Н. Ә. Назарбаев т аңдамалы сөздер


Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына



Pdf көрінісі
бет35/38
Дата12.01.2017
өлшемі3,07 Mb.
#1750
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

Абай Құнанбаевтың 150 жылдығына  

арналған салтанатты жиналыста

СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Алматы қаласы, 

1995 жылғы 9 тамыз

Ардақты отандастар! 

Қадірлі меймандар!

Бүгін – ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті 

мен  ең  дана  ұстазына  мәңгі  өшпес  махаббатын  біл-

діруге жиналып отыр. Оның дүниеге келгеніне әр он 

жыл  толған  сайын  осылай  бас  қосып,  өткеніміз  бен 

кеткенімізді, жеткеніміз бен жетпегімізді бір сарапқа 

салып  алу  әлдеқашан  әдетімізге  айналған.  Соның 

әрқайсысында Абайдың аты жаңаша асқақтап, халқы-

мыздың  мәртебе-мерейі  жаңа  биікке  көтерілумен 

келеді. 


681

Бір кезде абзал ақынымыздың асыл мұрасы таптық 

идеология табанында тапталып қалмай, жаңа ұрпақтар-

мен бірге жасайтын мәңгілік құбылысқа айналғанына 

қуандық. Кейін оның қадір-қасиеті өз аумағымызбен 

шектеліп қалмай, іргелес халықтар мен елдерге де кеңі-

нен танымал бола бастағанына масаттанып, марқайдық. 

Ал бұл жолғы сүйінішіміздің жөні тіпті бөлек. Ол үшін 

бір-бірімізді қуана құттықтап, бір-бірімізден шүйліге 

сүйінші сұрасақ та, ешқандай ерсілігі болмас еді.

Абайдың әуелден-ақ әкенің баласы болмай, адам-

ның баласы болуды армандағаны белгілі. Бұл жолғы 

тойдың  төріне  сол  көксеген  мұратына  жетіп,  барша 

әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат Адамзат 

Ардағы, Адамзат Ақыны, Адамзат Ақылманы болып 

көтеріліп отыр. Бұл жолғы салтанаттың Алматы мен 

Семейден, Қарауыл мен Жидебайдан басталмай, Батыс 

пен Шығыстың іргелі елдерінен, Еуропа мен Азияның 

ең  беделді  мемлекеттерінен,  Мәскеу  мен  Ыстамбұл, 

Париж  бен  Бейжің  сынды  әлеуметтік  астаналардан 

басталғаны да – соның айғағы. Бұл – бүкіл планетамыз- 

дың  мәдени-рухани  тынысын  жүйелеп  отырған  аса 

беделді  халықаралық  ұйым  –  ЮНЕСКО-ның  біздің 

жеке өтінішімізді ыстық ықыласпен қабылдап, мұндай 

шаруаның қалыптасқан жылтізбелік үрдісін алғаш рет 

бұзып, оны дүниежүзілік деңгейде өткізуді өзінің биік 

құзырына алуға шешім қабылдағанының арқасы. Біз 

мұны енді ғана тәуелсіздік алып, адамзат қауымдас- 

тығының тең құқылы мүшесі ретінде енді ғана санатқа 

кіре бастаған ежелгі халқымыз бен жас мемлекетімізге 

көрсетіліп отырған үлкен ықылас, биік саяси-рухани 

қолдау деп бағалаймыз. 

Күллі қазақстандықтардың атынан ЮНЕСКО ұйы-

мына, оның бас директоры, бүгін ортамызда отырған аса 



682

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


сыйлы мейманымыз, көрнекті қоғам қайраткері, әлемге 

мәшһүр ақын, аса қадірменді Федерико Майор мырзаға 

шын  жүректен  шексіз  ризашылығымызды  білдіруді 

айрықша парыз санаймын. Сондай-ақ Абай мерекесін 

атап өткен, мұрасын насихаттауға белсене үлес қосып 

жатқан, бүгінгі салтанатқа өздерінің беделді өкілдерін 

жіберіп отырған барлық мемлекеттер мен халықаралық 

ұйымдарға шын жүректен алғыс айтамыз. Мұны демо-

кратия мен гуманизм мұраттарының әлемдік кеңістікте 

түбегейлі жеңістерге жетуінің нәтижесінде қалыптаса 

бастаған  жаңа  рухани  ахуалдың  айқын  айғағы  деп 

білеміз. Ағайын бір өліде, бір тіріде деген осы. Қуанышы 

мен қайғысы ортақ рухани бауырмалдықтың әлемдік 

деңгейде орныға бастауы біздің ертеңге деген сенімімізді 

нығайта түсері хақ.

«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» 

дейді  қазақ.  Ақ  пейіліміз  бен  адал  ниетіміздің  асыл 

көрінісіндей  Абайымыздың  әлемдік  татулық  пен 

ынтымаққа өз үлесін қосатын рухани мәмілегерлігіне 

кіріскеніне  ерекше  тәнті  болып  отырғанымызды  да 

жасыра алмаймыз.

Ері елінің атын шығарады, елі ерінің атын шығарады 

деген де осы. Біз бүгінгідей тарихи кезеңде, адамзаттық 

қауымдас-тыққа енді танылып, сенімді ықпалдас, сертке 

берік серіктес ретінде алғаш рет бой көрсете бастаған 

кезімізде беделімізді асырып, рухани бедерімізді айқын-

дай түсетін Абайдай беліміз барлығына шүкірлік етеміз. 

Қадірменді қауым!

