Гамма-амин май қышқылы (ГАМҚ) – мидың заттек алмасуында маңызды рол атқаратын нейромедиатор. Қозуды әлсіретіп, тыныштандыратын әрекет көрсетеді.
Транквилизатор ретінде қабылдайды, назар бөлу тапшылығы синдромында тағайындайды, эпилепсияның, артериалды гипертонияның кешенді емінде қолданады. ГАМҚ релаксациялық әрекетін ескере отырып, жыныс қызметінің бұзылыстарында ұсынады.
Амин қышқылы құрысу ұстамаларын және басылып қалу сезімін жеңіп шығуға көмектеседі.
Қалыпты жағдайда дені сау организм өзіне қажетті амин қышқылының мөлшерін қамтамасыз ете алады. Дегенмен, мырыш пен В6 витаминінің тапшылығы мидағы ГАМҚ мөлшерінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Таурин – бауырда цистеиннен, басқа ағзалар мен тіндерде міндетті түрде В6 витаминінің қатысуымен метиониннен синтезделеді. Таурин нәруыздың құрамына кірмейді, бірақ көптеген амин қышқылдарының синтезіне қатысады. Дені сау және науқас организмінің заттек алмасуына жан-жақты әрекет жасайды. Ең бастысына жататындар:
липидті алмасу – таурин өттің негізгі құрамбөлігі бола отырып, майдың қорытылуына, майда еритін витаминдердің абсорбциясына, қандағы холестериннің қалыпты деңгейін ұстап тұруға қатысады. Осы қасиетімен атеросклероздың, артериалды гипертонияның, гипогликемияның алдын алуда және оларды емдеуде оның ролін айқындайды;
жүрек-қан тамырлар жүйесі – натрий, калий, кальций мен магнийдің қалыпты алмасуы үшін қажет, жүрек бұлшық етінен калийдің бөлінуін болдыртпайды, жүрек ырғағының бұзылыстарының алдын алуға ықпал етеді;
жүйке жүйесі – мидың жүйке жасушаларына қорғанысты әрекет көрсетеді. Мазасыздықты, қозғыштықты, эпилепсияны, гипербелсенділікті, құрысуларды емдеуде қолданады.
Эпилепсиямен ауыратын науқастарға конвульсияға қарсы препараттарды бермей, тауринді реттілікпен қабылдату арқылы ұстаманы азаютуға болатыны анықталды. Таурин сары дақ түзілген адамдардың көруін жақсартатын әсері бар онша көп емес препараттардың бірі болып табылады. Осының дәлелі ретінде адамдарда тауриннің тапшылығы торлы қабаттың зақымдануына әкелетінін айтуға болады.
Бірінші типті диабетпен ауыратын науқастардың күнделікті рационына 1-1,5 г тауринді қосса, қанттың деңгейін және тромбоциттердің аномальды белсенділігін ұзақ уақытқа дейін төмендетеді, ал екінші типті диабетпен – жасушаның инсулинге сезімталдығын жоғарылатады, екі жағдайда да қандағы қанттың деңгейін тұрақтандандыруға көмектеседі.
Тағамдағы нәруыздардың алмастырылмайтын амин қышқылдардың оңтайлы құрамы жасына, жынысына, кәсібіне және тағы басқа себептерге байланысты. Мысалы, ФАО мен ДДҰ сарапшыларының пікірі бойынша, ересек ер адам үшін 1 г тағамдық нәруыздың құрамында 8 алмастырылмайтын амин қышқылдарының мөлшері (мг): изолейцин - 40, лейцин - 70, лизин - 55, метионин цистинмен бірге (метионин ересек адамның организмінде цистинмен алмастырылуы мүмкін) - 35, фенилаланин тирозинмен бірге (фенилаланинда тирозинмен алмастырылуы мүмкін) - 60, триптофан - 10, треонин - 40, валин – 50 болғанда, оңтайлы деп есептеледі. Емізулі балалар үшін қосымша гистидин мен цистин алмастырылмайтын болып есептеледі. Аргинин мен гистидин ересек адам үшін алмастырылмайтын болып есептелмейді, бірақ аргининнің жеткіліксіздігі сперматогенезге әсер етеді, ал гистидиннің жеткіліксіздігі экземаның және тағы басқа бірқатар теріс құбылыстардың дамуына әкеледі.
«Идеалдыға» барынша жақын ол – жануар өнімінің нәруыздары, әсіресе жылумен өңделмеген өнімдерде кездесетін нәруыздар. Өсімдік нәруыздарының көпшілігінде бір немесе бірнеше амин қышқылдарының жеткіліксіздігі байқалады. Мысалы, «идеалды» нәруыз құрамымен салыстырғанда, бидай нәруызында шамамен 50% лизин; картоп пен бірқатар бұршақтұқымдастар нәруызында метионин мен цистин жетіспейді.
Одан басқа, өсімдік нәруыздары, жануар нәруыздарына қарағанда, организммен нашар сіңіріледі: жұмыртқа мен сүт нәруызы – 96%, ет пен балық нәруызы – 95%, І және ІІ сұрыпты ұннан жасалған нан нәруызы – 85%, көкөністер нәруызы – 80%, картоп, бұршақтұқымдастар нәруызы – 70%.
Дегенмен өсімдік өнімдерін біріктіру арқылы осы жеткіліксіздіктің орнын толтыруға болады. Мысалы, жүгеріде лизин, ал бұршақтарда – метионин аз. Нәруызды қамтамасыз ету тұрғысынан аталған өнімдердің қоспасы толыққұнды болып келеді. Өсімдік нәруыздарының нашар сіңімділігі олардың құрамында клетчатканың болуымен түсіндіріледі.
Жас ересек ер адамның нәруызды тұтыну нормасы тәулігіне 1 кг дене салмағына 1-1,2 г (балаларға мөлшері жоғарырақ 3,5-4 г) нәруызды құрайды.