филология ғылымдырының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті Баспагерлік редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының доценті
Заманауи Қазақстан кітап баспа саласын жүйелеу.
Кеңес дәуірі кезеңінде мемлекет тарапынан кітап басылым түрлерін реттеп отыратын баспаның тақырыптық жоспарлары болатын. Ол әрине, баспа саласының шығаратын өнімдерінің ассортиментін, басылым тиражын, оқырман сұранысын қанағаттандыруға бағытталды. Мемлекеттік баспа комитеті (Госкомиздат) саласына қарайтын баспалар өз жоспарларын басқарушы жоғарғы мекеменің ұсынысына орайластырып жасап отырды.Сонымен бірге кеңес дәуірі кезіндегі кітап репертуарын қалыптасуына әсер ететін шешуші фактор ол цензурадан өтіп отыруы. Бірде-бір басылым «Литоның» рұхсатынсыз шығарылмауы.Литода негізгі қаралатын мәселе автордың кітабы мазмұн мен мағанасы жағынан кеңес үкіметі мен партияның саясатына ылайықты болуға тиіс.Социалистік қоғам құрылысының жүйесіне сәйкес баспаларға жоғарғы жақтан жоспарлар бекітіліп беріліп отырылды, сонымен бірге баспалар барлық жағынан мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Соның арқасында баспалардың жұмысы үнемі жүйелі түрде жүргізіліп отырылды. [1] Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының жыл сайын шығарып отыратын «Қазақстан Республикасының баспасөзі: статистикалық жинағына» жүгінсек кітап басылымының жүйелі түрде дамып отырғанын байқаймыз.
Тағы бір ерекшеленетін жағдай, ол кезде баспалардың әрқайсысының өз шығаратын әдебиеттері болды, мемлекет тарабынан тақырыптық жоспарлары бекітілетіндіктен, бір баспа екінші баспаның басылымын қайталау мүмкін емес болатын. Әркім өз жоспарымен жұмыс жасайтындықтан бәсекелестік те болған жоқ. Баспалардың атауына қарай әр баспаның бағытын біліп отыруға болатын. Мысалы «Қазақстан» баспасы - қоғамдық-саяси кітаптарды, «Жазушы»- көркем әдебиет, «Мектеп»- оқулықтар, «Ғылым» - ғылыми кітаптар, монография, «Қайнар» -ауыл шаруашылығы әдебиеті, «Өнер» - бейнелеу өнері мен мәдени әдебиеттерді, «Жалын» - балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттерді шығарды. Кітап реперруары осылай қалыптасып, жоспарлы түрде дамып отырды.[1]
Бүгінгі күнде бұл баспалар өз аттарын, тақырыптық бағыттарын жоғалтпағанмен, тақырып таңдауда шектеулер жоқ, кітап нарығында қай басылымға сұраныс басым болса, сол саланы шығара алады. Соңғы көрсеткіш бойынша, Қазақстанда 394 баспа және баспа ісімен айналысатын мекеме Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында тіркелген екен.[2]
Ал ендігі кезеңде егеменді ел болғаннан кейінгі кітап басу саясаты, кітап репертуары қалай дамып келеді. Жалпы статистикаға сүйенсек, рас, Қазақстанда кітап баспа саласы бүгінгі күнде жедел дамып келеді.Оған дәлел кітап дүкендерінің сөрелерінде әр түрлі тақрыптағы жайнап тұрған кітаптар. Жыл сайын кітап нарығына әр түрлі баспалардан көптеген кітап басылымдары келіп түседі. Сонымен бірге алыс және жақын шетелден келіп түсетін кітаптардың саны да аз емес екенін көріп жүрміз.