Еңбек – бұл өндіріске тартылатын жұмыс күшінің жиынтығы ретінде қарастырылатын адамның интеллектуалдық және физикалық іс-әрекетінің жиынтығы.
Капитал – өндіріс құрал-жабдықтарының жиынтық кешенінің материалдық формасы ретінде саналатын машиналар, құралсаймандар, қоймалар, көлік және байланыс құралдары, т.б.
Жер – бұл табиғи байлықтар, жердің қыртысы, пайдалы қазбалар, орман және су ресурстары, жыртуға жарамды жерлер түрінде қарастырылатын табиғи ресурстардың жиынтығы.
Кәсіпкерлік қабілет – өндірісті ұйымдастыру және оған бақылау жасау бойынша шешуші әрекет ретінде қарастырылатын ерекше фактор. Қазіргі кездері осы аталған өндіріс факторларының қатарына менеджмент пен ақпарат ресурстарын қосады. Менеджмент – бұл идеялар, модельдер, инновациялық өнім үлгілері, технологиялар, ұйымдастыру нысанында көрінетін ерекше ресурс. Ақпараттық технологиялық жаңарудың қозғаушы күші, өндіріске жаңа идеяларды және жобаларды енгізудің көзі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, қазіргі экономистер өндіріс факторларына сәйкесінше, экологиялық факторды және уақытты жатқызады. Экологиялық фактор бұл жерде экономикалық өсудің импульсі ретінде қоршаған ортаның ластануымен байланысты өндіріс мүмкіндігінің шектеулілігін түсіндіреді. Уақыт факторы да өндірісте қолданылатын және оның тиімді жұмсалуын көрсететін шектеулі ерекше ресурс ретінде көрінеді.