Проблемалық оқытудың теориялық негіздері. Проблемалық оқыту туралы ұғым Экономикалық, саяси, әлеументтік, мәдени, ғылыми тұрғыда даму жолына түскен Қазақстанның болашағы өскелең ұрпақтың білім мен ғылымды қатар меңгеруіне байланысты. Азаматтардың, соның ішінде, жастардың интеллектуалды потенциалының деңгейі – еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуының ең маңызды факторларының бірі. Сондықтан қазіргі білім беру мекемелерінің алдында тұрған күрделі міндеттердің бірі білім алушылардың ғылыми ойлау дәрежесін барынша шығармашылықпен, ғылыми жұмыстармен байланыстыра отырып дамыту болып отыр. Ол әрине жоғары білім сапасымен тікелей байланысты. Жоғары білім беру жүйесінің ең басты міндеттерінің бірі ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру және оның ғылыми-зерттеу даярлығын жетілдіру. Осыған орай білім берудің жаңа парадигмасы қалыптасты. Жоғары білім берудің жана парадигмасына сәйкес студенттің ғылыми-зерттеу жұмыс жүргізуіне үлкен көңіл бөлініп, барлық білім беру үрдісі жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталып отыр. Студенттердің ғылыми-зерттеу қызметін тиімді ұйымдастырып, ғылыми-ізденушілік жұмыстарға бағыт беретін жаңа оқыту технологиясының бірі проблемалық оқыту технологиясы.
Проблемалық оқыту тарихы зерттеу әдісінің пайда болуымен тығыз байланысты болды да, оны жан-жақты зерттеу 60 жылдардан басталды. Проблемалық оқыту идеясы мен принциптері психолог ғалымдар С.Л.Рубинштейн, Д.Н.Богоявленский, Н.А.Менчинская, А.М. Матюшкин еңбектерінде көрініс тапса, мектеп оқу үрдісінде колдану мәселесі М.А.Данилов. М.Н.Скаткин сияқты әдіскерлердің еңбектерінде қарастырылды. Проблемалық оқыту мәселесімен Т.В.Кудрявцев, Д.В.Вилькеев, Ю.К.Бабанский, М.И.Махмутов, И.Я.Лернер сияқты ғалымдар да айналысты. Қазіргі кезеңде де бұл мәселені басқа да педагогика ғылыми өкілдері қарастыруда.
Проблемелық оқытудың негізгі ерекшеліктері.Проблемалық оқытудың басты ерекшеліктерінің бірі - теориялық мәселелерден ұғымдар мен пікірлерді оқушылардың өз беттерімен іздестіруі.
Проблемалық оқытудың екінші ерекшелігі оқушылардың өз бетімен жұмыс жасау қабілетін қалыптастыра отырып, өзіндік көзқарастарын қалыптастыру болса, үшінші ерекшелігі теориялық және тәжірибелік мәселелер арасындағы байланыс заңдылықтарынан келіп шығады да, дидактиканың оқыту мен өмір тәжірибесі арасындағы келіп байланыс ұстанымымен анықталады. Яғни окушылар теориялық білімдерін тәжірибеде қолдана алу мүмкіндігіне ие болады.
Проблемалық оқытудың төртінші ерекшелігі оқушылардың әр түрлі үлгідегі өздік жұмыстарын тиімді орындауы болып табылады.
Оқушылар өздік жұмыстарын орындай отырып, бұрыннан қалыптасқан білім қорларын пайдаланады, жаңа білім, білік, дағды меңгереді.
Бесінші ерекшелігі дидактиканың жеке бағдарлы оқыту ұстанымымен анықталады. Әр түрлі қиындық деңгейіндегі оқу проблемаларын әр оқушы әрқалай қабылдайды және оның шешімін әркім әрқалай шешеді. Осыған сай бірнеше ғылыми болжам, дәлел, түсінік беріледі де, окушылар оны салыстыра отырып, өз ой-пікірлерін, болжамдарын дәлелдейді.
Проблемалық оқытудың алтыншы ерекшелігі - "ойлауды белсендіру, ойлау әрекетін үнемі белсендіріп отыру көзделеді.
Проблемалык оқытудың жетінші ерекшелігі бойынша, оқушылардың «шығармашылық ойлауын» жетілдіру арқылы олардың шығармашылық қабілетін шыңдау, өзіндік ойлауы мен көзқарасын қалыптастыру көзделеді.
Проблемалық оқыту технологиясы ерекшеліктерінің ішіндегі алғашқы үшеуі ең маңызды болып есептеледі, өйткені біріншісі - білімнің беріктігін, екіншісі - өз көзқарасын қалыптастыру мен қорғауды, үшіншісі - меңгерген теориялық білімді өмірде қолдана білуді қамтамасыз етеді. Ал қалған ерекшеліктер осы үш ерекшеліктердің тиімділігін арттырып, жетілдіре, толықтыра түседі. Проблемалык окыту технологиясының көрсетілген ерекшеліктеріне қарай проблемалық оқытудың түрлері анықталады.