Ерекше жағдай ерекше ізденістер мен ерекше әре-

кеттерге бастайтыны белгілі. Ерен талант пен ерен жігер 


683

де  сондайда  керек.  Әрдайым  алға  ұмтылып,  биікке 

ұмсынған  адамзат  нәсілі  ешқашан  толас  таппаған 

және таппайтын рухани күресіне адастырмас нысана, 

алжастырмас бағдар сілтеп бере алатын көреген көсем 

тұлғаларды әрдайым сусай аңсаған, әрдайым төбесіне 

көтере құрметтеген.

Өйткені,  ақыл  табылмай  тұрып,  ештеңе  табыл-

майды. Ол жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды.  

Ар-намыссыз азамат өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің 

көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлт-

тық намыс та тұл. Онсыз қоғам дамудың даңғыл жолына 

түсе  алмай,  үйреншікті  үрдістің  солғын  соқпағынан 

шыға алмай, заманалар шырғалаңында басы айналып, 

дағдарысты  хал  кешеді.  Ондай  дағдарыстан  шығар 

жолды тарих пен табиғаттың айрықша пейілі түскен 

періште ниет, пайғамбар тектес перзенттері ғана сілтеп 

бере алады.

Абай да дәл сондай балағат заманда ғаламат тәуе-

келге бара алған ерекше парасат пен ерекше рух иесі. 

Соның арқасында ол бүгін күллі адамзаттың абыройы 

аласармас рухани сардарларының біріне айналып отыр. 

Оны туғызған дәуірді кеңінен қарастырмайынша, одан 

қалған мұраның тереңіне бойлай алмаймыз.

Ол қазақ тарихының айрықша ауыр кезеңі еді. Жер 

шарының неғұрлым көп бөлігін иемденуге тырысқан 

империя Орталық Азияны көктей өтіп, шығыс пен күн-

гейге тереңдей енуді көздеген-ді. Сондай стратегиялық 

мақсаттың дәл өтінде тұрған ел Қазақстан болды. Басқадан 

айрылса да, одан айырылмау саясаты алғаш рет сол кезде 

бой көрсетті. Ел билеудің тарихи қалыптасқан ұлттық 

жүйесі біржола мансұқталды. Метрополияның өзіндегі 

билік түрлері күштеп енгізіле бастады. Әуелі қазақтың 


684

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


әр ұлысынан бірнеше ергежейлі хандықтар құрылып, 

этноаумақтық тұтастық бұзылды. Сосын әр хандықтың 

халқы  мен  жері  ата-атаға,  ру-руға  бөлінетін  жігімен 

ауыл-ауылға, болыс-болысқа бөлінді. Сөйтіп, сойылған 

тоқтыдай ұшаланып-мүшеленген хандықтар дербестіктен 

айырылып, көрші губерниялардың құрамына күштеп 

кіргізіліп, кірме күн кешті. Одан хандықтар дуандарға 

бөлініп, бекзаттардың орнына патша өкіметі тағайын-

даған «сенімді қазақтарға» басқартылды. Солай дәстүрлі 

ішкі жымдастық әбден жойылған кезде ел, ауыл, болыс, 

уезд, облыстарға бөлінетін түзіліммен қайта құрылды. 

Ең төменгі ауыл мен болысты жергілікті атқамінерлер, 

уезд бен облысты патшаның әскери шонжарлары биледі. 

Осылай қазақтар өз жерінде өзі кірме болып қалды. 

Отарлау үдерісінің аяқталуы, тауар-ақша қатынас- 

тарының қарқынды дамуы, баламасыз айырбас, түбе-

гейлі  әкімшілік-аумақтық  реформалар  қазақтардың 

көшпенді шаруашылық-экономикалық жүйесін одан 

әрі тереңдетіп қана қоймай, сонымен бірге, дәстүрлі 

этноәлеуметтік құрылымын елеулі өзгерістерге ұшы-

ратты, қалыптасқан қоғамдық байланыстарын бұзып, 

дәстүрлі құндылықтарын аяқасты етті.

Ескі мен жаңаның арасындағы күрестің осындай бет- 

бұрысты, күрделі кезеңінде қазақ қоғамы жолдан ада-

сып, абдырап, жаншылып қалды. Сондықтан Абайдың 

адам көрмеген жанқиярлығы мен ерен құбылыс сана-

лардай ерекшелігі – отаршыл кемсітушілік бар жерде 

болмай  қоймайтын  тайсалудың  орнына  тайталасты, 

жиренудің орнына үйренуді, жарамсақтықтың орнына 

жарастықты, мансап қуған баққұмарлықтың орнына 

білім  қуған  бәсекені  сіңістіріп,  ұлтымыздың  рухани 

қайсарлығын жаңа қасиеттерімен байытқандығы.



685

Абай  да  ақыл  айтпас  бұрын  қилы  заманның  бар 

қитұрқысын өз басынан өткеріп көрді. Оның сол кездегі 

еуропалық саяхатшылардың аузынан «дала Цицероны» 

деген атақ алған шонжар әкесі ескі мен жаңаға бірдей 

жорға болды. Ел жақсылары мен патша әкімшілігіне 

сөзін бірдей өткізе білді. Сондай аса ақылды, көреген 

әке  баулыған  ұғымтал  жас  медреседе  мұсылманша, 

мектепте орысша қатар оқып жүрген жерінен ауылға 

қайтарылып, билікке араласады. Ру мен ру, ескі үрдіс 

пен жаңа үрдіс, рулық-тайпалық психология мен само-

державиелік отаршылдық бетпе-бет шарпысқан тартыс 

пен  таластың  ортасында  жүріп,  есесі  кетіп  жатқан 

елінің жоғын жоқтауға күш салды. Бірақ түсінбеушілік 

пен  секемшілдіктің  тас  қабырғасына  маңдайы  тиді. 

