Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Сөз таптастыру теориясының қазақ тіл біліміндегі алғаш пайда болу, даму, қалыптасу жолын саралау арқылы түрлі бағыт, ағымдар болғанын, олардың негізгі қағидаларын анықтау, сөз таптастырудың бүгінгі күнгі жайын зерделеу арқылы түйіні шешілмеген ірілі-ұсақты проблемаларды бөліп шығару, сөз таптарын сын тұрғысынан жаңа бағытта оқыту – қазақ тіл біліміндегі морфологияның бұл өзекті мәселесінің болашақ дамуына оң ықпал тигізетіні сөзсіз.
Зерттеудің құрылымы. кіріспеден, екі тарау, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 СӨЗДЕРДІ ТАПТАСТЫРУ ЖАЙЛЫ АЛҒАШҚЫ ҰҒЫМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ 1.1 Сөздердi таптастыруға байланысты алғашқы ғылыми көзқарастың пайда болуы Жеке, нақтылы тілдердегі немесе тілдердің тобындағы сөздерді сөз таптарына топтастыруда сөз таптарының жалпы теориясына сүйену өте-мөте қажет. Әрине, жеке, нақтылы бір тілдегі сөз таптарының санын да, табиғатын да сол тілдің өзіндік ерекшеліктерін ескермей немесе сол ерекшеліктерге байланыссыз айқындау дұрыс болмаған болар еді. Бұл жерде әңгіме сөз таптарының жалпы теориясының жеке, нақтылы тілдердегі сөздерді сөз таптарына дұрыс топтастыра білуге қатысы жайында болып отыр. Жеке тілдегі немесе тілдердің тобындағы сөз таптарын айқындауда сол тілдердің немесе тілдер тобының грамматикалық ерекшеліктерін есепке ала отырып, сөз топтарының жалпы теориясына негізделу қажет. Мұнсыз сөздерді сөз таптарына классификациялау мәселесі өзінің дұрыс шешімін таба алмайды.
«Жалпы теорияның негізінде ғана тілдер үшін сөз таптарының арнайы теориялық қажетті көрнекі мысалдармен және түсіндірмелермен жасала алынады. Мұндай теориялардың жалпы және арнайы теориялардың өз ара қатынасы жалпы тіл білімі мен нақтылы тіл білімінің, жалпы теориялық грамматика мен жеке тілдердің грамматикаларының арасындағы ара қатынастардан басқаша болмауы керек. Кім сөз жүзінде емес, іс жүзінде жалпы теориялық білімінің, тілдің жалпы теориясының, тіл туралы қазіргі ілімнің саналары ретіндегі жалпы фонетиканың, жалпы лексикологияның, жалпы грамматиканың қажеттілігін мойындаса, сол жалпы ғылыми грамматиканың бөлімдерінің бірі сөз таптарының жалпы теориясын жасау тәжірбиелерінің жөн екендігін мойындамай тұра алмайды.
Сонымен тіл білімінде сөз таптары және олардың классификациясы туралы мәселе сөз таптарының жалпы теориясы тұрғысынан қарауға тиісті мәселе болап табылады.
Лингвистика тарихын әр түрлі кезеңдерге бөліп қарастырушылық бар. Олар: 1) Ежелгі заман лингвистикасы, 2) Орта ғасырлар лингвистикасы 3) Қайта өркендеу дәуірі лингвистикасы, 4) ХІХ ғасыр лингвистикасы 5) ХХ ғасыр лингвистикасы.
Біздің жыл санауымыздан 5-6 мың жылдар бұрынғы египедтіктердің, шумерлердің т.б. Шығыс халықтарының жоғары мәдиниеті болғандығын, әр түрлі жазуларды пайдаланғандарын ескерсек, тіл білімінің көне ғасырлардың бірі екендігін байқауға болады. Бірақ египеттіктердің, шумерлердің тілге байланысты айтқан пікірлері біздің заманға жеткен жоқ. Тіл мәселелеріне байланысты айтқан пікірлері біздің заманға жеткен деректердің ең көнесі Ежелгі Қытай, Үнді, Ежелгі Греция елдеріне тән.
