Ойын жаттығулары. 1. Сөз таптары туралы сөзжұмбақ- сөздерді әр түрлі тәсілмен құпиялап ойын құрастыру.
2. Сөз таптарының атын еске түсіруге көмектесетін суретжұмбақ (ребус)- белгілі бір ойды заттардың суреті арқылы жұмбақтайтын ойын.
3. Түрлі сұрақтарға жауап бере отырып, негізгі бір сөз табына қатысты болатын сөзөрім (кроссворд)- сөздер бірімен – бірі өріліп, тоқылып орналастырылады.
4. Сөзтуым (вордингворс)- бұл ойын тор көздерсызу арқылы жасалады. Құпияланатын бірнеше сөз торкөздерге көлденең немесе тігінен жасырылады. Бұл сөздердің белгілі әріптерінен мүлде жаңа сөз пайда болады.
Осы грамматикалық-тілдік, сөйлеу, рефлексиялық, ойын жаттығуларын орындату барысында мынадай дидактикалық – әдістемелік міндеттерді шешеді:
- Сөз табы мен оның ішкі жүйесі жасалуындағы грамматикалық үдерістерді тану мақсатында морфологиялық талдау жасау;
- Сөз таптарының сөйлем және мәтін құру қызметін тану үшін , функционалдық талдаулар жасау;
- Сөз таптарының сөз тіркесін, сөйлем құраудағы түрлі трансформациялық табиғатын тану бағытындағы талдаулар жасау;
- Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағыналарын тану;
- Сөз таптарын символдық және графикалық модельдеуге үйрену;
- Жекелеген сөздерден сөз тіркесін, сөйлем, мәтін құрап, грамматикалық фунционалдық ерекшелігін тану;
- Шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында түрлі шығармашылық жаттығулар орындау;
Қазіргі таңда тілді оқытуда тиімді әдіс – қатысымдық технологиясы. Себебі, қатысымдық әдіс бүгінгі уақыт сұранысынан туып отырған заман талабына жауап бере алады. Қатысымдық оқытудың нәтижесі – тілдік қатынас. Тілдік қатынас дегеніміз адамдардың бір-бірімен тілдесуі, сөйлесуі, тіл арқылы тілдік қатынас жасауы деген сөз. Осы тілдік қатынас бойынша қазақ тілін мамандыққа сай оқытудың басты ерекшеліктерін анықтауда тиімді әдістемесін зерттеп, ұсынуда әдіскер-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ф.Оразбаеваның пікіріне жүгінсек, «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен мұғалімнің тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» дей келе, қатысымдық әдістің негізгі мәні оның ұстанымдарын айқындаумен байланысты деген тұжырымын талдап, қазақ тілін оқыту барысында қолданылатын қатысым әдісінің алты түрлі ұстанымның ішіндегі ең басты ұстанымы – тіке байланыс ұстанымы деп көрсетеді. Тіке байланыс болмаса, сөйлесім әрекеті де іске аспайды деген қорытынды жасайды .
Қазақ тілін оқытуда тиімді жаңа технологиялардың бірі- деңгейлік оқыту. Деңгейлік оқытудың басты ерекшелігі – білім беру, оқыту, үйрету үдерісін топтап, жіктеп бөледі. Білім беру, дағды мен білік қалыптастыру классикалық әдіс негізінде болса, инновациялық әдісте керісінше алдымен дағды мен біліктілік, соңынан білімін жинақтау ұстанымын алға шығарады. Әрбір деңгейге арналған лексика – грамматикалық минимумы болады, үйренуші әрбір деңгейдегі білімін өзі бақылайды, ондағы оқу материалдары бір деңгейден екінші деңгейге қарай күрделеніп отырады.
Деңгейлік оқыту бойынша әрбір деңгейдің өз әдістемелік мақсаты, әрбір деңгейдің тілдік, әлеуметтік лингвистикалық және дискурсивтік қызметі болады.
Тілді меңгертуде тиімді саналатын жаңа технологияның бірі – тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы. Сабақтың қатысты материалдар ірі мөлшерде енгізіліп, блоктарға бөлінеді. Оқу материалы тірек схема-конспектілер түрінде беріледі. Тірек белгілері арқылы оқыту технологиясы мынадай мақсаттарды: білім, білік, дағдыны қалыптастыруды; барлық баланы оқытуды; оқытуды жеделдетуді көздейді. Бұл технологияның қазақ тілін оқытуда тиімділігі: үнемі қайталау, міндетті кезеңдік бақылау, блокпен оқыту, тіректі қолдану, жеке бағдарлы қарым-қатынас, ықпал; ізгілендіру, ерікті оқыту; оқыту мен тәрбиенің бірлігін қолдана отырып жүргізетіндігі.
Ал, проблемалық (мәселелік) оқыту тіл үйренушілердің ойын, шығармашылығын, өзіндік іс-әрекет арқылы танымын дамытуға үлесін қосады. Қазіргі кезде ақпараттар көп берілуде, сондықтан да берілетін ақпараттар жүйелі, мазмұнды болуын қажет етеді. Проблемалық оқытудың мақсаты – оқушы пен мұғалімның іс-әрекеті, мәселені түсіне білуі шешім үрдісінде біріге алуы болып саналады. Мұнда оқушы тек білімнің, іскерлігінің, дағдысының жүйелілігін ғана емес, ақыл-ойының жоғары дәрежеде қалыптасуына, өз бетінше білім тереңдетуге септігін тигізеді. Проблемалық оқыту оқушының теориялық және тәжірибелік іс-әрекетінен жаңалық ашып отыруын қадағалайды. Мұнда да тапсырманы орындау, іздену оқушының еншісінде болады, ал мұғалім тек бағыт беруші ретінде болады.
Жалпы, оқу процесінде инновациялық технологияларды қолданып сабақ түсіндірудің маңызы өте зор және оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық шабытын шыңдап, ғылыми көзқарасын қалыптастырып, білім сапасын арттырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті тұлғаларды даярлауда үлесі мол. Сондықтан оқу процесінде инновациялық технологияны қолдану – заманның басты талабы болып саналады.