Шартты рефлекстерді қалыптастыру және зерттеу әдістері. Шартты рефлекстерді зерттеуді И.П.Павлов 1900 жылдан бастаған. И.П.Павлов үлкен ми жарты шарлары қыртысының әрекетін өзегі сыртқа шығарылған сілекей безінің шартты рефлекстік реакциялары арқылы зерттеген. Шартты тітіркендіргіш ретінде әр түрлі бейтарап тітіркендіргіштер - қоңырау, жарық, т.б. қолданылған. Бұл тәсіл И.П.Павловтың классикалық сілекей бөлу тәсілі деген атпен белгілі.
Бұл тәсіл негізінен иттің шартты рефлекстік әрекетін бақылауға мүмкіндік береді де, құстар үшін жарамсыз болып табылады.
Құстардың шартты рефлекстік әрекетін бақылау үшін негізінен қимыл-қорғаныс және қимыл-қоректік тәсілдері кеңінен қолданылады. Қимыл-қорғаныстық тәсілде индиференттік тітіркендіргіш ретінде жарық пен дыбыс, шартсыз тітіркендіргіш ретінде индукциялық ток пайдаланылады да, шартты рефлекс көрсеткіші ретінде құстың аяғын бүгу реакциясы алынады. Әрбір ауырсынту әсері қорғаныстық реакция тудырып, құс аяғын бүгіп, көтереді. Бұл әдіс кептерлерде жақсы нәтиже береді. Үй құстарында оның тиімділігі шамалы, рефлекс қиын қалыптасады. Тәжірибе жүзінде тауықтарда рефлекс 200-250 қайталаудан кейін ғана қалыптасатыны анықталған.
Құстардың жоғары дәрежелі жүйкелік қызметін зерттеу үшін қимыл-қоректік (еркін қимыл) тәсіл кең қолданылады. Бұл әдіс жануарлардың табиғи тіршілік әрекеттеріне сай келеді. Құс мөлшері 1х1х1,5 м құрылғыда байланбай бос ұсталады. Шартты сигнал ретінде қоңырау, электр шамының жарығы, метрономның дыбысы т.б. пайдаланылады. Шартсыз тітіркендіргіш ретінде астауға азық салынады. Шартты және шартсыз тітіркендіргіштер әсері бірнеше рет тіркес қайталанғаннан кейін шартты рефлекс қалыптасып, құс сигналдан кейін астауға өзі барады. Құстар үшін бұл әдісті А.В.Бару ыңғайлаған (1953).
Шартты рефлексті қалыптастыруға кірісердің алдында құсты 2-3 күн бұрын камера жағдайына үйретеді. Ал шартты рефлекс қалыптастыру үшін арнаулы рычагқа азық қояды. Құс оны шоқығанда астау ашылып, жем шығады да, құста азық қабылдау үшін рычагты шоқу рефлексі пайда болады. Осыдан кейін азықты тек жарық жағылғаннан 2-3 минут өткеннен кейін шоқығанда ғана шығатын етеді. 8-12 рет осыны қайталағаннан кейін құста шартты рефлекс қалыптасады.
Шартты рефлексті қалыптастыру үшін бірнеше ережені орындау керек.
1. Шартты, бейтарап тітіркендіргіш шартсыз тітіркендіргіштің алдын алу керек. Организмге керісінше әсер еткен жағдайда шартты рефлекс қалыптаспайды. Шартты тітіркендіргішті шартсыз тітіркендіргішпен демеп отыру шартты рефлекстің тұрақтылығын арттыра түседі.
2. Үлкен ми жарты шарлары қыртысының нейрондары белсенді күйде, әрекетке бейім болу керек. Егер тәжірибедегі құс ұйқылы-ояу болса, шартты рефлекс не қалыптаспайды, не оның қалыптасуы өте ұзаққа созылады.
3. Шартты рефлекс қалыптасу үшін рефлекс орталығының қозғыштық деңгейінің де маңызы зор. Егер құс тоқ болса, демек шартсыз рефлекс орталығының қозғыштығы төмен болса, онда қоректік шартты рефлекстің қалыптасуы өте қиын болады.
4. Шартты рефлексті қалыптастырғанда шартты тітіркендіргіштің күшіне көңіл бөлу керек. Әлсіз тітіркендіргішке шартты рефлекс қиын қалыптасады. Күші орташа тітіркендіргішке рефлекс шапшаңырақ қалыптасады. Тым күшті тітіркендіргіш тежелу процесін тудырады, оған рефлекс пайда болмайды.