Оқыту пәні: тарих пәні Оқыту тілі: қазақ тілі Тақырып : Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық- саяси қызметі



бет1/2
Дата06.10.2022
өлшемі21 Kb.
#41709
  1   2

Тақырып:
Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси қызметі
Секция:Тіл адамның жұмсайтын қаруының бірі
Орындаушының аты-жөні: Жапарова Айжан Сагынаевна
Zh.aizhan78@gmail.com
Білім мекемесі: Абай облысы Бесқарағай ауданы «Беген орта мектебі» КММ
Оқыту пәні: тарих пәні
Оқыту тілі: қазақ тілі
Тақырып :Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық- саяси қызметі
ХХ ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов. Қазақ халқының рухани көсемі болып, болашақтың жарық, тыныш, көк аспан астында өмір сүруіне өзінің ақылын арқау еткен.
Халықты ағарту баладан, мектептен бастау алады. Ең алғаш қазақ тілінде Әліппе кітабын жинақтаған Ахмет еді. Қазақ балалары көзі ашық, сауатты азамат болып шығуға септігін тигізген. Қазақ әдебиетінің атасы Ахмет Байтұрсынов кітап жазумен қатар орыстың белгілі жазушыларының белгілі еңбектерін ана тілімізге аударып, көпшілікке ұсынған.
Ахмет Байтұрсыновтың саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі – Байтұрсынов болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылады. Оған тағылған айыпта: халық арасына іріткі салып, «өзін-өзі автономиялық басқару идеясын таратты, орыс пен қазақ арасында өшпенділік қоздыру ісімен айналысты» деп көрсетілген. ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборда 1910 -1917 жылдары тұрды. Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Осы қалада 1913-1918 жылдары өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпы ұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер-білімді игеруге шақырды.
А.Байтұрсынов Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынов пен Дулатов қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру-жүз аралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары мойындады. Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпы қазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсыновты бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынов 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Байтұрсыновтың ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И.Ленинге Кеңес үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты.
Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 жылы 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы Байтұрсыновтың жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды. Ол 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметінде болды.
1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ береді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына профессор қызметіне ауысады.
Ф.И.Голощекиннің нұсқауымен Алаш қозғалысы қайраткерлеріне қарсы жасалған қуғын-сүргін кезінде, 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңында тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынов ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды. 1937 жылы 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді. Абақтыда отырған кезінде тергеушілердің қойған сауалына: «Менің идеалым – қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игілікті дамуының алғышарты болғандықтан мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз ете алса, соған риза болмақпын» деп жауап қайтарған еді. Байтұрсыновтың алғашқы шыққан «Қырық мысал» (1909) кітабында Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жеткізсе, «Маса» (1911 ж.) кітабында ақынның азаматтық арман-мақсаты кестеленген. Ел тағдырының келешегіне алаңдаған ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының көсемі болды. 1937 ж. сегізінші қазанда тағы да қамауға алынып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды; Ахмет Байтұрсынов Алматы қаласында 1938 ж. сегізінші желтоқсанда қаза тапты. 1988 жылы Ахмет Байтұрсынұлы ақталды. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсынов есімі берілді. 
Қорыта айтқанда, Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Алаш идеясының ең басты мақсаты ұлттық тәуелсіз мемлекет құру. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қазақтар аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі – Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру. Бүгінгі Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні - мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет