Шартты рефлекстер және олардың түрлері. И.М.Сеченовке дейінгі физиолог ғалымдар рефлексті тек жүйке жүйесінің төменгі бөлімдері қызметімен ғана байланысты деп есептеп келген. Тек И.М.Сеченов қана психикалық әрекеттерді мидың жоғары бөлімдерінің қызметімен байланысты деп санап, оған физиологиялық талдау жасауға алғаш қадам жасады. Ол өзінің 1863 жылы жарық көрген «Ми рефлекстері» атты еңбегімен одан кейінгі жұмыстарында психикалық әрекеттердің негізінде рефлекс жататынын дәлелдеді.
Ми қыртысының шартты рефлекстік әрекеті атқарушы органдар (бұлшық ет, без т.б.) қызметін тікелей өзгертпейді. Ол орталық жүйке жүйесінің төменгі бөлімдерінің шартсыз рефлекстерді қамтамасыз ететін құрылымдары арқылы атқарылады. Шартсыз рефлекстер организмге тікелей әсер ететін тітіркендіргіштің салдарынан туындайды, сондықтан олар орта жағдайына бейімделу процесін қамтамасыз ете алмайды. Егер құс тек ауызына түскен азықты ғана қабылдап, оны іздеп табу қабілетінен айырылып қалса, ол аштан өлген болар еді. Азықтың түрі, иісі шартты тітіркендіргіш рөлін атқарады да, оны іздеп табуға, қабылдауға себепкер болады. Демек, тіршілік барысында құстарда нақтылы бір реакцияны тудыратын әртүрлі шартты сигналдарды ажырата білу қабілеті қалыптасады. Осы сигналдарды сезіну нәтижесінде организм тітіркендіргіш әсеріне алдын ала дайындала бастайды, сыртқы ортаның әртүрлі факторларын талдап, өзінің бейімделу реакцияларын нақыштап, кеңейтіп, жетілдіріп отырады. Шартты рефлекстерді балапан жұмыртқаны жарып шыққаннан кейін алғашқы күндері қалыптаса бастайды. Жемді шоқып тұрған тауықты көру, оның әрекеттеріне еліктеу балапан үшін жем шоқудың шартты сигналы болып табылады. Енесінен балапан нені және қалай шоқуды үйренеді. Шартты рефлекстер арқылы құс тәжірибе жинақтайды, қорек табады, жауларынан сақтанады, әр түрлі жағымсыз әсерлерден қорғанады. Сондықтан шартты рефлекстердің биологиялық маңызы өте зор.
Шартты рефлекс белгілі бір әрекет тудыратын үйреншікті тітіркендіргіштің белгілерінен, басқаша айтқанда шартты тітіркендіргіш әсерінен, туындайтын рефлекстік әрекет. Демек, кез келген шартты рефлекс мидағы шартты тітіркендіргіш анализаторының орталығы мен шартсыз рефлекс доғасының орталық бөлімінің арасында уақытша байланыстың пайда болуының нәтижесі болып табылады. Қалыптасу механизмі бірдей болғанымен, шартты рефлекстер шартты сигналдар мен шартсыз тітіркендіргіштер сипатына, сыртқы орта мен организм арасындағы қатынастарға байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Шартты рефлекстің ең қарапайым түрі - бірінші реттік шартты рефлекс болып табылады. Ол шартсыз рефлекс негізінде пайда болады. Бұл жағдайда шартты тітіркендіргіш (мысалы, қоңырау даусы) шартсыз тітіркендіргіштің (азық т.б.) алдын алады. Ал шартты рефлекс негізінде қалыптастырылған рефлекс - екінші реттік шартты рефлекс болып табылады. Құстарда (тауық, кептер) екінші реттік шартты рефлексті қалыптастыруға болады.
Құстардың жауын көргенде қаша жөнелуі бірінші реттік шартты қорғаныстық рефлекс болып табылады. Бірақ қорғаныстық шартты рефлекстер жыртқыш көрінгенде ғана емес, оның дыбысына, бейнесіне, т.б. белгілеріне қалыптасады.
Шартты және шартсыз тітіркендіргіштер арасындағы уақытша байланыс сипатына қарай шартты рефлекстер қапталдасқан және іздік болып бөлінеді. Қапталдасқан шартты рефлекстер қарапайым келеді де, оңайырақ қалыптасады. Бұл рефлекстерді қалыптастырғанда шартсыз тітіркендіргішке шартты тітіркендіргіш қапталдаса, қатар әсер етеді. Бұл жағдайда уақытша байланыс қатар қозған екі орталық арасында пайда болады.
Іздік шартты рефлекстерді қалыптастырғанда шартсыз тітіркендіргіш шартты тітіркендіргіштің әсері тиылғаннан кейін әсер етеді. Бұл жағдайда уақытша байланыс шартсыз рефлекс орталығы мен қозу процесі өше бастаған шартты тітіркендіргіш анализаторы орталығының арасында пайда болады.
Жануарлар дүниесінде кең тараған және физиологиялық тұрғыдан өте маңызды рефлекстің бірі - мерзімдік шартты рефлекс. Бұл рефлекстің шартты сигналы мерзім аралығы болып табылады. Ол шартсыз әрекет нақтылы бір мерзімнен кейін қайталанып отырған жағдайда пайда болады. Құстар уақытты жақсы аңғарады, сондықтан уақыт белгілі бір шартты рефлексті тудыратын тітіркендіргішке оңай айналады. Құсқа нақтылы бір уақытта азық беріп тұрса, ол сол мерзімде азықтандыратын жерге жиналатын болады.
Сигналдық тітіркендіргіш сипатына қарай шартты рефлекстер табиғи және жасанды болып бөлінеді. Табиғи шартты рефлекстер шартсыз тітіркендіргіштердің табиғи белгілеріне қалыптасады. Мысалы, азықтың түріне, иісіне, бейнесіне т.с.с. Жасанды шартты рефлекстер шартсыз тітіркендіргіштердің алдын алған бейтарап сигналдарға пайда болады. Мысалы, құстарда шартты қоректену рефлекстерін метроном дыбысына, қоңырау дауысына, электр шамына т.с.с. қалыптастыруға болады. Табиғи рефлекстер өте жылдам қалыптасады және ұзақ сақталады.
Шартты рефлекстер өздеріне негіз болған шартсыз рефлекстер табиғатына қарай қоректік, жыныстық, қорғаныстық (сақтану) т.б. болып жіктеледі. Шартты сигналдарды қабылдайтын анализаторлар табиғатына қарай олар бейнелік, дыбыстық т.с.с. болып бөлінеді. Рецепторлар табиғатына қарай шартты рефлекстер экстерорецептивтік (сыртқы рецепторларды тітіркендіргенде қалыптасатын) және интерорецептивтік (ішкі рецепторларды тітіркендіргенде қалыптасатын) болып та бөлінеді.
Шартты рефлекстер оң және теріс рефлекстер болып жіктеледі. Оң рефлекс пайда болса организм әрекетті күйге көшеді (қимыл атқарылады, сөл бөлінеді т.с.с.). Теріс рефлекс пайда болса - әрекет тиылады.
Құстарда кешенді шартты рефлекстер орын алады. Қалыпты жағдайда құстарда шартты рефлекстер тітіркендіргіштер кешенінің (көптеген тітіркендіргіштер жиынтығы) әсерінен пайда болады. Үй құстары бақташысын кейпіне, дауысына, жүрісіне т.б. белгілірге қарап таниды.