Рең түйсігі. Жануарлар заттың тек бейнесін ғана қабылдамай, оның түсін де ажырата алады деген болжам бар. Жануарларға рең түйсігінің тән болатынына мимикрия - қорғаныш рең, құбылысы дәлел. Көп жануарлар өз жауларынан түсіне сәйкес келетін фонға тасалану арқылы сақтанады.
Жануарларда рең түйсігінің құпиялары жақсы зерттелмеген. Оны үш компонентті теория арқылы түсіндіреді. Жалпы қызыл, жасыл және күлгін түстер негізгі түстер деп саналады. Оларды өзара белгілі ара қатынаста араластыру арқылы әртүрлі рең түйсігін тудыруға болады. Көздің торлы қабығында түрлі ұзындықтағы сәулелер толқынына әрқалай сезімталдығымен ерекшеленетін үш түрлі сауытшалардың болатынын баяндап өттік. Егер көзге ұзын толқынды сәулелер әсер етсе, онда тек осы толқынды қабылдайтын сауытшалар қозып, қызыл түс түйсігі пайда болады. Жарық әсерінен екінші топ сауытшалары қозса - жасыл түс түйсігі, үшінші топ сауытшалары қозғанда - күлгін түс түйсігі туындайды. Аралық түстер осы үш топтың сауытшаларының әртүрлі деңгейде қозуының нәтижесінде пайда болады. Мысалы, қызыл-сары түс түйсігі «қызыл» сауытшалардың күшті, «жасыл» сауытшалардың жеткілікті, ал «күлгін» сауытшалардың әлсіз деңгейде тітіркенуінен туындайды. Демек, әрбір сауытшада сигналдарды өздеріне ғана тән жүйе арқылы тарататын үш түрлі жарық қабылдағыш болады. Осы құрылымдардан тараған түстердің қосындысынан спектрдің барлық реңдерін алуға болады. Егер сауытшалардың әртүрлі түс қабылдайтын осы үш элементтері бір мезгілде және бірдей деңгейде қозса, ақ түстің түйсігі пайда болады.
Үй құстары өте жақсы көреді. Тауықтарға рең түсігі тән, бірақ олар көгілдір, көк және күлгін түстерді ажырата алмайды.
Тауық пен басқа үй құстары ала көлеңкеде, қараңғыда көрмейді, сондықтан оларды азықтандыратын, бағатын жайларды жарық ұстаған жөн.
Есту талдағышы.Есту деп жануарлар организмінің дыбысты қабылдау қабілетін айтады. Ол арнаулы есту мүшесінің күрделі қызметі арқылы іске асырылады. Құстарда сыртқы құлақ болмайды, көптеген құстарда оның орнында есту жолын қоршап тұрған тері қатпары немесе майда қауырсындар шоғыры болады. Су құстарында қауырсын шоғыры құс сүңгігенде есту жолын жауып тастайды. Есту жолы қысқа, кең және дабыл жарғағымен шектеледі. Бұл талдағыштың өткізуші жолы есту нерві, ал жоғары орталығы ми қыртысында, аралық және ортаңғы мида орналасады.
Құлақтың қызметі. Есту жолы дыбыс тербелістерін дабыл жарғағы арқылы ортаңғы құлақтың баған сүйегіне беріледі. Аталған жалғыз сүйек арқылы дыбыс толқыны дабыл жарғағынан сопақша тесікті жауып тұратын жарғаққа беріледі.
Ортаңғы құлақты ішкі құлақтан бөліп тұратын сүйекті қалқанда екі тесік болады. Олар жұқа дәнекер ұлпалы жарғақпен жабылған дөңгелек және сопақша тесіктер. Дөңгелек тесікті ұлу терезесі дейді. Одан сәл төменірек орналасқан сопақша тесікті саға (кіреберіс) терезесі деп атайды (23-сурет).
Ішкі құлақ сүйекті және жарғақты шытырмақтан түзілген. Бұл екі құрылымның арасында перилимфа, ал жарғақты лабиринттің ішінде - эндолимфа, ішкі сұйықтық болады.
23- сурет. Құстың есту және тепе-теңдік мүшесі: А-сүйекті шытырмақ; 1-сопқша терезе; жартылай дөңгелек түтіктер ампуласы; 3- жартылай дөңгелек түтіктер; 4-кіреберіс; 5- ұлудың дөңгелек терезесі; 6- ұлу;
Б- жарғақты лабиринт; 7- есту нерві; 8- шытырмақтың сопақша қапшығы; 9- ампула; 10- жартылай дөңгелек түтіктер; 11- ұлу; В- Ұлу құрылымы: 12- Корти мүшесі; 13-ұлу (лагена); 14- тамырлы тор; 15- кіреберіс өзегі; 16-сүйекті шытырмақтың ұлулық бөлігі; 17- сопақша қапшықтың ариқы өзегі; 18- сопақша терезе; 19- дөңгелек терезе; 20-ұлу өзегі; 21- дабыл өзегі; 22- Корти мүшесі; 23- перилимфалық кеңістік; Г-ұлу кескіні: 24,27- кіреберіс өзегі; 25-тамырлы тор; 26- сүйекті бөлік; 28- ұлу ганглийі; 29- есту нерві; 30-жабынды пластинка; 31- негізгі мембрана; 32- ұлу өзегі; 33- дабыл өзегі;34- артқы шеміршекті жал.