Қандастары  қызғанышпен,  отаршыл  ұлықтар  сенім-

сіздікпен қарады. Қапа болған жігерлі азамат билікті 

тастап,  ақындықтың  соңына  біржола  түсті,  қалған 

жиырма жыл ғұмырын тек қана оқып білуге, тек қана 

шығармашылыққа жұмсады. 

Абайдың кемеңгерлігі бар құдіретімен осы жолда 

ашылды.  Ақын  ретінде  ол  қазақтың  суырыпсалма 

поэзиясын шын мәніндегі реалистік жазба поэзияға 

айналдырды, бұрын-соңды көтерілмеген тақырыптарды 

көтерді,  бұрын-соңды  үрдіске  енбеген  жанрларды 

үрдіске енгізді. Сырт сипаттау, сырт дәріптеуді қойып, 

адамның ішкі жанына үңілетін, болмыстың тұңғиық 

қалтарыстарын ашатын аса мәнді философиялық-әлеу-

меттік лирика туғызды. Шығыс поэзиясына тән нәзіктік, 

әуезділік, ойнақылық батыс әдебиетіне тән жіті зерттеу- 

ші зердемен байыды.

Егер Абай болмаса, осы ғасырдың басында-ақ азамат-

тық кемелділікке, суреткерлік салиқалылыққа, стиль-


686

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


дік әралуандыққа, заманмен бірге аттап, замандаспен 

мұңдас бола алатындай әлеуметтік пайымға ие болған 

жазба әдебиет мектебі, шын мәніндегі Абай мектебі 

қалыптаспас еді. Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев, 

Шәңгерей  Бөкеев,  Шәкәрім  Құдайбердіұлы  лирика-

сында, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ғұмар 

Қарашев, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Сералин-

дердің саяси-ғылыми көсемсөздерінде, Сұлтанмахмұт 

Торайғыров,  Спандияр  Көбеев,  Міржақып  Дулатов, 

Жүсіпбек Аймауытов шығармаларында бар бітімімен 

көрінген  бұл  мектеп  Абай  жүйелеген  жаңа  ұлттық 

эстетикалық әлемнің қаншалықты сындарлы екенді-

гін айқын танытты. Түп бастауы осы кәусар бұлақтан 

басталған көп салалы, көп жанрлы көркем әдебиетіміз 

XX ғасыр зобалаңдары тұсында өз халқына зор рухани 

медет болды. Тек өз жұртын ғана емес, бұрынғы кеңестік 

кеңістіктегі, тіпті әлемдік деңгейде талғампаз қауымның 

сусынын қандыра алатын рухани нәр тауып бере алды. 

Біз мұның бәрі үшін де бір жарым ғасыр бұрын эстети-

калық ойдың тың жазирасына батыл аттаған Абайдың 

қайсар талантына қарыздармыз.

Алайда  Абайдың  әлемдік  санадан  өз  орнын  ала-

тындай елеулі құбылыс болуы тек оның әдеби ізденіс- 

терімен  шектелмейді.  Әдебиет  –  Абайдың  күллі 

дүниелік  болмысқа,  адами,  ұлттық,  кісілік,  тарихи, 

заманалық болмыстарға бойлайтын кәусар дариясы, 

ежелгі  дүниеден  мәңгілікке  дейін  көл-көсір  көсіліп 

жатқан рухани әлемге, рухани ғарышқа, ғалами дүни-

енің ғажайып қиырларына шегер бір жағынан азапты, 

бір  жағынан  ләззатты  сапарының  бастау  қақпасы, 

әрі тереңге бойлап, кемелге ұмтылар талпыныстары-

ның  алтын  баспалдағы  болды.  Абайдың  ойшылдық 



687

қарымы мен зерттеушілік тегеурінін де өз заманының 

шым-шытырық қайшылыққа толы шындығы белгілеп 

берді. Сол шытырманнан шығар жол іздеп жүріп, ол 

өз халқының ұлттық бітімін жан-жақты пайымдады. 

Оның басындағы тақсіретті егжей-тегжейлі талдады. 

Сөйтіп, кеселіне дауа, келешегіне бағыт қарастырды. 

Халқына қамқор, ұлтына жанашыр боламын деп жүріп, 

күллі адамзатқа мейірбан гуманистік өреге көтерілді. 

Кісі мен кісінің де, халық пен халықтың да арасында 

бола  беретін  кикілжіңдердің  бәрінен  жоғары  тұра 

білді. Ұлықтарды ұнатпағанымен, көрші орыс халқына, 

басқа да халықтарға зор ілтипатпен қарады. Патшалық 

билікті мансұқтағанмен, ұлы орыс мәдениетінен тәлім 

алды. 

