Біріншіден, Сөздік мемлекеттік тапсырыс бойынша кирилше-латынша параллель сөздік түрінде ұсынылғалы отыр. Оның құрылымының жобасын шағын кестеден көруге болады.
Сөздік құрылымының осылайша орналасуы байырғыдан санада қалыптасқан әліпбиді көзшалыммен шапшаң тани отырып, латын графикалы әліпбиді меңгеруді оңтайландырады; жаңа әліпбимен берілген бөлігі алдағы жылдардағы сөздік басылымдарына тірек болады.
Екіншіден, Сөздіктің құрамы толықтырылды және бірқатар тілдік бірліктердің орфограммасы қазіргі жазба коммуникациядағы қолданылу жиілігі ескеріле отырып, өзгертілді. Мәселен, ақжарылқап, ақжарылқап заман, рамазан, рамазан айы, алашбегі, аударматану, ақпар кесе (жерг.), сөйтіп, дей тұрсақ та, құтқарушы, құстаңдай (ою) тәрізді тілдік бірліктер қосылды. Қазіргі әдеби тілдегі ермексаз, кеппешөп, гүлкіндік, жаймасөре, газтұмша, қанатбелгі, қарубау, жабдықталым, дүмтабан, ықтиярхат, тінтуір, пернетақта, фейсбук, инстаграм, хэштег, лайк, репост, респект, челендж, ватсап, смайл, емейл, флешмоб, алғытөлем, жәрдемқаражат, ықпалшара, демеуқаржы, өтелімділік, айырбасталымдылық сияқты жаңа сөздермен қатар арапа, мүфти, пірәдар, мүмін, раббым, имам, тауарих, хиджаб, мұхтасиб, қазірет, халал, харам, поп, священник, дьякон типтес діни дискурсқа қатысты тілдік бірліктер тіркелді. Ескерте кететін жайт – ермексаз, кеппешөп, жаймасөре, демеуқаржы, ықпалшара тәрізді жаңа қолданыстардың пластилин, гербарий, витрина, субсидия, санкция сияқты баламалары да беріледі, өйткені жаңа сөздер мектеп оқулықтарында, өзге де жазба нұсқаларында әзірше баламаларымен қатар қолданылады.