Негізгі экономикалық түсініктер: қажеттіліктер, ресурстар, игіліктер.
Экономикалық ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш мәселесіне жауап бере алатын басты ұғымдар орын алады. Бұл ұғымдар экономикалық теорияның базалық түсініктері болып табылады, яғни олар:
Қажеттіліктер;
Ресурстар;
Игіліктер.
Енді осыларға кеңірек тоқтауымыз қажет. Кез келген экономикалық мәселелер қажеттіліктерді зерттеуден басталады. Экономикалық ғылымның бастамасы ең алдымен, экономикалық қажеттіліктер және олардың қанағаттандырылу тәсілдері болып табылады.
Қажеттіліктер – бұл экономиканың субъектілеріне белгілі бір экономикалық қызметті атқаруға итермелейтін ішкі ниеттер мен ынта-жігерлер немесе басқаша сөзбен айтқанда, адамның өмір сүруін қамтамасыз етуге және жеке бір индивидтің, фирманың және тұтастай қоғамның дамуына қажетті заттар мен нәрселерге деген жетіспеушіліктен туындайтын мұқтаждықтар. Қажеттіліктер қанағаттандыруды талап етеді, өмір сүруді және организмді дамытуды қамтамасыз етеді, адамның жеке басын дамытуды қалайды. Адамдардың қажеттіліктері алуан түрлі болып табылады. Американдық ғалым, әрі социолог Абрахам Маслоу өзінің «қажеттіліктер пирамидасы» үлгісінде қажеттіліктерді кеңінен зерттейді. Бұл үлгіге сәйкес, «төменгі сатыдағы» материалдық қажеттіліктерден бастап, «жоғарғы сатыдағы» рухани қажеттіліктер төмендегідей орналасады:
Физиологиялық қажеттіліктер: тамақ, су, киім-кешек, баспана, ұрпақты өмірге әкелу, т.б.
Қауіпсіздікке деген қажеттіліктер: аурудан сақтану, даужанжалдан, қорқыныш-үрейден сақтану, т.б.
Әлеуметтік қажеттіліктер: сүйіспеншілік, махаббат, достық, кейбір топтардың мүшесі болу, өзара мүдделі адамдардың қарымқатынасы, т.б.
Өзін-өзі сыйлау мен қадірлеуге деген қажеттіліктер: мақсатқа жету, өзін таныту, басқа адамдардың сый-құрмет көрсетуі, қоғамда өз орнын табу, т.б.
Өзін-өзі мадақтауға деген қажеттіліктер: өз қабілеттіліктерін іске асыру, өз мүмкіндіктерін дамыту және оларды белсенді түрде қолдану, өзара түсіністік, т.б.
Қажеттіліктерін осындай жіктемесін олардың басқаша түрлерімен: материалдық және рухани қажеттіліктер, рационалды және иррационалды қажеттіліктер, абсолюттік және ақиқат қажеттіліктер, нақты, жете түсінілген, жете түсінілмеген, қате түсінілген және басқа да қажеттіліктермен толықтыруға болады. Саналы түрде жете түсінілген қажеттіліктер еңбекке деген ынтажігерді тудырады. Мұндай жағдайда қажеттіліктер өзінің нақты нысанына ие болады. Қоғамның кез келген қажеттілігі игіліктер арқылы қанағаттандырылуы тиіс.