Абай аз халықты да, көп халықты да бауырластыра-



тын рухани ықпалдастық деп түсінді. Адамға адамның 

баласының бәрін дос санады. Оны батысқа, шығысқа, 

алысқа,  жақынға  бөлмей,  біртұтас  құбылыс  ретінде 

қарастырды. Дала өмірін түзету үшін, толассыз жетіліп, 

толассыз  шыңдалып  жатқан  адамзаттық  қауымдас- 

тықтың тыныс-тірлігіне үңілу қажет болды. Сөйтіп, ол 

өз дәуіріндегі өз жұртының әлеуметтік болмысымен 

шектелмей, оны қалай сауықтыру мен саламаттанды-

рудың амалын іздеді. Өз пайымын ортаға салды. Ол 

қазақ зиялыларының осы ғасыр басындағы әлеуметтік 

прогреске талпынысына айта қаларлықтай ықпал етті. 

Онымен  қоймай,  қазақтың  ХХ  ғасырдағы  қоғамдық 

санасына тікелей әсерін тигізе алды. 

Абайдың  әлеуметтік  ойшылдығына  тереңірек 

үңілетін  тұс  –  қазіргі  кезең.  Қоғамымызда  түбегейлі 

өзгерістер болып жатқан бүгінгі күндер. Осы тұрғыдан 

келсек, дала ойшылы халқына жаны ашу деген онымен 


688

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


қосыла  жылау  емес,  оған  өзін  өзі  шыңдаудың  сара 

жолын айқындап беру деп түсінгені ешқандай күмән 

туғызбайтын басы ашық мәселе.

Ұлтты құтқарудың жолы тек оны рухани жанданды-

руда ғана. Бұл жолдың ұзақ әрі қиын болатынын, бірақ 

қалайда қажет екенін Абай жақсы түсінді.

Оның  бірінші  айтар  ақылы:  әуелі  мал  тап  дейді. 

Әйтпесе, «қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, 

ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Мал тапса, қарын 

тояды. Онан соң білім, өнер керек екен...». 

Ал өнер-білімді қайдан іздеген жөн? 

Абайға айтқызсаңыз: «Орысша оқу керек, хикмет те, 

мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста зор... Орыстың 

ғылымы, өнері – дүниенің кілті. Оны білгенге дүние 

арзанырақ түседі».

Ал  енді  сонда  мұндай  ақылдың  патша  ұлықтары 

таратып жүрген жексұрын екіжүзді пікірден не өзге-

шелігі  бар?  Өзгешелігі  –  ұлық  жалба  тымақты  түз 

адамын кемсіте беруді көздейді. Абай тезірек тең етуге 

асығады.  Оның  ұғымында  сол  астам  ортаның  «зала-

лынан қашық, пайдасына ортақ болу үшін де оқуын, 

ғылымын білмек керек... Сен оның тілін білсең, көкірек 

көзің  ашылады.  Әрбіреудің  тілін,  өнерін  білген  кісі 

онымен бірдейлік дағуасына кіреді де, аса арсыздана 

жалынбайды». 

Бұл  қағидасын  Абай  өз  өмірімен  дәлелдеп  шыға 

алды. Айдаладағы киіз туырлықты ауылда жатып, орыс 

классикасын түгелге жуық оқып қана қоймай, шетінен 

қазақшаға аударып, ел арасына насихаттаумен шұғыл-

данды.  Ол  аз  болғандай,  орыс  тілі  арқылы  Байрон, 

Гете, Шиллер, Лесаж, Дюма, Мицкевичтерді зерделеп, 

қазақша  сөйлетуге  тырысты.  Тіпті  көне  грек,  ежелгі 



689

Рим дәуірлеріне тереңдеп, Аристотель мен Сократтан 

бастап,  Спиноза  мен  Спенсерге  дейінгі  аса  көрнекті 

ойшылдарды  шұқшия  зерттеді.  Дарвинді  ақтарып, 

жаратылыстану  жетістіктерімен  танысса,  Нью-Йорк 

университетінің профессоры Джон Уильям Дрепердің 

еңбектеріне ден қойып, Еуропаның қоғамдық ақыл-ой 

дамуының  тарихына,  католицизм  мен  ғылымның 

арасындағы  өзара  байланыс  тарихына  қанықты.  

«Менің Қағбам енді батысқа ауысты» деуі де сондықтан 

еді.

Сезімтал ақын, сергек ойшыл ғұлама дала тіршілі-



гін өзге дүние тіршілігімен салыстыра зерттеп барып 

түсінгісі келді. Бала кезінен таныс араб, парсы тілдерін-

дегі  кітаптарды  қайта  ақтарып,  Шығыс  поэзиясына, 

тарихына, философиясына соны көзқараспен қарап, 

жаңаша баға берді. Әсіресе, Табари, Рабғузи, Рашид-

әд-Дин,  Бабыр,  Әбілғазы  еңбектеріне  ерекше  зейін  

қойды.  Шығыстық  логика  мен  мұсылман  құқығын 

үңіле зерделеді. Өз тұсындағы Кіндік Азия мен Күнгей 

Азияның мәдени-рухани өмірінен мейлінше хабардар 

отырды.


Абай зердесі тек сыртқы дүниеге ғана назар аударып 

қоймай, ұлттық болмысты пайымдайтын төл мұраларға 

да көңіл бөлді. Қорқыт, Асан Қайғы, Аталық, Сыпыра 

жырау, Қодантайшы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, 

Марғасқа,  Жиембет  ақындар  жырларындағы  уайым 

мен жігер, Бұқар, Төле, Қазыбек, Әйтеке өсиеттерін-

дегі өміршілдік Абай дүниетанымының ең терең және 

етене қабаттары еді. Оған тұрандық ғұламалар Қожа 

Ахмет Яссауи, Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, 

Махмұд Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадыр- 

ғали Жалаири, Мұхаммед ибн Қайс, Хусан Аддин Бар-


690

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


шынлегінің еңбектерін қоссаңыз, қазақ ақынының көп 

қабатты, көп атырапты дүниетанымына еріксіз қайран 

қалар едіңіз.

