№1 тарау: Қарым-қатынас. Танысу.
1.Өзі жайлы баяндай білу, басқа адамнан мәлімет сұрау.
2.Грамматика: Бұрынғы өткен шақ
ОҚЫЛЫМ
Сұрақтарға жауап беріңіз.
Аты-жөніңіз кім?
Қай оқу орнын бітірдіңіз?
Мамандығыңыз қандай?
Мәтінді оқыңыз.
Өзім туралы айта берсем, өте көп қой, сондықтан тек қысқаша ғана айтуға тырысайын. Мен, Рахмишова Меруерт Рүстемқызы, 1988 жылдың 25 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Таукент қалашығында қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Отбасымызда бесеуміз: әкем – Рүстем, анам – Ханзада, сіңлім –Айсәуле және інім – Райымбек.
Ісмет Кеңесбаев атындағы қазақ-орыс орта мектебінде 4-ші сыныпқа дейін, содан соң Құрал Рүстемов атындағы орта мектепте оқып, сол мектепті аяқтадым. 2006 жылы Алматы қаласына келіп, Орталық-Азия Университетіне түстім. 2-курс оқып жүріп, яғни 2007 жылы оқуыма қосымша «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығында әдіскер болып жұмыс жасай бастадым. 2010 жылы университетті үздік аяқтадым. Қазір де «Дарын» РҒПО-да әдіскер қызметін атқарудамын. Алға қойған мақсаттарым көп.
Мінезіме келер болсақ, тез ашуланамын, бірақ тез ұмытып кетемін. Адамдармен араласқанды, көпшілік орталарды жақсы көремін. Ренжіген, көңіл күйім мүлде жоқ болған кездері ақ парақпен тілдесемін. Қараңғы бөлмеде әсерлі музыка тыңдағанды ұнатамын. Достарым көп. Достарымның арасында үнемі қуанышты жүремін.
Мінезім, өзім туралы айтқанда сүйікті істерімді де айта кетейін. Мен кәсіби суретші болмасам да сурет салғанды ұнатамын. Фотоға түсіргенді де өте жақсы көремін. Өзім де фотоға түскенді ұнатамын. Ашық түстеді жақсы көремін, жылтыр ақшыл көк, ашық қызыл, сары т.б ашық түстер ұнайды.
Саяхаттауды ұнатамын. Көп тілдерді үйренгім келеді. Әзірше өз ана тілім қазақ тілінде, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін, ал неміс, араб, тілдерін орташа білемін, ал түрік тілін үйреніп жүрмін.
Достарыңызбен бөлісу: |