығының ықпалымен қалыптасты. Кейін толық құралып біткен жергілікті, төл (автохтонды) дәстүрлер әртүрлі шекаралас, жапсарлас жатқан халықтар мен елдердің мәдени ықпалын бойына сіңіре отырып, қазіргі мәдениеттанымдық теориялық тұрғыдағы зерттеулерді талап ететіндей күрделі және біртұтас феномен – дәстүрлі этномәдениетті дүниеге әкелді.
Теориялық қайта құрулар жүргізген кезде қазақ халқының мәдени генезі мен этногенезі, екі этномәдени қатпарлардың синтезінен тұратынын постулатын (қағидасын) есте ұстау керек: біріншісі, ежелгі және ерте орта ғасырлар дәуіріндегі кезең (б.э.д. ХVІІ-ХVІІІ ғғ.) және екіншісі, дамыған және кейінгі орта ғасырлардағы түрік-моңғол кезеңі (ІХ-ХV ғғ.). Этникалық номенклатураға ежелгі және антикалық кезеңдердің кіргені анық: андронов тайпалары (Авеста арийлерінің бір тармағы), сақтар, савромат – сарматтар, исседондар, юечжилер, ассылар, аландар. Б.э.д. І мыңжылдықтың аяғы б.э. І мыңжылдығының басында осы этномәдени ортаға прототүрік тайпаларының күшті легі-тасқыны келіп, шоғырланды: үйсіндер(үсун), қаңлылар (канглы), ғұндар, мукрылар, эфталиттер, юебаньдар. Ерте ортағасырларда (VІ-ІV ғғ.) бұлар түркі және түркітілдес тайпалар: түркілер (Ашындар), қарлұқтар, түргештер, оғұздар, ұйғұрлар, қыпшақтар, қимақтар болды. Кемелденген орта ғасырларда (Х-ХІ ғғ.): арабтар, аварлар, наймандар, керейлер, арғындар, моңғолдар т.б. еді. Бұл тайпалардың барлығының да қазақ халқы қалыптасуының жалпы этногенетикалық процесіне, мәдени генезисіне, лингвистикалық тегіне және антропогенезіне үлкенді-кішілік үлес қосқаны сөзсіз.
Бір ғасырдың ішінде көшпенділікке негізделген қазақ мәдениеті дәстүрлі мәдениеттен социалистік, тоталитарлық мәдениет арқылы, жаппай батыстық мәдени экспансияны бастан кешіре отырып, жаңа өзіндік мәдениетке ұмтылуда. Бұл өзгерістерде тек саяси-әлеуметтік аямен қоса, мәдени ақпараттарды тарату мен мұраланудың өзі де мүлдем басқаша болып шыға келді (жазусыз мәдениет – кітап мәдениеті – экрандық мәдениет). Қазіргі өркениеттік кезең тек дәстүрлі этникалық мәдениеттердің ғана емес, батыстың классикалық мәдениетінің де дағдарысқа ұшырауымен сипатталады.
Дәстүр мен Жаңашылдық арақатынасы кез-келген ұлттың әлеметтік-мәдени динамикасында, әсіресе транзитті қоғамдарда күрделі және қайшылықты мәселелердің қатарына жатады. Олардың өзара әсерінің негізгі үш формасын айқындауға болады: біріншісі – жаңашылдыққа қарсылық көрете отырып, оны теріске шығару және ескі тәртіпке сүйену; екіншісі – жаңашылдыққа бейімделе отырып, ескі дәстүрді бұзу; үшіншісі – жаңашылдықты өзгерте отырып, оны дәстүрге сиятындай қалыпқа келтіру.
Егер мәдени Жаңашылдық қоғамға тереңінен сіңіп, ал мемлекет – Дәстүрдің сақтаушысы болса, онда бұл талас соңғысының мүддесіне шешілмейді. Қазақстандық қоғамда ұлттық дәстүрді қайта жандандыру бұқаралық сипат ала алған жоқ. Сондықтан тұрғындардың басым бөлігі дәстүрлі қалыптарды бұза отырып, нарыққа бейімделу барысында жаңашылдық пен таңсық атаулының барлығын байыбына барып сараламай қабылдауда немесе жөн-жосықсыз жұтуда. Тұрғындардың келесі бір бөлігі – орта және онан жоғары буын өкілдері реформаға қарсы шығып, ескіні қайтаруды талап етіп, дәстүршілдікті көксейді. Жаңа жағдайға тез бейімделе алғандар – негізінен қала жастары. Бірақ бұл жерде жаңашылдық дәстүрге сай формаларға бейімделген. Бұл қоғамда мәңгүрттену үрдісінің етек алып келе жатқандығын байқатады.
ХХ ғасырдың ортасына дейін дәстүрлердің барлығы, инновацияны мүлде қабылдамайтын, тек тежеуші күш деп саналған М. Вебердің көзқарасы үстем болды. Батыс мәдениеттануы қоғамдарды дәстүрлі және модернистік қоғамдар деп бөлді. Кеңестік кезеңнен кейінгі ғылымда белгілі бір дәрежеде бұл дилемма толығымен қабылданбайды. Себебі, дәстүр мәдени құндылықтарды тасымалдау беру механизмдерімен, яғни мәдениеттің өз қызметімен теңестіріледі. Мәдени динамиканың төрт қайнар-көзі (бастауы) бөлініп алынады: 1. Инновация. 2. Мәдени мұраға назар аудару. 3. Сырттан алып пайдалану (диффузионизм, мәдениетті тарату). 4. Синтез. Кез келген дәстүр бір замандарда инновация туғызған, кез келген инновация – дәстүрге айнала алады.
Дәстүр мен модернизацияны абсолютті түрде қарама-қарсы қою мәдениеттің дамуындағы өзара әрекеттесу мен өзара алмасудың барлық күрделі механизмін, табиғатын ата алмайды. Осы орайда, шартты түрде жаратылыстанушылық термин – «гомеостазисті» қолдануға болады. Мәдени қозғалыстың мақсаты этномәдениеттің тұрақтылығын сақтау болып табылады, бірақ бұған ішкі және сыртқы параметрлерді тұрақты өзгерту жолымен жетуге болады. Күнделікті тұрмыстық санада дәстүрлерді, әдет-ғұрыптармен, рәсімдермен т.б. теңестіреді. Бұл – дәстүрдің бір жағы ғана. Екінші жағы мәдени шығармашылықпен, креативтілікпен байланысты (С. Эйзенштадт). Дәстүрлер мәдениеттің тұрақты ішкі ядросын құрайтындықтан, мәдениеттанулық рефлексияға талдау жасамай, айналып өтуге болмайды. Адам белгілі бір этникалық дәстүрлердің әрекет етуі өрісінде болады. Ана тілін білмеген ортада да адамзаттық мәдениет ықпалының өрісінен шыға алмайды. (ирландықтар, шотландықтар, аустралиялықтар негізінен ағылшын тілінде сөйлегенімен, этникалық тегінен айырылған жоқ). Дәстүрлердің өзгеруі – этникалық мәдениеттегі өзгерістерді білдіреді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет