Нәруыздар және олардың тамақтанудағы маңызы
Нәруыздар күнделiктi тамақтануда ең бiр құнды тағамдық заттектердiң бiрi. Тағамдық заттектерден көмiрсу мен май энергия жеткiзумен қатар өзара алмаса алады. Ал нәруыз болса, физиологиялық қажеттiлiктi өтеу үшiн тек азық-түлiк құрамындағы нәруыз түрiнде организмге түсуi тиiс.
Нәруыздар – амин қышқылдарынан тұратын, жоғары молекулалы күрделі азотты қосылыстар, олар шамамен дене салмағының 20% және жасушаның құрғақ массасының 50% құрайды.
Адам организмінде нәруыздардың саны өте көп. Әрбір нәруыздық молекула нақты генетикалық кодталған аминқышқылдарының құрамынан тұрады, ол спецификалық физикалық-химиялық қасиеттерімен түсіндіріледі және нәруыздардың биологиялық қызметтері әртүрлі.
Адам организмінде нәруыздардың ролі өте үлкен, себебі олардың қызметі сан алуан. Негізгі атқаратын қызметтеріне жатады:
Құрылымдық. Плазма, митохондрия, мембраналардың құрылымын құрайды, тіректі тіндердің мықтылығын қамтамасыз етеді. Оларға жататындар: коллаген – сүйек тінінің, шеміршек пен сіңірлердің тіректі қаңқасын; кератин – жүн, шаш, қауырсын, тұяқ, мүйіздердің құрылымдық негізін; эластин – тіннің серпімділік қасиетін құрайды.
Ферменттік. Адам организміндегі биохимиялық үрдістерді жүзеге асыратын, табиғаты нәруызды 3000-ға жуық ферменттер белгілі.
Реттеуші. Заттек алмасуының реттелуін және интеграциясын қамтамасыз етеді. Осы топтың нәруыздарына кейбір гормондар, мысалы, инсулин, сонымен бірге хромосома гендерінің экспрессиясын координациялайтын репрессор-нәруыздар жатады.
4. Тасымалдаушы. Жасуша ішінде және тін арасында мембрана арқылы түрлі қоректік заттектердің байланысуын және тасымалдануын іске асырады. Мысал ретінде липидтерді тасымалдайтын липопротеиндерді, оттегіні жеткізетін миоглобин мен гемоглобинді, глюкозаны, аминқышқылдарды, басқа да метаболиттерді байланыстырып, оларды жасуша ішіне тасымалдайтын пермеаза-нәруыздарды айтуға болады. Нәруыздар нуклеин қышқылымен байланысып, нуклеопротеидтер, РНҚ, ДНҚ түзедi, ал ДНҚ -организмнiң тұқым қуалайтын тектiк қасиеттерiн тасымалдауға қатысады.
5. Қорғаныс. Қоршаған ортадан организмге түсетін бактерияларды, вирустарды, бөгде нәруыздарды залалсыздандырады. Осындай қызмет атқаратын нәруыздарды иммуноглобулиндер (антиденелер) деп атайды, олар лимфоциттерде түзіледі.
Нәруыздың қорғаныс қызметінің басқа мысалы ретінде қанның ұюына қатысатын және организмді кездей-соқ жарақаттар мен апаттар кезінде қанның кетуінен қорғайтын фибриноген мен тромбин жатады.
Резервті. Нәруыздарды өсіп келе жатырған организмнің тамақтануы үшін қор материалы ретінде қолдануды қамтамасыз етеді. Бұл нәруыздарға жататындар: дәнді дақылдардың нәруыздары – проламиндер мен глютелиндер; ұрықтың дамуына қолданатын жұмыртқа нәруызы – альбумин; сүтқоректілердің төлдерін қоректендіру үшін пайдаланылатын – ана сүтінің казеині.
Энергиялық. 1 грамм белок ыдырағанда 4 ккал энергия бөлінеді. Жұмсалған энергия шығынының 12-15% нәруыз есебiнен өтеледi.
Механикалық-химиялық (жиырылтушы). Бос (химиялық) энергияның механикалық жұмысқа (бұлшық ет тінінің нәруыздарының – миозин мен актиннің қызметі) ауысуына ықпал етеді.
Нәруыздар организмнiң өсiп-дамуы мен тіршілігіне қажеттi алмастырылмайтын заттек ретiнде қарастырылады. Барлық нәруыздар қарапайым және күрделi болып бөлiнедi. Қарапайым нәруыздар: альбумин, глобулин, глютелин. Альбумин, глобулин қан сары суының, сүт, жұмыртқаның негiзгi нәруызын құраса, глютелин өсiмдiк нәруызына жатады.
Күрделi нәруыздар: нуклеопротеидтер, гликопротеидтер, липопротеидтер, фосфопротеидтер.
Нәруызға деген қажеттілік жасына, жынысына, еңбек қызметіне, тамақтанудың климаттық және ұлттық ерекшеліктеріне байланысты. Тәжірибе жүзінде нәруызды минимум бекітілген. Бір тәулікте тағаммен 55-60 граммнан кем емес нәруыз түскен кезде ересек, дені сау адамда азотты тепе-теңдікті ұстап тұруға болады. Аталған мөлшердің биологиялық құндылығы 70%-ға сәйкес келеді.
Балалардың нәруызға қажеттілігі ересектермен салыстырғанда, жоғары. Ол организмде пластикалық үрдістердің басым болуына байланысты (70:30). Ересектерде жануар текті нәруыздардың мөлшері тәуліктік рациондағы жалпы нәруыздың 2/3 бөлігін (55%) құрауы тиіс, ал өсімдік текті нәруыздың үлесіне 1/3 бөлігі (45%) тиесілі.
Биологиялық құнды нәруыздардың көзіне сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа, ет, балық, бауыр, 1 санаттағы сорпалық өнімдер жатады. Өсімдік өнімдерінің биологиялық құндылығы төмен. Тек бұршақтұқымдастар құрамындағы нәруыздың пайызы жоғары – 24%.
Нәруыздардың организмге жеткiлiксiз түсуiнен бой өсудiң баяулауы, ақыл-ой дамуының кешеуiлдеуi, қан түзiлу процесiнiң төмендеуi, организмнiң сыртқы қоршаған орта факторларына, түрлi ауруларға қарсы тұру қабiлетiнiң төмендеуi байқалады. Ал организмге нәруыздың созылмалы жеткiлiксiздiгiнен организм әлсiреп, зорығып, алиментарлық дистрофия, маразм, квашиоркор аурулары дамуы мүмкiн. Сонымен қатар, бұл аурулар тек нәруыздың ғана емес, сонымен бірге жалпы калориялық жетiспеушiлiк негiзiнде де туындайды.
Ал нәруыздың шамадан тыс артық түсуi бауыр мен бүйректi зақымдаса, ал созылмалы артық түсуi семiздiкке, несеп қышқылының көп түзiлуiне - одан буын аурулары, құяң, зәр-шығару жолдарына тас байлануына әкеледi.
Достарыңызбен бөлісу: |