Ежелгі дәуір – лингвистикалық ой-пікірдің жаңа туындай бастаған және оның мейлінше балаң шағы. Соған қарамастан бұл кезеңдегі лингвистикалық мәліметтерді қазіргі кездегі өркен жайған тіл білімінің бастамасы, қалана бастаған іргетасы еді деп санаған жөн.
Ежелгі дәуір лингвистикасында ерекше екі түрлі күрделі проблема болды. Оның бірі-атау, ат қою, екіншісі-грамматикалық өнер (исскуство) проблемасы.
Ат қою теориясы мен грамматикалық өнер теориясы Ежелгі Қытайда да болған. Сондай-ақ, грамматикалық өнердің де негізгі ілімі көне жазуы – иероглифке негізделген.
Иероглифтік грамматикаларда морфема сөздер мағынасы, этимология мәселесi болмаса қалыпты грамматикалық әдебиеттердегідей грамматикалық категория мәселелері сөз болмаған. Қытай лингвистикасының өзіндік ерекшелігі, өзіндік дәстүрі де осында.
Адамзат тарихында өзіндік орны бар Қытай жеріндегі грамматикалық ілімнің негізін салған әкелі-балалы Ван-Нянь-Сунь мен Ван-Инь-Чжи қытай тілі сөздерін мағыналы сөздер (шицзы), мағынасыз сөздер (сюйцзи) және көмекші сөздер (чждцзи) деп бөліп, сөздерді іштей зат есім, сын есім, етістік деп ажыратты. Бірақ бұл тілде жазылып сақталған тарихи материалдар басқа тілдерге, әсіресе европалық тілдерге дер кезінде аударылмағандықтан, ғылым әлемінен шектеп қалып келеді. Лингвистикалық нұсқалар жағдайы да осындай.
Сондықтан лингвистка тарихын зерттеген Европа ғалымдарының барлығы дерлік әңгімені Ежелгі Үндістан, Ежелгі Грециядан бастайды.
Ғылымда қалыптасқан көзқарас бойынша тіл туралы ғылымның алғаш пайда болуы ежелгі үнділерден басталады. Үнділерден бізге жеткен зерттеулер жыл санауымыздан бұрынғы V ғасырдан басталады. Бұл материалдардың ғылыми жүйелігіне, ой тереңдігіне қарағанда Үндістан лингвистикасы бұдан да бұрын болғанға ұқсайды. Тіл білімі мұнда практикалық қажеттіліктен туған. Үнділердің өте ерте ежелгі дәуірден сақталған аңыздардан, гимндерден, діни жырлардан құралған «Веда» деп аталатын кітаптары болған. Біздің дәуір алдындағы VІ ғасырларда белгілі болған бұл жинақты үнділер қасиетті, киелі деп санаған және қазір де солай санаушылық бар көрінеді. «Веда» жөніндегі зерттеулер үнділердің аса көрнекті лингвисі Яски мен Панини жазған еңбектер арқылы біздің заманымызға жетті.
Яски біздің дәуірімізге дейінгі бесінші ғасырларда өмір сүрген. Ол – «Веда» тілінің бес томдық сөздігін жасап түсінік жазған адам.
Панинидің біздің дәуірімізге дейінгі ІҮ ғасыр шамасында жазған «Аштадхьяй» (Грамматикалық ережелердің сегіз бөлімі) деген еңбегінде төрт мыңнан астам грамматикалық ереже берілген. Бұл еңбегінде Панини «Веда» тілін қалпына келтіру нәтижесінде пайда болған үнділердің санскрит деп аталатын көне әдеби тілінің және «Веда» жыры тілінің дыбыстық жүйесін, сөз туғызу, сөз өзгерту жолдарын жан-жақты зерттелген. Панини еңбегі – тіл білімі тарихындағы біздің дәуірге жеткен тұңғыш сипаттама грамматикасы. Ол санскрит тілінің грамматикасы деп те аталады. Мұнда сөздерді тапқа, түбірге, түрлі қосымшаларға бөлу, жұрнақ, префикс дегендердің бәрі де бар. Панини грамматикасы ережелерінің дәлдігіне, зерттеулерінің терең және жан-жақтылығына қарап, бірсыпыра ғалымдар Үндістанда тіл білімі Панинге дейін де даму басқышынан өткен, бірнеше грамматикалық еңбектер жазылған болу керек деп жорамалдайды. Бірақ ондай еңбектердің болған болмағына ғылымда әзірше белгісіз.