Әсіресе көп басылымдар Ресей елінен келеді. Әрене, кітап нарығында оқырман сұранысын кітап басылымымен қанағаттандырып жатқанымызға сөз жоқ, бірақ бүгінгі күнде , Қазақстанның жаңа кезеңі басталғаннан бергі уақытта біз қазақстандық кітап басылымдарының біріншіден еліміздің рухани байлығы, екіншіден ұлттық саясатымызды жүзеге асырушы әрі еліміздің экономикалық деңгейін көтеретін табыс көзі ретіндегі жақтарының қандай деңгейде екенін тап басып айтып бере алмаймыз. Бүгінгі күнде кітап тек коммуникативті қызмет қана есес, ғылыми-техникалық революция жедел дамуы арқасында кітап функциясы артты. Кітаптың білім беру мен тәрбиелік мәні айқындалды. Кәзіргі компьютер мен жаһандану кезеңінде кітап өз рөлін жояды, кітап баспа ісі өрістемейді деген көзқарастың орнына, біз қайта баспа саласының тек біздің елде ғана емес, әлемде жедел қарқынмен дамып келе жатқанының бүгінгі күнде куәсі болып отырмыз.Кітап бүгінгі қоғамда жаңа статус алды. Кітап репертуарына түбегейлі өзрерістер енгізу еліміз егемендікке қол жеткізген соң ұлттық кітап ісінің дамуында жаңа кезең бастады. Қазақ кітабы жаңа Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты.[3]
Қоғамда жариялылық, демократиялық принциптер ірге тепкеннен кейін республиканың экономика, ғылым, мәдениет, халық шаруашылығы салаларындағыдай баспа органдары мен кәсіпорындарында да бұрын болмаған мүлдем жаңа қызмет кезеңі басталды.
Жоғары мемлекеттік органдардың баспа қызметін демократияландыру туралы, баспалардың, баспаханалардың құқын кеңейту, өздігімен жұмыс істеу, өзін-өзі қаржыландыруға өту туралы шешімдері жүзеге асырылды. Заманауи қазақстандық кітап репертуарын қалыптастыру саясатының жаңа кезеңі басталды. Қазақстандағы саяси, әлеуметтік және өмірдің басқа жақтарындағы өзгерістер, баспадан шығатын кітап өнімдерінің тақырыбына, мазмұнына, көлеміне және сапасына әсер еткенін атап өткен жөн.
Бұл кезеңде 30-50 жылдары жалған жолмен, зұлымдықпен зорлық-зомбылыққа, қуғын-сүргінге ұшыраған, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерінің қапас түнекте ұмытылған есімдері қайта жарыққа шықты. Олар туралы басылымдар үлкен сұранысқа ие болды. Сол сияқты қазақ халқының тамаша ұлдары, оның шамшыратары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Көпеев, С. Асфендияров, Е. Бекмаханов және т. б. азаматтардың жарық көрген еңбектері дәл осылайша тез тарады. Бұлар қазақ ұлтының зиялы қауымның жұлдыздары, таңдаулы ұлдары еді.[4]
Қазақстанның бұрынғы алыс және қазіргі жақын күрделі проблемаларын зерттеу жөніндегі басылымдардың саны жаңа ғылыми тұжырымдар, көзқарастар, пікірлер тұрғысынан жаңаша түсіндіріліп, үлкен қоғамдық қызығушылық туғызды.
Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында басылымның көпшілігі тарихи тақырыптағы басылымдар болды. Содан кейінгі жылдарда іскерлік, оқулық басылымдары артып, көркем әдебиет, ғылыми тақырыптағы әдебиеттер, анықтама басылымдары мен балаларға арналған басылымдарға кең жол ашылды.
Экономиканың біртіндеп жақсаруы, техникалардың дамуы шығарылатын кітаптардың сапасын көтеруге де ықпал етті
Ал мемлекет тарапынан кітап репертуарын қалыптастыруда қандай шаралар қалыптасты десек, ол үлкен бағдарламаларды қабылдап,тендер жариялау арқылы бар баспалардың жұмысын жандандару. Осы бағдарламалар бойынша баспа иесінің меншік түріне қарамастан, өз мүмкіндіктеріне қарай барлығы да тендерге қатыса отырып, кітап шығару саласына белсене араласуға мүмкіндіктері мол. Соның ішінде үлкен бағдарламаларды айта кетсек, ол Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2004 жылғы 13 қаңтардағы Жарлығымен бекітілген 2004—2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның мәдениеті мен рухани құндылықтарын динамикалық дамытудың тарихи-мәдени жалғастығын жүзеге асыруға бағытталды.
Елбасы бағдарламаның іске асырылу мерзімін ұзартып, үш кезеңмен қабылданды. 2007—2009 жылдарға арналған екінші кезеңінің жаңа бағдарламасын әзірленіп, ол Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 желтоқсандағы Қаулысымен бекітілді. Келесі кезең 2009—2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасының тұжырымдамасы бекітілді.
Келесі мемлекет тарапынан кітап ісін жетілдіруде жасалып келе жатқан бағдарламалар ол «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» және «Қазақстан Республикасы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы». Жалпы «Мәдени мұра» бағдарламасымен 2004-2013 жыл аралығында 500-ге тарта кітап басылымы жарық көрді, олардың тақырып репертуары әр алуан болды.
Қазақстанның барлық баспалары осындай мемлекеттік бағдарламаларға қатыса отырып,өз репертуарларын қалыптастырса, басқа да басылымдарды шығаруда мазмұны мен тақырып таңдауда толық еркіндікте. Ол нарық сұранысына байланысты қандай тақырыпта шығарам десе де өзінің қаржы жағдайына сәйкес жұмыс атқара алады. Бүгінгі күнде қазақстандық баспагерлер өз баспа репертуарларын қалыптастыруда басты ерекшеліктері нарық әлемімен сәйкестіру, оқырман сұранысын қанағаттандыра отырып, бәсекеге қабылетті болу саясатын ұстанады.
Міне, осындай бүгінде біз білетін, дүниежүзінде табысы жөнінен төртінші орынды алатын, адамзаттың рухани байлығы мен азығын дайындай алатын баспа ісінің даму барысын ескере отырып, қалай жүйелеуге болады. Заманауи баспа саласының дамуы барысындағы жүйелену аясының кеңейіп, шығаратын басылымдарының тақырыбы сан алуан болып жатқанда, біз оларды қалай жүйелегеніміз дұрыс болады деген сұрақ көп елдерде күн тәртібінде болып келеді. Енді баспалардың түрлерін қалай ажыратамыз деген сұрақ айналасында сөз қозғап көрелік.
Қазақстан баспа саласының құрылу кезеңі 1920 жылдардан басталғаны тарихтан белгілі десек, одан кейінгі егемендік алған жылдарға дейінгі кезең аралығында, жоғарыда аталып кеткендей, баспалардың түрі көп болған жоқ. Баспалардың барлығы мемлекет меншігінде болып, Министрліктің тікелей басқаруымен жұмыс істеген баспалардың бір-бірінен айырмашылығы – тақырыптық жүйеленуінде ғана болғанын атап өттік.
Енді Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері баспа саласында не өзгерді? Рас, басқару, пішін, техника, оқырман, автор, кітаптың қолданылуында өзгерістер өте көп. Бірақ біз оның ішінде баспа ісінің жүйеленуіне ғана тоқталайын деп отырмыз. Аса маңызды идеологиялық және білім беру қызметін атқаратын кітаптардың қайсын қайдан табуға болады немесе қайсысы қай жерде басылады деген сұрақ туындайды. Өйткені ғылыми жұмыстар, монографиялар мен конференцияларды жеке баспалардан табу мүмкін емес. Сондай-ақ салалық, мамандандырылған оқу құралдары мен жоғарғы оқу орындарының оқулықтарын, ғылыми зерттеулер «Атамұра» немесе «Жазушы» баспасынан таба алмайсыз. Сондай-ақ газет-журналдар да автроларының мақалаларының жиынтығын өз баспаларынан басып шығаруға мүмкіндіктері бар. Міне, осы мәселелерді қарастыра келе, Қазақстан Республикасының баспасөзі 2015 жыл: статистикалық жинағының деректеріне сүйене отырып, заманауи баспаларды төмендегідей жүйелеуге болады.[2]