Дем алу және дем шығару механизмі. Дем алу (инспирация) құстарда арнаулы дем алдыратын еттердің жиырылуы нәтижесінде атқарылады. Олардың әрекетінен төс және аша сүйектер, бұғана мен қабырғалар ілгері және төмен ығысып, омыртқалар мен төссүйекпен жалғасқан қабырғалардың жалғасу бұрышы ұлғаяды. Нәтижесінде көкіректің биіктігі өсіп, қуыс кеңейеді. Ал көлденең бағытта қуыс онша өзгермейді, құстардың кейбір түрлерінде ол тіпті кішірейеді. Қабырғалар мен төс сүйегінің қимылдары көкірек-құрсақ қуысының көлемін үлкейтіп, өкпені аздап керілуге мәжбүрлейді. Көкірек-құрсақ қуысы мен өкпедегі қысымның төмендеуі салдарынан атмосфералық ауа жоғарғы тыныс жолдары арқылы өкпеге және одан әрі артқы көкіректік және құрсақтық ауа қапшықтарына сорылады. Өкпеде ауа энтробронхтар жүйесі арқылы парабонхылар, бронхиолалар, капиллярларға бағытталады. Газ алмасу процесі ауа капиллярлары мен қан капиллярлары арасында жүреді.
Құстарда көкет (диафрагма) онша дамымаған, сондықтан оның тыныс алу механизміндегі рөлі шамалы.
Дем шығару (экспирация) – қабырғааралық еттердің жиырылуының нәтижесінде атқарылады. Олар жиырылғанда қабырғалар орнына оралып, төс сүйегі омыртқаға жақындайды да, көкірек-құрсақ қуысы тарылады. Бұл процесте құрсақ еттерінің жиырылуы да белгілі рөл атқарады. Олар жиырылғанда құрсақ мүшелері алға – көкірекке қарай ығысады. Осыдан көкірек-құрсақ қуысының көлемі кішірейіп, құрсақтық және артқы көкіректік ауа қапшықтары сығылады да, олардың ішіндегі ауа қайтарым бронхылары арқылы өкпенің эктобронхылар жүйесіне өтеді. Осылай дем шығару сатысында ауа екінші рет өкпе арқылы өтеді. Бұл құстарда газ алмасу процесінің қарқынын, тиімділігін арттырады.
Дем алу және дем шығару кезеңдерінің ұзақтығы әртүрлі құстарда бірдей болмайды. Үйрек пен тауықта бұл сатылардың ұзақтығы шамалас. Қоразда дем шығару дем алу сатысынан ұзағырақ. Күрке тауықтарда дем алу сатысы дем шығару сатысынан ұзағырақ болады және ол құстың жынысына қарай өзгермейді. Аналық қазда дем алу сатысының ұзақтығы дем шығару сатысынан 3 есе артық, ал ата қазда – ол бірдей.
Құстардың тыныс алуындағы ерекшеліктердің бірі – дем алу және дем шығару процестері тыныс еттерінің белсенді әрекеттері нәтижесінде атқарылады. Сүт қоректілерде қалыпты жағдайда дем шығару процесі пассивті түрде – тыныс еттерінің әрекетінсіз жүреді.
Ауа қапшықтары қабырғасының ішкі беткейінің құрылымдық ерекшеліктеріне қарағанда, оларда газ алмасу процесі жүрмейді. Дегенмен, қапшықтарда газ алмасу процесі орын алады деушілер де бар. Алдыңғы және артқы қапшықтардағы газдардың құрамы бірдей емес: зерттеулерге қарағанда көмір қышқыл газдың мөлшері алдыңғы ауа қапшығында көбірек болады.
Дем шығарылғанда ауа алдыңғы қапшықтардан да, артқы қапшықтардан да шығады. Деммен шыққан ауа құрамында көмір қышқыл газ мөлшері едәуір өседі, үйректе ол - 4,9%, кептерде – 4,2% деңгейінде болады.
Сүт қоректілермен салыстырғанда құстарда өкпе жақсы желдетіледі, оған ауа қапшықтарының болуы себепкер болады. Осы ерекшелікпен байланысты дене жұмысы кезінде (құс ұшқанда) тыныс жиілемейді.
Тыныс жиілігіне түрлі факторлар - құстың түрі, жынысы, өнімділігі, физиологиялық күйі, күтіп-бағу жағдайы, қоршаған орта (температура, дымқылдық, ауа құрамы, атмосфералық қысым т.б.) әсер етеді. Тыныс жиілігі тәулік ішінде де өзгеріп отырады.
1 кесте - Тыныс жиілігі, өкпе мен ауа қапшықтарының сиымдылығы
Құс түрі
Тыныс жиілігі,
(мин)
Орташа тыныс жиілігі, минутына
Өкпе сиымды
лығы
(см3)
Ауа қап шықтары сиымдылығы,(см3)
аталық
аналық
Тауық
12-45
17
30
13
125-160
Үйрек
30-70
42
35
20
280-295
Қаз
12-40
20
40
-
-
Күрке тауық
13-20
-
-
-
-
Кептер
15-32
-
-
8
30-36
Бірқазан
4
-
-
-
-
Канарейка
96-120
-
-
-
-
Тыныс алу жиілігі балапандарда көбірек болады. Жас ұлғая келе тыныс алу жиілігі азаяды.
Тыныстың жиілігіне қоршаған орта температурасы күшті әсер етеді. Температура жоғарыласа құстарда ентігу басталып, олар аузын ашып тыныстайды. Осымен байланысты жоғарғы тыныс жолдары арқылы жылу бөлу күшейеді. Температура 37о С дейін көтерілсе тауықтарда тыныс жиілігі минутына 150 –ге дейін жетеді.
Ауада оттегінің жетіспеуі немесе көмір қышқыл газдың концентрациясыныың артуы да тынысты жиілетеді. Тек үйректерде қан құрамында көмір қышқыл газ концентрациясының артуы тыныс алу орталығының қозғыштығын төмендетеді, осыдан тыныс сиреп, тіпті тоқтап та қалады.
Құстарда өкпенің тіршіліктік сиымдылығы тек өкпе мөлшерімен ғана емес, ауа қапшықтарының мөлшерімен толықтырылады. Өкпе мен ауа қапшықтарының тіршіліктік сиымдылығы тыныстық, қосымша және қордағы ауадан құралады. Ол тауықта 140-170 см3, үйректе - 300-315 см3 құрайды. Тауықта тыныстық ауа көлемі – 45 см3, үйректе - 38 см3, кептерде 5,2 см3. Ал құстарда қосымша, қордағы және қалдық ауалар көлемі тәжірибе жүзінде анықталмаған.
Өкпе мен ауа қапшықтарының желдетілу көрсеткіші тыныстық ауа мен тыныс жиілігінің көрсеткіштері негізінде анықталады. Өкпенің минуттық желдетілуінің деңгейі құстың түріне, жасына, физиологиялық күйіне, ауаның газдық құрамына, температурасына, дымқылдығына байланысты өзгереді. Зат алмасу қарқыны күшейсе, өкпенің желдетілуі артады.