Сүйекті лабиринт үш құрылымнан тұрады. Олар саға (кіре беріс), ұлу (иірімді түтік) және жартылай дөңгелек түтіктер. Саға мен ұлу есту мүшесін құрайды. Ал сағада орналасқан қапшықтар мен жартылай дөңгелек түтіктер тепе-теңдік (вестибулалық) аппараты болып табылады. Демек, ішкі құлақта функционалдық тұрғыдан есіту және тепе-теңдік мүшелері орналасқан.
Ұлу (иірімді түтік) орталық білікті бойлай спираль тәрізді екі айналым жасай орналасқан құрылым. Рейснер және негізгі мембраналар арқылы ол үш жіңішке өзекке бөлінеді. Оның сопақша тесіктен басталатын бөлігін «саға өзегі», ал дөңгелек тесікпен жалғасатын бөлігін «дабыл өзегі» деп атайды. Ұлудың ұшында бұл екі өзек бір-бірімен тар тесік - геликотрема, арқылы жалғасады. Аталған екі өзек те перлимфамен толған. Осы өзектер арасында аталған мембраналармен шектелген ұлу өзегі жатады. Ол эндолимфамен толған. Ұлу өзегінде негізгі мембрананы бойлай дыбыс толқынын қабылдайтын Корти мүшесі орын тебеді.
Корти мүшесі өте күрделі орган. Ол түкті есту торшалары мен сүйеніш торшалардан құралған. Есту торшаларының ұшында өте жіңішке түктер болады. Бұл торшалар есту мүшесінің рецепторы болып табылады, олар дыбыс толқынының әсерін қозу процесіне айналдырады. Бұл торшалардың жоғарғы жағында бір ұшы сүйекті тұлғаға жалғасып, екінші ұшы бос жататын жабынды табақша орналасады. Дыбыс толқыны ұлудағы перилимфаға әсер етіп, оны тербетеді. Осының нәтижесінде негізгі мембрана тербеледі де, онда орналасқан есту торшаларының түктері жабынды мембранамен түйіседі де, қозу толқыны пайда болады. Бұл қозу есту нерві арқылы миға бағытталады.
Дыбысты қабылдау механизмі. Дыбыс толқыны есту жолы арқылы дабыл жарғағын тербелтеді. Бұл тербеліс баған сүйек арқылы сопақша тесікке беріліп, саға өзегіндегі перилимфаны толқытады. Одан әрі толқын геликотрема арқылы дабыл өзегіндегі сұйықтыққа тарайды. Осы толқын әсерімен негізгі мембрана тербеліп, оған бекіген есту торшаларының түктері жабынды мембранамен түйіседі де, бұл торшаларда қозу пайда болады. Қозу процесі ұлу жүйкесінің ұштарынан есту жүйкесіне беріледі де, әрі қарай есту жолымен сопақша ми, аралық ми арқылы үлкен ми сыңарларына бағытталады.
Ұлудың сүйекті өзегі табан тұсында кеңірек келеді де, ұшына қарай тарыла түседі. Ал негізгі мембрана, керісінше, иірімнің төбесінде жалпақтау болады да, оның табанына қарай жіңішкереді. Осының нәтижесінде негізгі мембрананы құрайтын көлденең талшықтар иірім табанында қысқа болып, қаттырақ керіледі, ал иірім ұшында олар ұзарып, босаңсиды. Демек, негізгі мембрананың барлық бөлімі дыбысқа бірдей реакция бермейді. Дыбыс биіктігіне сәйкес оның әр түрлі бөлімдері тербеліп отырады. Г.Гельмгольц тұжырымына сәйкес негізгі мембрананың көлденең талшықтары резонанс принциптеріне сәйкес белгілі бір дыбыс тербелісіне ғана реакция береді. Әлсіз дыбыс (төмен тон) ұлу ұшындағы ұзын, бос тартылған, ал күшті дыбыс (жоғарғы тон) - иірімді түтік табанындағы қысқа әрі қатты керілген талшықтарды, тербетеді. 1863 жылы Г. Гельмгольц ұсынған резонанстық теория бойынша дыбыстың әрбір тонын қабылдауға машықтанған есту торшалары болады да, олар дыбыс толқындарының күшіне сәйкес қозып отырады.
Құстар тербеліс жиілігі секундына 200 ден 20 000 дейінгі дыбыстарды қабылдайды. Тауықтың есту мүмкіндігі секундына 90-9000 тербелісті құрайды. Ал адам секундына 16-20 000 тербелісті дыбыс толқындарын қабылдай алады.
Құстарда есту талдағышы жақсы дамыған. Жыртқыш құс тышқанның әлсіз ғана шиқылын 50 м естиді.Оған кейбір жабайы құстардың басқа құстардың немесе адамның дауысын аудыртпай салатын қабылеті дәлел болады. Үй құстарында есту талдағышы эмбриондық даму кезеңінде-ақ жақсы жетілетіні анықталған. Жұмыртқаны жарып шығар алдында балапан басқа жұмыртқадағы балапан шиқылына жауап қайтаратыны, бөгде дыбыс шыққанда тына қалатыны оның дәлелі. Құстар бөгде дыбыстарға сезімтал келеді. Оларды ұстап, күтіп бағатын жайларда шуыл күші 70-85 дб.артпағаны жөн. Күшті өндірістік шуылдар құстың нерв жүйесіне теріс әсер етіп, оның өнімділігін төмендетеді.