Проблемалық оқытудың түрлері:
Теориялық ізденіс немесе ғылыми шығармашылық. Оқушының жаңа теорема, заң, ереже т.б. ойлап шығарудағы ізденісі және өз болжамын жасау. Оқу проблемаларының, теориялық шешімін табу қарастырылады.
Тәжірбиелік ізденіс немесе тәжірбиелік-шығармашылық. Оқушы меңгерген теориялық білімін жаңа жағдайда, өмірде қолдана білуі қажет. Проблемалық оқытудың бұл түрінде оқушы оқу проблемаларының тәжірбиелік шешімін іздестіреді.
Шығармашылық ізденіс. Оқушы үйреніп білген білім қорын одан әрі дамытып, шығармашылықпен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру қажет. Шығармашылық жұмыстарға көркем зерттеу жұмыстары, ғылыми жобалар, шығарма жазу, әңгіме құрастыру, сурет салу, ән шығару, жоба құрастыру, слайд жасау, т.б. жатады.
Проблемалық оқыту түрлері студенттердің шығармашылық белсенділіктерін жетілдіреті, пәнге деген қызығушылықтарын аррттырады, пәннен терең білімділіктерін дамытады. Көтерілген мәселе бойынша көпшілік ақпарат құралдары мен мәліметтермен, кітапханада, қосымша әдебиеттермен, энциклопедиялық сөздіктермен, т.б. жұмыс істей отырып білім қорларын молайтады. Қозғалған мәселе бойынша бір-бірімен ой бөлісуге, өз көзқарастарын білдіреді, оны дәлелдейді. Проблемалық жағдайларды шеше отырып, оқушылардың өз беттерінше саралау, түсіну, игеру, талдау, баға беруі болып табылады.
Мектеп оқушыларына қазақ тілінен білім беру барысында олардың саналы түсіну қабілеті дамытылып отырылады. Тілдік фактілерге байланысты мәліметтерді оқушылар жаттанды түрде емес, саналы түрде меңгеруі керек. Саналы түрде меңгеру үшін мынадай жұмыс түрлері іске асырылады: 1) Тілде берілетін мәліметтерді жеке түсіндіріп, ол мәліметтерді өз түсінігі бойынша айтқызып отыру. Түсіндіру кезінде объектілердің өзіндік белгілері толық қамтылуы қажет; 2) Түрлі жаттығу жұмыстарын жүргізу арқылы оқушылар тапсырманы еркін орындау керек; 3) Күнделікті, тоқсандық және жылдық қайталаулар кезінде өткен материалдарға байланысты сұрақтарға толық жауап болуы тиіс; 4) Орфография мен орфоэпияға байланысты дағдыларды шартына қарай орындай білуі керек; 5) Күнделікті өмір қажетіне қарай практикалық дағдыларды саналы түрде меңгеруі керек.
Білімді саналы меңгерту - мұғалімнің білімдарлығы, түсінігінің айқын дәлдігі, жеткілікті түсіндіруінен көрінеді. Білімді саналы меңгерген оқушы өз белсенділігін оқудың бүкіл барысында көрсете алады. Саналы көзқарас білімді саналы меңгерумен бірге, оқушының іскерлік пен дағдыны саналы меңгеруге қалыптастырады. Бұл принцип - қағида, қазақ тілінен беріліп отырған білімді шеберлікпен айқын да, анық түсіндіргенде, таным процесінің аяқталу барысында жаңа білімді түсіндіргеннен кейін белсенділік танытады.
Тероияны практикамен байланыстыру ұстанымы. Мектепте қазақ тілінен алынған теориялық білімді күнделікті өмір қажетіне қолдана білу теорияны практикамен байланыстыру принципі болып табылады. Оқушыларға қазақ тілінен теориялық білім мен практикалық дағдылар беріледі. Осы алған білімдерін кеңейте отырып, оны күнделік өмір қажетіне жаратады. Оқушыларға диалогтық сөйлемді меңгертумен бірге монологтық сөйлеу де үйретіледі. Оқушылар ауызша мазмұндаудың бірнеше түрлерін де меңгереді. Сонымен бірге ауызша және жазбаша тілін дамытуға, жылдам әрі саналы мәнерлеп оқуға, әртүрлі баяндамалар жасауға және іс қағаздарының алуан түрлерін жазуға дағдыландырылады. Қазақ тілінен берілетін теориялық білім мына сиякты практикалық мақсаттарды жүзеге асырады: 1) тілден алған теориялық білімін ауызша және жазбаша мақсатта қолдана білу; 2) түрлі талдаулар жасай білу; 3) орфография мен орфоэпиядан алған білімді ауызша және жазбаша түрде сауатты іске асыру.
