ШЕТЕЛ ТІЛІН ОҚЫТУ ҮДЕРІСІНДЕ ЖАҢА АҚПАРАТТЫҚ КОММУНИКАТИВТІК ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Ережепова Б. М. (Ақтөбе)
Соңғы онжылдықта ақпараттық ресурстардың қарқынды дамуы қоғамның ақпараттану процесінің дамуына әкеліп соқтырды. Бұл даму процесінің маңызды құралы әр түрлі ақпараттармен жұмыс істеуге жаңа мүмкіндіктер ашатын және үнемі жетіліп отыратын жаңа ақпараттық технологиялар болып табылады. Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдегі бәсекелестікті күшейте түсуде. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы атты жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі» деп атап көрсеткендей, жалпы білім беретін мекемелер реформалары оқыту формаларын, құралдарын және әдіс-тәсілдерін жетілдіру арқылы өсіп келе жатқан ұрпақтың ақпараттық кеңістікке енуін және оған бейімделуін қамтамасыз етуге бағыттай бастады.
Қазіргі кезде ақпараттық коммуникативтік технологияның білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелерінің бірі – жаңалықтарды топтастыру. Педагог үшін ашылған жаңа әдісті жан-жақты түсіне білу үшін, бұл жаңалықтың басқа жаңалықтардан ерекшелігін, айырмашылығын, артықшылығын көре білу қажет.
Ақпараттық коммуникативтік технология – педагогтің кәсіби қызметін жаңартушы және сатыланып жоспарланған нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін іс-әрекеттер жиынтығы. Ақпараттық коммуникативтік технологиядағы басты мақсат – білім алушының оқу-танымдық әрекетін жандандыра отырып, алға қойған мақсатқа толықтай жету. Ал бұдан ақпараттық коммуникативтік технологияның тиімділігі шығады.
Жалпы оқу процесінің тиімділігі мен сапасы педагогтің әдістемелік дайындығы және сабақ жүргізу тәсілдері мен әдістеріне, ақпараттық коммуникативтік технологияларды игерулеріне тікелей байланысты болады.
Ақпараттық коммуникативтік технология - кәсіптік қызметтің ерекше түрі болып табылады. Оқытудың ақпараттық коммуникативтік технологиясын меңгеру педагогтан орасан зор іскерлік пен шығармашылыққа негізделген ізденістерді қажет етеді. Осындай мақсат көздеген жүйелі ізденістер педагогтың жаңа технологияны толық меңгеруіне әкеледі.
Білім беру жүйесін ақпараттандыру - мемлекеттік білім саясатының негізгі қағидаларын жүзеге асырудың маңызды бір механизмі және стратегиялық тапсырма болып табылады. Ақпараттық оқыту технологиялардың озық үлгілерін қолдану арқылы білім берудің ғылыми – әдістемелік жүйесін жаңарту , оқыту әдістері мен тәсілдерінің түрлерін молайту, электронды оқулықтар жасауды ұйымдастыру ұлттық білім беру деңгейін халықаралық стандартқа жақындатуға мүмкіндік береді.
Ақпараттық технология – ақпараттарды жинау, сақтау және өңдеу үшін бір технологиялық тізбекте біріктірілген әдістер мен өндірістік және бағдарламалық –технологиялық құралдардың жиынтығы. Қазіргі кезде сабақта ақпараттық технологияларды кеңінен қолданатынымыз анық. Қазақ әдебиетінің классигі, ұлы Абай атамыз: «Шәкірттерің жақсы оқу үшін, оның оқуға деген ынтасы және қызығушылығы зор болу керек», - деген. Расында да тек ғана жігерлі, әр нәрсені білуге құмар болып, табандылығы мен шыдамдылығын көрсеткен адам ғана мақсатына жетеді.
Ақпараттық – коммуникациялық технологияларды сабақ барысында жан-жақты пайдалану - мұғалімнің көптеген қиындаған қызметтерін жеңілдетіп, осы іскерліктің ұстанымды жаңа тәсілдерінің пайда болуына мүмкіндік туғызады. Осындай жаңа жолдардың біріне ақпараттық оқыту жүйесіндегі компьютерлік бағдарламалардың түрлері арқылы тіл үйретуді жатқызуға болады.