Екі алып құрлықты алтын кіседей айқара құшақта-

тып жатқан ежелгі сахарада қалыптасатын ғұламалық 

ой-сананың  қаншалықты  терең,  қаншалықты  кең 

қарымды, белгілі бір мәдениет, мектеп, ағым ауқымына 

тұтқындалмайтындай  қаншалықты  бостан  әрі  азат 

болатынына көзіңіз жете түсер еді.

Абайдың көзшоласы қандай ұланғайыр кең болса, 

таңданған,  қызыққан,  жиренген,  құмартқан,  алған 

әсерлері сондай ұлан-асыр, байқаған-түйген парасат-па- 

йымы соншама терең еді. Бірақ оның мұншалық күр-

делі рухани әлеміне ерекше бір сындарлылық бітіріп 

тұрған әсер мен ой, сезім мен зерде, әуен мен бейне 

аражігін ажыратпай құшақ қауышып жататын шынайы 

адамилық,  шынайы  азаматтық  кемелділік.  Неге  де 

болса даму тұрғысынан қараған, диалектикалық серпін. 

Тоқмейіл тоғышарлыққа бой бергісі келмейтін шын-

шылдық пен уайым...

Азияның  шетқақпай  түкпірінде  туып-өскен  түз 

ақынына  мұндай  рухани  рационализм,  адамгершіл 

максимализм қайдан бітіп жүр? Оның шығармаларына 

ол  кезде  Еуропаның  өзі  түгел  мойындай  қоймаған, 

адамды – басты тұлға, адамгершілікті – басты қасиет 

санайтын қайта өрлеу мұраттары, шын мәніндегі қайта 

құрушылық көзқарастар қайдан дарып жүр? Оқыған 

кітаптан ба, заманнан ба, ортадан ба, күнде-күнде көз 

алдында көлбеңдеп тұрған көңілсіз болмыстан ба?

Дұрысы – бәрінен біткен. Қара басының өзі ел баға-

мын деп, алыс-жұлыстан мезі болған, мыңмен жалғыз 

алысып, әбден қажыған сананы сарғайтқан, дүние түгел 



691

өзгеріп  жатса  да,  өзгермей  қойған  дала  тірлігі,  қыр 

тұрмысы еді. Далиған даланың қай қиырынан да көзге 

ұрып тұрған мөлмиген мешеулік еді. Соны әлі ұғып 

болмаған аңғал жұрт еді.

Күні кеше өзінен өзгенің бәріне күлетін ауылдаста-

рын тыңдай жүріп, «бізден басқаның бәрі антұрған, ең 

тәуір халық біз екенбіз» деп ойлап қалған аңғал ұғыммен 

айналасына көз тастай барласа, кешегі келеке қылып 

жүргендердің бәрі озып кеткен. Біреулердің «екпеген 

егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ», саудагеріне дейін 

«жүрмеген жері жоқ, қылмаған кәсібі жоқ». Біреулері 

«солдаттыққа да шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, 

медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды». Біреулерінің 

«біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз», «біріміз жалшы, 

біріміз қош алушымыз», «бағанағы мақтан, бағанағы 

қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» 

Абайдың  түсінігінде  адам  баласын  азғындаудан 

сақтайтын  бір  ғана  нәрсе  –  еңбек.  «Еңбек  танымды 

арттырады. Еңбек естіген нәрсені бекіте түседі. Адам 

алған  білімін  ретке  келтіреді,  керектіні  керексізден 

сұрыптап, ақылды болады». Сондықтан да ол еңбекті 

барша игіліктің негізі, оған деген сүйіспеншілікті адам-

дық өмірдің басты мәні мен мақсаты деп санайды. Ал 

жалқаулықты  барша  қырсықтың,  одан  туындайтын 

жарамсақтықты барша қиянаттың, мақтаншақтықты 

түзелуден  үмітін  үзген  бейшаралықтың  түп  атасы 

деп  түсіндіреді.  Халықты  «түзелмейтін  қайыршыға» 

айналдырмайтын амал: «Егін, сауда, кәсіп, ғылым» деп 

біледі. Ол тек ыждаһат пен ынта бар жерде ғана жүзеге 

асады. Абайдың: «Құдай саған еңбек қылып мал табар-

лық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға 

жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды 


692

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ерінбей еңбек 

қылса,  түңілмей  іздесе,  орнын  тауып  істесе,  кім  бай 

болмайды?» деп жазғыратыны да сондықтан.

Абай тек еңбек етудің арқасында ғана адам мораль-

дық жағынан кемелденіп, отбасына, жас ұрпақ тәрби-

есіне, аталық, аналық, достық, жолдастық, туысқандық 

парызға деген көзқарасты өзгерте алады деп санайды. 

Әйтпесе, атадан қалған малға масаттанған масыл, ел 

үстінен  күн  көрген  жымысқы,  өзгедегіге  көз  сүзген 

өлермен бақастық пен ұрлықты, жалқаулық пен жарам-

сақтықты, қатыгездік пен найсаптықты өршітпесе, үй 

құлқын да, түз құлқын да түзей алмайды.

Абай  барша  ұғымның  шын  мәнін  ашып  беретін 

бірден-бір  өлшем  –  еңбекке  көзқарас  деп  санайды. 