Түсінуге жеңіл қолайлылық ұстанымы. Дидактиканын түсінуге жеңіл қолайлылық принципінің де маңызы зор. Бұл сабақтың алғашқы күнінен бастап үнемі сақталуға тиісті. Мысалы, алғашқы үйретілетін сөзді таңдауда бір буынды сөзді үйрету мен көп буынды сөзді үйретуді салыстырып, оқушы оның қайсысын тез үйренеді деген сұраққа тәжірибелі мұғалімдер бір буынды сөзді оқушы тез үйренеді деп жауап береді. Бұл алғашқы сабақтарда қолданылса, сол калыпта қалуы мүмкін емес. Себебі барған сайын оны күрделендіру принципін ұстану керек. Бұл - бір сыныптағы әр сабақта, әр сыныпқа көшкен сайын тілдік материалды оқыту процесінде қолданылатын принцип.
Бұл принцип оқушылардың жас ерекшеліктерін, білім дәрежесі мен сынып түрлерін ескере отырып, мұғалімнің түсіндіруі, оқулық тілі және оның баяндау желісі сияқты үш түрлі ерекшеліктерді басшылыққа алады. Қазақ тілінен берілетін теориялық білімнің анықтамалары мен ережелері, терминдері мен өзіндік белгілері, жасалу жолдары мектеп оқушыларының қабылдау, ойлау сияқты психикалық қасиеттеріне лайыкты түсіндіріледі. Түсінуге жеңіл қолайлылық принципін іске асыруда мұғалім мынадай әдістемелік жүйені пайдаланады: алдымен қазақ тілінен тақырыптарды дәл таңдап алып, оны жеңіл мысалдармен түсіндіреді; тілдік тақырыптардың өзіндік белгілерін анықтайтын мысалдар көрсетіп, оларды талдайды; тақырыптың өзіндік ерекшеліктерін оқушыларға айтқызып, ауызша мысалдар келтіртеді; бұл мысалдарына талдау жасатады; талдау үстінде тақырыптың өзіндік белгілерін саралап айтқызып, қорытынды пікір шығаруға төселдіреді.
Қорыта айтқанда, проблемалық оқыту- ғылыми дүниетанымды қалыптастырудың негізгі тәсілі, ол адамның танымдық және практикалық қызметін реттеп отыратын белгілі бір ретінде ұғынылады, дүниетаным теориялық білімнің, практикалық тәжірибенің идеялык-эмоциялық бағалардың жоғары синтезі ретінде анықталады.
«Проблемалық сабақ» - бұл тіл үйренушінің сөздік қорын байытумен қатар, өз бетінше шешім қабылдауға, пікірін айтуға, тілдік нормаларды дұрыс қолданып айтуға, белсенді болуға, пікірталасқа түсуге, сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін қолдана алуына бейімделеді және дағдыланады. Проблемалық сабақты тіл үйретуші тақырыпқа байланысты және сонымен қатар өтіліп отырған тақырыпты шынайы өмірмен байланыстырып, тіл үйренушінің қызығушылығын арттыруға бағыттауы тиіс. Проблемалық сабақ көбінесе ауызша сөйлеу қарым-қатынасына құрылады. Проблемалық сабақтың негізі тіл үйренушінің сөйлеу әрекетіне түсуіне түрткі болу.
Проблемалық сабақ құрылымына қарай: диспут түрінде; пікірталас түрінде; конференция түрінде; жиналыс түрінде; есеп беру түрінде; сайыс түрінде; іскерлік ойын түрінде; Сонымен қатар проблемалық сабақ түрлерін барысында интерактивті тақтаны, үн таспаны, компьютерді қолданып өткізуге болады. Алайда, сабақты түрлендіріп, қызықты өткізу тіл үйретушінің шеберлігінде.
Қорыта айтатын болсақ, бұл тәсіл мемлекеттік тілді оқытудың тиімді тәсілдерінің бірі десек те болады. Әрине, әдістің бәрі жақсы, тек оны ұтымды қолдана алуымыз қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қуанбаева Б. Оқытудың педагогикалық жүйесін технологиялық негізде жетілдірудің дидактикалық шарттары: дисс. Пед. ғыл.канд. – Алматы, 2005. –137 бет.
Бөрібаев Б, Балапанов Е. Жаңа ақпараттық технологиялар. – Алматы, 2001.
Жолдасбекова С., Махмудова Г. Болашақ мұғалімдерді дайындауда оқытудың ақпараттық технологиясын пайдалану жолдары (Мәтін)// Ізденіс. Гуманитарлық ғылымдар сериясы. – 2005. - №1.
Нұрмұханова Г. Жаңаша оқыту – уақыт талабы// Қазақстан мектебі. – 2004. - №10