Шетел тілі сабақтарында ақпараттық технологиялармен жұмыс істеу барысында сөйлеу жұмыстарын мысалға алуға болады. Көптеген бағдарламаларда микрофонмен жұмыс істеуді қарастырады. Сөздер мен сөз тіркестері тыңдалғаннан кейін, білім алушы оны қайталайды. Бұдан соң диктордың сөзді айту, яғни дыбыстау ерекшелігін тыңдай отырып, жеткіліксіз жақтарын аңғарып, білім алушы оны түзетуге мүмкіндік алады.
Білім алушының сөйлеу тілін дамытуда диалогтың да берері мол. Диалог – сөйлесудің ең негізгі түрі болып саналады. Адамдар арасындағы қарым – қатынас амандасудан басталады. Мұғалім сабаққа кірген сәттен бастап диалогта болады. Білім алушыларға белгілі бір тақырыпта тапсырмалар беру арқылы сұхбаттар құрылады. Диалогтік сөйлесуді естіп – тыңдаумен біртұтас та, жекелей де пайдалануға болады. Мақсатты ұйымдастырылған жағдаяттар арқылы ауызекі сөйлесуге үйрету – білім алушыларды қызықтырады. Диалогтік сөйлеу коммуникативтік оқытудың негізгі ұстанымына сәйкес келеді. Коммуникативтіліктің жауап алынған жағдайда ғана жүзеге асуы, оның ұстанымы болып есептеледі.
Коммуникативтік технология - пікір алысуға негізделген әдістеме. Адамдар тілді сөйлем түрінде қолданғанда ғана бірін-бірі түсініп, пікірлесе алады. Білім алушыларды белгілі бір дәрежеде шетел тілінде сөйлеуге, өз ойын басқаға жеткізе алатын, біреудің сөйлеген сөзін, жазғанын түсіне алатын дәрежеге жеткізу үшін, шетел тілі алғашқы сабақтан бастап сөйлем түрінде үйретілуі тиіс. Себебі, жеке атау тұлғалы сөздер де, грамматикалық формалар да өзара бір-бірімен байланысып, сөйлем құрамына енгенде ғана тұтас аяқталған ойды білдіре алады.
Коммуникативтіліктің қандай жағдайда нәтижелі болатынына мұғалімнің тигізер ықпалы зор және оқыту барысындағы білім сапасына да мұғалімнің үнемі көңіл бөліп отыруы аса маңызды.
Коммуникативтік сөйлеу әрекетінің қай түрі болса да лексикалық – грамматикалық дайындық деңгейіне сүйенеді. Белсенді сөйлеу әрекетін ұйымдастыруда ауызекі жауаптасу мен мәтін бойынша жұмыс негізгі құрал болып табылады. Сонымен қатар, ақпараттық оқу құралдары (компьютер, аудио – визуальды құралдар) бойынша да білім алушылар белсенді коммуникацияға түсе алады. Ауызекі сөйлесу – жауаптасу арқылы жүзеге асады, ал жауаптасуға дейінгі дайындық кезеңдері былайша сараланады:
I кезең: диалогпен танысу;
II кезең: диалогты жаттау;
III кезең: диалогті қойылымға айналдыру;яғни, сөйлесім іс –әрекетін
қойылым іс әрекетімен ұштастыру;
Сондықтан, шетел тілдерін оқытуда коммуникативтік оқыту әдістемесін қолдану –оқушылардың сөздерді грамматикалық тұрғыдан бір-бірімен дұрыс байланыстырып, еркін сөйлей білуіне мүмкіндік береді, бұл әдістемені жиі қолдану өз нәтижесін береді. Сонымен қатар шетел тілі сабақтарында ақпараттық технологияларды пайдаланудың мақсаты – компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы ағылшын тілін үйретудің тиімділігін жоғарылату болып табылады. Сондай – ақ жаңа ақпараттық оқыту технологияларының ішінде компьютермен оқыту технологиясының орны да ерекше.
Компьютермен оқыту технологиясы – білім алушыны субьект дәрежесіне көтеретін, жеке тұлға ретінде дамытуға игі ықпал ететін, білім алушының өз бетімен білім іздеуіне мол мүмкіншіліктер табатын білім беру әрекеті болып табылады.
Компьютермен оқыту технологиясындағы педагогтің оқыту қызметін, негізінен, мынадай деп қарастыруға болады:
талдау-болжау қызметі;
жобалау қызметі;
коммуникативтік қызметі;
дидактикалық қызметі;
бақылау-түзету қызметі;
психологиялық демеу болу қызметі;
ұйымдастырушылық қызметі.