Үнділер тілдегі барлық сөздерді есім, етістік, предлог, демеулік деп төрт топқа бөлген де әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты сипаттаған. Етістіктің шаққа бөлінуі, есімдерде жеті түрлі септік жалғаудың барлығы т.б. көптеген грамматиканың мәселелер өте дәлдікпен шешілген.
Шынында да, үнділер тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосқан. Тіл фактілерін зерттеуде олар синтетикалық тәсілді де, аналитикалық тәсілді де қолданған. Сол арқылы тілдік элементтердің өзара ұқсастығын және бір-бірінен өзгешеліктерін айқындаған.
Кейінгі дәуірлерде Үндістанда Панини грамматикасының мән-мағынасын талдап түсіндірген оның жолын ұстанған лингивист-ғалымдар болды. Солардың бірі – біздің дәуірдің үшінші ғасырларында өмір сүрген Вараручи Катьяна. Ол Панини еңбегіне талдау жасаумен қатар, орта дәуір үнділерінің пракрит деп аталатын санскрит тіліне салыстыра зерттеген. Сөйтіп, лингвистикада бірінші болып тарихи – салыстыру әдісін қолдануға талпынған, тілдің тарихы, дамуы мен ұғымдарды алғаш сөз еткен ғалым. Ол өзінің «Пракрит грамматикасы» дейтін еңбегінде фонетика мәселесіне ерекше көңіл бөледі, әрбір дыбыстың даму жолдарына, оларда болатын өзгеріс-құбылыстарға, үндесу заңдарына талдау жасайды. Мұндай құбылыстарды Катьяна морфологиялық өзгерістерге байланысты қарайды.
Ежелгі Үндістан лингвистикасы тарихының тағы бір көрнекті өкілі – философ-лингвист Бхартхари. Бұл – тіл мәселелерін философияға байланыстыра қараған ғылым.
Үндістан лингвистикасының кейінгі дәуірлердегі өкілдері ұзақ заман бойына осы үш ғалымның (Панини, Катьяна, Бхартхари) мұраларын жинақтап, талдап түсіндірумен болды.
Эренбург университетінің профессоры Джон Лайонз 1978 жылы орыс тілінде жарияланған «Теориялық лингвистикаға кіріспе» деп аталатын еңбегінде Паниниден кейін Үндістанда он шақты грамматикалық бағыт болған. Бізге олардан көне үнді грамматикасын зерттеген мыңға жуық еңбек жетті. Олардың көпшілігі Панини дәстүрін қолданған деп жазады.
Ежелгі дәуірі лингвистикасының тағы бір отаны Ежелгі Греция. Грецияда туған лингвистикалық ой-пікір бүкіл Европа лингвистакасының қалыптасып дамуына күшті әсерін тигізді. В.Энгельстің «Греция мен Рим қалаған негіз болмаса, қазіргі Европа да болмас еді», - деген сөзін тіл біліміне байланысты айтуға болады. Тіл мәселелеріне байланыста сол елден бізге жеткен жазба материалдар жыл санауымызға дейінгі V ғасыр шамасынан басталады.
Ғалымдардың айтуына қарағанда Греция лнигвистикасы Гомердің «Илиада» мен «Одиссея» жырының тілін зерттеуден басталады. Эллинизм дәуіріне дейін тілді лингвистикалық тұрғыдан емес философиялық тұрғысынан сөз еткен, философияға тәуелді соның ажырамас саласы деп есептеген ежелгі Греция философтарының бір ерекшелігі – тілді құдай жаратты деген діни көзқарасқа қарсы оны дүниеге келтірген адамның өзі деген пікірді уағыздауы.
Грек ғалымдары көтерген тағы бір лингвистикалық проблема – грамматика мәселелері. Грамматиканы да алғашқыда философия, әсіресе логика ғылымына тәуелді соның бір саласы ретінде логикалық категориялардың көрсеткіші ретінде ғана қарады. Бұл саладағы алғашқы пікір Платон пен Аристотель еңбектерінде кездеседі. Платон тілдегі сөздерді есім, етістік деп екі топқа бөлсе, Аристотель алдыңғы екеуі үстіне жалғауыш дегенді қосып, үш топқа бөледі. Күні бүгінге дейін қолданылып жүрген грамматикалық катергориялардың, терминдердің көпшілігі сол Аристотельден қалған.