«Алтыншы  сөзінен»  мына  бір  үзіндіні  келтірейікші: 

«Қазақ айтады: «Бірлік болмай тірлік болмайды», – деп. 

Сондағы айтып отырғаны қай бірлік?.. Қазақ ойлайды: 

бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса 

екен, – дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедей-

ліктен не зиян? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? 

Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік 

емес... Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. 

Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін 

құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа 

іздемейді... әуелі біріне бірі пәле іздейді... Мұның қай 

жерінен бірлік шықты?

«Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік?.. Ол осы 

жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік ит- 

те де бар... Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі 

тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің 

өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен 

ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың».



693

Айтудай-ақ айтқан емес пе?! Жалпы, біз қазір қолға 

алып  жатқан  көп  бастаманың  дәйектемесін  басқа 

жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың.

Бүгінгі халықаралық жағдайларға байланысты ұста-

нып отырған мемлекеттік ішкі-сыртқы саясатымызға да 

жауапты Абайдан табуға болады. «Адамзаттың бәрін 

сүй бауырым деп» деген жолдардан халықтар достығы 

ақын үшін қатар өмір сүрудің жалаң дипломатиясы 

ғана емес, тіршіліктің негізгі мағынасын айқындайтын 

ұлы мұрат екені көрінеді. Ақын көзқарасын қазіргі тілге 

салсақ, өзге елдермен достық қарым-қатынаста, ынты-

мақтастықта болу саясаты – біздің ел болып қатарға 

қосылуымыздың алғышарттарының бірі. «Өзге өскен 

ел не істесе, соны істе, ғылымын, мәдениетін меңгер», 

– дейді Абай. Ол үшін өзгелермен мәдени, экономика-

лық, саяси араластық керек, оның аты, бүгінгіше айтсақ 

– интеграция.

Ал «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» 

деген сөздері, шын мәнінде, ұлт болып ұюымыздың 

негізгі шарты. Өз халқымыздың мүддесі үшін күресте 

достық, татулық, бірлік керек пе? Керек. Ендеше, Абай 

сөзін тереңірек ұғынып, онымен өзгелерді ұялтуға емес, 

өзімізді өзіміз ұялтуға тырысайық.

Өзгеше тарихи жағдайда өмір сүрген қазақ халқына 

бұдан  әрі  бұрынғыша  тіршілік  етуге  болмайтынын, 

заман талабына сай еңбек етіп, кәсіпті, сауданы мең-

геру  керектігін  де  бірінші  айтқан  Абай.  Яғни,  қазақ 

қауымына әлеуметтік реформаны да, экономикалық 

реформаны да бірінші ұсынған – Абай.

Жерінен, суынан, тәуелсіздігінен, билігінен айрылған 

қазақты  құтқарудың  жалғыз  амалы  –  оның  рухани 

әлемін, елдік, адами ізгі қасиеттерін сақтап қалу екенін, 


694

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


сонда ғана оның ұлттық сипатын аман алып қалуға бола-

тынын ақын жақсы түсінді. Сол үшін жан аямай күресті.

Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір 

азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын. «Егер 

де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір 

мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында 

бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан 

бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, 

не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен 

өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің 

де  білмей  қалыппысың?»  деген  ақын  сөзін  еске  ала- 

йықшы.


Егер әркім баяғыны қойып, өзгеріске ұшыраған 10 

жыл,  тәуелсіздік  алғаннан  бергі  4  жыл  ішіндегі  тір-

шілігін оймен шолып көрсе, қанша мүмкіндікті қапы 

жібергенін, қаншама нәрседен ғапыл қалғанын айқын 

аңғарар еді. 

Әуелде ағайынға, кейін өкіметке қол жайып қалған, 

өз қамын өзі жемей, өзгеден жәрдем күтетін әлеумет-

тік енжарлық көп азаматымызды әліге дейін шұғыл 

өзгеріп жатқан уақыт талабына икемделгізбей келеді. 

Соның салдарынан, бейқамдық пен бейқарекеттіктің 

қырсығынан сыртта өндіріс пен шаруа, үйде тұрмыс 

күйзелуде. Біреуден нұсқау күтіп, әркімге қол жайып, 

айтпасаң білмеу, ақырмасаң түсінбеу кесірінен амалдың 

орнына – айла, істің орнына – сөз, ұсыныстың орнына – 

қолқа, дәлелдің орнына – сылтау, ақыл-кеңестің орнына 

өкпе-бопса айту бел алып барады.

Тарихтың берген мүмкіндігі мен табиғаттың берген 

байлығы әлі де болса орнын таппай, босқа зая болып 

жатқаны  жанға  батады.  Ол  үшін  сыртқа  өкпелейтін 

ештеңе жоқ. Тәуелсіздігіміз бар, егемендігімізді жұрт 



695

уақтылы  мойындады.  Қолғабыс-көмектерін  ұсынды. 

Экономикамызды,  әлеуметтік-мәдени  дамуымызды 

көтеру жолында бірлесе әрекеттенуге әзір екендіктерін 

білдірді. Жан-жағымызбен тату-тәтті қарым-қатынаста-

мыз. Алыспен де, жақынмен де алысып-берісіп жатыр- 

мыз. Нағыз іскер ахуал орнатуға не керектің бәрі бар. 