Мұнда, оқытушының міндеті – әрбір білім алушы үшін шетел тілін іс – жүзінде игеру мүмкіндігін жасау, әрбір білім алушы өзінің шығармашылығын, белсенділігін көрсете алатындай оқыту әдісін таңдау және шетел тіліне оқыту процесі кезінде білім алушының танымдық іс – әрекетін жандандыру болып табылады.
Компьютермен жұмыс формасы - шетел тілі сабағында мынадай жұмыстарды қамтиды:
сөздермен жұмыс жасау;
дыбыстап айту;
сөйлеудің монологтық және диалогтық түріне үйрету;
жазуға үйрету;
грамматикалық құбылыстармен жұмыс жасау;
Қазіргі таңдағы жаңа ақпараттық технологиялардың дамуы сабақ өткізуге – қашықтықтан оқу формасын кіргізуге мүмкіндік жасады. Бұл – білім алушының оқу уақыты мен орнын өзі таңдауына мүмкіншілік жасай отырып, жаңа ақпараттың оқуға кеткен шығынын азайтады. Сонымен қатар, жеке түрде білім алу мүмкіндігін күшейтеді. Қашықтықтан оқыту – білім берудің кешенді түрі, елде және шет елдегі халықтың басым бөлігіне арнайы ақпараттық жүйе арқылы ( спутникті теледидар, радио, компьютер байланысы және т.б) іске асады. Қашықтықтан оқытудың ақпаратты білім жүйесі білім алушыны ақпараттық ресурстармен, бағдарламалық, ұйымдастыру – әдістемелік материалдармен қамтамасыз етеді. Қашықтықтан оқыту – жұмыс істей жүріп білім алу формасының бір түрі, яғни білім алушы мен білім берушінің уақыты мен орны бір уақытқа сәйкес келмесе де, білім алу мүмкіндігінің болуы. Бұл адамның білім және ақпарат алуға деген құқығын жүзеге асырады. Сырттай оқу қашықтықтан оқытуға ұқсас, бірақ жеке ерекшелігі жоқ.
Қашықтықтан оқыту негізінде электронды оқулықтар қолданылады. Бұл оқулықтардың тиімділігі:
мобильдігі;
компьютер желілерінің дамуына байланысты кез – келген жерде қолдану мүмкіндігінің болуы;
Шетел тілін оқыту барысында ақпараттық коммуникативтік технологиялар ретінде әртүрлі шетел тілін оқытуға арналған видеофильмдер мен мультимедиа және электронды оқулық құралдарын пайдалана отырып, білім алушының оқуға деген қызығушылығын арттыруға болады. Бұл яғни, бұл электронды оқулықта кітапта жоқ қосымша материалдар беріледі. Электрондық оқулық арқылы білім алушы білім көзіне өзі жетеді Электрондық оқулықтар ара-қашықтықтан оқыту формасына негізделіп жасақталады және оны жүзеге асыру үшін қолданылады. Дәстүрлі оқулықтарға қарағанда электрондық оқулықтар үнемі толықтырылып отырады. Бұл электронды оқулықтарды жасау ақпарат материалдарын үнемі жаңартып тұруға мүмкіндік жасайды. Электронды оқулықтарда жаттығулар мен мысалдар түрлері көптеп қарастырылады. Электронды оқулықтар көмегімен білімді бақылау – компьютер арқылы тестілеу жүзеге асырылады. Қазіргі кезеңде қашықтықтан оқыту дүние жүзінде өте белгілі білім беру формасы болып табылады. Көптеген университеттер мен колледждерде қашықтықтан оқыту әдісі қолға алынып, соның нәтижесінде халықаралық академия құрылды.
Электронды оқулықтарды қолдану – берілген материалды білім алушының саналы игеруіне мүмкіндік жасайды. Бұл технологияның дамуы білім беруде әдістеменің жаңа әдістерін ойлап табуға мүмкіндік жасап сапасын арттырады. Электронды оқулық көбінесе дәстүрлі оқулықты толықтыра отырып, керекті ақпаратты тез табуға көмектесіп уақытты үнемдейді. Электронды оқулықты 3 негізгі жұмыс тәртібін атап көрсетуге болады:
тексерусіз оқу;
тексерумен оқу, әр тақырыптың соңында білім алушыға бірнеше сұрақтар қойылады.Бұл сұрақтар материалдың игерілу деңгейін анықтайды;
тестілеу арқылы бақылау;
Оқулықтың электронды варианты бақылау құралдарын да қамтиды. Себебі, білімді бақылау оқытудың негізгі проблемаларының бірі. Отандық оқыту жүйесінде көп уақыт білім тексеру, ережеге сәйкес ауызша формада өтіп келді. Қазіргі кезеңде тестілеудің түрлі әдістері қолданылуда.