Яғни, екі кезеңге бөлінген (философиялық кезең V-ІІІ ғғ., филиологиялық кезең ІІІ-ІV ғғ.) Грецияда философиялық дәуірдің көрнекті өкілдері Платон, Аристотельдер сөздерді логикалық негізде жіктеп, есім, етістік, жалғауыш деп ажыратты.
Грамматикалық ілімнің философияның, логиканың ықпалынан босанып өз алдына дербес пән ретінде қалыптасуы Греция тіл білімінде филология дәуірі деп аталады. Грамматистердің александриялық мектебін қалыптастырып, грамматика ілімін дамытудың жоғарғы сатысына көтерушілер – Аристрах (б.д.д. 250 -150 ж), оның шәкірті Дионисий Фракийский, Апалони Дискол (б.э ІІ ғ.) болды. Аристрах тілдегі сөздерді есім, етістік, есімше, член (артикль), есімдік, предлог, үстеу, жалғаулық деп сегіз топқа бөлген. Сөздерді тапқа бөлудің алғашқы грамматикалық үлгісі Д. Фракийский еңбегінен басталады. Бұл ғалым сөздерді тапқа бөлуде лексикалық – семантикалық және құрылымдық белгілерге сүйенген. Осы уақытта да қолданылып жүрген зат, сын, сан есімдерді есім деген бір ғана талаумен атауда осы Фракийскийден басталады (3, 167).
А.Дискол синтаксис мәселелерін зерттейді. Дегенмен ежелгі Грецияда морфологияға қарағанда синтаксис аз зерттелген. Грецияны жаулап алған римдіктер тіл білімін дамытуға айтарлықтай үлес қоса алмады. Олар Александрия грамматистерінің ілімін өз тілдеріне сәйкестіндіріп қолданудан аса қойған жоқ. Рим грамматистерінің ішіндегі ең көрнектісі – Варрон (жыл санауымызға дейінгі І ғ. өмір сүрген), кейінірек Доната (ІV ғ.) болды. Бұлар латын тілі грамматикасын жазғандар. Рим грамматистерінің жаңалығы өздерінен бұрын анықталған сөз таптарына одағайды қосуы болды. Сонымен қатар олар латын тілінде болмауына байланысты артикльді сөз табы қатарынан алып тастауы арқылы сегіз сөз табын анықтады: 1) Есім; 2) Етістік; 3) Есімше; 4) Есімдік; 5) Үстеу; 6) Шылау; 7) Предлог; 8) Одағай .
Орта ғасыр — адамзат қоғамы дамуының он шақты ғасырын қамтитын және прогресс тұрғысынан алғанда әр тектес болып келетін күрделі де шытырманы көп дәуір.
Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі – әр түрлі діндердің туып, дүние жүзілік діндерге айналуы. Ондай діндер қатарына будда, ислам, христиан діндерін жатқызуға болады.
Канондық тіл бірден-бір дұрыс тіл деп жарияланды да, әр халыктың өз ана тілі, сөйлеу тілі, теріс тіл, пендешілік тілі деп саналды. Жазба тіл, әдеби тіл деп саналатын да канондық тіл болды. Мысалы, түркі халықтары, сондай-ақ қазақ халқы үшін де канондық тіл араб тілі, исламның ең қасиетті, киелі кітабы – құранның тілі болды. Европа халықтары үшін канондық тіл – латын тілі. Олар латын тілін жазу тілі, ғылым тілі ретінде пайдаланды. Бүкіл оқу орындарында ғылыми пән ретінде оқылатын да латын тілі грамматикасы болды. Сөйтіп, VIII ғасыр мен XV ғасырлар арасында ирланд, исланд, француз, испан, итальян, ағылшын т.б. тілдердің грамматикалары жарық көреді.