Жетпейтіні:  Абай  айтқан  ынта  мен  ыждаһат.  Білуге 

ыждаһат,  үйренуге  ыждаһат,  еңбектенуге  ыждаһат 

күшеюдің  орнына  әлсіреп  бара  жатқандай.  Оның 

орнына Абай айтқан қырсыздық пен қияңқылық, «өтірік 

пен өсекті жүндей сабаған» даукестік пен даңғойлық, «өз 

елін өзі аңдыған» ұрлық пен «жүз қараға екі жүз алар-

ман бар» көрсеқызарлық, «қозғау салып қоздырғыш» 

жікшілдік пен «сөз қыдыртқан, жұрт құтыртқан пар-

тияшылдық» азаяр емес. Экономикалық белсенділікті, 

Абайша айтсақ, «өз жерімен, өз елімен ойраңдасып, 

ойсыздарға қойнын ашып, мал шашумен», «халыққа 

қайыры бар іс бітірмей», «қардың суы сықылды тез суа-

лар, еңбек қылмай табылар мал-дәулет» қуумен, саяси 

белсенділікті дау жоқ жерден дау іздеумен, жау жоқ 

жерден жау іздеумен, әлеуметтік белсенділікті ұрынарға 

қара таппай жүретін ұрда-жықтықпен, әр нәрсеге бір 

тұмсық тығатын тіміскілікпен шатыстырып алу етек 

жайып  барады.  Бұған  ренжімегенде,  неге  ренжисіз? 

Өзімізге өзіміз өкпелеуге мәжбүрміз. Соның бәрі «шала 

мейір  шала  байқайды»  демекші,  тәуелсіздігіміз  бен 

бостандығымыздың қадірін шала ұғып, шала бағалау-

дан шығып жатқан кеселдер. Осы тұста ұлы ақынның: 

«Бәйгеге  ат  қоссаң, атыңды тартыспайтұғын  ағайын, 

атың келсе, бәйгесіне өкпелейтіні қалай?.. Тыныштық 

іздеп, таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке 

тұрмай,  тыныштықтан  жалыға  қалатұғыны  қалай?.. 


696

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


Кеселді  кісі  ер  келетұғыны  несі?  Кедей  кісінің  кер 

келетұғыны несі?.. Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та 

қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке 

серттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден 

естіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?» – деген сөздері ойға 

келеді. Осы бір жан айқайының бүгінгі біздің қоғамға да 

қатысы бар екенін естен шығармасақ болғаны.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, бас қосқан ұлы жиындар-

дың бәрінде де мен халқымыздың бірлігі мен татулығы 

туралы  айтпай  қалған  емеспін.  Өйткені,  әлімсақтан 

белгілі, ел болудың амалы – ішкі бірлік.

Тарихтың барлық кезеңінде даудан да, жаудан да 

қазақ  ұтылса,  тек  бірлік  пен  татулықтың  аздығынан 

ұтылды. Абайдың да өзегін өртеген қайғы осы болатын. 

Егер елде бірлік болса, Абай:

 

Бас-басына би болған өңкей қиқым



 

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

 

...Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ



 

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

 

Баста ми, қолда малға талас қылған



 

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын, 

– деп өкінер ме еді?

Бірақ Абай тағы да былай дейді: «...Бұрынғы біздің 

ата-бабаларымыздың... бұл замандағылардан артық екі 

мінезі бар екен... Ол екі мінез қайсы десең, әуелі – ол 

заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. 

Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда 

болады екен... екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, 

берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетіл-

темін», – деп жамандығын жасырып, жақсылығын асы-


697

рамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, 

онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі де өз 

бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде 

жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?

Екіншісі – намысқор келеді екен. Аты аталып, әруақ 

шақырылған  жерде  ағайынға  өкпе,  араздыққа  қара-

майды екен, жанын салысады екен... Ағайынның азары 

болса да, безері болмайды», – деп, «Алтау ала болса, 

ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – 

десіп. Кәніки, осы екі мінез қайда?»

Ел болудың қағидасындай болған, пәтуа мен бірлік-

тің көзі – осы екі мінез дәл бүгін ұлт тағдыры шешілер 

тұста біз үшін бұрынғыдан да керегірек секілді. Рас, мен 

қазір Абайша ашынып, бұл екі мінез бізде мүлде жоқ 

деп айта алмаймын.

Өйткені  отандастарым  маған  екі  мәрте  мәрттік 

жасап, екі тізгін, бір шылбырды сеніп тапсырып отыр. 

Олар  үдесінен  шықты.  Мен  де  уәдемнен  шығамын: 

бәрі  де  бауырым  болғасын,  мен  де  қарап  қалмай-

мын, қамдарын жеймін. Олардан бөлек уайымым да 

жоқ,  олардан  бөлек  қайғым  да  жоқ.  Нені  де  болса, 

елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге  

жеңемін.


Сондықтан  да  мынау  өтпелі  дәуірдің  қиын 

қыспағынан тездетіп шығу үшін, жүйелі билік керек 

екендігін сезініп, жағдайды пәрмендірек түзеу үшін, 

бірақ  заңсыздыққа  ұрынбай,  бәрін  де  заңға  сәйкес 

атқарып шығу үшін Ата заңымыздың жаңа жобасын 

көпшілік талқысына ұсындым. Жұртшылық зор ықы-

ласпен зерттей танысып, ұсыныстарын, ескертпе, пікір-

лерін білдірді. Айтылған сын аз болған жоқ. Ащы деп 

апшымадым. Тәтті деп тамсанбадым. Бәрі де ескерілді. 