Жаңа ақпараттық технологияларды қолдану оқудың тиімділігін көтереді, сонымен қатар білім алушының бірден – бір өз бетімен жұмыс істеу құралы болып табылады. Шетел тілі пәнін игеру үшін теорияны ғана емес, практикалық дағдыларды, яғни тапсырманы орындау практикалық дағдыларды жинақтау керек екендігі белгілі. Бұл үшін оқытылып жатқан процестер мен құбылыстардың модельдерін құрып, бағдарлама түрінде жүзеге асыру керек. Бұл мақсатқа жету үшін электронды оқулық құрамына модельдік бағдарламалардың сериясы енгізіледі. Мұндағы модельді бағдарламалар структуралардың графикалық иллюстрациясын және жұмысын қамтамасыз етеді. Бұл білім алушылардың түсіну деңгейін көтеріп қана қоймай, олардың ойлау және сөйлеу қызметін дамытуға септігін тигізеді.
Жасалған жұмыс нәтижесі – электронды оқулық екі нұсқада жасалады:
компьютерлік интернет желісі арқылы және аудиторияда оқыту процесі кезінде қолдану үшін. Бұл электронды оқулық заман талабына сай оқыту бағдарламасы кезінде мультимедиялық ақпараттарды алу жолдарын және оның мүмкіндіктерін қарастырады және қазіргі кезде оқулықтардың жетіспеуіне байланысты электронды түрін дискетаға түсіріп, үй жағдайында компьютерде қолдануға болады. Мұнда оның қолданылуына шек қойылмайды.
Сондай – ақ ақпараттық технологиялар негізінде қазіргі кезеңде өте кеңінен дамыған және қолдану мүмкіндіктері өте үлкен интернет ресурстарын айтуға болады. Білім алушылар интернет желісі арқылы өткізілетін тестілеуге, викториналарға, конкурстарға және олимпиадаларға қатыса алады, басқа елдегі құрбыларымен хат алмасып тұруларына болады.
Ақпаратты технологияларды қолдану интернеттің үлкен мүмкіндіктерін оқыту құралы ретінде пайдаланылады. Әлеуметтік – мәдени компетенцияның тиімді жолдарын іздестіруде зерттеушілер арасында бұрын болмаған үлкен мүмкіндіктері бар компьютерлік технологияларға үлкен қызығушылық тудыруда. Егер шетел тіліне оқытуда интернет беретін мүмкіндіктер мен қызметтерге толығырақ тоқталсақ, келесілерді атап өтуге болады: мысалы,
студенттер интернет тораптарында берілетін құжаттардағы тапсырмалар мен жаттығуларды орындай алады;
үйреніп жүрген тілінде электронды пошта арқылы хат алыса алады;
виртуальды қатынас клубтарына – телеконференцияларға қатыса алады;
нақты уақыт тәртібінде мәтіндік хабарламалармен ақпарат алмаса алады;
радиобағдарламаларды тыңдай алады;
бейнероликтер көре алады;
яғни, ақпараттың қандай да түрлерін қолдануға мүмкіндіктері бар. Мұнда ақпаратты қандай да арақашықтыққа тез арада жеткізу, алыстағы ақпарат көздерін пайдалану мүмкіндігі, интерактивтілік (жылдам кері байланыс пен сұхбат мүмкіндігі), іздеу жүйелері арқылы және өз бетімен іздеу, алынған материалдарды түрлі тасушыларға ауыстырып салу және т.с.с. интернеттің артықшылықтары пайдаланылады.
Қорыта айтқанда, сабақта ақпараттық коммуникативтік технологияларды пайдалану – білім алушының дүниетанымын кеңейтуге, пәнге деген ынтасын, танымдық қызығушылығын арттыруға, алғырлыққа, ізденімпаздыққа жетелеуге, нақты тұжырымды айта білуге, дербес ой – қиялын дамытуға ықпал етеді.
Қоғамдағы қазіргі кездегі қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарлар, қоғамдағы жариялылық, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы шетел тілін оқытуға сұраныстарды түбегейлі өзгертті.
Сондықтан, осы заманғы кәсіби маман дайындау, оны қоғам сұранысына заман талабына сай бағыттап, бәсекеге қабілетті нарық тұлғасы дәрежесіне көтеру әрбір педагогтің үлесіне тиген жауапты да күрделі іс деп білемін.
Достарыңызбен бөлісу: |