Дүние жүзі ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосқан халықтардың бірі – арабтар. Бұлардың жазбалары IV ғасырлардан басталады. Арабтар – тіл ғылымының дамуында да елеулі роль атқарды. Орта ғасырлық арабтардағы тіл білімінің ерекше дамыған кезі – халипат дәуірі деп аталатын VII-XII ғасырлар шамасы. Арабтар үнді, грек лингвистикасының табыстарын жақсы пайдалана отырып, өз тілінің фонетикасын, морфологиясы мен лексикасын зерттеуге ерекше назар аударады. Фонетика саласында дыбыс пен әріп арасындағы өзгешеліктерді айқындайды. Дыбыстың физиологиялық сипатын ашуға көп көңіл бөледі. Қейбір ғалымдар (Сибавейхи) жасалу орнына қарай дыбыстарды 16 топқа бөліп қараған. Грамматика мәселесінде де (көрнекті өкілі – Сибавейхи, 796 ж. жазылған «Ал Китоб» деп аталатын еңбегінде), әсіресе сөздерді тапқа бөлуде араб ғалымдары Аристотелъге еліктеген. Аристотель сияқты бұлар да сөздерді есім, етістік, жалғауыштар деп үш топқа бөледі. Арабтар ежелгі дәуірдегі лингвистикалық табыстарға сүйенеді дегеннен соны көшіріп алды деген ұғым тумайды. Арабтар оларды қайталаған жоқ, өзіндік тың жол салды, соны пікірлер айтты.
Европа тарихы тұрғысынан алғанда, қайта өркендеу дәуірі XV-XVI ғасырлар арасын қамтиды.
Қайта өркендеу дәуірінде ерекше қолға алынған тағы бір мәселе – орта ғасырда жөнді мән берілмеген ежелгі грек, рим жазба нүсқаларын тауып, жариялау, оларға филологиялық талдаулар жасау болды. Әлемдік тіл білімі тұрғысынан алып қарағанда бұл дәуір тілдік материалдар жинақтау сипатымен ерекшеленеді. Өз дәуірі үшін бұл саладағы күрделі істер қатарында Ж.Скалигердің 1540 жылы шыққан «Латын тілінің негіздері туралы», Р.Стефанустың 1553 жылы шыққан «Латын тілі қазынасы» және «Грек тілі қазынасы», араб ғалымы П.Алкаланың «Араб тілі грамматикасы» (1505-жыл), Рапхлиннің «Еврей тілі грамматикасы» (1506 жыл) атты еңбектерді атауға болады. Осылармен қатар XV-XVI ғасырлар ішінде испан, корей, нидерлаңд, жапон, парсы, армян, венгер, ағылшын, француз, мексикан тілдерiнің грамматикалары шығарылды.
1757 жылы М.В.Ломолосовтың «Россия грамматикасы», т.б. жарық көрді. Бұл әлі де болса, латын тілі грамматикасы үлгісінен шыға алмаған, тілдік материал ретінде сөйлеу тілі фактілерінен гөрі ескі жазба тіл фактілеріне көбірек сүйенген еңбек болса да, латын тілі грамматикасы тіл атаулының барлығына бірдей жарамды бола алмайтынын, әр тілдің өзіндік ерекшеліктері, өзіндік грамматикалық құрылымы болатынын байқатқан және осы бағытта жүргізілетін зерттеулерге жол ашқан, бастама болған еңбек еді.
ХІХ ғасыр лингвистикасындағы салыстырмалы-тарихи әдіспен тіл білімінің қалыптасуының алғашқы басқышы болды. Тіл білімі дамуының жаңа дәуірі тілді – дамып, өзгеріп отыратын тарихи құбылыс деп танумен ерекшеленді. Бұл ғасыр лингвистикасында бірнеше ағымдар мен мектептер, сондай-ақ салырмалы-тарихи әдіс негізінде жазылған еңбектер дүниеге келді. «Жас грамматистер бағыты» деп аталатын көзқарас қалыптасты.
ХХ ғасыр тіл білімі «Жас грамматистерге» қарсы күресте туып қалыптасты. ХХ ғасыр лингвистикасы – лингвистикалық ой-пікірлер дамуының жаңа кезеңі болып саналады.
Міне, сонау ежелгі үнді, гректердің тіл туралы алғашқы еңбектерінен бастау алатын сөздерді түрлі топқа бөлу ілімі осылайша өзінің пайда болу, даму кезеңдерін бастан өткізді.