Мұқият  сұрыпталды.  Сарапқа  салынды.  Түпкілікті 



698

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


жобаға  қосатын  үлесін  қосты.  Бізге  керегі  –  өтпелі 

кезеңнің тар көпірінен тезірек өткізіп, өзіміз көздеген 

адам мүддесі аяққа басылмайтын, әркім өз бақытын 

өз  талайы  мен  талабына  қарай  табатын  әлеуметтік 

әділетті қоғамның заңды кеңістігіне тезірек жеткізетін 

түп құжатты қабылдау. Егер Ата заңымызды халқы-

мыз қолдап шықса, сөз жоқ, әлгі айтылған елдігіміздің 

екінші мәрте сипаты да жарқырап көрінген болар еді. 

Солай болатынына кәміл сенемін.

Бұл  орайда  басын  ашып  айтатын  бір  мәселе:  біз 

экономикадағы  реформадан  қалай  бас  тартпайтын 

болсақ,  демократиядан  да  солай  бас  тартпаймыз. 

Өйткені  демократиялық  бостандық  жоқ  жерде  эко-

номикалық бостандық та болмайды және, керісінше, 

біз сол бостандыққа қолбайлау болатын тұстарды ғана 

түзетеміз. Әйтпесе, уақытша қиындықтарды пайдалана 

қойып, жеке үстемдік құратын Жертәңірі болайын деп 

жатқан ешкім де жоқ. Ондай байбалам, шынында да, 

Абай айтқандай, кейістікті күндестікпен, тыныш отыра 

алмағандықпен  шатыстырып  алып  жатқандардың 

аузынан шығуы мүмкін. Біздің далада арғы-бергіде қыр-

сыздыққа көп төзгенмен, қиянатқа көп төзе қоймағанын 

жақсы білемін. Өзім үшін емес, елім үшін толғанамын: 

бір басыма керекті қай күнде де табармын. Халқыма 

керекті қалай табамын, қайдан табамын деп қам жеп 

жүру тек қана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында 

болуы қажет. Онымды алыстағы, жақындағы саясатшы-

лардың кейбіреулері түсінбегенмен, халқымыз жақсы 

түсінгеніне ризамын.

Қысқасы, Абай армандары – тек бір ғана ұлт ұстана-

тын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. 

Қазақ  топырағында  оның  орайын  келтіруге  мүмкін-



699

дік  енді  туып  отыр.  Мына  сіздер  мен  біздерге  үлес 

болып тиіп отыр. Өйткені біз – осы далада өмір сүрген 

ұрпақтардың ішінде әлгіндей мүмкіндікке қол жеткізіп 

отырған ең алғашқы және бірден-бір ұрпақпыз. Сон-

дықтан ұлы ойшыл-демократ, ұлы рухани реформатор 

Абайға ең жақын, ең етене ұрпақ та тек бізбіз. Мұндай 

жақындық, мұндай етенелік бізге тарих алдында үлкен 

жауапкершілік жүктейді. Асыл ұстаз өсиет еткен абзал 

мұраттардың тек қиял болып қалмай, нақты шындыққа, 

нақты әлеуметтік болмысқа айналар-айналмасы мына 

біздерге байланысты.

Біз де бүгін ұлтішілік татуластыққа да, ұлтаралық 

татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтар-

мен ынтымаққа да, мәдениеттер арасындағы сабақта-

стыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге ерекше 

мән  береміз.  Қорыта  келсек,  бүгінгі  таңда  бәріміз 

ұлықтап отырған ұлы ақылгөй осыдан бір жарым ғасыр 

бұрын, өз тұсындағы өркениеттен атымен шетқақпай 

жатқан аймақта жүріп-ақ, тек бүгінгі өркениет қана 

қамтамасыз ете алар адамдар мен халықтардың бостан-

дығы мен жарастығына негізделген, ізгілігі мен игілігі 

бірдей биік дамыған азат қоғамның қандай болмағы 

керек екендігін де дәл пайымдай алыпты.

Абай  жылын  өткізген  жақсы.  Абай  жырын  жат-

таған дұрыс. Ал оның терең ойы мен өжет пікірі тек 

айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір 

кірпіш болып қаланып жататын нақты іске айналса, 

тіптен құба-құп. Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген 

мұраттарды шын қастерлей білгендігіміздің, әділет пен 

абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды 

терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі 

де осы болып табылады.


700

II  ТОМ.  1991–––––

1995 


Бүгінгі  елімізде  жасалып  жатқан  ұлы  істердің 

нәтижелі болуына ең қажетті нәрсе – сенім. Елге деген 

сатқындық ең алдымен оның болашағына сенбеуден 

басталады.  Ал  ұлы  Абайдың,  уайымшыл  Абайдың 

болашаққа деген сенімін есте жоғалтпағанын мына бір 

сөздерінен көруге болады: «Жамандықты кім көрмейді? 

Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян 

жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады 

дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, 

көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді», – дейді ұлы ақын.

Айтқаның келсін, жан баба!

Ел басына түскен бүгінгі қиын-қыстау кезеңнің баян-

сыздығына, халқымыздың көңілін шаттыққа бөлейтін 

келісімге, жарастыққа толы ырыздықты, молшылықты 

күндердің  сарғайтпай  ертең-ақ  келетініне  менің  де 

сенімім мол.

Абайды  бізбен  мәңгілік  бір  қылатын  да  осындай 

ұғым, осындай сенім. Ендеше, Абай өнегесі әрдайым 

көз алдымызда болғай! Қай ісіміз де Абай армандаған 

биіктен көріне білгей!



701


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет